Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2191 0 пікір 10 Сәуір, 2012 сағат 05:36

Қажығұмар Шабданұлы. Ақыл (жалғасы)

 

ЕКІНШІ БӨЛІМ

 

АҚЫЛ

 

І

 

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Екінші жылдық оқу сентябрь кірісімен басталса да үйі шалғай оқушылар октябрь жарымдағанда әрең жиылды. Әр аймаққа, әр ауданға барып қайтқан сабақтастардың айтуларына қарағанда, үкіметтің алман-салығынан халық тұрмысы төмендеп қалған екен. Базар бағасы күн сайын өрлеп, қымбатшылық қысып барады дейді. «Сары аяқтардың»1 тімтінуі, зорлық-зомбылығы көбейіп, лауға алған көлігі де қайтпайтын болыпты. Жақсы аттар түкпірден түкпірге тығылып, баужаң-жяжаңдардың көзіне түсуді қойыпты. Шақылдап жетіп келген «сары аяқтың» ызғарына шыдамаған олар «әкесінікін де жұлып бере салады» дейді. Ұлттар арасындағы ынтымақсыздық та өршіп қалыпты. Жаңгүдейлер өзді-өз маңайының шексіз биіне айналыпты да, оларды бу көрген шағын топтар әтешше қоқиланып, шақ ете түсетінді шығарыпты.

 

ЕКІНШІ БӨЛІМ

 

АҚЫЛ

 

І

 

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Екінші жылдық оқу сентябрь кірісімен басталса да үйі шалғай оқушылар октябрь жарымдағанда әрең жиылды. Әр аймаққа, әр ауданға барып қайтқан сабақтастардың айтуларына қарағанда, үкіметтің алман-салығынан халық тұрмысы төмендеп қалған екен. Базар бағасы күн сайын өрлеп, қымбатшылық қысып барады дейді. «Сары аяқтардың»1 тімтінуі, зорлық-зомбылығы көбейіп, лауға алған көлігі де қайтпайтын болыпты. Жақсы аттар түкпірден түкпірге тығылып, баужаң-жяжаңдардың көзіне түсуді қойыпты. Шақылдап жетіп келген «сары аяқтың» ызғарына шыдамаған олар «әкесінікін де жұлып бере салады» дейді. Ұлттар арасындағы ынтымақсыздық та өршіп қалыпты. Жаңгүдейлер өзді-өз маңайының шексіз биіне айналыпты да, оларды бу көрген шағын топтар әтешше қоқиланып, шақ ете түсетінді шығарыпты.

Алтайдың жай-жапсарын Қабен сыбырлап қана жеткізді маған: Осы Үрімжі түрмесінен қашып шыққан Сүгірбаев Дәлелқан сол беті сыртқы Моңғолияға өтіп кеткен екен. Сыртқы Моңғолиядан қару-жарақ сатып алуға келісім жасасып қайтыпты да, Оспанмен бірлесіпті, оны ықпалына көндіріпті. «Дәлелқан - саналы, оқыған кісі, -деп түсіндірді Қабен маған, - осы жақында Гоминданға қарсы, көлемді партизандық соғыс жүргізетіндігін жасырын жариялапты. Қазір соның үндеуіне Алтайдың бар ауданы қосылып, астыртын дайындалып жатқан көрінеді».

Тағы бір тың хабар ойына орала кеткендей, Қабеннің үлкен көзі жарқ ете түсті: «айтпақтайын, Әлменді көрдім,- деді күбірін бәсең сыбырға айналдырып, - Сарсүмбеде жасырын жүр. Атын «Құдайберген» деп өзгертіп алыпты. Осы мектептегі жай-күйді жік-жапсарына дейін анықтап сұрады менен. Мезеті келгенде Үрімжіге де барып қалармын дейді. Сенің жайыңды да сұрап, үш қайтара сәлем айтты. «Ақылды болыңдар» деп дастарқан үстінде екі-үш рет қайталады, бір түрлі, өтінгендей мағынамен қарайды. Бұл сөзінің «ынтымақты болыңдар» деген мағынада айтылғанын, «бірлік болмай, тірлік болмас» деп тоқтауынан түсіндім...»

Қабеннің бұл хабарларынан недәуір көңілдене кірістім оқуға.

«Халық қозғалысы Гоминданға ең болмағанда бір аз кішпейіл болуды үйретер, зұлымдыққа шек қойылар да тұрмыс аз да болса жақсарар!» дегендей, езгіні көп көргендіктің қанағатшыл үміті жылт ете қалып еді. Бірақ, тұрмысымыз күн сайын нашарлап, жазда кірпіш құйып тапқан ақшама аузым ашыла берді.

Сабақтастар арасында тұрмыс жақсы қамдалатын сақшы мектебіне ауысып оқу талабы күшейе түсті. Ханзу тіл-жазуы сынауынан өте алатын Асылқан сияқтылар ең алдымен ауысып, су жаңа «сақшы сарыны» киіп шыға келгенде, ол талап тіпті күшейді. Біздің кластан да екі-үш сабақтас сол мектепке кетіп, партамыз сиысатын болып қалдық.

