Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Қоғам 5724 8 пікір 4 Тамыз, 2020 сағат 15:54

Тіл реформасы керек пе?

Бір кездері тілімізді Алаш арыстары арылтқан «шағатайлықтың» орнын «орыс шағатайы» (русизм) басты. Осы «шала-бұт тілдік фонемен» тіпті өз орнын таза қазақ тіліне де, ұлттық төл жазуға да босататын түрі де жоқ. Сондықтан, тіл реформа жасалынуы керек-ақ.

Қазақ тілі бұған дейін үш тіл реформасын бастан кешті. Біріншісі – қазақтың төл жазуын өмірге әкеле алды. Және осы жазумен қазақ тілі – Орталық Азияның аймақтық тіліне айналды. Екіншісі – қазақ тілін Орталық Азияның аймақтық тілі мәртебесінен айырып, аз уақытқа болса да төл әліпбилік ерекшелігімізді сақтап, бірінші реформаның қол жеткізген жетістігіне өз салқынын тигізбеді. Үшінші реформа – қазақ тілін төл әліпбилік ерекшелігінен біржола айырып, Орта Азия ұлттарымен бірге қазақтарға да орыс шағатайына бейімделген жазу дәстүрін сыйлады. 

Ресей үшін түркімен, өзбек және қырғыз сияқты ұлтты айыратын диалектісі жоқ қазақ тілінің қайыра күш алуы қауіпті. Әрі қазақ тілінің 1900-1911 жылдар аралығында татардың «урта имлясының» ықпалында болған он жылды есепке алмағанда, 1870-1911 дейін қазақ шағатайымен, ал, 1912-1924 жылға дейін төте жазу арқылы аймақтық жазба тіл болғанын да орекеңдер бізге ешқашан кешірмейді. Нағыз Өзбек тілі не қатаған, не қыпшақ диалектісі негізінде емес, Сарттардың (өзбектер түріктендірген тәжіктердің) сөйлеу тіліндегі ферғананың қарлұқ диалектісі негізінде бүгінгі Өзбек ұлтының жазба тілін өмірге әкеліп, қазақ пен өзбекті тілдік жақтан екі ұлтқа айырды. Осы айырудың кесірінен Өзбектер өз ұлттық төл жазуы болуға тиіс латынға әлі күнге дейін толыққанды көше алмай отыр. 

Қазаққа жақын болып қалыптаса бастаған өзбектің, қырғыздың және қарақалпақтың ұлттық тілі ендігі жерде орыс отаршыларының жымысқы тілдік саясаты салдарынан бірыңғай қазақ тілінен түбегейлі өзгешелігі бар өзбек, қырғыз және қарақалпақ диалектілері негізінде жасалып, қазақ тілін аймақтық тіл болуы мәртебесінен біржола айырды. Қандай өкінішті. 

Проф. Яковлев «Орыс әліпбиін түркі халықтары үшін қолдануға болмайды, себебі ол – патшалық Ресейдің орыстандыру саясатымен тығыз тарихи байланыстағы әліпби» деп атап көрсетті (Выдрин А. Языковая политика в Узбекистане. Фитрат, Поливанов, Сталин и другие... ). Және 1924 жылға дейін қырғыздар, қарақалпақтар және өзбектің қатаған мен қыпшақ диалектісінде сөйлетін этникалық бөлігі Байтұрсын әліпбиімен сауат ашты. Қазақ тілі нағыз аймақтық жазба тілге айналды. Бұның ауызға алынбай келе жатқаны қапаландырады. 

