Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
IV
Драма сахнаға қойылып болған түннің ертеңінде Нұрияның жайынан хабар ала алмай, жүрегім қатты сыздады. «Құтылып шығып, мектебіне аман жетті ме екен әлде клуб есігінен-ақ ұсталып сақшыға қамалды ма екен?!... Ұсталып қалса, әйел адамның ойынға еркекше киініп, реңін бүкілдей өзгертіп кіруінің себебі үрей сезімді сақшыны сендіре алар ма? Әсіресе, өзінің қазақ болғандығы талай азапқа салады-ау!» деген хауып қабырғамды қарсылдата сөккендей.
Сахнадан таба алмай қалған сақшылар мен Кәмен шыға салып тағы сөйлесті ғой. Ол Нұрияның өз жатақханасын да, Күләннің үйін де білетін. «Иісшіл ит ізшіл итке қуалатқан-ақ шығар, әй, ұсталды-ау!» деген ой жүрегімді жеп барады.
Таңертеңгі тамақтан соң сабақтастарымның төртеуін «ауырттым» да, бесеу болып барып, тәртіп бөлімінен емханаға рұқсат сұрадым. Іздейін деген дәрігерім, әрине Күлән еді. Нұрия қолды болса, сол біледі ғой!
- Сендер ыңғай хуайдан!- деп жауап қайырды меңгеруші. - Сендерді дербес группа етіп сыртқа шығаруға бола ма? Кластарыңда біреу кісі өлтірсе де айтпай көметін болдыңдар. Қайтыңдар! Басқа кластардан сенімді біреулер шықса, қосып жібереміз!... Сен қал!- деді маған. Төрт сабақтас шығып кетті де, мен тұрып қалдым. Қарсы бөлмеден бір ұйғыр тілмашты шақырып алып, тергей бастады мені.
- Кеше сахна босағасында кім отырды?
- Кім отырыпты?!... білмеппін!
IV
Драма сахнаға қойылып болған түннің ертеңінде Нұрияның жайынан хабар ала алмай, жүрегім қатты сыздады. «Құтылып шығып, мектебіне аман жетті ме екен әлде клуб есігінен-ақ ұсталып сақшыға қамалды ма екен?!... Ұсталып қалса, әйел адамның ойынға еркекше киініп, реңін бүкілдей өзгертіп кіруінің себебі үрей сезімді сақшыны сендіре алар ма? Әсіресе, өзінің қазақ болғандығы талай азапқа салады-ау!» деген хауып қабырғамды қарсылдата сөккендей.
Сахнадан таба алмай қалған сақшылар мен Кәмен шыға салып тағы сөйлесті ғой. Ол Нұрияның өз жатақханасын да, Күләннің үйін де білетін. «Иісшіл ит ізшіл итке қуалатқан-ақ шығар, әй, ұсталды-ау!» деген ой жүрегімді жеп барады.
Таңертеңгі тамақтан соң сабақтастарымның төртеуін «ауырттым» да, бесеу болып барып, тәртіп бөлімінен емханаға рұқсат сұрадым. Іздейін деген дәрігерім, әрине Күлән еді. Нұрия қолды болса, сол біледі ғой!
- Сендер ыңғай хуайдан!- деп жауап қайырды меңгеруші. - Сендерді дербес группа етіп сыртқа шығаруға бола ма? Кластарыңда біреу кісі өлтірсе де айтпай көметін болдыңдар. Қайтыңдар! Басқа кластардан сенімді біреулер шықса, қосып жібереміз!... Сен қал!- деді маған. Төрт сабақтас шығып кетті де, мен тұрып қалдым. Қарсы бөлмеден бір ұйғыр тілмашты шақырып алып, тергей бастады мені.
- Кеше сахна босағасында кім отырды?
- Кім отырыпты?!... білмеппін!
- Сенің алдыңда отырған көк мешпетті кім?
- Танымаймын!
- Танымайтын адамды сахнаға кіргізіп, алдыңа қалай отырғыздың? Жөнін қалай сұрамадың?!
- Сіз ешкіммен сөйлеспе дегенсіз ғой!
- Калаусыға неге мәлімдемедің?!
- Ол біздің мектебіміздің іші емес, қоғамдық ұйым. Ойын көріп отырған неше жүз адамның қайсысын анықтап, қайсысын мәлімдемекпін? Маған артылған міндет онсыз да аз емес қой. «Ешкіммен сөйлеспей» рөль орындайтын артиспін, мылқау гримшімін. Осылай істеп, сіздің айтқаныңызды ғана орындадым!
Меңгеруші маған барлай қарап отырып қалды.
- Менің алдымда отырған кім екен, меңгеруші? - деп мен сұрадым. Меңгеруші жауабын зеки қайырды:
- Алдыңа өңін бұзып, жасанып келген шпион отырған! Көріп отырып мәлімдемегенсің!
Мен опық жегенси алаңдап, иегімді ұстай алдым:
- Шпион!... Оның белгісі қандай болушы еді?!... Білмейді екенмін! Үйретіп, таныстырып қойсаңыздар тарпа бассалып ұстар едім ғой!... Қолға түсіп пе өзі?!
