Президент үндеуіне байланысты бірер пікір
Қаралы күн туралы:
13 шілдені қаралы күн етіп жариялау халықтың 6 шілдедегі отшашуға наразылығын басу әрекеті екені анық. Бірақ бұл аза күнінің мән-мазмұны қандай болмақ? Бір күнге ойын-сауық хабарларын тоқтатып, бір минут еске алу ма? Қазіргі халықтың көкейіндегі мәселе – ковидтан қайтып жатқан адам саны, олардың әрқайсысының оқиғасы, кінәлілердің анықталуы, қатемен жұмыс. Қазіргі ресми статистикаға сүйенсек, қайтыс болған 264 адам үшін аза тұтамыз. Ал пневмониядан он-ондап кетіп жатқандардың сұрауы кімге? Қайтыс болғандардың барлығының аты-жөні аталып, олардың өмірінен ақпарат берілуі керек.
Диалог туралы
Тоқаевтың елдегі наразылықтың ауанын түсініп, жедел түрде үндеу арнағаны алдыңғы президенттен ерекше басқару стилін байқатады. Бірақ, өкінішке қарай, коммуникация тұрғысынан өрескел қателер кетті, ол қателерді түзеу қиын. Әр қателік сайын билікке деген халықтың сенімі азайып барады. Оның үстіне, қазіргі коммуникация дамыған заманда халық алдын-ала жазылған мәтінді мәнерлеп оқып бергеннен гөрі өзімен тікелей байланысқа шыққанды қалайды. Тоқаев билікке келгелі әлі бірде-бір рет тікелей эфир өткізген жоқ. Бұған қоса, президенттің қазақша баяу, орысша жылдам сөйлеуі де коммуникация тұрғысынан жақсы емес. Спичрайтерлердің «Әр қазақ менің жалғызым» деген сияқты жүрекке жылы тиетін сөздерді қосқаны дұрыс та шығар. Бірақ тым әдебилендірудің артында жасандылық тұратынын аңғарған жөн.
Ешбір қазақстандықтың назардан тыс қалмайтыны туралы
Әлеуметтік желіні былай қойғанда, жақындар мен туған-туыс арасында дәрі, аппарат іздеп сарсылған, ауруханаға жата алмай қиналған адам өте көп. Жұрттың көбі дәрігерге жете алмайды, жетсе де жазып берген дәрілерін таба алмайды. Сондықтан президенттің бұл сөзіне сенбегендер көп болған шығар.
Кінәлілер туралы
Жүйелік кемшіліктердің барлығына орнынан кеткен министр мен оның командасы кінәлі делінді. Бірақ бұл президенттен бастап, бүкіл үкіметтің мойнындағы жауапкершілікті алып тастай алмайды. Президент наурыздағы алғашқы үндеуінде де «барлығы бақылауда» деген, арнайы ведомствоаралық комиссия құрылған. Яғни шешімдердің көбін тек денсаулық сақтау министрі емес, сол комиссия ұжымдық деңгейде қабылдаған. Президенттік республика болғандықтан кадрдың таңдалуына, оның жұмысының жүйелі болуына, барлығына президент жауап береді.
Әлеуметтік жағдай туралы
Үндеуде әлеуметтік мәселе, жұмыссыз қалған адамдар, жабылған бизнес туралы ештеңе айтылмады. «Сананы тұрмыс билейді». Ішерге асы жоқ болып отырған адамдар биліктен көмек күтеді, банкке несиесін өтей алмай отырғандар қорғаныш күтеді. Бұл жағынан халық көкейіндегі сұрақтарына жауап ала алмады.
Мұхтар Сеңгірбайдың жазбасы
Abai.kz