Шерхан Мұртаза, Халық жазушысы:Менімен бірге туған ұрпақ қырылып қалмағанда, бүгін 30-40 миллионға жетер ме едік...
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
- Шераға, әңгімеңіздің басында: «Құдіретті қайтеміз?!» дедіңіз ғой. Алла тағала Мұхаммед Мұстафа (с.у.с.) Пайғамбарымызға қасиетті Құранды уәхи етпей тұрып, қазақтың арғы тегі Тәңірді таныпты. Алла тағала қазаққа сондай ерекше түйсік берген секілді.
- Құран түспей тұрып, Алланың діні бізге келмей тұрып, біз Тәңірді, көк аспанды таныған халықпыз және соған табынғанбыз. Бұл ұлылық емес пе?!
- Осындай ұлылыққа, ерекше қасиетке жетуіне негіз болған не?
- Ол Жаратушыдан, Құдіреттен. Оның барлығын жасап тұрған - Алла. Қазақ өзінен-өзі аспанды, құдіретті танып, сезініп қойған жоқ. Алла білдірді. Қазір Құдіреттің бар екенін мойындап отырмыз ғой. Дін бар бізде. «Біз маймылдан жаратылғанбыз» деп жүрген Дарвиніңіз қайда қалды? Оның ілімі қайда?
- Құдайға шүкір, Тәуелсіздік алдық. Қазақ халқының бүгінгі түйсігі қандай?
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
- Шераға, әңгімеңіздің басында: «Құдіретті қайтеміз?!» дедіңіз ғой. Алла тағала Мұхаммед Мұстафа (с.у.с.) Пайғамбарымызға қасиетті Құранды уәхи етпей тұрып, қазақтың арғы тегі Тәңірді таныпты. Алла тағала қазаққа сондай ерекше түйсік берген секілді.
- Құран түспей тұрып, Алланың діні бізге келмей тұрып, біз Тәңірді, көк аспанды таныған халықпыз және соған табынғанбыз. Бұл ұлылық емес пе?!
- Осындай ұлылыққа, ерекше қасиетке жетуіне негіз болған не?
- Ол Жаратушыдан, Құдіреттен. Оның барлығын жасап тұрған - Алла. Қазақ өзінен-өзі аспанды, құдіретті танып, сезініп қойған жоқ. Алла білдірді. Қазір Құдіреттің бар екенін мойындап отырмыз ғой. Дін бар бізде. «Біз маймылдан жаратылғанбыз» деп жүрген Дарвиніңіз қайда қалды? Оның ілімі қайда?
- Құдайға шүкір, Тәуелсіздік алдық. Қазақ халқының бүгінгі түйсігі қандай?
- Алланың ақ нұры дейді мұны. Міне, құрғап жатыр еді, жел тұрып, азынап, тассу ұрып, шаң суырып, аппақ қар жауғызды да, жақсылығын үйіп-төгіп бере салды. Соның арқасында ауамыз тазарып, тынысымыз кеңейіп, жанымыз кіріп қалды. Рахат!
Қытайдың саяхатшысы болыпты, монах. Сол ел аралап келе жатып, Баласағұнға, одан Таразға келеді. Таразға келіп, «мына жақта қандай елдер бар?», деп сұрағанда, Мыңбұлақты айтқан екен. Мыңбұлақ - қалың, ну орман. Талас Алатауы дейді. Бірақ бізде Алатау деген ат жоқ. Негізі - Тәңіртау. Алатау Қырғыздармен бірге келген атау. «Алатоо» дейді. Бізде Тәңіртау дейді. Тәңірдің, Құдайдың жаратқан үлкен дүниесі деген сөз ғой. Сол Тәңіртаудың баурайында Мыңбұлақ деген жер бар. Содан аққан бұлақтар - мың дейді. Бағытымыз - Тараз тұрған жерден оңтүстік батыс жақта. Қазір - Жуалы, бұрын - Мыңбұлақ деген. Таудан аққан сулар, өзендер, бұлақтар сай-сай болып келеді. Әр сайдың басында бес-алты үйден отыратынбыз, баяғыда. Кейін бәрі біріктірілді ғой. Су да тартылды, құбырменен далаға, егінге, анау-мынауға айдап жіберді. Мыңбұлақтың қазір көзі жұмылды, суы тартылды, бәрін каналға салып жіберді. Міне, заманның өзгерістері. Сондай жер - біздің жеріміз! Мыңбұлақ - шын аты, кейін, «Жуалы» деді. Жуа дейтін көп өседі екен, жарықтық. Ашаршылық жылдары бізге кәдімгідей тамақ болды. Соғыс жылдары да талғажау еттік. Сол біздің туған, өскен жеріміз.