КСРО-дағы түркі халықтарын латын жазуына көшірген Тіл Реформасына тек екі ұлт қазақтар мен татарлар ғана қарсы шықты. Павел Дятленко «Языковые реформы в Орталық Азия: тренды – цели – итоги» атты еңбегінде «Латын жазуына көшуге қарсы оппозиция туралы бірер сөз. Латыншылар Татарстан мен Қазақстанда қатты қарсылыққа тап болды. Басты себеп: екі республикада өз араб жазуын татар мен қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне әбден лайықтап, бұрынғы кем-кетіктерінен арылтып, төл жазуыларына айналдырып, табысты реформалап алған еді. КСРО-лық түркілерді орыс жазуына көшіруге ат салысқан орыс лингвисі Е.Д. Поливанов: 

«…Егер сөз қазақ жазуы жайында болса… “уақыт пен кеңістіктен тыс” – көрші халықтардың жазуымен есептеспейтін (жазулық амал-тәсілдерден тысқары) шешіле салуы мүмкін болса – онда қазақ мектебі 1924 жылғы “орфографиясын”  толықтай қанағат етеді. Басқа ұлттар тарапынан орын алған (ең алдымен Әзербайжанның) мысалдарының әм шақыруларының жетегіне кетпей ес жия сөз етер болсақ, онда қазақтарда өз жазуын латынмен ауыстыруға құлық та, ынта да болған жоқ». 

Орыс барлауы 1991 жылдан кейінгі 14 одақтас республикадағы Тіл Реформасына жете көңіл бөліп келеді. Осы мәселеге қатысты ресейшіл мақалалар мен зерттеулерді үзбей жариялап тұрады. 

Түркімен тілінің латынға көшуі жайында  этнограф Сергея Демидов:

«1989 жылғы халық санағында түркімендердің бес пайызы өз ана тілін орыс тілі деп көрсетті. Орыс тілінің осы үстемдігімен Республика басшылығының ашық күресі басталып кетті. Олар Тілдік Майданда жеңіске жете алды» дейді. Түркімендер арасындағы ана тілін білмеушілер қазір әкелерінен Кейін Билікке Келген бұрынғы партия басшыларының балалары еді. Орта Азиядағы жоғары шенді ұлттық кадрлардың балалары ана тілін білмеді, есесіне жаңа құрылған ұлттық мемлекеттердің тізгінін өз қолдарына мұрагерлік жолмен ұстай білді. Соның кесірін, латынға көше алмай отырған Өзбекстан дәл қазір тартып отыр.

ТМД елдері Институтының Қазақстан мен Орталық Азия  бөлімінің меңгерушісі Андрей Грозин:

“...орын алып жатқан ішкі себептер: ұлтттық қозғалыстарды қанаттандырып, президент әкімшілігі оларды өз қанатының астына алып, болашақта парламенттен ойып орын беретін болады. Міне, осылар басқалардан асыра латынға көшу үшін өңеш жыртуда ”.

Ресей сарапшысы бұл жақын арада орын алмаса да, әбден жүзеге асатын бағдарлама деп санап, ойын одан ары былайша жалғастырады: «Ең алдымен, ол екі кезең бойынша жүзеге асырылады: әуелі барша іс-қағаздарын жүргізуді 100% қазақтың орыс жазуына көшіреді, содан кейін бұның бәрін латын жазуымен алмастырады».

Біз осы күнге дейін қазақ тілін дамытады деп, тек тілші ғалымдарға ғана сеніп келдік. Әрі бағдарламашылар мен математиктерді Тіл Реформасынан 30 жыл тыс қалдырдық. Орталық Азиядағы орыс шағатайынының орын басу үшін қазақ тілін аймақтық тіл деңгейіне көтеретіндер филологтар емес, бағдарламашылар мен математиктер екеніні ескермедік. 

Ең қауіптісі РФ «ТМД Тіл Реформасы бойынша зерттеу бөлімі» болып отыр. Осы Ресей барлауына жасырын қызмет ететін бөлімнің тапсырысымен қазақ саясаттанушыларының назарынан тыс қалған талай сараптамалық мақалалар мен зерттеу еңбектері жарық көрді. Бұл бағытқа ҚР орыс тілді БАҚ басы бүтін жегілді. Пейлі бұзықтар Орталық Азиядағы Тілдік Реформаға қарсы қадам жасап, оны жартыкеш күйінде қалдырып, мүлдем болдырмауға күш салуда. РФ ТМД-дағы Тіл Реформасы бойынша маман В.М. Алпатов өзбек тіліне қатысты: “Өзбек тілінің қос жазба нұсқасы жарыса өмір сүрсе де, кейде бірі-бірін ұғынбайтын бас асаулық та танытады… Бірақ орысқа ләппайшылық – кірілден көрініс тапса, оған қарсылық – латын жазуынан қылаң береді”. Бірақ жаңа жазумен өзбектер өз тілін дамыта алмай отыр, латынға көшпеген қырғыздар ұтып, оған көшетін қазақтар ұтылады деген зәлім ойды астарлап ұқтырады

