Сырым Дат. Жаңаөзен - елдің келесі даму сатысына өтудің өлара кезеңі
Осыдан 25 жыл бұрын болған Желтоқсан оқиғасы мен кешегі Жаңаөзен-2 оқиғасының арасына теңдік қоя алмаймыз. Алғашқысы ұлттық намыстың шегіне жете ширығуынан туған жалпықазақтық саяси ереуіл болса, соңғысы әлеуметтік-экономикалық себептің сылтауынан билік пен халық арасының алшақтай түсуінен туындаған ереуіл. Екеуі де көтеріліс емес. Ереуіл. Екеуі де билік пен арадағы алшақтығынан орын алған жайт. Екеуінде де көтеріліске тән басшылық пен ұйымдастыру алқасы болған жоқ, көтерілумен шешу мақсаты алға қойылған емес, стихиялы, халықтық. Қалыптасқан алғышарт отынға айналды.
Бірақ, соңғысының дәмі барынша ащы! Барынша уытты! Өйткені, оқиға орын алған күн - Тәуелсіздіктің күні! Өйткені, оқиға орын алған жыл - Тәуелсіздіктің мерейлі жылы! Өйткені, оқиға орын алған дәуір - егемен ел болған кезең!
Алайда, соңғы оқиғаның барысы да, қалыптасуы да күрделі, қынжылысты, қанжыласты. Ел азаматтарын елдің билігіне қыр көрсету мақсатын бетке ұстауға мәжбүр болған оқиға. Желтоқсан - 86 жалпыұлттық саяси мүдденің ширыққан тарихи сәтіне тура келсе, Желтоқсан - 11 жалпыұлттық әлеуметтік мүдденің барынша ушыққан кезеңінде тап болған оқиға.

Бұған байланысты ешкім де жауаптан жалтара алмас. Бүгін жалтарғанмен, не Тарих алдында, не Ел алдында жауап беруге бәрібір тура келеді. Сондықтан ашылған абыройды жабуға екі жақ қана емес, үшінші тарап - Ұлт та кірісуі тиіс. Себебі, орын алған Жаңаөзен-2011 оқиғасы жергілікті мекенге тән жайт емес, әбден қордаланған елдегі әлеуметтік-құқықтық ахуалдың сынған айнасы болып отыр. Және биылғы орын алған алуан сипатты болып көрінетін бұзақылықтар мен қылмыстардың елдік ауқымда көрініс беруі мемлекеттегі саяси абыройға селкем түсіру көрінісі ғана емес, саяси биліктің халықтың қажетін өтеуде жіберген осалдығының көрінісі. Билікке дер кезінде осалдықты көзіне бейбіт жолмен көрсете алмай іштен тынған халықтың да кінәсі.
Әрине, оқиғаның себебін терең бойламай, өзімізді өзіміз алдап шала қымтап отыруға болар, бірақ оған қалыптасқан тарихи жағдай етек жыйғызбайтынын ұғатын уақыт келді. Енді мемлекет Қазақ қоғамы алдындағы берешегін өтемей, елдің берекесі бола қояр ма екен?! Себебі, соңғы жылдары болып жатқан жағымсыз оқиғалар тек қана елдегі қазақ қоғамына тән немесе қатысты екенін сараптайтын уақыт туды емес пе?!
Қоғамдағы саяси ойыншылар саналып, соларға есеп беріліп келген орыстілді қоғам сахнадан бірте-бірте сытылып бара жатқанын байқасақ та, байқамағансу бізді осы жайттарға әкеліп тіреді. Қысқасы, елдегі барлық соңғы дүрбелең мемлекетті құрап отырған басты ресурс - қазақ халқының өзіне тиісті талап пен сыбағаға қанағаттанбай отыру себебінен туындап отырғанын қымтай алмаймыз.
Егер де, Тәуелсіздік алу жылдары қарсаңында ұлттық қажеттілік егемен болуға ұмтылған бастамаларға жұмсалып өтелсе, содан бергі мемлекет түзу кезеңдерінде билікке барша мүмкіндігі мен еркін беріп келген ҰЛТ жыл сайын еселеніп молайған қауқары мен әлеуетін жұмсайтын саяси-экономикалық кеңістен ығыстырыла бастады. Қазақ халқы өзінің бұған дейінгі рухани-материалдық құндылығы мен ресурсын мемлекетке қожайын халық ретінде сезінуге деген сенімнен күдігі молая бастады. Бар кірбің мен рухани дағдарыс осыдан басталды.