Бізді бұрынғы он-оннан ғана жататын жатақханадан көшіріп, мектептің ең түкпіріндегі бір залға бір-ақ қамады. Мұндай тұтас қамалу басқа кластарда да болып жатты. Бұрынғы жатақханамызды Хуаңхы жағасында су апатына ұшырағандардан бағуға әкелген балаларға бергендігін естідік. Оларды қамдау расходы да бізге бөлінген тамақ қаражатынан тартылыпты. Тұрмысымыздың төмендеп кету себебін енді түсіндік, түсіндік те түксие түстік. Бәрінен ауыр түксиетін жәйт ұрлап-жырлап кітап оқудың қиындауы болды: «жау» да, «жақын» да бір жатақханада, күндіз бір қағаз терезе түбінде, түнде бір шам қасында отырысса, бірінен бірі қалай жасырып оқи алмақ! «Жасыра алмай қалсақ, жарғыласамыз ғой!...» Жалпы жағдайымыз ауырлай берді.

Гоминданның бізге арнаған «кішпейілдігі» мен «қамқорлығы» бір ғана науқаннан көрінді. Ол мектеп оқушыларын жаппай Гоминданға мүшелікке тарту науқаны еді. Октябрь айының соңғы бір күні түстен кейін біздің кластың есігінен меңгеруші ыржия қарап:

- Бәрің шығып тәртіп бөлімінің алдына тізіліңдер! - деді. Біз бір бірімізге хауіпті көзбен жалтақ-жалтақ қараса бердік. «Жаппай тергелетін қандай мәселе шықты екен, қай қу ауыз шақты екен?!» деген күдік кеулеп, Серәлі мен Ынтықбайға көбірек қарадым. Ол екеуі бірін-бірі ата қарасып тұрды. Меңгеруші сол күйімізді сезгендей тағы ыржиды.

- Бұл класс - үлгілі класс!- деп кіре сөйледі. - Мен айтқанмын ғой, сендер жақсы, партия жақсы көрді!... Партияға мүше болғыларың келе ме?

- «Келеді», «боламыз!» десіп, бірнеше сабақтас әр партадан қатар үн қосты.

- Олай болса, тез шығып тізіліңдер!

Меңгеруші шыға бере Қабен, Қуат, Бексапа, Өмірбек бастатқан сабақтастар күреңіте қалды. Бірнешеу жайраң қағып шыға жөнелгенде, олар күбірлесіп тұрып қалды да, ең соңынан жылжыды. Оралқан үнсіз дағдарып тұрып қалған менің қолымнан тарта берді:

- Жақтырмағаныңды білдіріп қойма, бұл - үлкен сын, жалбарақтай бер!...

Үшінші, екінші жылдықтағы оқушылар тәртіп бөлімінің алдына барып үштен тізіле қалыпты. Біздің «үлгілі класс» ең соңынан тізіліп жатты. Мен ғылыми бөлімнің есігі жаққа қарай бердім. Іздеп тұрғаным Ақылбай еді. Ол бір буда қағаз көтеріп шыға келгенде, алдынан барып тоса қалдым.

- Сізден бір жайды сұрап ұғайын деп едім.

- Не жай?- деп Ақылбай жолынан бұрылып, оңашалау барып тоқтады.

- Партияға кірмей қалуға жол бар ма?

Ақылбай жымия күлді де, ойланып алып үн қатты:

- Кірмеймін десең зорламайды ғой. Бірақ, қарсы деп есептеп, артыңнан аңду көп болар,- деп маған бағдарлай қарап кідірді. - Қабылдаушылардың сұрайтын бірнеше сұрауы бар. Егер кіргің келмесе, әкең иә туысқан ағаңның біреуі «түрмеде» болсын, ондайларды қабылдамайды!

- Қабылданбағандарды нысанаға алмай ма?

- Жергіліктілерде нысанаға алынбайтын адам дәл қазір жоқ,- деп Ақылбай тағы жымиды, - қалай да ашық қарсы болып көрінбей, кіре тұрғаның жөн шығар...

Мен сол сөзбен орныма барып тұрдым. «Қалай екен?» деп сұраған сырластарыма сыбырлап, қысқаша айта тұрдым. Тәртіп бөліміне шақырылып кіргендер алғашында біраз кідіріп, сұрауларына жауап беріп шығып жатқан сияқты еді. Күн еңкейе келе жұмысты кідіріссіз тездетті де ымырт үйіріле қызыл кінішкәсін бір-ақ көтеріп шығып, далада үлестірді. Ақтарып көрсек, сұрайтынын мектеп басқармасындағы анкеттерімізден әлдеқашан жазып, қабылдайтынын қабылдап болған екен. Біздің «үлгілі кластікін» өзіміздің Оралқан бөліп алып бір-ақ құшақтады. Бәріміз-ақ қабылданған сияқтымыз, партбилетті соның қолынан алдық. Құдайдың нақ иігендегі рахымы осындай-ақ болар, «аспаннан былғары жауған» деген осы шығар. Біздің ең жуасымыз Момынбайға ғана тимепті, әкесі тұрмеде ғой. Шың Шысай қамаған түрмеден әкесін азат етіп жарылқамақ болып тұрған «жаңа үкімет» ұлын да «оқшантайсыз» қалдырды.