Тілмаш сөзімді күлкісін әрең тежей аударып еді. Соңындағы сұрауымды ести сала, «кет!» дегендей қолын жалғыз-ақ сілікті меңгеруші. Нұрияның құтылған, құтылмағанын бұл қатігезден ұға алмай шықтым. Әйтеуір Кәменнің мені Нұриямен қосақтап көрсетпегені ғана анық болды. Олай қосақтаса, менің жауабым «мұқияттап бер» деген өзін шатаққа қалдыратынын түсінген сияқты.
Берік орнаған берекеміз беске толып барсақ та сыртқа шығармайтын қырсыққа айналғанын білдік. Татуласып алғанымызды меңгерушіге жеткізе қойған тағы да Кәмен екенін сөз етті сабақтастар. - «Бізді айрықша қаматып отырған да сол» десті.
- Олай болса, Кәмен ханзу тілі сабағына кірерде жақ-жақ болып қайта бір «соғысайық»,- дедім мен, бірақ шын төбелеске айналдырып алмайық. Бір-біріңе меңгерушінің тергеуі мен жазалауына толатындай жала жауып алмаңдар!...
Сөйтіп, бұл «соғыс» түстен кейін Кәмен класымызға кірерде ғана басталды.
Сағат арасындағы демалыстан есікке қатарласа келген Серәлі мен Шақан иықпен қағысып-қағысып қалды да, жұдырықпен қойысып-қойысып жіберді. Талай рет соғысып, талмау жерлерін табысып үйреніскен екі «мықты» осы реткі соғыста ғана сүйіндірді мені: адуын Шақан бұрынғы дағдысымен «жауының» басын көздемеді де, түпкіш Серәлі мықындатпады. Шабуылды екеуі де еті қалың, сүйегі кесек, соғыс тілімен айтқанда «қорғаны мықты жерлерден» бастады....
Біздің бұл қаулымыздан бейхабар Оралқан екеуінің арасына долдана айқайлай барып арашаға кірісті.
- Керей! - деп «тілдеді» Серәлі кіжіне ұмтылып.
- Найман! - деп кеуделеді Шақан. Оған мен ұмтылдым.
- Ей, найман неңді алды ей, сенің?!
- Керей нелеріңді жеп қойып еді! - деп Ынтықбай менің жағамнан ұстай алды. Иықтан қойысып-қойысып қалғанымызда Оралқан ақырын келіп, енді біздің арамызға түсті. Өтірік шыжақ болып арашалаушылар жетерлік еді, шын шыжақ қиын екен. Ұлпершектей тығылып, терлеп алған семіз Оралқан екеумізді екі партаға құлатты. Кәменнің есіктен сығалап тұрғанын жығылып жатып көрдім де, тұра сала ұмтылдым. Қарама-қарсы ұмтылған Ынтықбай екеумізді Оралқан екі қолымен тіреп тұра қалды.
- Бұларың не сендердің?! - деп шаңқылдады. - Енді ғана татуласып берекелі болып қалғанымызда, ең есті деп жүрген екеуіңнің бұл соғыстарыңды кешіруге болмайды!...
Серәліні ұстай алған Салыққа Тілеуқан ұмтылды:
- Ей әкеңнің... Қарақас! Біреуін ұстап біреуіне ұрғызамысың?
- О, әкеңнің... күл-паршаңды шығарайын ба!
- Жұлыныңды үземін, Жантекей әкеңнің көріне тығады міне!...
Екеуі салыса кетті де, алыса түсті. Класс жалпылай аттанысқа келіп, ию-қию, айғайға лық толғанда кірді Кәмен. Кірсе де анықтап байқай түсейін дегендей, тағы тұрып қалды.
- Мұғалім, мұғалім!... Бірдеме десеңші мыналарға, партаны шағады ғой! - деп Оралқан бажалақтағанда ғана:
- Тоқтатыңдар! - деген сүле дауыс шығарды. Оның дауысы шығысымен оқытушылығына бағынғансып барып, орнымызға отырыса қалдық. - Не болды сендерге, кім бастады бұл жанжалды?
Шақан орнынан атып тұрды:
- Анау қызыл найман бастады, «ей керей!» деп иығымен қағып қалды мені!
- Бәсе, ысқырмай найман тыныш жүре ме?... Ал, ол «керей» дегенде, сен: «шүкіршілік, әйтеуір жылан емеспін ғой» дей салсаң жетпес пе еді?
- Жоқ, жылан десе бәрі қаптайды бұлардың!... Тіпті біздің керейден де солардың сойылын соғатындар бар!
- Ол қайсысы?
- Әне, анау Тілеуқан!... Сонсоң мына біздің бәнжаң да солай!
- Тілеуқан, тұр! -деді Кәмен. - Сенің найманмен не шатысың бар? ... Шешең найман ба еді?!
- Жоқ, мұғалім, Құдай сақтасын! - дегенде Тілеуқанның домалақ мұрны жыбырлап кетті. Қу сөзге сөйтіп алдымен мұрны бастайтын. Зорлана түксиісіп қарай қалдық. - Менің шешем, сіздің әпекеңіз ғой; әкем ат артына салып, алып қашып келіпті. Сіз маған - нағашысыз!
