«Жерді сатуға да, жалға беруге де болмайды!»
Биыл Жер кодексінің кейбір баптарына қатысты жарияланған мораторий мерзімі аяқталатыны белгілі. Abai.kz ақпараттық порталы жыл басынан бері аталған мәселені күн тәртібінен түсірген жоқ.
Солардың бірсыпырасы мінекей:
Мораторий біткен соң жер тағдыры не болмақ?
Жер де - қазақтікі, ел де - қазақтікі!
«Жер дауының нүктесі қойылмай ма деп қорқамын»
Жер кодексіне түзетулер енгізіледі
Жер кодексіне қатысты мораторий күшін жояды. Әрі қарай не болмақ?
«Қазіргі қазақ мәселесінің ең зоры – жер мәселесі»
Жерден айырылсақ, мемлекеттен де айырыламыз!
«Abai.kz» жер тақырыбына қайтып оралды
Ал ақпанның бас кезінде ҚР Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров Президент тапсырмасына сәйкес, Жер комиссиясын құру жұмыстары басталып кеткенін мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы жер комиссиясын қайта құрып, қарашаға дейін Жер кодексіне түзетулер қабылдауды тапсырды. Жер мәселелері жөніндегі арнаулы комиссия құру жұмысы басталып кетті. Оған барлық мүдделі тараптар, ҚР Парламенті депутаттары, агробизнес, фермерлер одағы мен қауымдастықтарының, «Атамекен» ҰКП, облыс әкімдіктерінің өкілдері және басқалары кіреді. Аталған заң жобасын әзірлеу Үкіметтің 2021 жылға арналған жоспарында көзделді», – деді Сапархан Омаров.
2020 жылдың 1 қыркүйегінде халыққа арнаған жолдауында президент Тоқаев осы мәселені қайта көтеріп, нақты шешім қабылдау керектігіне тоқталды.
Жер мәселесі өткен айда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да назардан тыс қалмады. Мораторий мерзімі бітуге аз қалғанын тағы бір мәрте ескерткен Президент, Үкіметке биылғы қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізуді тапсырып: «Жер жөніндегі комиссияның жұмысын қайта жандандыру қажет», - деді.
Ал Тоқаев қатысқан Үкімет отырысынан екі күн бұрын «Ақ жол» партиясының депутаттары Премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, Жер кодексіне қатысты өз ұсыныстарын жариялапты. Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов оқыған ол депутаттық сауал да Abai.kz ақпараттық порталында жарияланды. Арада үш аптаға жуық уақыт өтті. Үкіметтен де, Үкімет басшысынан да хат-хабар болмаған көрінеді.
«Ақ жол» партиясы елді алаңдатқан жер дауының шешілуіне нүкте қойылу керек деген талап пен Заңға енгізілуі керек деген 5 ұсынысын біздің электронды поштамызға жолдаған екен. Сонымен, «Ақ жол» партиясы ұсынған 5 өзгертуде не жазылған? Қараңыз:
- Жер учаскелері шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына меншік құқығымен тиесілі бола алмайды.
- Қазақстан Республикасының азаматтары шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиған (ерлі-зайыпты болған) кезде, жер учаскелеріне меншік құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес қайта ресімделуге немесе иеліктен шығарылуға жатады.
- Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының қатысушылары (акционерлері) құрамына шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам, шетелдік заңды тұлға, Қазақстан Республикасының шетелдік қатысатын заңды тұлғасы кірген кезде, жер учаскелеріне меншік құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес қайта ресімдеуге немесе иеліктен шығаруға жатады.
- Мемлекеттік меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері осы Кодекстің 23-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтарына және Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына жер пайдалану құқығымен беріле алады.
- Ұлттық қауіпсіздікті, аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету, сепаратистік үрдістерді болдырмау мақсатында, Қазақстан Республикасымен тікелей құрлықтық және теңіз шекарасы бар мемлекеттердің шетелдік азаматтары мен заңды тұлғалары үшін, сондай-ақ жарғылық капиталында тиісті мемлекеттердің жеке және заңды тұлғаларының қатысу үлестері (акциялар пакеттері) бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына қатысты уақытша жер пайдалану құқығын беруге жол берілмейді.
Түйін. 2016 жылы елімізде Жер мәселесіне байланысты үлкен толқулар болды. Көпшілік жердің шетелдіктерге сатылмауын, жалға берілмеуін ашық талап етті. Cол жылдың 24 сәуірінде Атырау қаласында басталған наразылық акциялары еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасып, мамыр айының басында сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі резонанс тудырған Заң баптарына мораторий жариялаған еді.
Abai.kz