Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3953 0 пікір 30 Желтоқсан, 2011 сағат 07:07

Дәурен Қуат. Жаңа жыл – жаңа өзен

Өзге сөзді қоя тұрып, әңгімемізді өзеннен бастайық. Өзен - көне түркі ұғымында «өмір», «мәңгілік өмір», «жер бетіндегі тіршілік пен жер асты әлемін байланыстырушы өзек» деген мағыналарға саяды. Бергі қазақтың «Ертөстік» ертегісінде бас қаһарман  Жылан бапы еліне барады. Жылан бапы еліндегі ғажайыптарды көреді. Ертөстіктің жанқимас серігі Шалқұйрық  Жылан бапының көлге батқан қазынасын алып береді. «Керқұла атты Кендебай» ертегісінде өзен қақ айрылып, батырға жол ашады. Әфсаналарымызда су перісі мен өзен ұйығына шақыратын Үбе қарт туралы айтылады. Сүмбіле мен суын айғырлар туралы хикаяттар қаншама?.. Иә, өзен, су, дария, бұлақ- қазақпен қадым замандардан бері қатар өмір сүріп келе жатқан табиғат құбылыстарының бірі. Тіршілік бастауы да - су. Су және от. Діни кітаптар да «уыз дүние су бетінде қалықтаған бозғылт тұманға ұқсас еді» деп куәлік береді. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деп жатамыз. Түркі баласы өзенді текке лайламайды. «Тұнығымды лайлама» деп ескертеді. Бұлақ көрсе, көзін ашып, өзенге кір жумайды. Тәңірдің назасына қаламыз. Қысқасы қазақ үшін өзен мен өмір - бір аңғардан өріп шығып, бір арнаға құятын жаратылыс мәнінің бірлігі, бұны аз десеңіз, мәңгіліктің өзі.

Өзге сөзді қоя тұрып, әңгімемізді өзеннен бастайық. Өзен - көне түркі ұғымында «өмір», «мәңгілік өмір», «жер бетіндегі тіршілік пен жер асты әлемін байланыстырушы өзек» деген мағыналарға саяды. Бергі қазақтың «Ертөстік» ертегісінде бас қаһарман  Жылан бапы еліне барады. Жылан бапы еліндегі ғажайыптарды көреді. Ертөстіктің жанқимас серігі Шалқұйрық  Жылан бапының көлге батқан қазынасын алып береді. «Керқұла атты Кендебай» ертегісінде өзен қақ айрылып, батырға жол ашады. Әфсаналарымызда су перісі мен өзен ұйығына шақыратын Үбе қарт туралы айтылады. Сүмбіле мен суын айғырлар туралы хикаяттар қаншама?.. Иә, өзен, су, дария, бұлақ- қазақпен қадым замандардан бері қатар өмір сүріп келе жатқан табиғат құбылыстарының бірі. Тіршілік бастауы да - су. Су және от. Діни кітаптар да «уыз дүние су бетінде қалықтаған бозғылт тұманға ұқсас еді» деп куәлік береді. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деп жатамыз. Түркі баласы өзенді текке лайламайды. «Тұнығымды лайлама» деп ескертеді. Бұлақ көрсе, көзін ашып, өзенге кір жумайды. Тәңірдің назасына қаламыз. Қысқасы қазақ үшін өзен мен өмір - бір аңғардан өріп шығып, бір арнаға құятын жаратылыс мәнінің бірлігі, бұны аз десеңіз, мәңгіліктің өзі.

