Елші емес, ер керек!
Уинстон Черчиль мырза демократияның билік нысанының нашар түрі екенін, бірақ адамзат әзірше одан жақсы ештеңе ойлап таппағандығын айтқан. Ал философ Платон: «Кез-келген демократия түбінде диктатураға айналады», деп санаған. Ондайды болдырмау үшін қайта өрлеу заманындағы Джон Локк, Шарль Монтекье сияқты ағартушылар биліктің бөлінуін, яғни мемлекеттік басқарудағы тежеу-теңестіру жүйесін ойлап тапқан. Сондықтан, елде халықтық билікті орната отырып, диктатураға айналмай, ұлттық мүддені қорғайтын саясатты қамтамасыз ететін бірден бір жол ол – биліктің үш тармақты тәуелсіз институттарының жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Басқа жағдайда елдің саяси-экономикалық векторы билікте отырған адамның және оның командасының көзқарасына тәуелді болады және оның құрбанына айналады. Елімізде қалыптасқан саяси ахуалды осы тұрғыда қарастырған дұрыс.
Кейбір англо-саксондық құқықтық жүйелерде прокурор қызметін атқарған тұлға сот қызметіне ауысқысы келетін болса, белгілі бір уақыт аралығында адвокатурада жұмыс істеуі керек деген талап кездеседі. Яғни, прокурорда айыптау көзқарасы дағдыға айналып кетеді. Ал сот қызметіне қойылатын объективті талапқа сай болуы үшін айыпталушыны қорғап үйрену керек. Бұл – қызметтік міндеттемелердің сипатына байланысты адамның ойлау жүйесінде шаблондар қалыптасатынын айғақтайтын бір мысал. Ал кәсіби дипломаттың қандай қасиеттер мен қабілеттерге ие болуы керек екені көпшілікке мәлім. Мысалы, дипломат орталық билік бекіткен көзқарасқа сәйкес әрекет етеді де, өз пікірін қолдануды мүмкіндігінше азайтады. Дипломаттың кәсібі – ыңғайсыз сұрақтарда, қитұрқы мәселелерде өтірік болсын, софистикалық әдістермен болсын, жоғарыдан берілген позицияны қорғай отырып, сөйлесіп отырған адамды ренжітіп алмауға негізделген. Осы орайда Президент қолына шынайы билікті шоғырландырған топтар мен ашынған халықтың арасындағы дипломатқа ұқсайды. Бұл, әрине, менің жеке пікірім. Бірақ, Қасым-Жомарт Кемелұлының сыртқы және ішкі саясаттағы кейбір шешімдеріне оның кәсіби дағдылары әсер етуі мүмкін екенін байқаймыз.
Дәлел керек пе? Президенттің Қырым мәртебесіне қатысты: «Аннексия деген Қырымға қатысты тым ауыр сөз...», - деген мәлімдемесі Қазақстанның ұзақ мерзімді қауіпсіздік мәселесіне әсер етуі мүмкін. 1973 жылы Францияның Тынық мұхитта ядролық қарудың сынағын ұйымастырғанына қарсы Австралия мен Жаңа Зеландия БҰҰ Халықаралық сотына жүгінген болатын. Сот өзінің шешімінде Францияның ядролық сынақ жасаудан бас тартқаны жөнінде мәлімдеме жасаған. Ол мәлімдеме Франция үшін міндеттеме болып саналады деп шешкен. Яғни, мемлекет басшысы белгілі бір халықарлық құқықта орын алған оқиға туралы ауызша болсын, мәлімдеме жасаса, ол мемлекеттің ресми ұстанымы ретінде мойындалуы әбден мүмкін. Ал Қазақстанға Қырым түбегінен келген тауарлар Ресей емес, Украина аумағынан экспортталатындықтан ЕЭО-ның мүшесі емес ел тауары ретінде кедендік рәсімделу керектігін белгілейтін бірнеше сот шешімдері бар. Осылайша Қазақстан Қырымды Украина аумағы ретінде мойындаса, ол жақтағы өзін-өзі анықтау құқығына негізделген референдумды мойындамауы керек. Ол жағдайда аннексия термині бұл жағдайға әбден келеді. Осы орайда Қазақстан дипломатиялық бейтараптылықты ұстанып отыр. Бірақ тарих куә, заман өзгергенімен Ресейдің сыртқы саясатының моделі 2008 жылдан бастап қайтадан агрессивті бағыт алып, өзінің мүддесі бар аймақтарда ашық өктемдік саясатын жүргізуде. Ертең жеріміздің бір бөлігінен айырылып жатсақ «аннексия» сөзі ауыр болады ма, жеңіл болады ма?! Ойлана беріңіздер...
