Мемлекеттік тілдің мүшкіл халін айта-айта жақ талды, өрескел қателіктер туралы ақпаратты ести-ести құлақ тұнды. Бірақ әлі күнге туған тіл тұғырына қона алмай тұр.
Күнделікті тұтыну тауарларының қорапшаларындағы қазақ тіліндегі жазбаларды көріп, жағаңды ұстайсың. Тауар өндіруші компаниялардың жіберген өрескел қателіктері еріксіз езуіңізге күлкі үйіреді. «Синегорья сүті» Көкшетау сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімін тұтынбайтын халық кемде-кем шығар. «Одари» тауар белгісімен шығарылатын сүт өнімдерінің дәмі тіл үйіреді. Әйтсе де, өнім қорапшаларының сыртындағы қателіктер тілдің абыройын айрандай төгіп отыр. «Одари» сүтінің қорапшасындағы қателіктерді тізбектеп көрелік. «Молоко шоу» атты шараның аясында сүт өнімін тұтынушылар арнайы жүлделерге ие болады екен. «Молоко шоу» акцияның өткізілу уақыты - 01.11.11. бастап, 30.04.12 дейін. Жүлде беру мерзілі - 01.11.11. бастап 31.07.12 дейін. Осы сайттарда акция шарттары туралы толық ақпаратты тауып аласыз» делінген қорапшада. Мемлекеттік тілде жіберілген қателерді үшінші сыныптың оқушысы-ақ бірден аңғарады. «Сау сиырдан жаңа сауылған сүт алғашқы 2 сағатта өте пайдалы! Біздерге, қала тұрғындарына, мұндай сүт қолжетімді емес, құйылып берілетін сүт бізге бірнешге сағат өтекеннен кейін жетеді. Осы уақытта онда денсаулыққа қауіпті ауру жұқтыратын бактериялар дамып жатады» дейді сүт өндірушілері. Шұбалаңқы сөйлемнің орысша нұсқасынан ұққанымыз, сауылған сүт тек алғашқы екі сағатта ғана пайдалы екен. Ал қала тұрғындарына құйылмалы сүт бірнеше сағаттан соң жеткізіледі. Бұл уақытта сүтте денсаулыққа зиянды бактериялар пайда болуы мүмкін. «Енді не істеу керек?» деген сөйлемді, «Синегорья» компаниясы «Қалай болу керек?» деп аударған. Сонымен, «Сүттің максимальді пайдасы ультрапастерлендіру әдісі арқасында сақталады. Бұл сүттің пайдалы қасиетін сақтап қалатын және толығымен бектериядан тазалайтын өңдеу» екен. Ал түсініп көріңіз... «Одари» сүтінің 5 артықшылығының бірі ретінде, сапасына барлық өндіріс жұмыстары кезінде қатаң бақылау қойылады делінген. Өнім сапасын бақылаушылар қорапша сыртындағы қателіктерді бақылауға алмады немесе тіптен сүт өндіру зауытында қазақ тілін білетін маман тапшы болса керек. Айтпақшы, арнайы шараны жарнамалап тұрған Ресей актері Иван Ургант «Вот бережный подход!» деген орыс тіліндегі сөйлемді «Міне, құнтты тұрғы!» деп қазақ тіліне тәржімалаған.
Әйгерім Бақытқызы
|