Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2852 0 пікір 8 Желтоқсан, 2011 сағат 06:45

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы: «ӨТПЕЙ ҚАЛАМЫН-АУ», – ДЕП КҮДІКТЕНЕМ

-  Парламент сайлауына «Ауыл» партиясы атынан түскелі отырсыз. Партия қолқалады ма, өзіңіз ынталы болдыңыз ба?

-  Парламент сайлауына «Ауыл» партиясы атынан түскелі отырсыз. Партия қолқалады ма, өзіңіз ынталы болдыңыз ба?

- Мен еш уақытта ұсыныс жасамаймын (күлді). Олар маған ұсыныс жасады. 1999 жылы академик Ғани Қалиев Экономика институтының директоры болған кезде «Ауыл» партиясын құрамын деп шешті. Себебі, оның қарамағындағы мамандардың бәрі ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері-тін. Бәріміз қуанып, сол партияға мүше болайық деп алғашқы съезіне Әбдіжәміл Нұрпейісов, марқұм Зейнолла Қабдоллов, Зейнолла Серікқали, Илья Жақанов тағы біраз адамдар қатыстық. Бір жағынан бұл партия сайлау өткеннен кейін құрылған соң ба, сенімсіздікпен қарамадық. Алғашқы съезде бүкіл жазушылар мені Президиумға ұсынып, төрге шығарды. Содан бері партия қатарындамын. Басқа партиялардан сайлау сайын осындай ұсыныс түседі. Тіпті, билік партиясы да ұсыныс жасаған болатын. Бірақ келіспедім.
- Неге?
- Ол кезде бір партияға кіріп, екіншісінен шығып жатқанымызға, «Тек мансап қуып жүр екен», - деп сенімсіздікпен қарайтын еді.
- «Сайлаудан қалайда өтем» деп сенім артып отырсыз ба?
- Шамалы. Сайланам дегеннен гөрі өтпей қаламын-ау деген күдік әлдеқайда басым. Қазір билік партиясы, одан бөлек «Ақ жол» дегені шығып жатыр. Билік соларға көбірек көңіл бөлетін түрі бар секілді. Ол жағы белгілі ғой.
- Егер депутат болып жатсаңыз қандай мәселелерді көтересіз?
- Экономист болмасақ та, шамамыз келгенше бетке шығып жатқандарын айтамыз. Ірі кен орындарымыз шетелдіктердің қолына өтті. Солар салық төлеп жатыр ма? Кедендік одақ, Еуразиялық кеңістік құрылды. Осылар біз үшін тиімді ме? Ауыл шаруашылығында пәленбай миллион астық жинады. Соның 4 млн. тоннадайы көтерме бағамен өтеді екен. Орылмай қалған астық көлемі және элеватордың жоқтығынан шіріп жатқаны қанша? Мұнайдың үстінде отырып, жанармай неге қымбат? Нанның сапасыз бола бастағаны сонша, ағаш ұнынан дайындалғаны сатылады дей ме, Құдай білсін?! Осындай нәрселер бізде көбейіп кетті. Жемқорлық дегенмен күресіп жатырмыз. Соған қарамастан күшейіп барады. Жұрттар ақшаны жейді де, қашып кетеді. Біздің құқық қорғау органдарымыз ұстамай қайда қарап отырады? Шетелдіктерге жер беру мәселесі тағы бар. Ұзақ жылға жалға беруді тоқтатып, әрі кеткенде 5-10 жылға ұсынсақ... 49 жылға дейін оған дейін кім бар, кім жоқ? Өзбекстан шекарасындағы түйткілдер. Қазақ саны демографиялық жағынан құлдырап барады. Бүгінгімен емес, келешекпен өмір сүрсек. Міне осыларды айтам!
- Жақында «Нұр Отан» партиясы жариялаған тізімді қарасақ, әнші де бар, спортшы да бар. «Бұлбұл жоқта байғыз сұңқылдайдының» кері емес пе екен бұл?» деген де пікір айтылып қалып жатады осындайда...
- Парламентте депутаттардың саны өте аз. Халық санына қарай Мәжілісте 170-180 депутат болуы тиіс. Біз осы жағын жасанды түрде азайтып отырғандаймыз. Әртіс, спортшы ағайындар көп нәрсені айта бермейді. Елдің мақтанышы шығар, ал мінберде салиқалы әңгіме айту керек. Елдің әдебиет, мәдениет, тарихын білетін саяси сауаты, бағыты, ұстанымы бар адамдар Парламентке ауадай қажет.
- Әдебиетте қамшы салдырмайтын Дулат Исабеков саясатқа қаншалықты жүйрік?
- Біраз нәрсені білген сияқтымын. «Айтсам, білген соң айтам» депті біздің ауылдағы біреу (күлді). Сол айтпақшы, көзбен көргеннің бәрін айтқың-ақ келеді. Мақаланы жазғанмен, жұрт одан да шаршағандай. Осыларды тегіс мінберден айтсам... Біздікілер сақал қою, екі әйел алу туралы бірдеңелерді айтып кетеді. Ондайдың еш керегі жоқ. Депутат болған соң өзекті мәселелерді айтып, талап ету керек.
- Зиялы қауымның саясатқа келуі нені көрсетеді?
- Зиялылардың саясатқа ойысуы бұрынғымен салыстырғанда белсенділік жағынан азайып бара жатқан сияқты, қайта. Негізі зиялы қауым белсенді болуы тиіс. Парламентке саясаткер болып емес, елдің жағдайын айту үшін барғаны жөн. Әрі-беріден сол бұл саясат емес, ел қамын жеу болып табылады. Үлкен саясатпен басқалары айналысып, зиялылардың дауысы мінберден көбірек естілсе. Сол секілді сайлауда мына жақтан Мұхтар Шаханов секілді жігіттер өтіп кетсе, Парламенттегілер «мыналар не дер екен?» деп алаңдап отырар еді.
- Шерхан Мұртаза «Халық сөзіне» берген сұхбатында «Парламентте Байгелді мен Айталылар жоқ, Ирак деген батыр шықты» деп еді. Ұлттық мүддемізге шын жаны ашитын, тырнақша ішіндегі емес, есімін ел біліп, құрметтейтін, сөзін тыңдайтын нағыз тұлғалар азайып кеткенін меңзегені болар. Сіз бұған не дейсіз?
- Мұхтар Шаханов депутат болып отырғанда тілді айта бастаса, депутаттардың дені: «Тоқтатшы осы әңгімені», деп шуылдайтын. Амангелді Айталы салиқалы ой айта білген азаматтардың бірі. Ал Өмірбек Байгелдінің ұлт үшін шырылдап, араша түсіп жатқанын естімеппін. Ол кісі ұлттан гөрі рудың мәселесін соңғы кезде көбірек айтып кеткен секілді. «Қытайдың Либай деген ақыны Шуда туылған, руы Дулат екен» деп жеке куәлігін көргендей сенімді түрде айтты. Осының бәрі менің арқамды аяздай қаритын. Үлкен саясатпен айналысып, облыс әкімі болған адам. Ал қытайлықтар үшін бәрібір. Егер ағамыз Мао Цзедун Атырауда туған десе, қытайлар тарапы қуанады. «Атырауда туса, ол жер біздікі» дер еді.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан - Жанкелді ҚАРЖАН

www.halyksozi.kz/news/view/id/1059

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406