«Ақ жол» газеті ұлттық идеяның ұйытқысы еді
Осыдан жүз жыл бұрын 7 желтоқсан 1920 жылы Ташкент қаласында «Ақ жол» газетінің алғашқы саны жарық көрді. «Қазақ» газетінің дәстүрін жалғастырған «Ақ жол» газеті жаңа жағдайда ұлттық саяси ойды сапалық жаңа деңгейге көтере алды. «Қазақ» газетінде көтерілген идеялар «Ақ жолдың» қызметінде большевиктік билік орныққан кеңестік қоғамның нақты өмір шындығымен бетпе-бет келіп, іс жүзінде сыннан өтіп жатты.
Осы кезге дейін «Қазақстан», «Қазақ» газеттерінің, «Шолпан» журналының материалдары жеке жинақ болып басылып шықты. Ендігі кезекте «Ақ жол» газеті өзінің ізашары сияқты ғылыми танымға ұсынылып отыр. Мұндай кенжеліктің сыры, әсте де газеттің еліміздің мәдени тарихындағы рөлінің, атқарған қызметінің төмендігінен емес. Кейбір зерттеушілердің зерттеу тақырыбына сай басылым беттерінен нақты деректер тауып, оған деректік талдау жасаған ғылыми ізденістері бар. Бірақ, ол әрекеттер осындай ауқымды мұраны игеру үшін тым жеткіліксіз болып келген еді. Биылғы жылы «Ақ жол» газетінің материалдары қазақтың біртуар, өзет қызы, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Ханбибі Есенғарақызының құрастыруымен транскрипцияланып, «Алашорда» қоғамдық қорының тарапынан үш мың дана таралыммен жиырма бес том болып жарық көруі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған аса маңызды еңбекке айналды.
«Ақ жол» «Қазақ» газетінің бағытындағы демократиялық мазмұнда жарық көрген санаулы ұлттық басылымдардың бірі. Газет Түркістан өлкесіндегі өоғамдық-саяси процестерді жіті қадағалап, іске асырылып жатқан реформалық өзгерістерді халыққа кеңінен насихаттап отырды. Сонымен бірге, газетте көтерілген ұлттық идеялар биліктің назарына ұсынылды. Газетке автор болып қатысқан ұлттық саяси және шығармашылық элита өкілдерінің жазбалары қоғамдық пікір қалыптастырып, бұқара халықтың қолдауына ие болды.
Түркістандағы ұлттық элитаның бастамашылығымен 1920-25 жж. ТКП ОК және Түркаткомның баспасөз органы ретінде жарық көрген «Ақ жол» газетіне С.Қожанов, С.Оспанов, Н.Төреқұлов, С.Асфендияров, М.Дулатов, И.Тоқтыбаев, Қ.Күлетов, М.Қайыпназарұлы, С.Сәдуақасов, Ж.Арыстанов, Ө.Тұрманжанов сияқты азаматтар бірі басшы, бірі қосшы болып, басшылық жасады. Бұл аталған азаматтардың бәрі дерлік алаштық идеяның туын көтерген ұлттық элитаның көрнекті өкілдері болатын. Олар өздерінің үлттық тұтастықты ұлықтаған саяси көзқарастары, дәстүрлі мәдени-рухани құндылықтардан бастау алған қазіргі заманғы ілгерішіл дүниетанымы бойынша кеңестік билік жасақтаған партиялық-мемлекеттік номенклатураның өлшеміне сыймайтын еді. Олардың қазақы рухты бойына сіңіріп, жаңа қоғамда ұлттық құндылықтарды таптық кұндылықтардан жоғарғы қойған бағытбағдары газеттің саяси-идеялық мазмұнын айқындады. Ал, Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлов, Ғазымбек Бірімжанов, Халел Досмұхамедов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, Мұхтар Әуезов, Қалжан және Әуелбек Қоңыратбаевтар, Бейсенбай Кенжебаев, Телжан Шонанұлы, Әлжан Байғұрин, Абдолла Байтасов, Қажым Басымов, Шамғали Сарыбаев, Біләл Сүлеев, Есім Байғасқин, Сәдуақас Баймаханов, Мәшһүр Жүсіптің баласы Әмин Жүсіпов, Жүсіпбек Арыстанов сияқты көптеген ұлтжанды қаламгерлердің тұрақты автор болып қатысуы да газеттің ұлттық өзегін нығайта түскен еді. Газет шын мәнінде Түркістандағы алаштық үлгідегі ұлттық элитаны топтастырушы идеялық орталыққа айналды. Осы газет арқылы көрнекті қайраткерлердің көтерген ұлттық идеялары Түркістандағы қалың қазақ бұқарасына жол тартып, қолдау тауып жатты.