«Гоминданның пәлендей бір ішкі жиынына қатынаса алмасақ та әйтеуір партбилетіміз бар, соның мүшесіміз ғой, бізге енді шұқшия бермей кеңірек қарар» деген ой көп сабақтасымызда болғандай, еркінірек оқуға тырысты. Біздің іздейтін еркін оқуымыз - әрине, Қазақстан кітабын оқу еркіндігі. Славян жазуындағы кітаптарды көбі бір-бірінен жасырмай, пікір ауыстыра оқитын болды. Тек көбірек сүзіскен екі жақтың атамандары ғана іштей аңдысып, оқитын кітабын тым жасырын сақтап, көп шимайлы сабан қағазға орай сығалай оқып жүрді. Кәмен кіргенде ол кітаптарды қайсымыз болсақ та зым-зия жоғалтамыз.

Кәмен мектептің өзінде қалып, бізге ханзу тілі сабағын өтетін оқытушы және педагогика сабағының аударушысы болған. Жаздағы сайыстан соң маған бетпе-бет келіп, ашық өктемдік жүргізе қоймағанымен, астыртын бақылауы арта түскенін сеземін. Ол біздің «керуен сарай» аталған топтық жатақханамызға көбірек келеді. Өзінің ұстаздығына лайықсыз қимылмен мысықша баса келіп, бір сабақтасымыздың төсегіне жатып жүргенін білмей де қалдық. Іңірлерде дәретке шыға қалған сабақтастарымыздың «сен кім?» деп қалғанын естиміз, қағаз тереземіздің сыртынан тың тыңдап тұрған тағы сол «ұстазымыз» болып шығады. Бұл тіміскілеуіне қарай Кәменді сабақтастар түгел жек көре бастады.

Жазда ауылдарына барып қайтқан Ынтықбайлар тобы да одан іргесін іштей бөлген сияқты, қайтып келгеннен бері оған жақындап, өзгелерді көрсетіп жүргенін естімедік. Сөйтсе де араздығымыз сол күйінде сақтаулы еді. Бір-бірімізден қатты сақтанатындығымыздан, соншалық тімтінген Кәмен де ешқандай жемтік түсіре алмай, аш бөріше жалақтай берді.

Қай жақтан қарағанымызда да біздің партбилетіміздің ешқайсымызға пана болып, пайда келтірмейтіні байқалады. Пана болғаны сол, пәлелі дертке қойындастырып, ажал қамшысын үйіргенін көрдік бір күні.

Ханзу тілі класының үшінші жылдығындағы Ақай атты аса жақсы бір сабақтасымыздың ауырып қалғанын естіп едік. Соның кешінде бір дәрігер келіп тексере сала «менингит» деп тәртіп бөліміне жүгіре жөнелгенін көрген бір сабақтас соны қайғымен айтып отырғанда «керуен сарайымызға» меңгеруші келіп кірді. Тәртіп бойынша орнымыздан тұрдық.

- Сендер жақсы класс, партия мүшесі көп, бәрің жақсы... а... жақсы болыңдар!- деп аралай өтіп, Қабен екеумізді танығандай кезек қарады. - Сен екеуің менімен бірге жүріңдер!

Қабен аңтарыла қарады:

- Қайда барамыз?

- Осында ауырған бір сабақтастарың келіп жатады, жақсы қараңдар, а ... сендер жақсы класс!

Менингит болған сабақтасты бізге қоспақ екенін сезсек те, шақырылған екеуміз не дерімізді білмей, жан-жағымызға қарай беріп едік:

- Лаж жоқ, барыңдар енді,- деп Оралқан күбірледі. - Құдай сақтар, айтқанын орындатпай қоймайды бұл.

- Қолғап ки,- дедім Қабенге, өзім бас жағымнан шарфымды алып, мойныма салдым. Жұқпалы аурудан сақтану үшін аузымды тұмшалауым керек қой, Қабен де солай дайындала бастады.

Меңгеруші біздің не үшін осылай киініп жатқанымызды біліп, сабақтастардың түгел түксиген қабағына көз қырын жүгірте сөйледі:

- Күн жылы, қазір қолғап не керек? -деп арсия күлді алдымен. - Үлгілі класс болғандықтарың үшін, ауырған өздеріңнің қазақ сабақтастарың болғаны үшін, сендердің ғана күте алатындықтарыңа сендік. Жақсы қараңдар оған! Орталарыңнан, жылы жерден орын ашыңдар... а... мына жерден!- деп қатар жатқан сабақтастардың дәл ортасын нұсқап шыға берді.

Қазақ атымызға жығып, қатері зор аса жұқпалы дертті дәл ортамызға ажалды гранаттай тастамақ болғанына тістердің шықырлап кеткені байқалды. Мен Қабеннің соңынан еріп бара жатып, Оралқанға төр жақ шеттегі балшық пештің түбін ымдадым, ол ең шеткі орын еді.

Ханзу сабақтастары босағаға жатқызып қойған Ақайды Қабен екеуміз тұмшалана келіп қолтықтап көтере бердік, артымыздан Оралқан мен Қуат та тұмшаланып жеткен екен. Олар төсеніш-жамылыштарын киізімен орай буды да, қаумалай көтеріп шықты.