- Бурный қайдан шыққан?
- Бурный емес, Боранды ғой, басында. Орыстар «Бурное» деп жүрген. Оны қазақтар «Бурный» деп қойды. Ол - орыстандырудың саясаты. Орыс көп болды, біздің Жуалы - Мыңбұлақта. Өйткені су мол, егіншілікке жақсы, малға жайлы, бәріне дұрыс. Тұнып тұрған орыстың аттары болатын: Алексеевка, Александровка, Евгеновка, Самсоновка, т.т. толып жатыр. Қазақша атаулар шамалы ғана болатын, мұндаға дейін. Кейінірек, заман түзеле бастағаннан соң, сол аттардың барлығы жойылып, қазақтың аттары қалпына келе бастады. Қазір Мыңбұлақ, Кербұлақ, т.с.с. Барлық атаулар есімде жоқ. Сондай замандар өткен! Ол - патша заманының тіршілігі. Одан кейін Совет заманы келді. Патшадан кем болған жоқ, «советтер». Қайта, патша заманында сәл кеңшілік болды-ау деп ойлаймын. Ол кезде там-тұм су, ел, жер бар еді. Совет келді де бәрін тарылтты. Малдың бәрін жиып алды. Колхоздастыру болды. Орталықта ұстап, кейіннен быт-шыт болып, әр-әркімнің, баяғы белсенділердің қолында кетті. Ақырында ашаршылық болды. Оның үстіне соғыс келді. Соғыс кезінде дүние мүлдем тарылды. Сонда жаңағы жуа бізге кәдімгідей тамақ болды. Жуа теріп жедік. Анамыз колхоз жұмысына кетеді. Біздер кішкентай балалармыз. Кетерінде: «Әй, күн күркіремей, жаңбыр жаумай, жуа жемеңдер!» деп айтып кетеді. Біз тыңдаймыз.
- Күннің күркіреуі мен жуаның қатысы не екен?
- Ол - құдірет! Мен қайдан білейін!? Жерден энергия келе ме? Әйтеуір, найзағай ойнап, күн күркірегенде жуаны жеуге болады. «Оған дейін жесеңдер, уланып өліп қаласыңдар» дейді. Қайдан білемін!? Ғалымдығым жоқ. Ал «біледі» дейтін ғалымдар әлі күнге дейін айта алмайды. Жарқылдаған найзағай мен жердегі жуаның қандай байланысы барын. Осыдан кейін жаратылыстың құдіретіне табынбай көр! Демек, дүниенің барлығы Алланың ашса - алақанында, жұмса - жұдырығында. Дарвиннің: «адамның барлығы маймылдан жаратылған» дегені өтірік болып шықты.
Әкемізді алып кеткен азабынан кейін басталған қиын дүние... Әсіресе, соғыс кезі... Қиыншылықпен өстік...
Бес жасқа дейін бақытты өмір сүрдім. Мен әкемнің жалғызымын. Менен бұрын үшеуі, бірінен соң-бірі, қарашешектен қайтыс болып кеткен. Шешек шығады, өле береді, тірі қалмайды. Менімен бірге туған балалардың қырылғаны - бәрі тірі болғанда, біз бүгінгі заманда, 30-40 миллионға жетер ме едік?! Қырылып қалған! Қынадай қырылған, қарашешектен! Мен аман қалғам! Неге, аман қалғам? Сөйтсем, менің бесігім арша ағашынан екен. Әжем - Күнекей, жарықтық, байдың қызы. Сол әжемнің бесігі болған. Оны «Аршабесік» дейді. Талас Алатауында өсетін арша, содан бесік жасаған. Аршабесікке құрт-құмырсқа, «шорт-морт», бит, анау-мынау, жыбырлағандар жоламайды, қырылып қалады. Маған да шыққан, қарашешек. Құдай сақтап, сол аршабесіктің арқасында аман қалғам. Әкем жарықтық ол кезде жас, мен бесікте жатқанда: «Мынау да адам болмайтын болды ғой» деп теріс қарап, күдер үзіп қалған екен. Құдайдың құдіреті, бір кезде мен әйтеуір, тіріліп, қатарға қосылыппын. Аман қалуыма, сол аршабесік себеп болды. Шешек ауруының, дертінің уытын өзінің бойына сіңірген дүние. Қасиетті арша ағашы бар - Талас Тәңіртауында. Сол жерлерде өседі. Көп жерлерде жоқ, қасиетті арша. Ол кез келген жерде өсе бермейді. Міне, біздің тауымыздың, жаратылысымыздың, жеріміздің құдіреті. Су да дәрі болатын. Бірақ Кеңес өкіметі судың барлығын каналға салды-дағы, егіске, анда-мында айдатып жіберді. Оның барлығын жазғанмын. «Мылтықсыз майдан», «Ай мен Айшада» айтылады. Балалық шақ туралы білгісі келетіндер оқысын! Бірақ сендер оқымайсыңдар!