ХХ ғасырдың 80 жылдарының соңында әлемдік және аймақтық тілдерде аудармашылардың жұрт көп қолданатын танымал бағдарламалар тілін өз ана тіліне аударып, қайыра жасаушы кодер, өзге тілдегі аудио-бейне-ойын-электронды  т.б. компьютермен байланысты дүниелерді өз ана тілінде, электронды нұсқаға түсіріп, бейнебаянда сөйлетіп, сайратушы локализатор, өз ана тіліндегі мәдениконтенті өзге тілдегілер  ұғыну үшін және қазақтар өзге тілдердегі материалды сол тілді оқып үйренбей-ақ тұтына алатын бағдарламалар жасаушы машиналық тәржімашы деген тек белгілі бір ұлттың інтернет контентін қалыптастыруға арналған жаңа кәсіби аударма мектебі өмірге әкелінді. 

Ал осы жаңа буын аудармашылар тобы қазақ арасында да соңғы 5 жылда пайда болып, фансаб клубтар құрып, қазақ тіліне фильмдер мен телехикаяттар аударып, ютубқа танымдық-ғылыми материалдар орналастырып, жұртқа танымал інтернет бағдарламаларды ішінара қазақшалап ұсынып, өздерімен санасуды қажет қыла бастады. Бұлар жұрт көзі үйренген кәсіби филологтар емес, өздерінің қосымша екінші білімі филология арқылы қазақ тілін аймақтық тіліге айналыратын кодер, локализатор және машиналық тәржімашылардан тұратын қазақ аударма мектебінің жаңа буыны. Түрлі камыптық бағдарламалар жасап, оны ұлтына ұсыну үшін олардың жолын ұлттық оргфографиядағы «орыс шағатайы» РУСИЗМ бөгеп тұр. Әрі мемлекет сандық технологияны жүзеге асыруда жан-жақты қолдауға тиіс алаш ұлттың інтернет контентін қалыптастырушылардың кәсіби аударма мектебін толыққанды өмірге әкелуге әзірше тосқауыл да, кедергі де көп. Ең бастысы – оларды «жастар» деп менсінбеушілік!

Орфографиялық орыс шағатайынан құтылар күн бар ма?!

Әл-Фараби атындағы ҚазақҰУ механика-математикалық факультеті статистикалық мәшіндік аударма үшін ағылшын-қазақ параллелді корпус жасауды қолға алды. Г.Алтынбек пен W.Xiao-long қазақ корпусы туралы зерттеуін бұдан 10 жыл бұрын елімізде емес қытайдың Xinjiang университетінде жүзеге асырды. Бұл – енді ғылыми парадокс. Осы тарапта ізденушілер әлемдік танымал ғылыми басылымдарға «Makhambetov O., Makazhanov A., Yesssenbayev ZH., Matkarimov B., Sabyrgaliev I., Sharafudinov A. 2013. Proceedings of the 2013 Conference on Empirical Methods in Natural Language Processing,Seattle, Washington, USA, p. 1022–1031» сынды іргелі зерттеулерін жариялай бастады. 

Europarl (Koehn, 2002), JRC-Acquis сияқты әлемнің 20-дан аса тілін қамтыған танымал параллелдік корпустар бар. Енді олардың арасынан қазақтар да ойып орын ала алады. Бірақ бұған кедергіні латынға көшкен шағымызда орфографиялық орыс шағатайы келтіреді.

Қазақ үкіметі де, алаш ұлттың інтернет контентін қалыптастырушылардың кәсіби аударма мектебінің өкілдеріне тілді дамыту бойынша ешқашан қаржы бөліп жарытқан емес. Бар қаржы ана тілімізді алға бастырмайтын жобаларға, өзге ұлтты мемлекеттік тілде оқытуға бөлініп, еш нәтиже бермей, талан-таражға түсіп жатқаны да  шын. Біз тікелей кірме сөздерді қабылдап, оны бірден машиналық корпусқа енгізуді жолға қоя аламыз ба, жоқ па? Осы мәселе өте өзекті бола түсуде.  