- Иерін,- деп қалды бір ханзу сабақтас. - Өздерінен өздері жиіркенеді, адам емес.

Оралқан қайырыла қарап, саңқ ете түскенде, алдындағы біз де қалт бұрылдық. Екі сабақтас әлгі мықтыға оқты көздерімен ата қарап тұр екен.

- Сен жабайы, сен жауыр!... Адам болсаң ауырған сабақтасыңды неге суық босағаға шығарып тастайсың?... Неге аю көрген есекше үрпиесің?! -деді Оралқан.

Ханзу сабақтастар қаудырласып ала жөнелгенде, араларынан шала-шарпы қазақша сөйлеген біреуінің сөзін ғана ұқтым.

- Болды, болды,- деді ол Оралқанға қарап, - бұлар ит, қабады, қалады!... - Екі-үш бала Ақайға мұңая қарап қош айтқандай бізбен ере шығып еді.

Сыртта тұрған меңгеруші шығып келе жатқан бізден шегініп, ере шыққандарға «кейін тұрыңдар» дегендей қолын ербең еткізіп алыстан сұрады:

- Не болды, не сөз?

Тісін тісіне баса ыңқылдап шыққан Ақайдан үріккендей едірейіп, тағы да шегіне түскен меңгерушіге жауап қайырмай өте бердік. Оралқандар төсек-орынды бізден бұрын апарып, төрдегі пештің түбіне жайлап салып қойған екен. Ауру әрең жетіп жығылды. Басқа сабақтастарды маңына келтірмей, тұмшаланған сол төртеуіміз ғана шешіндіріп жайлап жатқыздық. Жарым сағаттай уақыт өткенде меңгеруші келіп, есікті ашып қойды да, тағы да алыстан ақырды:

- Неге ортаға жатқызбайсыңдар, жылы жерге жатқызыңдар дегенім қайда?!

- Ең жылы орын пештің түбі болмай қай жер болушы еді?- деп Оралқан ханзу тілінде ызалана жауап қайырды. - Өзіңіз кіріп көріңізші!... Кеше ғана сіздердің сөздеріңізді аударып жүрген ең жақсы тілмашыңыз емес пе еді, неге қасына келіп, халін сұрамайсыз?... Ауруханаға жатқызбайсыз ба?!

Меңгеруші қарқылдай күліп жүре берді:

- Ха-ха-ха... аурухана қайда сендерге!...

Сабақтастар наразы үнмен дабырлай жөнелді, ханзуша, қазақша аралас бет-бетімен сөйлеп кетті:

- Тұрмысы нашар оқушыларға арналған емдеу расходы қайда?!

- Біріміздің ауруымызды бәрімізге таратып, қырмақпысың?

- «Партия жақсы көрді» деп едің, жақсы көргенің осы болыпты ғой!

- Ауруға тым болмаса жылы үй бермейсіз бе?!...

Артындағы шуылдың райын бағып тұра қалған меңгеруші қайта оралды. Есікті шалқасынан серпе ашып тастап, көзінен көзілдірігін алды да, тікірейе қалды, маңдайын жаба сұлаған қою қара шашын артына сілке, кекшең ете түсті. Қиықша көздері қисая жыртиып, зәрлене қарағанында, атылғалы тұрған сұр жылан бейнелі көрінді. Жыланнан айырмашылығы тілін жалақтатпай, сойдиған ақ тістерін арсита қадауы ғана еді. «Жоқ, бұл жыланның емес, одан зор жыртқыштың бейнесі!» деп тұрмын ішімнен.

- Неге шулайсыңдар?!- деп ақырып жібергенде, біз жым-жырт бола қалдық. Оралқан екі-үш пікірімізді жуас қана аударып жеткізді.

- Се..ннде..р....кім?- деп дауысын соза сұрады меңгеруші. - Көшіп жүрген таулықсыңдар! Онда больницаға жатушы ма едіңдер?... Мына ауруларыңа больница не керек, бір құлағына ғана суық тиген. Қазақ суықтан қорқа ма, өздеріңнің емдеріңді істей беріңдер!... Ұқтыңдар ма?!... Партия мүшелері өстіп есекше шулай ма?

Ақырғы сөйлемін ақыра айтқан меңгеруші есікті қатты серпіп тастап жөнелгенде, бір-бірімізге қарастық, шырайымыз бұзылып, сұрлана қарастық. «Ұқтың ба?», «Ақыл кірді ме?» дескендейміз бірімізге біріміз. Мойнын ішіне тартып, меңгеруші жапқан есікке сүзе қадалып қалған Ынтықбайға көбірек қарадым. Ол тұқырған бойы көзін жағалата қыдыртып маған сәл кідіртті де, ұялғандай төмен қарап кетті.

- «Бізді есектер партиясының мүшесі» деп кетті ме?!- деп Қабен үлкен көзін төңкере қарады оған. Танауы ісіп кеткендей талаурап отырған Салық тіл қатты:

- Мүше болып мұратымызға жетіппіз!

- Жақсы көрмесе неше қатар кең жатақханалардан таңдап келіп бізге ғана дерт таратқысы келе ме? -деді Өмірбек.