Түркістанда «Ақ жол» газетінің халыққа кеңінен танымал болуы оның «Қазақ» газетінің үлттық бағыттағы идеялық дәстүрін жалғастыруына байланысты деп білеміз. М. Әуезов 1923 жылы 4 ақпанда «Ақ жол» газетінде «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім үйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын» (Әуезов, 1923) деп берген бағасын осы ізгі дәстүрлерді кеңестік билік жағдайында жалғастырған «Ақ жол» газетіне де қатысты айтуға болар еді. Төрт жылдан астам шығып түрған газет таралымының жоғары болуы оның тілінің жатықтығымен ғана емес, газет бетінде көтерген мәселелерінің үлттық мүддені ұлықтаған өткірлігінен, халықтың көңіліндегіні айтуынан еді.
Кеңес қоғамындағы партиялық әдебиетте мемлекеттік биліктің жоғары эшелонындағы үлттық басқару элитасының қызметіне сыңаржақ бағалар берілген. Әйтсе де, ол бағалардың арасында ақиқатқа сәуле түсірстін түжырымдар да кездеседі. Партиялық билік «Ходжановтар негізінен «Ақ жол» газетінің төңірегіне топтасып, онда өздерінің ұлтшыл-уклонистік көзқарастарын жарнамалады» деп топшылдыққа ұлтшылдық идеялардың негіз болғанына назар аударады. «Ақ жол» газетіне қатысты Сталиннің белгілі хатының ықпалымен жасалған бұл партиялық тұжырым ұлттық элитаның қызметіне берілген саяси бағаның өзегіне айналды. Осылайша «Ақ жол» газетіне кеңестік қоғам тарихшылары біржақты баға беріп, биліктің идеологиясы ұзақ жылдар бойы жабық тақырыпқа айналдырды.
«Ақ жол» газетінің ұлтшылдық бағытын айыптап, өзінің саяси күресінің дәлелі ретінде пайдалануға Әліби Жангелдин жол салып берді. Ол 1921 ж. В.И.Ленинге жазған хатында кеңестік Түркістанның басшылары Т.Төреқұлов пен С.Қожановтың большевиктік емес басылымдардың қызметіне араласуы олардың революцияға қарсы әрекеттерінің дәлелі ретінде көрсетеді.
Осылайша Алаш қозғалысының кеңестік тарихнамасында «Ақ жол» газеті кеңестік билікке тартылған ұлт зиялыларын алаштық қайраткерлермен байланыстыра отырып, ұлтшылдыққа айыптаудың басты дәлелдерінің біріне айналды. И.Сталиннің «Ақ жол» газеті туралы» хаты алашордашылардың қызметіне баға беруде тоталитарлық биліктің саяси ұстанымдарын орнықтырды. Хатта негізделген ұстанымдар Алаш қозғалысы тарихнамасының теориялық-әдіснамалық негізін салып берді.
