Ақеділ Тойшанұлы. Бәуеддин Нақышбанд
Бәуеддин / баһауәдин / бахауидин - ислам дінінің сопылық бағытының ел арасына қанат жаюына ғұмырын арнаған, соның ішінде Нақышбандийа тариқатының негізін қалаған әулиенің бірі. Бұл әулиенің бейнесі қазақта эпоста, наным-сенімде жиі кездеседі.
Бәуеддин әулиенің шын аты - Нақышбанд Баһауидин бин Бурхан ад-дин Мұхаммад әл-Бұхари (1318-1389). Ол Нақышбанд - Ходжа-и бузурук және Шахи-и Нақышбанд деген мәртебелі есімдермен кең танымал болған тұлға, ХІV ғасырдағы ортаазиялық сопылық ағымның ірі өкілі. 1544 жылы оның зиратының басына Шибани Абд әл-Әзиз-хан салдырған кесене жұрт тәуап ететін қасиетті орынға айналды. Оның әкесі елге белгілі қолөнерші тақуа адам болған, сол себептен де есімін Нақышбанд қойған.
Нақышбандийа тариқаты - ХҮ ғасырда Иасауи мектебі негізінде қалыптасқан сопылық бауырластық. Олар өзінің рухани силсиласын бір жағынан Әбу Бәкірге, екінші жағынан Әли Әбу Талибке әкеп тірейді. Бұл бауырластықтың қуатты бірнеше үрім-бұтақтары Орта Азия, Еділ бойы, Солтүстік Кавказ, Анадолия, Үндістан және т.б. өлкелерге таралған.

Қазақ әулиелері Бұқараны „Бұхарай Шәріп" (Бұхар-и-Шериф) деп ардақтап, үнемі ондағы пірлерден қолдау тауып, діни білімін дамытып келгені кейбір деректерде байқалады. Мысалы, Қожа Ахмет Иасауи жиырма жеті жасында Бұхараға барып, ұстазы Жүсіп Хамадани деген пірге қол тапсырады. Қазіреті Ысмайыл ата да Бұхараға барып, Сейд Ахмет ата деген пірдің батасын алады.
Демек, қазақ мұсылмандарының Нақышбанд тыным тапқан Бұхарамен рухани байланысы осы әулиеге дейін де, одан кейін де жалғастықта, ежелден тығыз сабақтастықта болған деуге негіз бар.
Сол себептен де Нақышбанд әулиенің есімі қазақ халқының салт-санасында ежелден сіңісті болған. Мысалы, «Алпамыс батыр» жырының бір нұсқасында перзент тілеген Байбөрі зиярат еткен әулиелердің тізімінде Нақышбанд Бахауидин есімі де аталады:
Бұқараға жол тартты,
Аллаға артып наласын.
Баһауәдин Нақишбәнд
Зиярат қылды моласын.
«Еңсегей бойлы ер Есім» жырын зерттеген ғалым С.Сәкенов былай деп пікір білдіреді: «Қарастырылып отырған жырдың өзге қазақ жырларынан алабөтен өзгешеліктерінің бірі - онда Тәуекел мен зайыбының Құдайдан бала сұраған тілегі қазақ эпосы үлгілерінің басым көпшілігіндегідей Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің басына түнеген соң емес, Бұқардағы Бахауиддин әулиенің бейітіне зиярат еткен соң, Қашқардағы тірі әулие - Аппақ қожаға барған соң орындалғаны. Бұл құбылысты Қазақстанның елеулі бөлігіне кезінде Нағыш-пенді Бахауиддиннің өзі және оның ізбасарлары басшылық жасаған сопылық орденнің және Аппақ қожаның ықпалы зор болғанымен байланыстырған жөн сияқты. Алайда, Аппақ қожаны Есім ханның пірі ретінде көрсетудің еш қисыны жоқ екенін айту керек. Өйткені, аталған діни қайраткердің Есім және Тұрсын хандардың айтулы қақтығысы болған жылы небәрі екі жасқа жаңа келген бала екеніне де назар аударған жөн».
Ел арасында таралған Бахауидин әулие туралы жырлар мен әпсаналар көп. Мысалы:
«Баһауаддин бір кепешті жеті жыл тіккен екен. Инені әр шанышқан сайын «Лә илаһа илла алланы» жеті жүз мәртеден айтады екен. Кепешті әбден тігіп болғанда жұрт одан: «Не бағамен сатасың?», - деп сұрайды. Сонда жас әулие: «Жеті тозақтың кілтіне сатамын» , - деп жауап береді. Сол кезден Аллатағаланың рахымы оған түседі. Бірақ та «Бәр кілтін алып алсаң менің құлдарым тәубасын ұмытып кетеді. Сондықтан алтауын ал» , - деп Жаратушы аян түсірген екен деседі («Шұғыла» журналы.1994, №2.11-б.).
Сонымен бірге қазақтың магиялық поэзия үлгісінде Нақышбанд Бахауидин есімі кейде ұшырасып отырады. Демек, оның бейнесі халық санасында әжептәуір із қалдырған деуге болады. Мысалы, мал жоғалып кетсе халық «Бәуеддин айту» ырымын жасаған. Қысқасы, жоғалып кеткен малды табу үшін ешкінің құлағын бұрап, бақыртып:
Ел иесі Бәуеддин,
Мал иесі Бәуеддин,
Керең құлақ саңырау Бәуеддин,
Өне бойы қоңырау Бәуеддин,
Атымды тауып бер Бәуеддин,
Жоғымның жөнін көр Бәуеддин! -
деп болжау жасайтын болған. «Бұл ешкі иесі - Бәуеддин әулие (Шекшек ата) деген ұғымнан шыққан», - деп жазады белгілі фольклортанушы Б.Уахатов.
Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,
филология ғылымдарының кандидаты,
фольклортанушы
«Абай-ақпарат»