Бұған қоса, ұлттың иек артар жаңа элитасы бой көрсете алмай отыр, ескісі жылдар өткен сайын сахнадан жылыстауда. Барған сайын -саяси-интеллектуалдық қуат молайып, оны жұмсар кеңістік белгілі бір топпен шектелуде. Елдегі ірілі-уақты даулар біржақты қаралып, біржақты шешілетін ғана жүйе қалыптасты. Жергілікті мәселені шешетін саяси-қоғамдық институттар жоқ. Қазақтың тарихи ақсақалдық институты келмеске кеткендей сыңайы бар. Қариялардың жас ұрпақ алдындағы қауқарын былай қойғанда, қоғамда да орны қалмады, ауыл әкіміне де сөзі өтпейді. Жергілікті өзін өзі меңгеру құрылымы тағы жоқ.
Бүгінгі қазақ қоғамы жұртшылықтың белгілі бір деңгейдегі қажетін өтейтіндей саңылау қажетсінуде. Елдегі түрлі деңгейде лидерлік қабілеттің орны болатындай құрылымдар керек. Әйтпесе, жас ұрпаққа да, жалпы жұртқа да «ауылдағының ауызы сасып», өгейдің, өзгенің ақылы мен кеңесі,тіпті идеологиясы қабылданатын күйге тақап отырмыз. Сол ахуал антимемлекеттік ахуал туғызып отыр. Номенклатуралық жасанды элита қоғаның әжетіне жарай алмай отыр.
Желтоқсан-86 оқиғасын сүргінге айналдырған қызыл империя халқымызды рухани басып-жаншуды қолға алғанда, соған тойтарыс әрі жауап берген, ұлттың еңсесін көтерген тағы бір оқиға 1989 жылғы шілдедегі Жаңаөзен-1 болғанын жасыра алмаймыз. Сол жерден 23 жылдан соң осы оқиғаның орын алуы бір тараптың ғана жауапкерлігі болар деуге тағы болмайды. Мәселені жамап-жасқау ешқашан да абырой бермейді!
Тарихи кінә - жекеменшік емес, бөлісу керек! Мұндай ауқымдағы дау мен кикілжің - біреудің айтағымен не бір сәтте орын алар оқиға емес, жиналған запыранның лықсуы! Бұған билік тарапынан шынайы үңілу басталды: сенат төрағасы оқиғаның себебіне мұнайшылар талабының орындалмай келуін атады. Бірақ бұл алынатын шешімге ең болмаса рухани негіз болғаны абзал.
Жаңаөзен -11 оқиғасы - елдің қайғысы емес, Желтоқсан-86 секілді ел дамуының келесі сатысына көтерілердегі әлдебір әлеуетті тарихи шешім туғызар өлара кезең, өлара көрініс. Бұл үшін Халыққа ерегісіп, одан кек алу әрекеті саяси шешімге негіз болмауы қажет. Саясатқа сезім емес, егемен елге тән салқын ақыл араласса деген тілек бар. Орын алған оқиғаны сараптау - бүгіннің ісі емес, бірақ одан ары ушықтырмау үшін шешім қабылдау бүгіннен басталғанмен, оның ертеңгі ұлғаймауын болдыратын бірден бір алғышарты болуы керек.
Ұланғайыр еліміздің қай түкпірі болса да алашқа қымбат, орын алған оқиға қайсымыздың да қабырғамызды қайыстырады. Бірақ алашты алаштан аластайтындай, өгейситіндей, бұралқы көретіндей үдерісті ыдырататын жүйе мен жағдай қажет.Әйтпесе, тағы бір «Саяси бюроның» шешіміне иек артатын ахуал туындауы бек мүмкін.
Болған жайтқа қатысты маңыздысы - пікір де, идеология да емес, адал да әділ шешім. Және ол билік пен халық арасын одан сайын жымдастыра түсетін акт болуы керек. Жалған шешім араға сына түсіріп, өзгенің араласуын қамти бермек. Халық пен билік арасына желім болатын кез келген шешім мен күш қана мемлекет іргесін бекітетініне бәріміз болып бас қатыруымыз керек. Бұл істе бір тарапты жақтау емес, бастысы - ел екенімізді көрсететін көрегендік! Соған кім болса да бұқпай қатысқаны абзал.
«Абай-ақпарат»