Осыған байланысты 1937-1938 жж. үлкен террорға дейінгі кезеңдегі Алаш қозғалысы тарихнамасында ұлт зиялылары М.Атаниязов, Ә.Байділдин, О.Исаев, І.Қабылов, Ғ.Тоғжаиов, Ш.Тоқжігітов, Ә.Жанкелдин, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Х.Габилуллин, А.Кенжин және т.б. еңбектері меп мерзімдік басылымдарда жарияланған мақалаларының бәрі бірдей сталиндік тәртіптің саяси қысымынан яки арнайы тапсырыспен жазылды деп үзілді-кесілді тұжырым жасау асығыстық болар еді. Аталған авторлардың көпшілігі қазақ қоғамының болашағын коммунистік мұраттармен байланыстырған, таптық-партиялық сенімдегі зиялылардың өкілдері еді. Олардың арасында таптық көзқараспен жазылған, теориялық дайындығы жоғары еңбектермен бірге, осы күресті желеу етіп мансапқүмарлық мақсатпен немесе жеке азаматтық қатынастары бойынша есе қайтаруды көздеген еңбектер де бар екендігі белгілі. Демек, тарихнамалық, деректанулық талдауды қажет ететін бұл деректер Алаш қозғалысының шынайы болмысын қалпына келтіруге септігі тиеді. Ал И.Голощекин бастаған А.К.Богачев, С.Брайнин, О.Исаев, И.Тимофеев, С.Мещеряков, Ғ.Тоғжанов және т.б. партиялық номенклатура өкілдерінің мақалалары мен еңбектері тарихи танымда И.Сталин хатынан кейінгі Алаш қозғалысы туралы ұстанымды орнықтыруға және онан әрі насихаттауға қызмет етті. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Сталиннің хаты «Үлкен террор» кезінде қазақ зиялыларын ұлтшылдыққа айыптаудың басты құжатына айналғандай еді.
«Ақ жолдың» қазақ қоғамындағы атқарған қызметі мен алар орнына алғашқылардың бірі болып назар аударған академик С.Қасқабасов былай дейді: «тарихымыздың осынау қаралы беттерінде И. Сталиннің «Ақ жол» газеті туралы хатының ел ішінде зобалаң туғызған сүреңсіз рөлі әлі де нақты ғылыми баға беру тарихшыларымыздың үлесі». Ғалымның ұсынысын қуаттай отырып, мәселеге барынша айқындық беру үшін И.Сталин хатының салдарын емес, ең алдымен оның жазылу себебін анықтаудың ғылыми маңыздылығын айта кеткеніміз орынды болар.
«Қазақ» газеті 1918 жылдың 16 қыркүйегінде ең соңғы 265 санынан соң өз шығуын тоқтатты. Оның көп себептерінің ең бастысы кеңестік биліктің қысымы болғандығы белгілі. Ал араға екі жарым жыл салып жарық көрген «Ақ жол» газеті «Қазақ» көтерген алаштық идеяның жығылған туын іліп әкеткендей еді.
Түркістан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы Н.Төреқұловтың төрағалығымен өткен 1920 ж. 14 қазандағы мәжілісінде «Қырғыз газеті туралы» мәселе қарап, ТКП ОК мен Түркаткомның баспасөз органы ретінде аптасына екі рет жарық көретін «Ақ-жол» (Светлый путь) газеті 12 мың дана таралыммен бір баспа табақ көлемінде жарыққа шығару, газеттің жауапты редакторлығына С.Қожановты, жауапты хатшылыққа Міржақып Дулатовты тағайындау және газет қаржысының есебінен қазақтар арасынан 10 наборшик дайындайтын курс ашу туралы шешім қабылданған.
Газеттің 1920 ж. 7 желтоқсанында жарық көрген алғашқы санында ТурЦИК жанындағы қазақ-қырғыз бөлімінің басшысы НәзірТөреқұлов, бөлімнің мүшелері Георгий Сафаров, Сұлтанбек Қожанов, Санжар Аспандияровтар басылымның идеялық бағыт-бағдарын айқындайтын мақала жариялайды («Еңбекшіл қазақ-қырғыз жұртына!»). Осы санда басқарма атынан жарияланған мақалада «Газет туралы өткен кемшілігімізді еске түсіріп, келешек ісіміз жемісті болуына иман келтіріп, мынау «Ақ жолды» алдарыңа тартып отырмыз. Көздеген мақсатқа адастырмай тура бастайтын «Ақ жол» болғай еді» (Оқушыларға. (1920) деп оқырманға тілектерін арнайды.
