Сәрсенбі, 25 Қараша 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 127580. Жазылғандар — 113646. Қайтыс болғандар — 1945
46 - сөз 732 1 пікір 16 Қараша, 2020 сағат 12:51

Теңге - Тәуелсіздік белгісі

15 қараша- Ұлттық валютамыз -теңгеміздің туған күні! Тәуелсіздіктің ең басты белгілерінің бірі – Ұлттық теңге! Абылай мен Абайымыз, Шоқан мен Құрманғазы, Сүйінбайлар бейнеленген төл теңгемізді алақандарына аялай ұстап: «А, құдай, жеткіздің бе, ақыры бұл күнге де!»-деп, ақсақалдарын көз жастарымен сулаған абыз қарияларды көргенде қатты толқыған едік сол кезде… Өйткені, Қазақтың төл теңгесінің шығуы экономикалық тәуелсіздіктің басы ғана емес - саяси мәні зор, Азаттықтың айқын белгілерінің бірі болды.

Төл теңгеміз айналымға енердің алдында үш күн бұрын 12 қарашада Қазақстан Республикасының Президентінің: «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлығы шықты.

Қазақстан рубль аймағынан толық шығып, ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 15 қараша күні таңғы 8.00-де басталып, 20 қараша күні 20.00-де аяқталды. Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. Алайда, кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп, 1 теңге 500 рубль бағамында белгіленді. Жалпы, төл теңгемізді дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ал сол күннің ертеңінде 28 тамызда қазақ валютасының авторлары, суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. 1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-76 ұшақтары Ұлыбританияға 18 рет қатынады. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген еді.

Теңгенің өмірге келуі туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев : «Ил-76» төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар»-деп еске алады.

Теңге авторларының бірі, қоғам қайраткері Хайрулла Ғабжәлелов сол бір қиын да, тарихи кезең туралы "Қазақ үні" газетіндегі мақаласында: "Ұлттық валюта осындай қиын-қыстау кезде жасалып жатты.

Үкімет, тіпті, біздің жол қаражатымыздың өзін тез тауып бере алмай, ағылшындар астанасына өз қаржымызбен барып-қайтуға мәжбүр болдық.

Алғашқыда тобымыз төрт адамнан құралған-ды. Тимур Сүлейменов Жоғарғы Кеңес депутаты еді де, теңге жасау ісіне бел шешіп кірісуге мүмкіндігі болмады. Құрамнан шықты. Ұзамай, тағы бір суретшіміз де белгілі себептермен қатардан кетті. Сөйтіп, екі адам төл теңге шаруасымен Лондонға бес жыл қатынадық. Сонда арнайы мамандардан банкноттардың жасалу сыры, басылу үдерісі, қағаз, бояу мәні… жалпы, ақша жасаудың технологиясы мен ішкі құпиясын жан-жақты үйрендік",-деп еске алады.

Теңгенің тағы бір авторы Тимур Сүлейменов те бұл тарихи кезең жайлы Forbes.kz порталында: "Ақша өндiру технологиясымен танысу үшiн Лондондағы Harrison & Sons фабрикасына сапарлаттық. Сонда ақшаның бейнелi және толыққанды болуын қамтамасыз ететiн элементтер не үшiн қолданылатынын түсiндiм. Ақшадағы бейнелер валютаны қолдан жасамау үшiн қолданылатын қорғаныш жүйесi екенiне көз жеткiздiк. Бiзге портреттiк галерея – банкнотаның басты элементi екенiн, бүкiл құпия қорғаныштың мәнi сонда жатқанын түсiн­дiрдi. Сол мезетте алғашқы эскиз­дi жасап шықтым. Бiр­неше сағаттың iшiнде көлемi шағын ғана эскизде әл-Фара­бидi бейнелеп, бiрнеше түспен бедерледiм. Сөйтiп, астына алғашқы рет “теңге” сөзiн жаздым”-дейді.

Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттерімен қатар, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Алатау мен Көкшетау көріністері, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды.

Кейіннен неге екені белгісіз, теңгеміздегі тарихи тұлғалардың бейнелері алынып тасталды...

Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді.

Бүгінде теңгеміздің банкноты - Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета - Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.

Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.

2006 жылы 15 қарашада жаңа үлгідегі банкноттар айналысқа шықты.

Теңге алғаш айналымға түскен 1993 жылы 15 қарашада 1 АҚШ долларының ба­ғамы 4 теңге 70 тиын деп белгілен­ген-ді. Бұл оның сол кезде құнды болғанын көрсетеді. Бірақ бір жарым айдың ішінде-ақ 12 есе құнсызданып, 54 теңгеден асты. Алғашқы ең үлкен құнсыздану премьер-министр Нұрлан Балғымбаев пен Ұлттық банк басшысы Қадыржан Дамитовтың кезінде болды. Теңге еркін айырбас бағамына жіберіліп, 1 долларға шаққанда 138,25 теңге болды. Бұдан кейін де құнсыздану жалғасып келеді. Қазір, бүгін 1 доллар 432 теңгеге тең болып тұр.

Басқа елдермен салыстырмалы түрде айтқанда теңгеміздің құнын қайдам, ал көркемдігі бойынша дүние жүзінде алда келеді. Бүкіл әлемнің банкнот коллекционерлерінің тәуелсіз бірлестігі Халықаралық банкнот қоғамдастығы жыл сайын интернет-дауыс беру арқылы жылдың ең үздік банкнотын анықтайды. Осы таңдау бойынша «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын 2012 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік ескерткіш банкнотына берген болатын. Келесі жылы да Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің «Қазақ Елі» сериясынан номиналы 5 000 теңгелік банкноты екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Ал Түркі жазба ескерткішіне арналған, номиналы 1 000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкнотына берілген үшінші «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағы тәуелсіз Қазақстан жылнамасындағы тарихи маңызды сәт болды.