Бұл сөзге қызарақтай қалған Кәменнің назарын мен бұрып әкеттім:
- Калаусы... Калаусы! - дегенімде жалт қарады маған. - Осы жанжалды әмісе Ынтықбай бастап жүр. Олай дейтінім, сабақтастардың бір-екеуі осындай сөзге келіп, жұдырықтаса қалғанда кім арашаласа сонымен төбелеседі. Жаңа менімен де солай төбелесті. Абайсызда аямай ұрып жіберді. Енді мен де мұны адам деп аяудан мәңгі кеттім! Адамдар кейде болымсыз мәселе үшін ғана ерегісіп, бірін-бірі өлтірерменге жетеді, қан ағызысады, сүйек сындырысады. Ал Ынтықбай соны қызықсынады, арашалатпай көріп, көңіл көтергісі келеді, өз тіршілігі сол екеуінің соғысуында-шағысуында сияқты рахаттанады. Адам түгіл ит те бұлай болмаса керек; төбелесті ит қызықтап тұрмайды ғой, сезімі иттен де төмен жәндіктердің ішіндегі қанқұмары ғана осылай болар!
Өз қылығын әшкерелеп, әдейі ашты тілдегенімді. Кәмен сезбегендікке салса да сазара қалды.
- Тарт тіліңді!- деп Ынтықбай тұра ұмтылды маған, арамыздағы сабақтастар ұстап жібермеді.
- Әне,- дедім мен, - сағынып жүрген әкеңді көзіңе көрсетермін... Қысып тұр енді! Мен Калаусыға сөйлеп тұрмын. Мұнан кейін қымыр еткеніңді Калаусыға жеткіземін де тұрамын!
- Менің алдымда қыбыр етші, кәне!- деп Ынтықбай «кіжінді»,- меңгерушіге айтып, жоныңнан таспа тілгізгенімді көр әлі!
Кәмен масайрай қарады жан-жағына, екі қолын артына қайырып кердие сөйледі.
- Жә, болды, қоя тұрыңдар енді!.. Меңгеруші екеумізге айтып тұрсыңдар, шешілмейтің мәселе жоқ... кейін және сөйлесерміз... ал сабаққа кірістік!
«Жаң Зұңсай», «данышпан философ», «генералиссимус» деп ханзуша бадырайта жазды да, дәптерімізге көшіртті. Сөйтіп, тағы да саяси лекция сөйлей жөнелді.
Бүгінгі артистік соғыс өнерлеріміздің күлкісіне қыстығып әрең шыдаған сабақтастар Кәмен шығып кеткен соң күлісті. Оралқан аңырая қарап қалыпты. Класымыздың «тәртіп меңгерушісі» алдындағы «абройын» қалпына келтіру үшін өтірік төлебескенімізді ұққан соң жуан қарны солқылдап ала жөнелді.
- Бәсе, бұларға тағы не бола қалды десем!... По, Құдай сақтасын, шімірікпейді екенсіңдер тіпті!... Бірде-біріңнен сезсемші бұл қулықтарыңды, - деп үзе-үзе күлді де, шындай сөйлеп күрсінді. - Жоқ, сабақтастар, өтірік болса да төлелеспеңдерші мұнан соң, менің есім шығып кетеді екен!... Өзара төбелесе беруіміз, меңгерушіге жақсы көрінгенімен, басқа кластар алдында масқарашылық қой! Әсіресе осы, «керей», «найман» болып соғысуды қойыңдаршы!
- Бұдан басқа себеппен төбелесу «рақымдыларымызды» толық разы ете алмаса қайтеміз енді?- деп Қуат жымиды. Шырақтар, сөйтсе де біріңді-бірің байқап ұрыңдар!
Серәлі түйіле күлімсіреді Шақанға қарап:
- Үй, сенің әлгі бір жұдырығың кусетіп кете жаздады қабырғамды!... Өлгеніңді... ау, ұратын қолыңа қолғап киіп алсаң болмас па еді!
- Сен де бұрынғы әдетіңмен мықыныма бір көсіп қалдың, байқамай қалғаныңды білдім, әйтпесе басыңды шағар едім!
- Өлігіңе отырайындар, енді өтірік соғышауыз деп бір-біріңді өлтіру аларсындар!- деп Түгелбай қырғыз күжілдеді...
Кәмен енді сіңермін де сірнелерін суырармын деп қуанған сияқты. Бұл күні кеште Ынтықбайларды көп айналдырып, Ынтықбайды тәртіп бөліміне апарып та сөйлесті. Оның не сұрап, не міндеттегенін Ынтықбай айта келді маған: «Биғабіл - ең қатерлі жылан. Мен естіп жүрмін, оның қас жауы - сенсің, саған бәрін жауластырып жүрген сол. Сенің үстіңде жазған материалын көрсең!... Бір оқып төбе құйқам шымырлады менің. Адам туысын қияма, сол үшін айтқаным саған, оны бұрынырақ шоңқитпасаң өзіңді күйретпей қоймайды, есебін таба жүріп соққылаңдар!... Есіңде болсын, бір қатерлі шпион қызбен байланысы бар оның, Совет шпионы секілді. Әсіресе сонысын қолға түсірсек соққанымыз сол! Қандай қыздармен кездескенін, жасырын кітапханамен байланысын табуымыз керек!... Юсуф Қасыммен байланысын да байқай жүр!» депті.