С.Қожанов осы кезде Түркістан Республикасы Ағарту халкомы болып қызмет істегендіктен ол республика көлеміндегі қоғамдық-саяси процестерге белсене араласа жүріп газет редакторлығын қосалқы қызмет ретінде атқарды. Қайраткердің 1917-1918 жж. Ташкентте қазақ зиялыларының астыртын үйірмесінің, кейіннен Түркістан Мұхтариятының ресми баспасөз органы болған «Бірлік туы» газетіне редакторлық жасаған тәжірибесі «Ақ жолдың» жұмысын жолға қоюда көп септігін тигізді. Орынборда 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетін өрге сүйреген М.Дулатовтың жауапты хатшы болып тағайындалуы да газеттің ұлттық бағыт-бағдарын айқындады. Демек, Өлкедегі саяси-идеологиялық басшылықтың тізгінін ұстаған Нәзір Төреқұловтың газет басшыларына жасаған таңдауы ұлтқа қызмет етудегі ең бір дұрыс шешім болды.
Айта кететін бір мәселе - «Ақ жол» газеті жоқтан бар болған басылым емес еді. Оның ізашары ретінде 1920 ж. сәуірінде Ташкентте ТүркОАК пен Түркістан майданы саяси бөлімінің атынан аптасына екі рет шығарылатын «Жаңа өріс» газеті жарық көре бастаған. 1920 ж. 27 шілдеге дейін 14 саны жарық көрген «Жаңа өріс» негізінде жаңа сападағы газет шығару қажеттігінен туған. Соған байланысты ТКП ОК хатшысы Н. Төреқұлов мәселеге баса мән береді.
«Ақ жолдың» жарық көруіне тікелей бастамашыл болған Нәзір Тореқұлов ТКП ОК жауапты хатшысы ретінде уақыт талабына сай батыл әрекет жасаған. Түркістан көпұлтты республика болып қалыптасты. Содан да оның құрамындағы Жетісу, Сырдария облыстары, республиканың өзге аймақтарындағы қазақтар үшін де қазақ тілінде республикалық билік органдарының ресми газетін шығару үлкен қажеттілікке айналған болатын.
Осыған байланысты Н.Төреқұловтың газетті шығаруға тікелей бастамашыл болғандығын айғақтайтын мынадай дерекке назар аударуға болады. С.Сейфуллин 1937 ж. республика партия ұйымының басшысы Л.Мирзоянға РКФСР Кеңестерінің VІІІ съезі кезінде Москвада Ә.Жангелдин, Т.Рысқұлов, Н.Төреқұловтармен кездесуінде «Ташкентте «Ақ жол» газетін шығарғандығын айтқан Нәзірге «газетіңнің аты да акгвардияшыл, «беделді жазушың да ақгвардияшыл» деп айтып тастағандығын жазған екен.
М.Дулатовтың Ташкенттегі қызметі тікелей «Ақ жол» газетімен байланыстырылады. Оның Ташкентке қызметке шақырылуына байланысты болжамға нақтылық беруге тура келеді. Сұлтанбек Қожанов 1937 жылдың 11 қыркүйегіндегі тергеу хаттамасында Н.Төреқұловтың 1920 жылдың күзінде Орынбордан алашордашылар Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Міржақып Дулатов және т.б. шақырып алдыртқандығын, Төреқұловпен ақылдасып, олардың барлығын жұмысқа орналастырғандығын көрсетеді. Осы дерек Ташкентке алаштық қайраткерлердің топтасуына тікелей Нәзір Төреқұловтың бастамашыл болғандығын айғақтайды. Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның тікелей өнегесімен өскен және оның қарамағында қызмет істеген Нәзір Қазақстанда саяси қызметтен шеттетілген Алаш қайраткерлерін Ташкентке шақыруының осындай себептері болды.