Ал, енді  «өзен» деп өзеуреуіміздің басты себебіне келейік. Әңгіме,  әрине, Жаңаөзен сілкінісінен шығып отыр. Жаңаөзен 20 жыл «ертегіге» елітіп, естанды ұйқыға кете жаздаған елді сілкінтіп оятты. «Оян, қазақтың!» осы күнгі рухына айналды. Ұлт зиялылары 20 жыл бойы зар илеп, запыранын төгіп «тірілте» алмаған қазақтың тірі екенін әйгіледі. Тірі екендігін, бар екендігін бір ғана бұлқынып бұрқ еткен ашуымен танытқан  Жаңаөзенде халыққа қарсы оқ атылды. Осы бір үрей туғызатын көрініс біздегі құқық қорғау органдарының ел ішіндегі қандай да бір толқу мен ереуілді суық қарудың күшін пайдаланып басудан басқаны білмейтінін  әшкере қылды. Билік әлеуметтік ахуалдың шиеленісін дер кезінде шешпесе, құқық қорғау саласы қолына қару алады. Бұл - стагнация. Бұл - мәселемен бетпе -бет келгенде жігер таныта алмайтын, іскерліктен жұрдай үкіметтің дәрменсіздігі. Әрине, әлемді өзіне жалт қаратқан Жаңаөзендегі  жайттың алдын алуға болатын еді. Ол үшін Мәсімов үкіметі (тәйірі, осы бір мән-мағанасы жоқ үкімет туралы да айта береміз-ау)  мәселенің орайын оңынан табуы керек еді. Алайда, ала жаздай атқарушы билік дым бітірместен, "талапшыл топты жұмыстан босатып жіберсек, талқаны таусылады,  қалғаны тынышталады" деген компания басшыларының сөзіне сеніп отыра берді. Елді есепке алған ешкім болмады. Совет өкіметінің тұсында қалыптасқан жалпы халық туралы түсініктен ( "тобыр", "қайда айдасаң, сонда жүре беретін мал", т.б.) өкінішке қарай, біздің бүгінгі билік әлі  арыла алмапты. Дегенмен, Жаңаөзен ереуілі бәрімізге сабақ болды. Ресми Астана алдымен абдырап, содан соң ашуға мініп, артынан ойланып қалды. Бірінші кезекте ес жиған тағы да қалың қазақтың өзі болды. Мысалы, Аbai.kz ақпараттық порталының пікір алаңына хат жазған жастар, зиялы қауым жаңаөзендіктерді сабырға шақырып, келелі сөздер айта білді. Бұндай халықтан айналса, болмайды ма?! Енді ел азаматтары нақты іске кірісіп, шындықтың бетіне тура қарай алса, кеш емес: бәрі орнына келеді. Бұндай оқиғалардан түңілмеу керек. Бұны заманның жаңа қыры, тіпті керек болса, жаңаша қимылдауға себеп тудырған серпінді қадам деп қабылдасақ қателеспейміз.  1989 жылғы Тянминь алаңындағы жастардың қарсылығын қарудың күшімен басқан өкіметтің үлкен жиынын жасап, ақылды Дэн Сяопин: «Тянминь алаңына жиналған жастар қытай халқын қалың ұйқыдан оятты» деген екен. Жаңаөзен оқиғасын да біздің Елбасымыз осындай ерік-жігермен мойындауы керек. Алайда, еліміздің бас арналарынан бастап, тәуелді -тәуелсіз БАҚ-тың бәрінде Жаңаөзендегі оқиғаның әлеуметтік, ұлттық сипатын бұрмалау, жоққа шығару жұмысы үдеп барады. Бас арналар басты тапсырманы Басбақанның (түркіше - үкіметтің) ауылынан алып отырғаны анық. Арналардың бетін кейінгі апталарда өртке оранған авткөліктердің арбиған қаңқасы, өрттің жалыны жалаған сауда үйлерінің қара ала шұбар бейнесі басып кетті. Бұның астарындағы сөз: «міне, халықтың дүниесін халық тонап, халықтың мүлкін халық өртеп жатыр» дегенді ескертсе керек. Қосыламыз, халық өз мүлкін өзі шашып, қиратып, тонып, бүлдірмеуі керек. Ондай оспадар қиымылдан ел іші тозбаса, - озбайды. Бай-бағыланның қылшығы да қисаймайды. Олар баяғының бай заманында дүние- малын, тіпті, жейтін тамағына дейін сыртқа тасып үлгерген. Сондықтан, бүгінгі биліктегілер ертең Еуропада шалқып өмір сүріп жүрген Әлиев пен Әблязовтың қасына көшіп барып, қатар қонып жатса, оған еш таңданбаңыз.  