Кәмен Ынтықбайға тапсырманы осылай беріпті. «Шпион қыз» туралы қадағалауына қарағанда, Нұрияны сол түні ұстата алмағаны байқалды.
Кәмен олардан соң мені де шақырды: «былтырғы жылдық сынауда көрсетіп, мінездемеңнен тартқызған Ынтықбай бүгін меңгерушіге сен туралы талай көкіген екен. Меңгеруші жаңа менен сұрады. (Ішкі жағдайды анық сөйлеуге болмайды. Біреуге айтып қойсақ жауапқа тартылып қаламыз!) Мен бүгін сендердің тағы да төбелесіп қалғандықтарыңнан жабылған жала екенін айтып, түсіндіріп қойдым. Бітті, ол енді саған дарымайды. Мен бағана саған өте разы болдым. Ынтықбайлардың мәселесін маған айтып тұратын болдың ғой. Бірақ дәл сол жерде «Калаусыға мәлімдеймін» деп ашық айтып қойғаның қате. Маған мәлімдейтініңді ешкімге айтпауың керек, есіңде болсын! Ынтықбайлар туралы тым жасырын әшкерелеп тұр!... Олардың кім екенін білемісің, әке-шешесі, туыс-туғандары түгел банды, өте бұзылған жұрт, жасырын шоңқитпасаң, мөртін тауып өзіңді мерт қылады. Саған деген ешқандай қастықтан аянбайтынын білем. «Жауды аяған жаралы» дейді ғой, оларды аяп, кешіре берсең, айтпады деме, өз сорың!... Оларды сенің ең мықтап соғатын жерің - қыр қазақтарымен болатын байланысы. Ол қазақтарының атын біліп алуға тырыс! Сұрай алмасаң, маған дәл кезінде айтып тұр! Ұқтың ба?» деп тапсырды ол маған.
- Ұқтым. Бірақ, біз сыртқа шықпай, мектеп ішінде ғана үздіксіз қырқысып, аңдысып жүрміз ғой Калаусы, қыр қазақтарымен олар қалай байланысады?!
- Бәле, олардың амалы көп, қадағалап аңдысаң ғана білесің... Айтқанымды аузыңнан шығарма, ә!
- Құп, Калаусы, мұқияттаймын!- деп қалып, күлкімді әрең тежедім...
Мұқияттайтынымды жасырмайтын әдетім бойынша, шыға сала жеткіздім Ынтықбайға...
Үлгілі болуға тырысып, өліп-өше «төбелескен» еңбегіміз зая кетпеді. Ертеңінде Ынтықбай, Шақан сынды «қас жаулар» араласқан бесеу болып барып рұқсат сұрап едік, ауруханаға жарты сағатта барып қайтуға Ынтықбайды бастық сайлап шығарды.
Совет азаматтары ауруханасының алдына бара сала, жиырма минутта осы жерден табысу уағдасымен тарай жөнелдік. Мен ұйым кеңсесіне алқына жетіп, есіктен Күләнға ентіге ымдадым.
- Аманшылық па, өзің тым асығыс көрінесің ғой?!- деп шыға елеңдеді «қайынбике».
- Нұрия аман ба?- деп турасынан күсіп қалыппын. Ол күліп жіберді:
- Аман!... Менен неге амандық сұрамайсың?!
- По, есімді енді жидым-ау Күләш!... Енді сұрайыншы, өзің аман-есенсің бе?- деп мен де күлдім. - Алдыңғы күні қатер анаған төніп еді ғой, түлкілік етемін деп тазыға қақтырып кете жаздамады ма... қалай құтылыпты?
- Иә, қызарып-сұрланып Кәмендерге сездіріп қоймауларың үшін сен танымай тұра тұрсын деген оймен мен бояған едім. Өзі өзгермей-ақ барып ашық кездесе беремін деп тұрып алған. Кәменнің қастығынан сені қорғау жөнін айтқанымнан соң ғана көніп еді. Кім білген, ол сұмның танып қоятынын!... Әйтеуір аман қалды.
- Иттің тұмсығы тым иісшіл болатынын білмейді екенсіңдер-ау!... Іздеп барып па Нұрияның соңынан?
- Іздегенде қандай!... Мен қайтқан соң біздің үйге екі сақшы кіріп сұрап шықты. Құтыбиден келген менің бір бауырым бар еді, соның куәлігін көрген соң сеніп қайтты. Нұрияның кигені соның киімі болатын. Сақшы қол шырақ жаға келіп қақпа қаққанда Нұрия кілетке кіріп алған....
Көңілім енді жай тапқандай болды менің.
- Сыртқа шығуға рұқсат алудың әдісін енді тапқан сияқтымыз, Нұрияның мектебіне барып кездесіп шығуға болар ма екен?- деп сұрадым.