«Ақ жол» - кеңес өкіметінің езілген ұлттарға теңдік пен бостандық беруге уәде еткен саяси мәлімдемесінен бұрын жаңа қоғамдық тәртіпте ұлт мүддесін қорғаған ұлттық элитаның саяси еркінің жемісі болатын. Осы тұрғыда қарастырғанда ұлттық-демократиялық және таптық-партиялық саяси құндылықтарды ұлықтауы бойынша жікке бөлінген екі жақтың мүддесі тоқайласқандай болғанымен, олардың қарым-қатынасында жақындасудан бұрын кейін аяусыз саяси тартысқа ұласқан жатырқаушылық әрекеттер басым түскен еді.
Газет бетінде Ахмет Байтұрсынов туралы көзі тірісінде мадақ сөздердің алғаш айтылғандығын айтуға болады. «Ақаң ұлт матбұғатының көзін ашпағанда, ескі елдігімізден ерініп, қоңсы кент «ағайындардың» біріне табынып, табиғи таңбадан атанып кететін едік. Қазақтың дыбысына, сөзіне арнап, әліппе шығарып, тіл һәм оқу құралдарын шығарып, қазақтың жалпақ тілін қаламға үйреткен Ақаң еді. Ұлт ісі дегенді ескерген адам болмай, қазақ қиыншылыққа кез болғанда, бостандыққа жол көрсеткен Ақаң еді» Ақаңның юбелейі туралы «Ақжол» 1923 жыл 4 февраль) деген редакциялық мақаладағы сөздер Орынбор қаласында елу жылдың мерейтойы өтпей қалған ұлт көсеміне Түркістандағы қазақ жұртшылығының алғаусыз көңілін білдіретін еді.
Газет жағдайының күрделілігі Түркістандағы қалыптасқан саяси ахуалдың қарама-қайшылықты сипатынан туындады. Өлкеде өз саяси қарсыластарын түрлі жолдармен ығыстырған большевиктер жеке дара билікке қол жеткізді. Ұлттық элитаның саяси күресінде басымдыққа ие болған түркілік, мұсылмандық, түркістандық бірлік идеялары бөздей сетінеп, этносаяси мүддеге қарай ойыса берді. Кеңестік билікпен келісімге келе алмаған ұлттық күштердің басым бөлігі басмашылық қозғалысқа бет бұрса, Түркістан ұлттық элитасының Мұстафа Шоқай бастаған үркердей тобы саяси мұғажырлық жағдайда коммунистік билікке қарсы бітіспес күрес бастады. Ал жаңадан қалыптасып келе жатқан партиялық номенклатураның ұлттық кадрлары саяси әрекетте таптық, интернационалдық талаптарды батыл қоя бастады да, отарлыққа қарсы бірлікті таптық төзімсіздікпен алмастырды. Міне, осы саяси процестердің бәріне де «Ақ жол» газеті үн қосып, солардың арасынан ұлттық мақсат пен мұратты қалың бұқараға жеткізіп отырды. Осындай күрделі саяси ахуалда қиыннан жол тауып, халықтың үлкен сұранысына ие болған «Ақ жол» газеті өлкедегі алаштық элитаның қолдауына сүйеніп, кең тарауға мүмкіндік алды. Әйтсе де, газет үшін бұндай қолайлы жағдай тым ұзаққа созылған жоқ.
«Ақ жол» газетінің таралуы негізінен Түркістан республикасының аумағын қамтығанымен, ол Қазақ автономиялық республикасына да таралған. Тіпті, астыртын жолдармен шет елге де таралғандығын М.Шоқайдың еңбектері арқылы білеміз. Республикалық басшылық бекіткен 12 мың дана газет тиражы сол кезең үшін аз емес еді. Дегенмен, сұранысқа сай газеттің тиражы үнемі өсіп отырған. Айталық, «Ақ жолдың» 1923 ж 15 желтоқсан күнгі саны 21690 данамен тарады. Қаржылық, техникалық, ұйымдық себептерге байланысты газеттің тиражы қүлдыраған кездер де болған. 1925 ж. күзінде «Ақ жол» газетінің тиражы 3 мың данаға дейін төмендеген.