- Мүше болмасақ, осындай «үлкен больницаға» қойып ауру тарата ма?- деп қостаған Бексапаға есікті нұсқап ым қақтым, сырттан бір тықыр естілгендей болып еді. Сезе қойған Әмірқан есіктен ыршып шықты да шақ ете түсті:

- Сен кім?

- Мен ғой,- деген Кәменнің үні естілді, - Әмірқанбысың?

- Е, мұғалім екенсің ғой, есікті таба алмай, терезеден түскелі тұрсыз ба?

- Терезең не, жаңа келе жатпаймын ба, өзің қарауылда тұрмысың?

- Мен шыға келсем терезе алдында тұрыпсыз, жаңа келе жатсаңыз мына жолмен жүрмей, дауалдан асып түстіңіз бе?

-       Ей, бері жүрші ей, бері!- деп Кәмен Әмірқанды бұйыра сүйреп бара жатқандай сезілді. Бірнешеуіміз есікті саңлаулай ашып тыңдап тұрдық.

-       Кім үйретті саған бұлай тергеуді?- деп күбірлей сөйледі Кәмен.

- Сізді әмісе терезеден тың тыңдауға кім жібереді?

- Жүр бері,- деп зекіген Кәмен Әмірқанды қолынан сүйрей жөнелді енді. Тәртіп бөліміне қарай әкетті.

Ауру сабақтас құсып, ышқына түскен соң есіктен қайтып келіп соған үңілдік. Сол құлағын басып ап лоқиды. Меңгеруші «құлағына ғана суық тиген» деген соң-ақ шәугімін ала жүгірген Момынбай бір шәугім ыстық су тауып әкеліп, құлағын булауға кірісті, «менингит» дегеннен қаймығар емес, жастығын биіктетіп, артын қымтап, асты-үстіне түседі.

Сүйдің ауданынан келген Ақай ханзу тілі класында оқып жүргендердің ең алғыры да, ең арындысы да еді. Қандай қиын делінетін лекцияларды да тұтықпай-мүдірмей тұп-тұнық қазақ тілімен жаттық аударатын. Ол бар жерде тілмаштардың көбі жалтаң еді. Орта бойлы, жуан бас бұл сары жігіт бауырмалдығымен де бар сабақтасын баурап жүретін. Бүгін мұндай болып жатқанда Момынбайдан басқа ешқай қимасы тұмшаланбай жақындамайды. Амал не, сақтанбаса өзі де өлмек иә кемтар - жарымес болып қалмақ!

- Момынбай өзіңді қорғай көмектес,- деп мен арт жағынан сыбырладым, - жұқпалы ауру, тұмшаланып ал!

Ол маған қайырыла күбірледі:

- Құдай сақтар!... Ыстық су таусылды. Енді қайдан табамыз?

- Мен іздейін!... Ей, жұқтырып алсаң өзіңе ғана емес, осындағы бар сабақтасқа апат келтіресің!

Қабен Момынбайды аурудан ауашарақ шығарып сөйлеп жатқанда мен шәугім алып су іздей жөнелдім. Күздің сүркей бұлтты, тас қараңғы түнегін жүгіре кешіп, мектеп алаңының шығыс жақ шетіндегі асханаға жетіп едім. Есігін бекітіп алған аспаз ханзу «жоқ» деді жалғыз-ақ. Тышқан соғысынан кейін оның бізге оң қарамайтын жөні де бар ғой. Ауру түгіл қырылдық десек те қыңқ етер емес.

Енді алаңды батысқа қарай кесе жүгіріп ауыз ауладағы тәртіп бөліміне жете тыңдай қалып едім - Әмірқанның жылаған дауысы естілді. Кәмен сақылдап тұр, қинап жатқан сияқты:

- Айтамысың, жоқ па, тіл бітірген кім саған?... Сені қарауылға қойған кім?... Не үшін есіктеріңді кезекпен күзетесіңдер?... Біреуің күзетте тұрғанда, басқаларың не істейсіңдер, шыныңды айт!

Әмірқан солқылдай тұрып, қарсы сұрау қойды:

- Сізден басқа ешқандай мұғалім... һы-һы-һы... тың тыңдамайды... һы-һы-һы... тура келіп, тура қайтады... һы-һы-һы... ал, сіз не үшін біздің терезеден кетпейсіз һы-һы-һы, алдымен өзіңіз айтыңыз?

- Ей, сенің мені тергейтін не құқығың бар?- деп барқылдап кеткен Кәмен сарт-сұрт шапалақтап ұра жөнелді.

Жаным түршігіп кетті. Мұнда келгенде «баугау1» деп кіретін салтымыз да есімнен шыға жөнеліпті. Есікті сақылдатып ұрып-ұрып жібердім.

- Сен кім?

- Мен, Биғабіл, мұғалім есік ашыңыз!

- Е, не жұмыс?

- Өлім мен өмір таласындағы жұмыс, асығып келдім, тез ашыңыз мұғалім еке!

- Қайт! Кейінірек кел, ашылмайды!

- Меңгерушінің тапсыруымен келдім, ашыңыз!

Есіктің ілгегі сақ етіп ашылды. Алдымен өзім емес, шәугім кірсе де, секем алғандай шегіне берді Кәмен. Қолында мықты закүн таяғы бар.