- Жоқ, қазір оның мектебі де тәртібін күшейтті. Әсіресе қазақ, ұйғыр оқушыларды оңайлықша кездестірмейтін болыпты. Сол мектептің өзінен оқып шыққан мені таныстығымнан ғана кіргізіп жүр... Байқұстар-ай, көрісе алмай шөлдейтін болдыңдар-ау енді,- деп Күлән күлімдегенде мен:
- Шөлдеу емес, сөйлесе алмай қалдық... Менің бір әңгімем бар еді!- деп мөлиіп тұрып қалыппын.
- Біздің үй күн жылынысымен мына іргедегі қораға көшіп келеді. Сонда келіп кездесіп тұрарсыңдар!... Онан да бір орайлы іске талпынып көрмейсің бе?
- Қандай іс?
- Мектеп атынан театр иә концент қоятын болып, дайындықты осы клубқа әкеліп жүргізбейсіңдер ме?... Нұриямен кездесудің орайы сонда табылмаса, күн жылынбай қояр ма екен!...
Күлісе айырылыстық. Мен бұл амал жөнінде ойлана қайттым. Жылымық сарғыш нұр төгіп тұрған күнге, аула ішіндегі жіпсіп жылтыраған қарға қарап, ыстық үмітті жақыннан елестетсем де, жазғытұрымның «ұзын сарылары» көп сарылтатын ұзақ-ұзақ жылдардай сезіледі.
«Мектепті театр қоюға қалай көндіруге болар?!... Ақылбай мен Кәзенді салсақ, олар күшеп кіріссе!... Әсіресе, қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының талабы болса... Бұларды қызықтыру үшін тамаша драмма керек қой, ол қайдан табылар екен?...»- деп осы қаммен асыға басып, бас қосатын жерімізге жеттім. Ынтықбайлар келмепті, маңайымды барлай салып, ауруханаға жүгіре кірдім де, түкпірдегі кітап дүкеніне тура тарттым.
- Сәлем!- деп бас ие сала сұрадым мұртты өзбектен.
- Ағай, қазақша сахна шығармалары бар ма?
- Жоқ, келмеді.
Мұқтаждықтың қиналысымен түйіле шықтым қақпадан. Группа жиналып мені ғана күтіп тұр екен, бесеу болып қайта қайттық. «Өзім жазып көрмеймін бе бір драмманы,- деген ой сап ете түсті, - адам істегенді адам істей алмай ма?.. Бәрін де істей аламын Нұрияш үшін!...»
Осы оймен келе жатқанымда Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романы есіме түсе кетті. «Сахналастыруға оңай да, қоғамға қонымды, аңдымпаздар мұжи алмайтын тақырып қой...»
Сол күні кеште жатақханаға кірісімізбен Ынтықбайдың иығына асыла келіп отырдым.
- Інтеке, бір жақсы ақыл табылып тұр.
- Не ақыл?
- Осы қақпадан сыртқа еркін шығып тұрудың ақылы... Екеуміз бірлесіп драмма жазамыз. Алдымен Ақылбай мен Кәзенге көрсетеміз де, олар жаратса, қазақ ұйымына ұсынамыз. Сахнаға қоюға ұйым тез бекіттіріп береді. Біздің осы класс түгел артист екенін көріп жүрсің, сахнаға алдымен өзіміз қоямыз. Ақшасын, мейлі мектеп алсын, бізге ұйым клубына барып театр дайындауға еркіндік тисе болғаны!
- Онда жақсы болар еді, бірақ соны жаза аламыз ба?
- Сен жәрдемдессең жаза алармыз!
- Жарадың онда Биғаш, қолымнан келісінше көмектесуге мен дайын!... Тіпті барлық сабақтастар жардемдесер!
Романның оқиға желісін сол кеште-ақ бес пердеге бөліп жобалап алдық та, ертеңіне кірісіп, бос уақытымызды соған түгел арнадық. Қысылған адам қиядан қорқа ма, асықтырмай арман бола ма, қой тастарынан құланша орғып, құзына қыранша өрлеппіз. Ішті өрттей жалаған ынтызарлық түндерінде аунақши түсіп, атып тұра сала Ынтықбайды оятамын. Байқұс «бұқа» пысылдай түрегеліп, «мүйізін» бір шайқай салады да, айтқанымды ыңырана түзетіп жаза береді. Ол менің күткенімдей шықты, қазақтың тұрмыс салтына да, әрбір кейіпкердің сөз саптау ерекшелігіне де менен жетіктеу екен. Драммалық сюжет пен кейіпкерлердің сөз логикасы роман екеумізден шықты да, сөйлеу әдісін көбінесе Ынтықбай жетілдіріп отырды.
«Қалың мал» бір аптада-ақ драмма болып шыға келді сөйтіп. Тәуір шыққандығы алдымен өз сабақтастарымыздың ереуілдеуінен көрінді; әрбір кейіпкердің рөлін, «мұны мен келітіремін! Мен орындаймын!» десіп, күні бұрын өздері бөлісіп ала қойды. Қызы мен жігітін де, кемпірі мен шалын да - бәрін де өз класымыздан өздері сайлап, Кәзен мен Ақылбайға өздері жүгірді. Албырт тасқын абайсызда Кәменге де алқына жетіпті.