Өйткені, осы кезге дейін бірде-бір елдің ұлттық валютасы үш рет марапат алып көрген емес екен.

Теңгеміз туралы айтқанда көкейімізде бір түйткілді айтпай кетуге болмайды… Біздің жалтақтығымыз сол, Ұлттық теңгеге де әшейінде өзіміз табынатын орыс халқын цифр танымайтын, сан білмейтін сауатсыздардай қорлап, Ресейдің орыс тілінде – шет тілінде жазғанымыз! Бір қызығы, сандаған академигі бар, ғалым-жазушы, қайраткерлері бар «сауатты» орыс халқынан бір де біреуі: «Бізді неге сан танымайтын сауатсыз санап, қорлайсыңдар?» деп наразылық танытқан жоқ. Қазақстанның Халықтар Ассамблеясы да: «Теңгеге орыс тілінде жазылса, онда кешегі кеңес одағындағыдай барлық ұлттардың тілінде жазылу керек бір-бірінен алаламай» демеді…

Бұл рухани-саяси кемістік алдағы уақытта түзеледі деп үміттенеміз. Өйткені, алда, бір айдан кейін - Қазақ Елі Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекелі жылына қадам басамыз!

"Теңге айналымға шыққан күннен бастап мемлекетіміз тәуелсіздігін алды. Төл валюта арқасында экономикамыз көтеріліп, шекарамызды белгілеп, ішкі, сыртқы саясатты сәтті жүргізе бастадық. Бүгінгі әлемге танылған Қазақстан – соның айғағы.

Алғашқы теңгені қолына ұстаған әрбір азаматтың көңілі толқып, көзіне жас алып, рухани серпіліп, «енді менің өз мемлекетім бар» дегендей болашаққа үлкен сеніммен қарағаны анық"-деп жазады теңге авторларының бірі Хайрулла Ғабжәлелов.

Бірақ Тәуелсіз Ел екенімізді білмейтіндер, осы төл теңгеміздің өзін көп көріп, орманға қарап ұлып жүретіндер әлі азаяр емес. 2015 жылы қызыл коммунистерден сайланған Мәжіліс депутаты, бүгінде коммунистер партиясының серкесі Айқын Ойратұлы Қоңыров Ресей Думасының депутаты Леонид Слуцкийдің «Ортақ валютаға көшу керек» дегеніне алақайлап қуанып, қос қолын көтеріп косыла кетті. “Экономикалық одақта болған соң, ортақ валютаның болуы да жаман емес»-деп, былқ етпей, былш еткізді. Тіпті, әріптестері, Мәжіліс депутаттары, «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашевтың: “Теңге -Тәуелсіздігіміздің басты белгісі! Теңгеден айрылу – Тәуелсіздікке қатер! ” деп, бір-ақ кескені де, сол кездегі Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаевтың: «Біздің билік бұл мәселені ешбір қарастырып отырған жоқ” – деп, ескертуі де, коммунист Қоңыровты ойландыра қойған жоқ.

Сонда Мәжілісте қанша жыл отырып, не айтарын білмегесін «Нанды 300 теңгеге көтерейік» деп, атын шығарған коммунист Қоңыровтың ойы неде? Бұл бүгінгідей дүрбелеңі күшейіп тұрған кезеңде кешегі Кеңес Одағын аңсаудан арылмағандардың отына май құю емес пе? Қанша жыл бойы Астанада отырып, Мәскеудің газетін басып шығарған коммунист депутаттың санасы әлі ресейлік басылымдардың ықпалынан шыға алмай жүр ме? Әне, жат елдің баспасөзінің жасап жатқан әсері…

Тәуелсіздіктің басты тіректерінің бірі – төл теңгемізді тәрк етуге шақырып отырған Мәжіліс депутатының қауіпті әрекетіне құзіретті орындарымыз ешнәрсе дей қоймады...

«Ортақ валюта керек» деп, егемен ел еркіне қарсы шығып, теріс ойын айқын білдіріп отырған Айқын Қоңыровты сөйлетіп отырған қандай күш?

Қазақ теңгесіне қарсы шыққан Айқын Қоңыров қазақтың бетіне қалай қарайды? Тәуелсіз Қазақстанның Парламентінде отырып, Ресей Думасы депутатынша ойлайтын Айқын Ойратұлының айқын теріс пиғылына жауап берілді ме!

Бізден басқа елде болса, бұндай Қоңыров сияқты ұлттық валютамызға - ұлттық мүддеге қарсы шыққан депутаттарды есекке теріс мінгізіп, айдап шығар еді…

Әрине, парламент тарихында Үкіметтің , биліктің ұсынған заңдарына бір де бір рет қарсы шығып көрмеген Коммунистік партиясы туралы жақында “Жалғыз оппозициялық партия біз ғанамыз" деп бүкіл елді күлдіріп, мақтаймын деп мазаққа қалған қызылдар көсемі Айқын жолдастың Қазақ теңгесіне қарсы шығуы заңдылық деуге болады...

Саяси-экономикалық Тәуелсіздіктің айқын белгісі Қазақ теңгесінен айрылу - Тәуелсіздігімізге зор қауіп төндіреді. ЕурОдақтың ортақ валютасын алға тартатындарға айтарымыз - Еуропадағы елдердің ешқайсысы Тәуелсіздік зарын Қазақ Елі секілді ғасырлап қатты тартқан емес!

Теңгеміздің құны да, сыры да түспесін!

Қазыбек Исаның жазбасы

Abai.kz

1 пікір