Осы арада тонау мәселесіне тоқтала кеткен жөн сияқты. Тонау шаруашылығы Жаңаөзендегі «бірнеше маскүнем, нашақор, бүлікшілерден» басталған жоқ, бүгінгі биліктегілердің өзінен басталды. Тоқсаныншы жылдардың басында елді тұт жалаңаш қалдырып, барды тонап біткендерден басталды. Тонау шаруашылығын  дамыту тон кигендерден басталды. Қалың бұқара -  ел іші сондай  сұмдық тонауға көзапара көндікті. Кешірді. Төтеннен емес, төтелей ұрынған пәлеге төзіп бақты. Ақырында «тон кигендердің негізгі жұмысы тонау екен ғой, тонай берсінші» дейтін тосын ойға тосылды. Тонаушылардың ел билеуіне мүмкіндік берді. Қолынан қаққан жоқ. «Қара халықтың қамын ертең күйттей жатар, одан да маңызды мәселелермен алаңсыз шұғылдансыншы» деп қабақ бағып, сабырмен отырды. Бірақ, биліктің жасампаз идеялары мен  «мемлекет үшін маңызы зор» құнды құжаттарының бірде-бірін қабылдай алмады. Қабылдай алмауы- қазақтың ақыл есінің кемдігінен емес, әлгі идеялар мен құжаттарды бұлыңғырландырып, бұра тартқандардың бұралқы тірілігіне байланысты болса керек. Әлемдік тәртіп пен жаңарып жатқан адамзат қоғамының аясында қазақ екі рет қабылданып, үш рет түзеліп, күзелген бүгінгі Конституциядан гөрі 25 жасында Барлыбек Сырттанов жазған «Қазақ уставын» оқып өмір сүргенді хош көреді. Неге? Негеңіз бар ма, түсінікті. «Түсінікті» деген сөзге түсінік берудің қажеті шамалы шығар. Замануи саяси-экономикалық терминдермен түзілген декларация тіліндегі мемлекеттік бағдарламалар емес, ХХI ғасырдың қазағына  ХХ ғасырдың ортан беліне жетпей қиылған алашордашылардың идеялары мен айтқан ойлары, істеген істері әлдеқайда ұғынықты. «Ұғынықты» деген сөзді біреуге ұғыныдырудың  да қажеті шамалы шығар. Өйткені, қазақ өз елінде, өз жерінде көптің бірі, көженің сұйығы болып өмір сүруді қаламайды. Өз жерінде, өз елінде қарасы мол қазақ шын мағынасындағы еркіндікке жетіп, еңсесін тіктегенде ғана, өз бойындағы жасампаздық қабілетін ашып, 130 ұлтқа иелік етіп, бауырына басады. 130-дың қазақ жерінде өсіп-өркендеуіне кепілдік бере алады. Мемлекеттің алтын діңгегі- Алаш баласы алаңдап күй кешсе, қайдағы ұлтаралық татулық? Қайдағы ауызбірлік? Жасанды татулық пен жалған бірліктің бір күні «шөлмегі сынып», шөкесінен түсуі мүмкін. Жаңаөзендегі жағдайды жасырып баққан билік сол кезде үлкен шындықпен бетпе-бет келеді. Өйткені, Жаңаөзен мұнайшылардың әлеуметтік теңсіздікке ұшырағанымен бірге қазақ тілінің қорланып, қазақ баласының әлімжеттікті көп көретіндігін де көзге шұқығандай етті. Бұдан былайғы жолсыз билікке қазақтың қарсы тіл қататындығын да алаңға шығып аңғартты, мықты ескерту жасады.

Өзен тасиды, өзен аспанға ақ көбік атып бұлқынады. Кейде арнасында тып-тыныш аунап жата береді. Қазақта өзеннің мінезі бар. Ендеше, жаңа жыл жаңа өзен болып жалғассын!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5286