Кәзен мен Ақылбай «қазақ көркемөнерінің бір жақсы туындысы болыпты» деп қарсы алса, алдамкөстігін мақтаныштығына араластыра жүргізетін Кәмен: «біздің мектептің туындысы», «біздің өнерімізді көрсін Үрімжі!» деп шықты. Соның ішінде, сабақ пысықтап, асхана үстелінде отырғанымызда арсы-күрсі жетіп келді менің қасыма:
- Әкел, пъесаны, меңгерушіге бекіттіретін болдық... Ол бекітсе ешкім қол сұғып қымырлай алмайды - мен бекіттіремін!
Меңгерушінің өзін қымырлатпайтын біреу бекітпесе, оның бізді қымырлатпай тастайтыны хақ еді. Пъесаны ханзушаға аудартып түсінудің өзіне ең кемінде бір ай уақыт кетеді де, сонан соң тапшыл-қызылдық жағынан ұстап, қирата салар еді. Сонан соң «Советшіл», «қызыл» деп бізді қырына алуы тіпті хақ. Бұл - Кәменнің айыр құйрық амалы екенін сезе қойдым.
- Қайта өңдеп көшірмекпіз. Бекітуге сонан соң ұсынбақпыз!- дей салдым да, Кәменнің бұл ниетін ертеңіне Ақылбайға айттым, ол күдігімді күлімсірей құптап, қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымы арқылы бекіттіруге әкетті.
Гоминданның өлкелік бөлімшесіндегі саяси орны бекемірек бір қазақтың қызыл сиямен құттықтай салған бекімін алып, үш күнде-ақ қайтты пъесамыз. Ұйымның мектептен сахнаға талап еткен қатынасын да бізге әкелген Ақылбай меңгерушіге сонан соң апарды. «Бұл пъесаны қазақ-қырғыз ұйымы иемденіп алмай тұрғанда солардың клубына өзіміз қойып, мектепке кіріс кіргізейік!» деп сөйлесті ол.
«Куайчян» сөзі шыққанда «куай» демейтін меңгеруші жаралған ба, Сарөзеннің тасқын апатынан келген балаларына аузымыздағыны жырып беріп отырғанда тосын олжаны тойтару қайда, «тұңий!»1 депті жалғыз-ақ.
Мен Нұриямен табысқандай қуандым да, Ақылбай «әлеуметтік келелі іске» қатынасқанымызға азаматтық тілеулестігімен қуанып, бізден «үлкен үміт» күтетіндігін білдірді. Түлкілігімен ештеңе бітіре алмай қалған Кәмен енді иттігін іске қосты, арсалаң қағып алды-артымызды орады. Арамызға кіре жүріп қана қаба алатынын толық түсінген сияқты:
- Бас рөлдің бірін мен орындаймын!- деді ол.
Нұриямен кездесуіме тағы да қырсық болатынын ұмытармын ба? Оны бұл пъесадан сырт қалдырудың амалын көп-ақ іздестіріп едім, иелі «бөрі басар» бой берер емес.
- Калаусы, ыңғай оқушыларыңыз қатынасқан ойынға сіздің қатынасуыңыз ұят!- деп те көрдім. «Өзіңіз оқытып жатқан педагогикаңызға қайшы, методикаға қарсы!» деп тұмсығынан да итердім. «Оқушыларыңыз ұялып, рөлін атқара алмай қалады. Басқа ұстаздарымыз соны біліп, қатынаспайтын болды. Сіз де өз дәреже-абыройыңызды сақтаңыз...» деп те көрдім. «Калаусымызға» бұл дәрілерден шипа қонбады. «Қыз», «жігіт» болып ойнап жүрген оқушылары арасындағы жалғыз «ұстазға» жұрттың айтарлық сықағын да айтып күлістік.
- Не десе о десін, мектебіміздің табысы, абыройы үшін әрқандай міндеттен аянбаймын! - деп сыбана түсті.
Кәменнің бұл райын көрген соң, оған суфлерлық міндет артып, сахнаның астына қамағым келді:
- Олай болса бұл пейіліңізге бәріміз алғыс айтамыз, суфлер болып, осы пъесаны басқарыңыз.
- Жазған пъесаңның бар сыры өзіңе белгілі, суфлер де, режиссор да өзің боласың.
- Мені көпшілік Ғайша рөліне белгіледі. Класымызда бұл рөлді орындайтын басқа ешкім жоқ.
- Сенен де артық орындайтыны табылады, дауысы жіңішке не қилы әнші сабақтастарың бар ғой?- деп қисындаған Калаусы, өзінің қиындығын да көрсетіп, өз құқығын жариялай қойды. Меңгеруші бұл ойындарыңды менің басшылығыма тапсырды, мен қай міндетке бөлсем, тәртіп бойынша соны орындауға борыштысыңдар! Суфлерлыққа өзіңді тағайындаймыз.
Сахна астына қамауды мен ойластырғанша, құқық иелері өзімді әлдеқашан түрмелеп болғанын сездім. Қанша айтқанымен қамап дағдыланған қарулылар ғой?!
Бұл ағаш желімнің айрылмастай жерден жабысқанын біліп, суфлерлыққа қамамай қоймайтынына көзім жеткен соң, енді оның өзіне өз иттігін бейнелетіп ажуалағым келді: «қалай мақтасаңдар да Кәменді өз қасиетіне лайық Итбай рөліне шығарыңдар!» деп сабақтастарға сыбырлап қойдым да, класқа Ақылбай мен Кәзенді шақырып, рөлге қатысушыларды көпшілік талқысына салдым.