Өзін тіл жанашырымын дейтін оқыған-тоқыған әр қазақ белгілі бір тілдік корпусты қалыптастыруға ат салысуы керек. Жеке сөздерді аударып, оны қазақшалап ұсынудың заманы келмеске кетті. Қазір бізге сөз тіркесі мен тұтас сөйлемді қазақша айтылып жазылуға әм оның yandex, google аудармашыға енуіне, мәшиналық аударма жасаушы математиктерге көмектесіп, карантин кезінде де әрі одан кейінде бөлініп-жарылмай, осы ұлығ іске жұмыла ат салысуымыз керек-ақ.

Қазақ тіліндегі орыс шағатайы үшке бөлінеді: төл орыс сөздері ауызекі сөйлеу тілімізге енген, бірақ орысша жазылып жүрген (дібіжөк, пәдіиез, ырәзіиез, ілебедкә, пырақодшы, бездеқот, парақот,  т.б), аралас құрамды орыс сөздері (пырақодшы мәшіиініс, бездеқот дібіжөгі) және орыс тіліне енген шет тілдік сөздердің орысша айтылып жазылуы арқылы ТМД түркі тілдеріне енуі. Амал не Қырғызстан, не Өзбекстан, не Қазақстан осы түрлі амал-тәсілмен енген орыс шағатайына қайран қыла алмай отыр.

Бұл жайлы А. Космарский: “Өзбекстандағы саяси әм тілдік парадигманың ауысуының проблемасы – осы шұғыл бұрылысқа таған болатын ірге тастың қаланбауынан күрт өзгерістердің орын ала алмауынан  тұрады. Не «қанды», не «интеллектуалды» “революция” орын ала алмады. Осы реформаны жүргізуге жауапты адамдар кеңес шекпенінің қойнауынан өсіп шыққандар еді. Олардың көпшілігі өткендегі жайлы тұрмысынан қол үзгілері келмеді <Тіл Реформасы жүзеге асса олар далада қалады емес пе, сондықтан мәңгі бітпей жалғаса бергені, қаржы бөліне бергені пайдалы> Лингвистердің айтуынша… жоғарыдағылар сырттай дүрдей болып…жымын білдірмей қарсылық қылуда, әрі осын жымын білдірмеуімен көп нәрсе тындырып отырғандай дүр мінездік сыңай танытады” деген орынды пікір айтады.

Мысалға біз комьютер пайдаланғандықтан ең бастысы оның қолданылуына қатысты сөздер мен сөз тіркестерін орысша айтып жазып келеміз. Компьютерді қолданған кезде кездесетін орыс шағатайынан мысал келтірейік. «Компьютерді қолданған кезде кездесетін русизмдер» деген сөйлемде екі орыс сөзі бар: Компьютер және русизм. Біз бұны қазақшалай аламыз ба? Алсақ, қалай?

Дәл осы мәселеге қатысты Н. Дауітбекқызы: «Осыған байланысты ана тілімізге реформа жасау процесі кезінде белгілі бір русизм мен интернационализмдерді сол күйі сақтау мен мүлдем алмастыру кезінде айтылу мен қолайлылық факторын ескеруде, оның құлаққа жағымдылығы тіліміздің сөйлеу дағдысын бұзбауы керек...  Ашығын айтамын, отаршылар тілімізге зорлықпен енгізген жалған халықаралық терминдер мен русизмдер ана тіліміз үшін ең даулы әрі ауыр тақырып, осы бір «шақырылмаған қонақтардан» арылуға тиіспіз. 

