Әкелер мен балалар
(Қайсарбай қарт туралы хикая)
Әке деген сөздің аясы кең. Осы бір құдіретті, әр жанның жүрегіне мәңгілікке қонақтаған ұғымды кей сәтте сөзге сыйдыра алмай жатамыз. Расында да, балалар әкелерге қашанда қарыздар. Қарыз бен борыш әкелер мен балалар арасындағы көзге көрінбес, бірақ қылдай берік үзілмес, махаббаттың алтын көпірі. Өзі болған адам жоқ. Барлығымыз үшін әкелерге борыштармыз.
Қарттарымыздың қадіріне қайтсек жетеміз? Себебі, әкелердің қадіріне жете алмасақ, үрім-бұтақ бізге өзін борыштар санай алмас. Төбедей балалар таудай әкелердің қайғысын, арманын, қуанышысын, алаң көңілін бәлки жете түсіне алмас. Әркім өз биігінен қарайды ғой. Демек, тау әкелер алыстаған сайын зораяды. Бағасы артады. Бауырында күнде көріп жүрген соң, мәңгілік сияқты көрінеді кейде. Жоқ. Уақыт сусымалы. Сырғымалы. Кезектескен дүние.
Жамбылда Меркі дейтін жер бар. Қазақтың шұрайлы бір өлкесі. Сол мейірлі Меркіде өмірі ат үстінде өткен Қайсарбай қарт бар. Қайран, қазақтың қара шалдары. Күй сандық кеуделеріне талай сыр мен құпия, шежірені қаймағын бұзбай сақтап, ұлттың іргетасы болып келетін аталы әулеттердің алтын бақаны - қазақтың қарттары.
Тоқсанға келіп, тәубәсін айтып, тасбиығын тартып отырған Қайсарбай қарияның өмірі - қазақтың бір ғасырлық тарихының кішкентай айғақты көрінісіндей.

Хош, 1921-1922-нші жылдары большевиктер өкіметі қазақ даласына дендеп ене бастаған шақты ұлы даланың төсінде аштықтың қара құйыны жүріп өтті. Ел есеңгіреп, сүйек майына сүйеніп әрең тұрды. Ел іші енді ғана ес жия бастаған шақты көктемде Меркіде, Қорағатының бойында Кәрібай деген бай әкесіне ас береді. Ұзынның қысқарып, жіңішкенің үзілер шағында алыс-жақындағы ағайынды жиып, қыстан қалған сүріні қоса берілген асқа аттылы-жаяулы жұрт түгел жиналады. Жарықтық Сәрсекүл шешейде жаңа туған нәрсетесін алдына алып, атпен Кәрібайдың асына барады. Ол кезде даланың дүрбелеңге толы шағы. Сәрсекүлдің сәбиі - Қайсарбай еді.
«Әйтеуір, шешем көктемде туылғансың дейтін. Сондағы ілік етіп айтатын дәлелі - Кәрібайдың асы. Кейін мектепке барғанда туған жылым - 1922, туғаны күнім - 12 желтоқсан дей салдым», деп өткен шақты емірене еске алады Қайсарбай қарт.
Құдайдың құдіреті Қайсарбай деген есімінде қазақтың ырымы мен бүтін елдің бодандыққа түскендегі тағдыры жатыр. Әжесі Мейіз - Меркіде талай жақсылардың бірі, өрісі малға, үйі жанға толып, айналасындағы жұртты Құдайдың берген байлығының арқасында қолынан келгенше жомарттықпен жарылқаған Қайсарбай байдың есімін немересіне ырымдап қояды.
Көненің көзі Мейіз әжесінің ырымы - Қайсарбай байдай текті, елге сыйлы болсын дегені. Жұрт баласына атын берген сол Қайсарбай бай 1927-1930-ншы жылдары Голощекин жүргізген «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген қызыл ұранның ұрда жық саясатының кесірінен кәмпескеленіп, айдалып, қудаланып, ақыр соңында қойшының таяғын ұстап қызыл өкіметтің дегеніне амалсыз көндігеді. Бұл - бір ғана Қайсарбай байдың көрген құқайы, қуғыны емес, барша қазақтың басынан өткен қаралы жылдар еді. Кәмпескені, оның ізін алып келген ашаршылықты, репрессияны жазықсыз жұрттың жапа шегіп, зар жылаған күйін бала Қайсарбай көріп өсті. Өзі де көппен бірге көрді. Бар жастығы аумалы-төкпелі, құйын заманның құйрығына байланып кетті.
Бозбалалықтың бозала таңы құланиектеніп енді атып келе жатқанда соғыс басталды. Қазақтың басына қара бұлт үйірілді. Сөйтіп, қазақтың Қайсарбайлары тегінде, қанында бар батырлық рухына бек сеніп майданға аттанды. Мәскеуден бастап, Берлинге дейін қан кешті. Өтеуі - Жеңіс!
Кеудесі толы орден, медальдардың тең жартысы кеудесін оққа төсеген қанды жылдарда жанын садаға етіп көрсеткен ерліктердің есесі. Ерлік өлмейді екен. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де ескерусіз қалған емес. Бейбіт күннің, ұрпақтың және ел-жердің амандығы үшін бес жыл қан кешті. Қайтып оралды.
Соғыстан сүлдерін сүйретіп әрең шыққан ел ерлердің еңбегіне зәру еді. Содан туған елдің тұрмысын көтерудің бір жағына шығысуға шаруа басын ұстады. Мал дәрігерлік, агрономдық, ең соңы - ауылшаруашылық институтын тәмәмдады. Оқығаны мен тоқығанын туып-өскен өлкенің ел қатарына қосылып, қамсыз тіршілігі жолына жұмсады. Меркідегі ол кезде Қызыл октябрь дейтін ұжымжар төрағасының орынбасары болып қызметін бастаған Қайсарбай қарт кейін «Тәтия» кеңшарын табан аудармай отыз жыл басқарды. Ел өсті. Еткен еңбек зая кеткен жоқ.
Еңкейген шағында елдің егемендігін де көрді. Елінің азаттық алғанына Аллаға мың тәуба етіп, тағдырына ризашылығын білдіріп отыр. Тәуелсіз ел әкелердің ерлігі мен еңбегін ұмытқан жоқ. Ал, әкелерден тараған ұрпақ Тәуелсіздіктің ту ұстаушысына айналып келеді. Қайсарбай қарияның өз кіндігінен тараған 13 баласы да аяқтанып, ауданды жұрттың жұмысының әр шетінде еңбектеніп жүр.
Біз өткенді өз биігімізден бағалауға құмармыз. Ал, өткеніміз - әкелер, бүгініміз - өзіміз, ертеңіміз - балалар. Ендеше, осы үш таған ұлттың ошағы. Қайсарбай қарияда қазаққа қолынан келгенінше қызмет етті. Әкелер өз қарызын өтеді. Ендігі кезек балалардікі.
Әкелер мен балалар - үзілмейтін ұлттың күре тамыры. Торқалы тоқсанға келген Ыдырыстың Қайсарбайы да бір әулеттің күре тамыры. Ұлт әу бастан әулеттерден тұрады.
«Абай-ақпарат»