- Оқыған бір басқа да, әуе толқынында өз аузыңыздан естіген бір бөлек қой. Біздің мақсат, Сіз секілді тұлғаның бар екенін білсе, өмірдеректі өзіңізден естісе, дегендік.
- Е-е-е, білсе, сол! Жоқтан бар болғандармыз. Кім біледі, аршабесік болмаса, қырылып қалған миллиондардың қатарында мен де кетер ме едім? Әлдеқашан, қарашешектен өліп қалар ма едім? Жоқтан бар болғанмын деуім - осы!
- Бұл да Алланың құдіреті ғой?
- Шынында, солай!
- Сол кездегі халық басына түскен қасірет, ажал құшу, адамның қолынан келген іс пе немесе Алланың жазуы ма, осы арасын қалай деуге болады?
- Ол адам бейімдеген іс қой. Құдайдың құдіреті жіберген азабына, бейнетіне қарсы тұра алмаған, қаруы, білімі жетпеген. Әйтпесе қынадай қырылып қалған менің замандастарымнан 1932 жылы, одан бұрынғы 1931 жылы туғандардан тірі қалғандары некен-саяқ. Марқұм, Мақатаев! Құдайдың құдіретімен аман қалған. Сол сияқты бірен-саран. Бірге өскен, хан тұқымының баласы Шота Уәлиханов бар. Камал Смаилов деген бар еді, менімен түйдей жасты, қайтыс болып кетті, марқұм. Иманды болсын! Содан кейін Әбдуәлі Данаев деген бар, мектепті бірге бітіргенбіз. Ол - күміс медальмен бітірді. Ленинградта оқыды, Теміржол институтын бітірді. Жамбылдың стансысын, техникумын басқарып тұрды. Қазір де сол техникумда сабақ береді. Демалысқа шығып кеткен, бірақ әлі күнге дейін жұмыс істейді. Тараздың шығыс жағында, үш шақырымдай жерде Талас стансысы деген бар, сол жерде тұрады. Машина айдайды, өзі жүргізеді. Біз екі класс едік. «А» класы және «Б» класы болып бітірдік. Қазір мен білетіндерден үшеуі тірі жүр, басқалары жоқ, көбісі қайтыс болып кетті. Мақан Өтемісов деген бар, көрші колхозда тұрады. Амангелді деп қойыпты, бұрын - Бектөбе деуші еді, сол ауылда. Мақанның кәсібі - молда. Одан кейін Манап дейтін бар. «Бозкөз» деуші еді, біздің физика-математикадан сабақ беретін апайымыз: «Тақтаға шық, борды ал, жаз!» дейді. Формулаларды айта бастағанда, анау білмейді, жаза алмайды. Апайымыз барады-дағы, саусағымен иегін көтереді, өзі әдемі келіншек. Қызғанасың, әдемі, сүйріктей саусағымен ананың кір-кір тамағынан көтергенін көріп... Сөйтіп, көзіне үңіледі: «О, Бо-оз-к-ө-ө-з-з!» дейді. Сөйтеді де «Отыр, Бозкөз!» дейді. Сол Бозкөз - Манап бар. Осы үшеуі, басқасын білмеймін. А.Үмбетбаев дейтін мықты бар еді, әкесі «народный артист», шешесі де «артистка» болатын. Ол Алматыға көшіп кетіпті, қазір жоқ, бұл жерде. Сол-ақпыз! Әйтпесе екі кластан 80-ге жуық бала бар болатын. Олардан менің білетінім сол-ақ!
- Өзіңіз айтқан ақын Мұқағали: «Неменеңе жетістің бала батыр, Қариялар азайып бара жатыр» дейді ғой. Қатарластарыңызды іздейсіз бе? Жаныңыз нені қалайды?
