Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 5831 24 пікір 23 Қараша, 2020 сағат 11:47

Латынның әуресі

Диакритика мен опостроп деген сәтсіз жобалардың жалғасы ретінде акут жүйесі о баста қазақ әліпбиін пернетақтадағы бар таңбаға сыйдыру үшін алынған еді. Енді бір дыбысқа бір таңба принципін ұстанып, пернетақтадағы бар таңбамен шектелуден кеткен соң, акуттың қызметі жай төбе түрту боп қалды. Ал ондай қызметке кез келген ноқат таңбалар жарап тұр. Сондықтан орфотоптың мүшелерінің өзі (З. Базарбаева) өткен жылғы ресми жиында енді қарауға, талқылауға жатпайды деп, акут жобасын күресінге тастады. Оған бәріміз қол шапалақтадық. Орфотоптың мүшелері түзу жолға түсейін деген екен деп қуандық. Мынау сол күресінге кеткен Акут нұсқа:

Орфотоп осы жобаға о бастан белсене кірісіп біраз уақыт жетектеп жүрді. Қанша жұртты жинап 5 деген бағаға диктанттар жазғызды. Бұдан асқан жоба болуы мүмкін емес деген сауалнамалар алды. Көшедегі маңдайшалар акут жазулармен ілінді. Емле ережелерін жазып «Егеменге» де жариялады. Қанша ресурс босқа далаға шашылды. Енді оны тастай салып жаңа жоба жасауға кірісіп кетті. Ал латын бойынша осыдан үш жыл бұрынғы жұмысымыз сол

басталған жерінде қозғалыссыз әлі тұр.Бұған кім кінәлі десек, орфотоптың басындағы көсемдер (Н. Уәли, А.Фазылжан, Қ. Күдеринова) кінәлі дер едім мен. Мұны мен айтпасам, ертең тарих айтады ғой бәрібір. Олай емес дейтіндер болса, шықсын ел алдына, талқылайық.

Президент Қ.Тоқаев: «Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіру керек. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр» деген еді, орфотоп қайта килігіп, мынадай жетілдірілген деген жобаны ұсынып отыр. Бұл жолы елге жарияламай жоғары жаққа тығып апарды. Бұлардың аузы күймейді екен... Алдындағы үш жобаны (диакритика, опостроп, акут) бекітілгеннен кейін де ел қабылдамай тастаған жоқ па? Бүгін ешкімге көрсетпей, ғалымдармен кең отырып кеңеспей, шенеуніктерді алдап бәрі «өкей» деп бекіттірдік-ақ дейік, ертең алдындағы негізі жоқ жобалар сияқты қайта күресінге кетеді ғой. Баянсыз, негізсіз нәрсенің орны сол жер екендігін неге түсінбейді бұлар. Қайран қалам!

Бұл кешегі акут жобасымен ЕГІЗ. Тек біреуінде бір ноқат (акут), екіншісінде екі ноқат (умлаут). Көзшалымға ауыр болмас үшін, яғни тез ажырату үшін және қол үзбей жылдам жазу үшін бірдей таңбаларды ноқат қойып ажырату қолайсыз.

Егіз қызды (АА) бірдей киіндіріп қойсаң, оларды бірінің А бірінің Ә екенін тек төбесіндегі шәпкісі арқылы ғана ажырата аламыз. (Қ. Ванов)

Пернетақтадағы 26 таңбаға сыймаған соң, жат элемент кіргізіп, төбесін түрт, астын сыз, әріптің бойына өзгеріс енгіз, бәрібір жасанды таңба болып есептеледі. Олар үшін бәрібір қосымша бағдарлама жасалады. Жетілдірілген жобаның басты кемшілігі, біріншіден, онда бұрынғыдай 31 таңба бар. Бұл дұрыс емес. Бұрынғы кириллде 42 таңба. Ақырындап-ақырындап, бірте-бірте жобадан жобаға қарай азайып 11 жат таңба өз үйіріне кетті. Үшеуі қалып қойды (Ф, В, Х (Һ)). Қазақ тілінің жүйесі үшін бұлар вирус, бөтен. Тіл жүйесі, тілдің ішкі заңдары бұларды керек қылып отырған жоқ. Бізде жиырма сегіз-ақ дыбыс бар. Оны кезінде А. Байтұрсынұлы анықтап кеткен. Біз төл әліпбиді сол төл дыбыстарға негіздеп түзуіміз керек. Ал қимай жүрген тыңбаларыңыз болса, ол пернетақтада тұр. Оны ешкім алып тастай алмайды, пайдалана беріңіз. Ал тілдің жүйесіне жат элемент кіргізіп, оны қолдан бұзуға енді ешкімге жол беруге болмайды.

Біз осы латын қарпіне не үшін өтіп жатырмыз? Қазақ тілін әлемдік деңгейге шығарамыз, түркілермен жақындасамыз,технологияны лезде игереміз, ағылшын тілін тез үйренеміз десек, бәрі бос сөз. Ең басты мақсатымыз – Ақымет Байтұрсынұлын өткен ғасырдың отызыншы жылы қамағаннан кейін өзінің ұлттық дамуынан адасып, саясат сілтеген жалған жолға түсіп кеткен тіл ғылымын ұлттық арнасына қайта бұру. Одан басқасының бәрі жәй гәп.

ҚР Президенті қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі бойынша 2020 жылы 9 қарашада кеңес өткізді. Бұл жолы да Қ. Тоқаев «Асығыстық бүкіл мәдениетімізге және тарихи болмысымызға зиян келтіруі мүмкін. Мәселе – кириллицадан латын әліпбиіне аударуда емес, бұл қазақ тілінің ауқымды реформасы» - депті. Бұрын да аса данышпандықтан тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіру керек деген еді. Бұл жолы да әліпби жобасы ғалымдармен бірге толық зерделенуі керек депті. Неге тыңдамайсыздар! Бір ғана топ ғылыми қауымның пікірін елемей, «методом проб и ошибок» елдің миын қашанғы ашыта бермек?

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354