...Біз құлдық психология құрсауында шырмалғандықтан қазақтандыру мен түркілендіруден қорқатындықтан қазір жаңадан енген тілді бұзатын неологизмдер мен интернационалдық сөздерді жын атады. Сондықтан олар бүгінгі таңда жат дыбыс ретінде энциклопедия («инсиклапедиа» болуға тиіс, ағылшынның  «инсайклапидиа» айтылымымен салыстыр), экскаватор («икскауатар»), цирк («сирк») және т.б. болып айтылып құлағымызды жарады» деген аталы сөзіне бізде қосыламыз.

Ең әуелі осы салаға қатысты орыс шағатайы «Қазақ тіліндегі компьютерлік техникалық терминдердегі русизмдердің кездесуі» деген сөйлемді тілдік корпусқа айналдырайық. Бір сөйлемінің бойында төрт бірдей (компьютер, техника, термин және русизм) орыс шағатайының ұшырасуы әм тіліміздің мүлдем бүлінгенін танытады. Бұл Сізді алдаңдатпай ма? 

Орысшасы: Компьютер//русизм//техника//термин; Ағылшыншасы: kəmˈpjuːtə\\Russism\\tɛknɪk(ə)l\\term; Қазақша айтылуы: бұрынғысы – Компьютер//русизм//техника//термин; жаңашасы – кәмпүиүутә және кәміп (кәсіби жаргон)//орыс шағатайы//текінік// және не төрмүн/не төм/ не төрүм. 

Бір шағын сөйлемнен төрт бірдей орыс шағатайы ұшырасады. Бұдан құтқаратын тек «Қолданбалы математика мен қолданбалы лингвистика», яғни, филолог – математике, математик – филологке айналуы заман талабы. Бұған айнала алмағандар қазақ тілінің мәдениконтент жасаушы әм аймақтық, әм орыс шағатайынан арылатын тіл болуы үшін қам жемеуге тиіс. 

Қолданбалы математика мен қолданбалы лингвистика ұлт өмірінен өз орнын таба ма?

Қазір ана тілімізді камыптық бағдарламалар тіліне айналдыру үшін енді-енді ғана қадам жасалып жатыр. Бұл орайда филологтың – математиканы мүлдем білмеуі, математиктің – тіл заңдылықтарын жете түсіне бермеуі сияқты үлкен бір проблема туындап отыр. Қоғам ұлттық тілді қалыптастыратын да, дамытатын да, аймақтық мәртебесін асыратын да тек математиктер екенін ұғынуға тиіс. Інтернет қазақ тілінде сөйлеуі үшін филологтар информатик-математиктердің ығына жығылуы керек. Қазақ әрпі мен сөзі бірізге түсіп, өзге тілді білмейтін қазақ өз ана тілінде араб, қытай, орыс, ағылшын, испан, француз және неміс тіліндегі мәтіндерді оқу үшін сапалы машиналық аударма жасайтын мәтіндік корпус өмірге келетін уақыт жетті. Ол үшін Тіл Реформасы латын жазуына лайықталып жүргізілуге тиіс.

Осы бағытта Философия докторының (PhD) атағы үшін АМАНДЫҚ ЖАНҚОЖАҰЛЫ КАРТБАЕВ «Разработка модели и методов статистического машинного перевода с приложением к казахскому языку» атты диссертация қорғады. Ізденіс бар, бірақ осы ұлттық бағыт-мақсат әм міндетке қатысты Үкімет пен Филологтар тарапынан ынта жоқ. Бұл тым-тырыстық қаншаға дейін созылады!?

Қазір орыс тілді қандастарымыз қазақ тіліндегі материалдарды оқи алмайды. Себебі қазақ тілін дамытуға отыз жыл бойы математиктер қатыстырылмай келді. Машиналық аударма саласы Мүлдем қолға алынған жоқ. Ешкімнің алаш ұлттың інтернет контентін қалыптастырушылардың кәсіби аударма мектебін құруға ат салысқысы келмейді. Енжармыз. Бәрін бізге Үкімет қаулы-қарармен жасап береді деген кеңестік алаңғасалықтың арбауындамыз. Бұл сен тимесең, мен тимелік қашанға?! дейін жалғаса бермекші. 

Біз осыған байланысты өз ойымызды ортаға салып отырмыз. Сіздер бұған қандай алқалы кеңес берер едіңіздер! 

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1973