Тұрлығұл байдың жуындысына мәз бола жарамсақтанып, қызы түгіл арын да саудалайтын Итбай молланың рөлі «Кәменнен басқаға лайық емес» деп жасырын күлісіп алған сабақтастар, Итбайлыққа Кәменді қауқалап көтермелей «сайлады» да, Кәзен мен Ақылбай миықтарынан күле бекітті.
Сөйтіп, дайындықты әр күні түстен кейін ұйым клубына барып жүргізетін болдық. Суфлер аузы қарбалас қой. Асығыста «Калаусысын» қайсы атымен шақырса да еркі бар. Рөліне «Итбай» деп атап шақырғанымды естігенде Күлән ішек-сілесі қатқанша күліп жүрді де, бір күні есік босағасынан күтіп тұрып, жан қалтама өткендегідей бір жапырақ қағаз сүңгітті.
Нұрияның айшықты жазуы: «Табысыңызды «мұқияттап» қойдым. Құттықтаймын, күлуге де, қуануға да татиды екен!» деген ғана екі-үш ауыз сөзді оқығанымда, төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Жеткенді былай қойып, тесіп те өтер еді-ау, «сіз» деген сөзді Нұрияның әлі тастамағанына ғана ойсырап, бүгіле оқыппын.
Арман қанатына мініп, алысты жақындатқан бұл талабым өзімді ауыр жұмысқа салғанына жарай, осы ойын дайындығында тілегіме тағы да жеткізе алмай жүрді. Суфлерлық пен «өсиетшіліктен» босар емеспін. Тасаға тығылып алып, рөл орындаушылар мен пъесаға кезек үңіле бердім. Есікке жалтақтау орайымнан да айрылған сияқтымын. «Осы халге түсірген Кәменді» «Итбай, Итбайлап», үстемелеп атап шақыратын болдым. «Былай сөйле, Итбай!...», «құйрығыңды бұлаңдат», «мойныңды бұлаңдат», «жүгініп шоңқия отырсаңшы Итеке!» «Жоқ, былай... жағайымсу үнімен сөйле, әйтпесе образың айқындалмай қалады!» дегендей бұйыра үйретуді жиілеттім. «Калаусының» өзі «басқар» деп бұйырған соң басқармасыма лаж бар ма? Сол бұйрық иесінің өзін ғана қатал бұйрықпен басқардым.
Дайындығымызды көруге келген кейбір аға буындар мен Күләннің алдында Кәмен күл беттене орындап жүрді, бұйрығымды. Кейіпкер ерекшелігіне сай дұрыс режиссорлық болғандықтан, күл беттенсе де күңк етуге шарасы жоқ еді. Сөйтіп, менен именетін жағдайға түсе бастады.
Үкіметке жұртшылықтың ұйымдасып қойған талабы бойынша түрмеден босатылған Дубек Шалғынбаев бастатқан бірнеше қайраткер бір күні клубқа келіп, біздің жаттығуымызды көрді. Ісімізді Сәдуден сұрап танысқан Дубек Ынтықбай екеуміздің қолымызды алып, алғыс айтты: «бұл драмманы жазған да, сахнада орындамақшы да өздерің екенсіңдер! Қыз да, кемпір де, шал да, би де, қара да, тіпті режиссор да, суретші декоратор да... Бәр-бәрі жап-жас өздеріңнің бір ғана кластан шығыпты, неткен үмітті жайт!» деп өзінің қоңыр сазды, бәсең үнімен сөйлеп, жағалата қарап шықты бәрімізге.
- Өркендерің өссін!... Бұларды ұйым құшағына тартып, қамқорлық етулеріңіз жақсы, - деді сонан соң Сәдуге қарап.
Дубек қолын да алмай, елеусіз қалдырып шыққанына Кәменнің «басшылық дәрежесі» мен қампиған жүні жиди жығылып еді. Ертеңіне түстен кейін сахнаның артқы есігінен Күлән кіріп, мені шақырды:
- «Сізді» Сәду шақырды үйінде. Жаттығуды Кәмен басқара тұрсын дейді!
Пъесаны Кәменге ұстатай салып, тұра жөнелдім. Дубек Сәдуге тапсырған қамқорлықтың иісі бәріміздің мұрнымызға келіп еді. Мен үшін ең зор қамқорлық Күләннің өзінен болғанын есік сыртында күлімсірей күтіп тұруынан сезе қойдым. Оның үйі жоғары жақтан көшіп келіп, ұйымның арт жағындағы іргелес қораға түскеніне екі-үш күн болған.
- Нұрияш бағана келген, біздің үйде отыр, қақпадан айналып тез жет!- деп Күлән өз үйіне төте өтетін дауал кетігіне жөнелді.
Күләннің кәрі шешесі мен жалғыз бауыры ғана бар еді. Нұриямен оңаша кездесетінімді сезіп, секіре жөнелдім. Айнала «ұшып» жетіп барғанымда Күлән есік көзінде күтіп тұр екен. Шешесі ауыз бөлмеде бірдеме істеп, сырт қарап отыр.