- Жаным тыныштықты қалайды. Аман-есен, сау-саламат жарық дүниеде жүре берсем деймін. Менің бұл тілегімді Алла қашанғы бере береді, қашанғы менің сөзіме құлақ салады? Оның барлығы уақытша дүние ғой. Бір күні алып соғады. Оны білеміз, көзіміз жетеді. Өлмейтін пенде жоқ. Бәрі өлу үшін, оның ар жағында өмір бар дейді, рас болса, барып, көріп келген ешкім жоқ.
- Өзіңіздің сеніміңіз, ішкі пайымыңыз не дейді?
- Ол туралы кейде елестер болады. Түс көресің... Түсіңде әлдеқашан кетіп қалған адамдармен көрісіп, сөйлесіп те жүресің... Ал, ар жағы белгісіз дүние... Бәрін Алла біледі.
- Намаз оқисыз ба, мешітке барып тұрасыз ба?
- Намаз оқимын, әне жайнамазым тұр. Кейінгі кезде денсаулығыма байланысты құлшылық тоқтап, мешітке баруға шамам келмей жүр. Менің баратыным - орталық үлкен мешіт емес, шағын ғана Ақсарай деген мешіт. Исатай деген ініміз - сол мешітте имам. Үлкен имам. Ең алдымен, Алла тағала иман берсін! Иман жоқ жерде еш нәрсе болмайды. Алладан иман тілеңдер! Имансыздар тышқаншалап тығып жатыр ғой, қалтасына да, қамбасына да. Солардан сұраңдар! Менен несін сұрайсыңдар!? Менің ешкімге зияным жоқ, «пенсиямды» алып, өзіммен-өзім өмір сүріп жатырмын. Отырған жерім - мынау. Балаларым - Алматыда. Бір ұл, бір қыз бар. Жалғыз ұл. Өзі, әлі бойдақ. Бір рет үйленді, дәм-тұзы жараспады-ау деймін, ажырасып кетті. Әзірге, ұрпақ жоқ. Міне, мәселе қайда! Ұрпақсыз болса, дүниенің барлығынан не пайда? Жиған-тергенің, жазғаның, сызғаның барлығы қалады, ертең тоз-тоз болып. Немере, шөбере жоқ. «Жалғыз» дейтін әңгімем бар. «Жалғыз ұлым» дейтін өлең де бар екен. Айтысты жүргізетін Жүрсіндікі-ау деймін. Мына сенің радиоңнан тыңдадым. Сол, менде де жалғыз. Елуден асып барады. Енді ол үйлене ме, жоқ па? Құдайдан ұрпақ қалуын тілеп отырмыз. Бір Алла біледі. Ұрпақсыз мына жазғаныңның барлығы - көктиын. Кітапты әркім жазады. Қазір пенсионерлер де кітап жазғыш болып кетті. Солай, айналайын, көңілде көп арман бар, Алатаудан да биік. Жиған-тергендер - мына кітаптар. Қора-қора малым, үйір-үйір жылқым, бозторғай жұмыртқалайтын отар-отар қойым жоқ. Жуалыда інім тұрады. Соның, әйтеуір шаруасы, мал-жаны, бала-шағасы бар, оған да шүкір. Соған барып, анда-санда атқа мінемін.
- Қазір жазып жүрсіз бе?
- Мына бір дәптерім бар, осыған жазамын, әйтеуір. Е-е-е! «Отанды сүю - Алладан келетін иман» дейді. «Екі көз тозақта күймейді» дейді. Көзім нашар көреді. Өз жазғанымды өзім танымай қаламын. Е-е-е, шырағым, сондай! «Тәңіртаудың қуысында, бір Алланың уысында жүріп жатырмыз» деппін. Алла уысын қыса ма, жоқ, бос ұстай ма, өзі біледі. Сондай-сондай дүние. Іздеген адам болса, осыдан табады.
- Шераға, әңгіме барысындағы үзілген желіске қайта келсек. Жоғарыда айтылған Андреевка, Евгеневка, т. тағылардың тарихи атауларына ие болуы - Тәуелсіздіктің жемісі ғой.
- Ең алдымен, сол - Тәуелсіздіктің жемісі. Бостандыққа шыққанымызға 20 жыл деп жүрміз ғой. Оның алдында, мұндаға дейін, қаз қалпында тізіліп тұрған. Қазір Андреевка - Шанышқылы, біздің ауыл совет кезінде «Талапты» еді, әлі де солай. «Қызылкүншығыс» дейтін аттар болған.