Әдетте, «Ақ жол» газетінің жабылу тарихын И.Сталиннің 1925 ж. 19 мамырында Қырғыз Өлкелік Комитетінің бюро мүшелеріне «Ақ жол» газетін қайта құру туралы хатынан бастаймыз. Шындығында, ол хат тұтас саяси процестің ортасы ғана. Кез келген саяси процесті іске асыру түпкі ойдан, ниеттен, идеядан басталады десек, «Ақ жол» газетінің жабылуы да осындай тұтас саяси процесті құрайды. Ал оны іске асырудың саяси, идеялық тұрғырнамасы Т.Рысқұловтың тікелей араласуымен жасалғандығына Сталинге жазған хаттары айғақ болады. Сталин Өлкеком бюро мүшелеріне «Мен осыған байланысты белгісіз емес Шоқаевтың ақгвардияшыл баспасөздегі кейбір мақалаларын еске түсірдім және өзімді шошытқан осы мақалалар мен «Ақ жол» журналының рухани «ынтымағы» деуге болатын кейбір жаңалықты аштым. Ақылға сыймаса да бұл факт. «Ақ жол» әрине, өзі де аңғармастан Шоқаевқа көлемді материал берді» деп жазады.
Одан әрі Сталин «Мен партияда жоқ интеллигенттердің қырғыз жастарына саяси және идеологиялық тәрбие берумен айналысуларына қарсымын. Біз өкіметті жастар тәрбиесін партияда жоқ буржузиялық интеллигенттерге тапсыру үшін алғанымыз жоқ. Бұл майдан түгелімен коммунистерге қалдырылуы керек» деп бұйрық райда нақты кесімді сөзін айтады. Осылайша Сталиннің хатына байланысты қабылданған партиялық шешім ұлттық элитаның саяси қызметіне берілген теріс бағаны қоюлата түсті. Күшейіп келе жатқан идеологиялық қыспақ басылымның ұлттық мәселедегі еркін ойлылығын тежей берді.
«Ақ жол» газетінің тағдырын шешкен И.Сталиннің хаты екендігі даусыз. Дегенмен, осы ратихи процесте басқа да себептер болды. Ең бастысы, ұлттық-аумақтық межелеуден кейін газет өзінің ТКП ОК мен Түркаткомның ресми баспасөз органы мәртебесінен айрылды. Ұлттық, мемлекеттігінің тұтастығы қалыптасқан Қазақстанның орталық басылымы қатарынан орын алуға Сталиннің әйгілі хаты алдан шығып тұрды. Қазақстанға өткен Сырдария губерниялық билігінің баспасөз органына айнала алмады. Осылайша алты жыл бойы ұлттық идеяның ұйытқысы болған, И.Сталиннің «түн үйқысын» бұзған басылым бұрынғы атақ-даңқынан айырылып, жабылып қалды.
Газет төңірегіне топтасқан ұлттық элита өкілдерінің сол кездегі өзекті мәселелерді қозғап, қоғамдық-саяси өмірдің тәжірибелеріне баға беріп, елдің даму бағыттарына қатысты батыл ұсыныстар жасауы барысында ұлттық мемлекеттік құруға қатысты идеялар қалыптасып, қоғамдық пікірге орнықты. «Ақ жол» газеті Түркістан өлкесіндегі қоғамдық-саяси өмірдің шын мәніндегі жалаугеріне айналды. Ал бүгінгі күнде аталған басылым Отан тарихының тұтас кезеңінің, тұтастай аймақтың тарихының құнды дереккөзіне айналып отыр.
Хазретәлі Тұрсын,
тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық, қазақ-түрік университетінің профессоры
Abai.kz