Енді де факто Ресейді жиырма жыл басқарып отырған В. Путин мырза тарихи әділеттілік туралы әңгімені тағы бастады. Алдында ол кісінің қазақтың мемлекеттелігі туралы пікірі ел қазынасына үш миллиард теңге көлемінде ауыртпалық түсіріп, ұлан-асыр той ұйымдастыруға мәжбүрлеген болатын. Осы жолы Президентіміздің Мәскеуде өтетін әскери шеруге барудан бас тартуы жетер еді. Бірақ, біздің тараптан ешқандай жауап болмады. Өзінің саяси рейтингісін көтеруді көрші мемлекетке қысым жасайтын құрал ретінде қолдану үшін Ресей ТМД аумағында бірнеше «қатырып тасталған қақтығыстар» (Қарабах, Преднестровье, Донбас) ұйымдастыруға мүдделі болған. Ондай «бұзақы» көршінің тілін табудың жолы ретінде біз «Бәке, сіз кереметсіз ғой» саясатын қолданып келе жатқандаймыз. Оның қаншалықты нәтижелі болатынын көре жатармыз...
Тағы бір дерек. Екінші тұлғаның саналы әрекетінің нәтижесінде сенің мүлкіңе залал келсе, ондай тұлғаға басқа шаралар қолданылмаса да, келтірілген залал көлеміндегі соманы өндіріп алуға құқылы екені ақиқат. Өзбек көршілеріміз су тоспасы бүлінген кезде өз егістіктерін құтқарып қалуы үшін артық суды біздің жерге жібере салды. Соның кесірінен үйлер қирады, мал қырылды, егістік алқабы судың астында қалды. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін келтірілген залалдың көлемі анықталған жоқ. Бірақ, ондай сомманы өзбек көршімізден өндіріп алуға құқықтық негіз бар еді. Алайда, айналып келгенде ол мәселе екі президенттің арасындағы телефон арқылы әңгімемен шешіліп кетті. Ресейдің олигархы өзі қалаған көлемде қаражат жіберетінін хабарлады, Өзбекстан өзі қалаған көлемде жұмысшыларын жіберді. Ондай «көмек» зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіруге бөлінетін ел қазынасының шығынының қай бөлігін жабатыны белгісіз. Осылайша ел бюджетінің бір тиынын шығармай әрекет ету мүмкіндігі бола тұра, өз қалтамыздан ақша шығаруға мәжбүр болдық. Не деген есепке жоқ ел едік?!. Бұл жерде трансмемлекеттік өзендерді пайдалану жөнінде халықаралық конвенция бар екенін ескеру керек. Өзбекстан да қол қойған бұл құжат бойынша олар Қазақстанның келісімінсіз суға тоспа жасауға құқылары жоқ еді. Соған қарамастан өзбек ағайындар суды бекітіп алып, ұзақ жылдар бойы еліміздің бір аймағын зар қақсатып келді емес пе... Ендігі мәселе – көршілеріміз су тоспасын қалпына келтіреді ме, жоқ па?! Оған біздің Президентіміз елші ретінде жауап береді ме, әлде мемлекет мүддесін бірінші орынға қояды ма, мәселе осылай қойылып отыр!
