Кредиттік амнистия мүмкін бе?
Мен Жанболат Мамайдың әлеуметтік желідегі белсенділігі мен саяси тұлға болуға талпынған ерік-жігерін біраз уақыттан бері байқап келемін.
Оның батырлығы, халыққа жанашырлығы қолдауға татырлық дейтін жұрттың қарасы аз емес секілді. Ал, оны биліктің немесе басқа бір саяси күштердің қолдан жасап қойған жобасы дейтіндер де баршылық.
Ж. Мамайдың оппозициялық партия ретінде, Парламентке барып, қазіргі биліктің басқару жүйесін өзгертуге ықпал жасаймын дегені, әрине, көптің көңілінен шығатын сөз. Демократиялық қоғамда бір партияның мәңгі билік жүргізіп, отыра беруі – қауіпті жағдай деп есептеймін. Бұл жерде Жанболат Мамай ма, әлде басқа біреу ме, қалай да бір оппозициялық партияның керек екені, оның қазіргі билік партиясымен бір үстел басында қатар отырып, тең дәрежеде қызмет жасағаны, бәсекелес болғаны дұрыс деген ойды жеті жастағы баладан жетпіс жастағы ақсақалға дейін айтып жатыр.
Мысалы, Тайуанды 28 жыл билеген Жаңкайши өлгеннен кейін, Гоминдаң (Ұлттық) партиясының билігіне оның баласы Жяң Жыңго келеді. Жяң Жыңго билік тізгінін қолына алған соң, «Ұлттық кеңес» шақырып, «ұқсамаған пікірге құрметпен қарау керек!» деп, өзі бастап, басқа бәсекелес партияның барлыққа келуіне жол ашты. Сөйтіп, Тайуан демократияға бет бұрды. Соның нәтижесінде Тайуан экономикалық жақтан ұшқан құстай дамып, қысқа мезгілдің ішінде, Азияның төрт жолбарысының біреуіне айналады. Жяң Жыңго өлгеннен кейін, билікке басқа партия келді. Қазірге дейін, екі партия кезек-кезек билік жүргізіп, нағыз көп партиялы билік жүйесі қалыптасты.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруы да – сол нағыз демократиялық көп партиялық жүйеге көшудің алғашқы қадамы деп түсінуге болады.
Бірақ, менің айтайын дегенім бұл емес, басқа әңгіме.
Жанболат Мамайдың індеттің өршіп тұрған кезінде «4 тамыз Ақорданың алдына жиналып, несиелік амнистияны талап етеміз!» -деп, жар салғанын түсіне алмадық.
Мен бұл үндеуді естігеннен кейін, не күлерімді, не жыларымды білмей отырмын.
Егер, Үкімет 5.5 миллион адамның кредитін түгелімен жомарттықпен жауып тастаса, бір қарағанда, әрине, керемет жеңілдік болары даусыз!
Мен де кредит арқалағандарың қатарындамын.
Бірақ, бұл мүмкін ба?
Бұндай қиын жағдайда Үкімет кредитті қайдағы ақшамен жауып береді? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгеннен кейінгі 300 мың теңгеден төменгі кредитті кешіргеніне, миллиондап кредит арқалап отырған бір бөлім халық түсіністікпен қарады. Егер, осы жолы Жанболат Мамайдың бастамасының бір бөлегін қанағаттандырып, және де алдынғы жолғыдай, белгілі шектен төменгілерін жауып, қалғанын жаппаса, миллиондап кредит арқалап, жанын жанға ұрып жұмыс істеп отырғандар үшін әділетсіздік болмай ма?!.
Ал, Үкімет бүкіл халықтың кредитін жауып беруі мүмкін бе?
Әрине, мүмкін емес!
Кредиттік амнистия деген ойыншық емес!
Ол – бір бөлім халықтың ақшасын, енді бір бөлім халыққа бөліп беру деген сөз. Мейлі, ол ақша «Ұлттық қордан» босатылсын, мейлі ұлттық банктен басып таратылсын, оның барлығы халықтың қан терінің бодауына келген ақша.
«Ұлттық қорда» ақша бар екен деп, отыз жыл жинаған ақшаны бір індетпен тауыссақ, ертеңгі күні шетелден тауарды немен сатып аламыз!?