- Асханаға барып едім, есік ашпай қойды,- деп тік тұра қалдым мен, - Ақай қысылып жатыр, құлағын булауға қайнаған су керек. Меңгеруші «жақсы күтесіңдер!» деп бұйырып еді. Сіз барып айтпасаңыз, аспаз су берер емес!

- Оның суы менің қолымда емес, шық!... Асығыс жұмыс бар.

- Ақай - сіздің ежелгі сабақтасыңыз ғой, өлгелі жатқанда да бір қайырым етпейсіз бе, аспаздың есігін ашқызып беріңіз!

- Бара алмаймын, қайтып кет деген соң қайтып кет!

Мен кескінінен көз алмай қарап тұрып қалдым. Ақай өлмей аман оқып бітірсе, бұл сұмпайыға осы мектепте тыңшылықтан басқа міндет қалмас еді. Оның сауығуына мұның оң қарамайтын да себебі бар ғой!

- Олай болса, мына термостағы суды алайын! -дей ұмтылып барып, термостағы суды шәугімге құйып алдым. Сылтау айта алмай қалған Кәмен:

- Тез шық! - деді де, төмен қарап түнере түсті.

- Өй, Әмішпісің, не болды саған?! - деп жалт қарап тұра қалып едім. Әмірқан жылай қайырды жауабын. Кәменнің итермелеуіне миземей, таңданғанси тыңдадым:

- Бағана жатақтан шықсам, терезеден біреу тың тыңдап тұр, «сен кім?» деп қалсам, мына .... мұғалім екен... һы-һы-һы... «Қарауылға сені кім қойды, қарауыл қойып жатақта не істейсіңдер?» деп ұрып жатыр. Һы-һы-һы...

Мен Кәменге жалт қайырылдым. Ішім алай-дүлей болғанымен күлімсірей қараған болдым.

- Мұғалім, бұл сұрағыңызға мен жауап берейін, естиярмын ғой, жатақтағы істің жайын мен толық білемін. Біздің керуен сарайда қырық шақты оқушы жататынын өзіңіз білесіз. Көп адам болған соң бірі кіріп, бірі шығады. Есік тыншымайды. Терезеде сіздің тұрғаныңызды білмей шыға беретініміз рас. Сіз дыбыс беріп қойсаңыз, біз шықпас едік те, кімсің деп сұрай алмас едік қой! Ақымақтығынан білмей шыға қалатындар көп. Мұнан кейін өзіңіз «мен тыңдаймын» деп хабарлап, тым болмағанда қақырынып қойсаңыз болғаны, Құдай төбемізден ұрсын шықсақ!- дедім.

Кәмен не дерін білмегендей, шытына қарап алды маған:

- Шығып кет, шығып кет!

Мен қатты күліп жібере жаздап зорға тиылдым да, сөзімді жалғастыра жөнелдім.

- Біз қарауыл қойып, жасырын іс қылатын болсақ, арамызда да аңдысып жатқандар бар емес пе, оларға да сенбейсіз бе?...

- Кіріспе, сен, бұл іске, шық!- деп зекіді Кәмен.

- Бір-ақ сөзім қалды, - деп өзелендім мен де, - әділін айыруыңыз үшін керек болар, айтып шығайын: мынау - көңіліне келгенін ірікпей айтып салатын тура мінезді бала, өзіне бір сұрау қойылса қарсы сұрау қоятын әдеті бар, сізге ғана емес, бәр мұғалімге, тіпті шяужаңға да солай. Ал олар мұның сол мінезін білетіндіктен кешіреді. Сіз де кешіріңіз!... «Жас өседі, жарлы байыды». Сізді бір айдың алдында ғана «сен» деп, «сабақтас» деп атаушы едік қой. Соған екі ай толмай жатып, бізді мынадай тергеу арқылы қинағаныңызды естіген жан етегін ашып күлер. Мұғалім болған кісінің ұялатын беті де болады. Әсіресе осы сұрақтарыңызбен терезеге келу жөніндегі менің әлгі күлкілі өтінішімді ешкім естімей-ақ қалсын, кешіріңіз!... Ал, кеттім, Әмірқан, сен де жуас жауап бер, білмеген адам, ноған болады!... Қарсы сұрау қоймай, жауап қана бер!

Әмірқан менен жарты сағаттай кешігіп қайтты. Мен кеткен соң оны біраз «қорқыта» отырып «тәрбиелепті». «Мұғаліммен енді қарсыласпауға», оған «тіл тигізбеуге» тіл хат алып, «әдеп», «адамгершілік, ахылақ» жөнінде недәуір ұзақ нәсихат сөйлеп қайтарыпты.

Ақайдың ауруы сол түні-ақ өршіп, ыстығы өрлей жөнелді, құсады, құсқан сайын қиналып ышқына береді. Ертеңіне меңгерушіге Кәзен мұғалімді салып едік. «Больница алмайды, орын жоқ, мою бәнфа1» деп теріс айналыпты.

