Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әлеумет 6689 14 пікір 3 Шілде, 2020 сағат 11:48

Қазақ тілі – Абай, Мағжан, Мұқағали биігіне баулитын тіл!

Тіл – ұлттың ең басты байлығы, тәуелсіздігіміздің тұмары, азаттығымыздың айғағы. Бұл ретте, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне арнайы берген сұхбатында мемлекеттік тілдің дамуы мен келешегі жөнінде айтқан пікірлері үлкен маңызға ие. Мемлекет басшысы бұл кезеңді аз сөйлеп, іс тындыратын шақ екенін ескерте отырып, тілдің мерей-мәртебесін арттыратын төрт қадамды белгіледі. 

Алдымен, Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамның қазақ тілін қажеттілік деп тануы үшін бірқатар шараларды қолға алу туралы былайша айтады: «Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек». Президенттің бұл ұсынысына тұтас халық болып атсалысуымыз қажет деп ойлаймын. Бұл орайда, әрбір қазақстандық қазақ тілінде сапалы қызмет көрсетілуін талап етуі тиіс. Мәселен, банк, Халыққа қызмет көрсету орталығы, дүкенге, тағы басқаларына барсақ та сұрағымызды қазақша қойған абзал. Бұның өзі көпшіліктің алдында тіліміздің абыройын өсіргеніміздің көрінісі болар еді. 

Елордамыздағы «Руханият» орталағы ұйымдастырған ересектерге арналған қазақ тілі курсында сабақ беру барысында жас маман ретінде аздап тәжірибе жинақтадым. Оқу процесі кезінде тіл үйренушілерге қазақ тілін тез меңгеруге мотивация жетіспей жатқаны байқалады. Жоғарыда Президент айтқан тілге деген қажеттілікті арттырудың бір амалы, сабақ кезінде құр грамматикамен шектелмей, тіл үйренушілерге бай рухани әлемімізді таныстыруды ұмытпауымыз керек. Мәселен, тыңдаушылар арасында Абайдың қара сөздерін оқуға қызыққан, әдеби туындылармен танысуға, салт-дәстүрімізді білуге ықылас білдіргендер де болды. Міне, қажеттілік деген осындай қарапайым дүниелерден басталады. Егер біз ұлттық құндылықтардың озық үлгілерін іріктеп, оны Абай айтпақшы «жұп-жұмыр, теп-тегіс» күйінде көпке ұсынып, қызығушылақтарын оятсақ, тілміздің дәрежесі өсетіні анық. Мысалы, қазір адамдар психологияға, өзін-өзі дамыту бойынша курстарға көп көңіл бөледі. Ал сол ілімнің бәрі төл руханиятымызда тұнып тұр. Жантану ғылымына зәру болсақ, Шәкәрімді, Мәшһүр-Жүсіптің еңбектерін, батырлар жырын, қисса-дастандарды, аңыз-ертегілерді, мақал-мәтелдерді оқиық.  Бұның бәрі, әрине, кодталған қазыналар. Оның кілтін тек қазақ тілі арқылы аша аламыз. Халқымыздың  мәдениеті мен танымы дүр мен гауһарға толы екенін білсе, әрбір отандасымыз, керек болса күллі адамзат қазақ тілін үйренуге асық болатынына сенімдімін. 

Сұхбатта көтерілген келесі үлкен тақырыптың бірі – қазақша дұрыс сөйлей алмайтын немесе тіл үйренуге ниеті бар топты кемсіту, оларға күле қарау: «Қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн». Кез келген тілді жетік меңгеріп кету үшін орта қажет. Қазақ тілін үйренем деп талап қылушыларда орта жоқ болғандықтан көп қиналады. Мәселен,  сөздерді біліп тұрса да айта алмайды. Себебі ұялу сезімі басым. Оны жою үшін қазақи орта қазақша таза сөйлей алмайтын азаматтарға қолдау көрсетуі тиіс. Егер қате сөйлеп жатса тиісті жерде түзеп, өз ойын мәнерлі жеткізуге бір-бірімізге ықпал етсек, бірлігі жарасқан елдің озық үлгісі боларымыз сөзсіз.

Президенттің тілге қатысты айтқан өзекті мәселенің бірі – телевизиялық және радио хабарлардың сапасын арттыру.  Жас буынға да, ерексектерге де лайықты интеллектуалдық, танымдық мазмұндағы  бағдарламалардың санын көбейту тіліміз үшін жасалған игі іс болмақ. 

Ана тіліміздің болашағы үшін күресіп жүрген тіл мамандары Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамаларына мән беріп, әдістемелеріне тың идеяларды енгізіп жұмыстар атқаруы лазым. 

Қазақ тілі – төл руханият пен тарихқа, Абайдың даналығына, Мағжанның өрлігіне, Мұқағалидің биіктігіне баулитын ұлы тіл екенін ұмытпайық, ағайын!

Гүлсезім Теміртас, 

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының магистрі

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048