- Болашақта өзіңіздің есіміңізбен елдің, жердің, қала атының қалуын қалайсыз ба?
- Айналайын, ол менің шаруам емес. Кейінгілер өздері біледі. Қалай ма, қаламай ма, мен шеше алмаймын. Айту қиын.
- Ол туралы ойланбайсыз ба?
- Жоқ! Ол - халықтың шешетін ісі. Еңбек болды ма, жоқ па? Бұл да - менен кейінгілердің шаруасы.
- Тәуелсіз елді, бүгінгі ұрпақты қалай бағалайсыз? Беталыс қандай?
- Құдайға шүкір, жаман емес. Патшамыздың айтқаны алғыс, басқаруы жақсы. Оны жақсы көретіндер бар, түрлі-түрлі ғой адам баласы. Мысалы, менің бір кездері айтқаным бар: «Президент - біреу, қалғаны - тіреу!» деп. Кейде ойлаймын: «артық айттым ба, қалай екен?» деп. Түзу сияқты. Халық: «Дұрыс!» дейді. Әр-әр жерге жазып жүр. Осы кісі бізді басқарып келе жатыр, жамандық, қорлық көрген жоқпыз. Ниеті - түзу, сөзі - иманды. Соған қарап: «Аман болса екен» деп, тілеуін тілейміз.
- 20 жылды ғасырға бергісіз уақыт деп жүрміз ғой. Сіз не дер едіңіз?
- Мен баяғыда естуші едім: «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болады» деп. Мен сол кезді аңсаймын: «Болса екен!» деп. Бозторғай қойдың үстіне жұмыртқалағаны - жердің малдан босамай, бітіп қалғаны ғой, соншалықты байлық, соншалықты құдірет. Сол заман келсе, жақсы болар еді.
- Бүгінгі беталыс, бағыт сол заманға әкеледі деген сенім бар ма?
- Сенімнің болғаны жақсы ғой. Біраз кедергілер бар, соларды сыпырып-сыйырып тастаса, деймін. Қазір бір сөз тіркесі бар: «Алтайдан Атырауға дейін» дейді. Ол - қате! Атырау - облыстың аты. Ал, бізге ракета атып жататын Азғыр - Атыраудың арғы жағында, Ресей жерінде. Сол Азғырдан Приозерныйға дейін атқылайды. Приозерныйдан Азғырға қарай атады. Сол екі ортада талай ракеталар жерге құлайды. Ол құлаған жерде шөп өспейді. Бұрын мыңғырған ақбөкендер жүретін. Көзіммен көргенмін. Баяғыда, Қостанай облысы бойынша тілші болдым. Сонда машинамен жүріп келе жатқанда, мың-мыңменен өріп жүреді, киік-ақбөкендер. Жарысып келіп, сөз жоқ, қалай да, жаңағы машинаның алдын кесіп өтуі керек, серті өзінің. Кейде өтіп кететіндері де болады. Болмаса, жарысып, жүре береді, құлағанша. Сол мың-мыңдаған киіктерден, қазір там-тұмы ғана қалды. Ауып кетті! Құрып кетті! Басқа жаққа кетті! Білмеймін, қай жаққа кеткенін. Өйткені жаңағы ракета түскен жер - улы.
- Бүгінгі күні жаһандану деген шықты ғой. Бұған не дейсіз?
- Ол қазір іске асып, жаһанданып жатыр. Жаһандану - аралас-құралас болу. Амал жоқ, қайда барасың. «Біздің ішімізде 130 ұлттың өкілі бар. Тату болайық! Қазақ тілін біліңдер! Қазақ тілін үйреніңдер» деп жатыр, Президентіміз. Онысы - имандылық. Үндеуі, Жолдауы, сөзі де бар.
- Болашақтан не күтесіз?
- Біздің дәуір өткеннен кейін, болашақ, келешек ұрпақ - біздің балаларымыз, балаларымыздың балалары, шөберелеріміз, солар жақсы дәуірде өмір сүретін болуы керек. Соған сенгім келеді.
- Елге тілегіңіз...
- Ел аман, жұрт тыныш болсын! Алланың ақ нұры жауса - ел де, жер де, тау да, тас та, бәрі аман болады. Сол - менің тілегім!
- Рақмет! Өзіңіз де аман болыңыз!