Ақайды класс бойынша кезектесіп үш-ақ тәулік бақтық, екінші күні кеште дәрменнен мүлде айрылды, құсарда басын көтеруден қалды да, есінен танды. Үшінші түні таң біліне үзілді. Жас өмірі, жарқын үміті бір-ақ кесіліп, күндіз-түні бас алмай оқитын кітабынан мәңгіге қол үзді. Арыз-арманы да, ата-анасына арналған аянышты сәлемі де айтылмай, қара жерге өзімен бірге көмілді. Біздің қолымыздан бар келгені жылап-сықтап табыт көтерісу, басына аты-жөнін жазып, сайғақ қадау ғана болды.

Ақай өлер кезінде түтін мен тұманнан көре алмай кеткен Үрімжі аспанын біз көріп, сол бір аянышты өлімді күрсіне еске алып төрт-бес күн өткізіп едік. Бесінші түннің таңы білініп, «сары айғыр кісінегенде» Момынбай басын таңып әрең тұрды да, қайта жатпақшы болды. Киініп алғанына жарай «ту шығаруға» қатынасып, жоқтама өткізген соң келіп жатудың жөнін айтқан Оралқан банжаңның сөзіне көнді де, бізбен бірге шықты. Қызғылт қоңыр сопақша жүзі сұрланып, жағы тым суалыңқы көрініп еді.

Бағана түбінде сапқа тұрып, «Санминжуий» өлеңін озандата бергенімізде Момынбай отыра кетіп, құса бастады. Ақайдың құсуы естеріне түсе қалған сабақтастар күбір-күбір сөйлесіп, ығыса жөнелді сол құсықтан. Жалт қарап сабымыздың бұзылып кеткенін көрген меңгеруші, шақ ете түскенімен, онысы өнім бермеді, ортада тұрған Момынбай сол отырған орнында жалғыз қалды. Лоқсып құсып отыр. Өзінің кімге у тастағанын білетін меңгеруші бізге қарап қолын бір-ақ сермеді. «Алып кетіңдер» дегені еді. Ханзу сабақтастар «Санминжуийді» мүлт жібермей айта берді. Жұңхуа Минго туы бағана басына өрлей жөнелді. Қазақ кластарының онымен ісі де болған жоқ, қасқыр көрген қойдай иіріліп, елеңдей қалыпты.

Минингит қолтықтап үйренген Қабен екеуміз Момынбайды да қолтықтай жөнелдік. Жатақханаға апарып, орнына жатқыздық та, екі жағындағы сабақтастардың орнын сырып ауашалаттық. Ақайдың құсығынан тазарған елеген енді Момынбайдың алдына қойылды.

Қабен екеуміз бірімізге біріміз жаутақтай қарап, күрсіне шығып едік. Жоқтамадан тараған біздің сабақтастар тәртіп бөлімінің алдында жиналған екен. Оралқан бас болып, ауруға айырым үй талап етіп тұрыпты. Меңгеруші қасқа тісін ырсита сөйлеп тұрғанда жеттік.

- ...Осыларың адамгершілік пе?- деп сұрағанын естідік біз, - сау уақытында парталас-сабақтас болып, ауыра қалғанда қарайласпай, айырым жатқыз дегендерің қалай?!... Қайтыңдар, сабақ басталып қалды!

Көмейдегімізді айта алмай бөгелдік. «Мұны Ақайдың сабақтастарына не үшін айтпадыңыз? Осы адамгершілігіңізбен бізден бір жыл бұрын тәрбиелеген оқушыларыңыз еді ғой, ауырған соң Ақайға олар қалай қарады, сіз қалай басқардыңыз, бұл адамдық па?» деген сөздер бір-біріне күбірмен ғана ұғылып тұрды.

- Бұл жұқпалы менингит, - деді Оралқан, - көпе көрнеу Ақайдан жұқты. Айырым жатқызбасаңыз бәрімізге жұғады!

Әмірқан ғана асаулығына бір басып қалды:

- Ақай ауырғанда өз класынан шығарып, бізге қосқаныңыз не?!

Меңгеруші бұл сөзді елемей, көзілдірігіне түскен шашын сілкіп қойып Оралқанға жауап қайыра келе шорт бұйырды:

- Қазір ауа өзгеріп, суық түсті, суық тиіп жатыр. Қайдағы жұқпалы ауру!... Өздерің суықтан сақтанбайтын мал сияқтысыңдар! Суықтан болатын бар ауруды өздерің табасыңдар, жылы жүріңдер! Қайтыңдар кластарыңа, ауру қарайтын екі сабақтастарың ғана жатақханаға барсын!

Меңгеруші сөйлей бұрылып, бөліміне кіріп кетті. Біз сөлмірейіп-сөлмірейіп класымызға тарттық. Өлім қорқынышы мен ашыныштан арандатушы сөздер туылып, асау толқындай жарыса, бірін бірі қуаттай кірді класқа. Бұрынғыдай бір-біріне шәп ете түсетін қиғаш пікір жоқ. Бірін-бірі көрсете қоятын да шырай жоқ. Өйткені, «жау» мен «дос» пікірі қосыла, қосарлана шырмалды бір-біріне. Меңгеруші дұрыс ақылды енді үйретіп жатқан сияқты.