Және де дағдарыс болса ше?
Егер, Ұлттық банктен ақшаны басып кредитті жауып берсе, ертеңгі күні теңгеміз құнсызданып, зат бағасы шарықтап кетсе ненің күнін көреміз?!!
Қазірдің өзінде мемлекеттің қаржылық дефициті сақтық шек ЖІӨ-нің 3%-на жетуге аз-ақ қалды. Қаржылық дефицитінің көптігінен Еуразия экономикалық одақта көш бастап тұрмыз.
Теңгенің құнсыздануы индексі 11%-ға барды.
Зат бағасы күннен күнге өсіп жатыр.
Өйткені, тұтыну баға индексі ұқсас мезгілден 7% артқан (Қалыпты жағдайда 3%-дан төмен болуға тиісті).
Миллиарттаған ақшалардың барлығы «Ұлттық қордан» бөлініп жатқан жоқ. Оның бір бөлімі «Ұлттық банктен» келеді. Төменде Ұлттық банктың бір жылдық «Ақша базасы және кең ақша массасының агрегаттары» деген кестеге қараңыз.
Мұнда бізге қажеттісі M3, яғни айналымдағы жалпы ақшаның массасының арту жағдайы.
Биыл басылған ақшаның саны ақпан айынан бастап артқан.
Алдынғы айға қарағанда, наурызда жалпы айналымдағы ақшаның (M3) массасы 8.6% артқан. Яғни, бұдан наурызда бөлінген терлиондардың аспаннан жаумағанын, ұлттық банктың ақша басқыш машинасынан шығып отырғанын көреміз. Экономиканың заңдылығы бойынша, ЖІӨ құнынан артық басылған ақша экономиканың жандануына серпін бергенімен, зат бағасының өсуі мен ақшаның құнсыздануына апарып соғады.
Сондықтан, наурыздағы зат бағасының күрт өсуі мен теңгенің құнсыздануы заңды құбылыс.
Егер, Жанболат мырзаның бастауымен, халық билікке «Кредиттің бәрін сөзсіз жауып бер!» - деп, жер тепкілеп, Ақорданың алдына жатып алса, олардың дауына «құлақ асқан» Үкімет Ұлттық банктың машинасын бір екі айналдырып жіберіп, барлық несиесін жауып бере салуы мүмкін.
Бірақ, бұның кейінгі зардабын кім тартады?
Әрине, ең алдымен, Жанболат Мамай қамын жеп жүрген бейшара қарапайым халық, күн көрісі төмен кедей-кепшіктер! Зат бағасы қымбаттағаннан кейін, олар қарызға белшесінен қайта батады.
Бұл – нарықтық экономиканың заңдылығы!
Қазіргі таңда, бюджетте артық ақша жоқ. Бюджет тапшылығы көріне бастағалы біраз уақыт болды. Енді халыққа қарызға құнды қағаздар таратпаса, Үкіметтің Ұлттық банктен жыртыңдатып ақша ала беруіне келмейді. «Ұлттық қорды» да ішіп-жеп, бір жерге апардық. Оған да қайта-қайта қол сала беруге болмайды.
Сондықтан, қазір тек «Тарта жеп, тай қалдырудан» басқа жол жоқ. Осы індет аяқтағанға дейін, табанымызды жаласақ та ептеп күн көреміз.
Басқа қадамға бару – ел-жұртты тентіретіп, еліміздің шаңырағын ортасына түсіруден басқа түк емес.
Құрметті Жанболат мырза!
Егер, Сіз шынымен елдің патриотымын деп, елдің амандығы мен жұрттың тыныштығын ойласаңыз, бұндай қиын кезде «Кредитің жабылады!» деп, халықты дүрліктірмеңіз!
Мемлекет – осы халықтың мемлекеті. Оның бір жыртығын жамаймын деп, екінші балағын дал-дұл етуден сақтанған дұрыс!
Керісінше, басқа өрелі ойыңыз болса, тиімді ұсынысыңыз болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсынып, ел жұртты осы қыспақтан аман-есен алып шығуға ат салысыңыз!
Басқаларын білмеймін, сіз секілді жас саяси лидердің қателесуге қақысы жоқ.
Ербосын Нұрмұханұлы,
Экономист, кәсіпкер
Abai.kz