- Кіріңіз, қарындасыңыз келді, мына үйде! - деп Күлән маған төр үйдің есігін ашып кіргізді де, нықай жапты.
Терезе алдындағы орындықта отырған Нұрия орнынан атып тұрды. Маған қарай бір қадам баса амандасты да, нарт жанып төмен қарай берді. Мен де солай ұмтыла амандасып, солай тұрып қалған сияқтымын, арамызда мұндай тартыншақ қадамның әлі де төрт-бесіндей жол жатыр. Нұрия жалт етіп қайта қарағанда көзіміз тоғыса қалды. Кірпігі лып-лып қағылып, қайта төмендегенде бір қадам бастым. Жүрегім апалаң-топалаң. Төмен қараған күйі ол да бір қадам ілгеріледі. Анау бір сәтсіз түндегі ерлігімізден танып, есімізге келе алмай тұрған сияқтымыз. Мен ашық күрсініп жіберіппін. Ол да күрсінгендей демін соза алды.
- Сізді қатты сағынатын болдым!- деп едім.
- Мен де...- деген сыбырмен қызыл гүлдей ерні сәл ашылды. «Енді неғып тұрсыңдар?!» дейтін ершікеш біреу болсашы... Мен өзімді өзім қайрағандай екі адым ілгерілеп барып тұна қарадым. Құшағым түгіл еңкейе созсам ернім де жететіндей жақындаппын. «Бірақ, соншалық мол ақылдың көзін жаудыратып, қалай сүйе аларсың, қосыла алмай қалсақ, қорлағандық болады ғой?» Ол тұқыра түсіп, көз астымен мөлтілдей қарап қойды.
- Нұрияш, мен сізге аса ынтықпын... бірақ...
Ол селт ете тура қарай қалды:
- «Бірақ» дегеніңіз не?
- Бірақ... Мен сізге тұрмыс ахуалымды айтып едім ғой, есіңізде бар ма?
- Есімде.
- Мол тұрмыста өскен қызды тым кедей семьяға өтіну қиын ғой?
- Неге ... қиын?
- Көп қиыншылық болатынын ойлап көрдіңіз бе?
- Бәрін ойлағамын,- деді ол тұқырған бойы,- қиыншылық емес!
- Менен үлкен екеуі әлі үйленген жоқ, қосылуымызды кешіктіреді ғой?
- Қанша кешіксе де... әйтеуір түбі...
- Әйел бала «кәрі қыз» аталып отыра алар ма, асықпай ма?
- Шын күттіргені болса... асыға ма?... Мен әлі он жетідемін ғой!
- Асықпағаныңызға әйел табиғаты көтерер ме екен?!
- Сен мені шын...- деп қойып «сүйесің бесін» де, «күтесің бесін» де айта алмай қалып едім.
- Шын емей,- деп күлімсірей иілді Нұрия,- қанша жыл күттірсеңіз де... ал, сізші?
- Шынның шыны болмаса әлгіндей тым жіңішке сұраулы шындығымды айтармын ба?
Құшағымыз енді ашылып, жүректер бір-біріне магнитше жабыса бергенде есік сықыр ете түсті. Айқасқан білектерімізді түсіре қойдық. Есік сықырлап барып ашылды. Бұл сәтте екеуміз де басымызды төмен сала қойыппыз. Күләнға төбелерімізді түйістіріп тұрғандай көрініпті.
- Екеуің сүзісіп тұрсыңдар ма?- деп күліп жібергенде, бірге күле шегініп барып, екеуміз екі жақтағы орындыққа отыра қалдық.
Тергеушім, сіздің маған қаратылған өшпенділігіңіз дәл осы тарауды оқығанда асқындап-ақ кеткен шығар. Олай болатыны, мұнда мен өтірік төбелесіп, шпионның ішіндегіні суырып алатын өнерлі залымдығымды әшкереледім. Мендейлер тірі қалса, қазіргі өз тыңшыларыңыздың шебіне де аса қатерлі болатындығын көрдіңіз. Ал, Гомендаң қақпадан шығармай қамап тастағанда да ұшып шығып, қанқұйлы белсендісінің қалыңдығын қағып әкеткен қанатты пері екендігімді де әшкереледім. Мендейлер тірі қалса өз жендеттеріңіздің қалыңдық-келіншектерінің де қатерсіз тұрмайтындығын білдіңіз. Бопсалап алған келіншектің бос болатыны, алдап алған келіншектің алдырмай қоймайтыны да айқын ғой. Түрмеңізден тағы да ұшып шықсам қаншалық қатерлі болатындығын қу ішіңіз біліп отырған шығар.
Өздеріңіздің құйрықтарыңызды қопақтатып отырған барлық қатерден құтылуларыңыз үшін мені қатыра салуды ойлап, оқталсаңыздар да бабын толық таба алмай жүрген жайларыңыз белгілі. Қылмыстың дәрежесін күдік пен күмән белгілеп жатқан күпті кезеңдеріңізде мұның несі қиын!
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
1 «Куайчян» (ханзуша) - ақша, теңге; «куай» - тез; «тұңий» - құптау, қолдау, құптаймын.