Момынбайдың ауруы да алдыңғы аурудың жолымен кетіп бара жатты. Айырмашылығы - Момынбай көзін кең ашып, сөйлеп қойып жатты: «дәрігерге апарыңдар мені» деп алып бір құсты да, «қанша расхоты болса да өзімнен» деп бір құсты. Өзін емес, артын қимай қиналатын сияқты шіркін жас; «әкем түрмеде ауру еді, оны қайтермін?» деп лоқсиды да, «апатайым!... Жәмікенім!... Замашым!» деп үзіп-үзіп айтып, талықсып кетеді.

Кәзен мен Ақылбайға тағы жүгірдік. Ақырғы бір кіргенімізде: «бұл жөнінде бастықтармен қатты айтысып қалдым, енді кірмеймін!... Басқаларың сақтаныңдар, жұқтырып алмаңдар» деп Кәзен қызарды да, сырттан емші іздеп Ақылбай жөнелді, лажсыздықтың шегіне жеткен сияқты.

Үшінші күннің кешінде біздің «керуен сарайға» әскери киімді, толық денелі татар жігіт келді. Әскери ат дәрігері екен. Жатақханаға дәрі шашып-дизенфекциялап шықты. Ақылбайдың қолынан келгені осы ғана еді.

Момынбайдың алақтап сөйлей жатып құсуы алты күнге созылды. Есінен жетінші күні түстен кейін айрылды да соның түніне үзілді.

Адам баласына тиындық-қиянат ойлағысы келмейтін осы бір момын жігіт маған төтенше ыстық көрінетін болып еді. Оның өзім көрмеген әкесі мен шешесін, жаңа түскен келіншегі мен тұңғыш ұлының аянышты халін ол ауырғалы ойлап, ұйқым қашып жүрді де, жан үзген шақта үн салып, қатты егілдім. Ауырғаннан айтып жатқан сол қимас жандарын соңғы рет бір көре алмай, өксіп өтті ғой жиырма бірге жаңа келген қайран жас!..

Момынбайды Ақайдың қасына әкеліп жерледік. Ол ауырып біздің жатақханаға көшірілгенде өзін жан сала қорғап қалғысы келген құрбысы мәңгі қойындаса барып жатты.

Сабақтастары құран оқып болып қайтқанда, үйілген жас топырақ түбінде отырып қалған Қабенді құшақтай алып өксідім. Біріміздің көкірегімізге біріміз долы нөсердің алғашқы түйірлеріндей ірі тамшыларды төгіп-төгіп жібердік те үйінді төмпешікке қарап отырып солқылдадық.

- Жан біткенге жайлы мамық балауса едің, орныңа тікен өсірмек үшін сені де жұлды-ау! - дедім мен. Қабен бөліп-бөліп жауап қатты:

- Алдымен екеумізге... төнген ғой бұл амал... бізді де... бізді де жұлмай қоймас!...

 

Әділетті тергеушім, тәртіп меңгерушінің сол кездегі бізге қарай айдаған менингит амалы мені ала алмай кетіп еді. Сіздің сол қармағыңызға ілінбей тұмшаланып қалып қойғаныма қатты өкінемін. Мұндай шексіз қиналып өлуден сол кезде төрт-бес күн ғана ауырып өле салсам  кем дегенде мың есе жеңіл екен, әттеген!...

«Құдай басқа салған соң мыжымай көрісу керек» шығар, енді өкінгеннен не пайда, езіп-қыртпай қылмысыма оралайын:

«Гоминданмен байланысың қандай еді?» деген сұрау - Қытай зиялыларына бір ғана мәселе болғанымен бізге қаратылғанда екі жүзді қылыштай, екі басты тұзақтай құтқармас құрал ғой: Гоминданға мүше болғандығым әрине тарихи кері төңкерісшілдік. Ал, мүше болмаған болсам, «ұлы ханзу халқына қарсы тарихи тар ұлтшылдық» болып шыға келеді. Олай болатыны, Гоминдан - ұлы қытай зор ұлтшылдығының әшкере партиясы емес пе. Оған мүше болмай, ымыраға келмей қалу деген мәселе - «ұлы Қытай халқына қарсылықтың ашық белгісі», «бөлініп шығу идеясының негізгі желісі» болып шықпай ма! Сіздің теорияңыз резинкадай созылып, бұдан қашан бұлтартқан.

Бұл тарауда мен сол екі бұғалығыңызға да тола түсетін, екі басты қылмыс өткізгенімді әшкерелеп отырмын; бірі Гоминданға мүше болған - тарихи кері төңкерісшілдік қылмысым. Екінші, мүше болғым келмей қибыжықтап, Ақылбайдан ақыл сұрауым - ұлы қытай халқына қарсы тарихи тар ұлтшылдығым. Демек бір басымда екі қылмыс қатарынан жатыр. Қос қолдап ұстай көріңіз!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»



1 «Сары аяқ» - Гоминдан әскеріне жергілікті атау болып кеткен сөз. Сары бұлдан жасалған балтыр орауышы мен сары шақайына қаратылған атау болса да, жиреніш мағынасымен жалпыласқан.

1 Баугау (ханзуша) - рұқсат па, дәт... деген мағыналарда.

1 Мою бәнфа (ханзуша) - амал жоқ, лаж жоқ.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435