Тағы да сол «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы» деп аталатын ұйым мәселесі... Халықтың арасында елеулі қарсылық болғанына қарамастан кезінде кедендік одақ құрылды. Ол одақтың қайбір мүшесінің халқына түсінікті бола қоймаған кейінгі трансформациясы да жүргізіліп жатыр. Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы 77 беттік шартты оқып көрген қазақстандықтар да көп емес шығар. Белоруссияның қазіргі басшысы Лукашенко мырза одаққа қатысты сын айтқанда қай тараптың мүддесі шектеліп жатқаны бірден түсінікті болып қалады
Елдің ішкі саясатында не болып жатқанын түсіну үшін жоғарғы истеблишментте инсайды бар, саясаттануда маманданған адамның болжамдарына сенуден басқа ештеңе қалмаса, Қазақстанның сыртқы саясатында қабылданып жатқан шешімдер қандай негізде жасалғанын білу тіпті элитаға ғана қол жетімді болып отыр. Қандай да бір елеулі өзгеріс саясатын жүргізу үшін саяси ерік қажет. Саяси ерікке серпіліс қажет, халықтық қолдау болуы шарт. Ал халықтың қолдауы үшін жай ұран ретіндегі пропаганда емес, түсінік болғаны жөн. Бізге шынымен болып жатқан мәселенің барлық қырын ашып беріп, еліміздің мүддесі қайда жатқанын көрсетсе, халық ондай басшының соңынан ереді. Халқыңның қолдауы болса, меніңше, ең батыл қадамдарға баруға болады. Басқа жағдайда «сен тимесең мен тиме», «жыртықты жамау» саяси технологиялары қолданылатын іркілу не тоқырау мәселесі орын алады. Жеке өз басым осы елдің азаматы ретінде өзімді қандай да бір мемлекеттің саясатына әсер ете алатын адам ретінде сезінбеймін. Көптеген шешімдерді, әсіресе кадрлық мәселені қолжетімді ақпараттың жоқтығына байланысты түсінбеймін. Шикізат экспортына тәуелділіктен шығу бағытындағы нәтижелі әрекеттерді көрмедім. Азаматтық құқықтарым, соның ішінде жеке меншікке қолсұғылмаушылық қамтамасыз етілетініне сенбеймін. Бұның бәрі менің саяси бейтараптығыма алып келеді. Осындай бейтараптылық еліміздің өз әлеуетін, потенциалын толыққанды жүзеге асыра алмауының елеулі себептерінің бірі. Өз елімде жалдамалы пәтерде тұрып жатқан адам сияқты бір сезім осыдан, шетелге жастардың ағылуы да осыдан. Кез-келген ұзақ мерзімді дискриминация радикализацияға алып келеді. Қордай мен Алматы облысындағы этникалық жанжалдың да себептері осыдан. Қазақстан халқы түгелдей мемлекетті билеуден шеттетілген. Олардың 70 пайызы қазақтар. Саяси ерікті білдірудің басқа жолы болмағандықтан осындай осал нүктелерде халықтың наразылығы пайда болады және демократияны қамтамасыз ететін институционалды реформалар орын алмаған жағдайда әлеуметтік теңсіздіктің негізінде, этникалық негізде, діни және т.б. негізде жанжалдар орын ала береді. Ал еліміздің екінші Президентінің ішкі саясаты да жартылай, шала шараларға толы. Митингтерді өткізу тәртібін «хабарлаушы» сипатқа көшіретінін жариялағанымен қабылданған заң бәрібір шектеулерді сақтап қалды. Саяси партиялар құру тәртібіндегі өзгерістер қолыңдағы екі кісеннің бірін шешумен тең. «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы ел назарын кішігірім ауқымдағы, тіпті кейде тұрмыстық деңгейдегі мәселелерге бұрып қойды. Елдегі қаражат экономикаға қызмет етудің орынына, кем дегенде Астана қаржы орталығына жіберілудің орнына әлі де шет елдік оффшорларға ағылып жатыр. Елдің басты стратегиялық бағыты айқын емес, мұнай бағасының құлдырауы, пандемия, экономиканың диверсификацияланбауы кесірінен басталғалы жатқан дағдарыстан шығудың айтарлықтай жоспары ұсынылмаған. Көміртекті отынға сұраныс тұрақты түрде құлдырауда. Қытай мен АҚШ арасында экономикалық соғыс басталғалы тұр. Ендігі мұнай елге азық болмайтын заман келді және біз оған дайын емеспіз. Осындай қиын қыстау уақытта елге түбегейлі ұстанымы бар, бағдары бар билеуші саяси күш керек. Ауырғанды дәрі беріп емдейтін емес, ісікті кесу керек жерде кесетін, ұлттық рухты жандыратын көшбасшы қажет. Саяси бейтараптылық қайда жетелейтінін отыз жылдық тарих көрсетті. Cондықтан бізге елшілік қызметті терең меңгерген тұлға ғана емес, елім дейітін ер керек!
Сырым Әбіл,
халықаралық құқық магистрі.
Abai.kz