Жұма, 29 Наурыз 2024
4596 8 пікір 6 Мамыр, 2021 сағат 11:54

Лавров: «Депутаттарымыз дей береді...»

Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында Қазақстанға қатысты айтылған арандатушы сөздерге қатысты түсініктеме берді.

Лавровтың айтуынша, Қазақстанның аумақтық тұтастығы туралы арандатушы сөздерді ресей депутаттары өздеріне назар аударту мақсатында айтқан.

«Саясаткерлер өз мансабын әрқалай құрады. Даулы сөз қуатын саясаткерлер де жоқ емес. Даулы болып көрінетін мәселелерді ортаға салғанды ұнататын саясаткерлер де бар. Олар өздеріне назар аудартуды мақсат етеді. «Жақсы немесе жаман жазғаны бәрібір, бастысы – жазса болғаны» деген сөз бар ғой, содан болар. Қазақстанға қатысты Ресей Федерациясының саясатын айқындайтын тұлғалар екі ел арасындағы келісімдердің қайсыбіріне шүбә келтіретін ешқандай сөз айтпады және айтпайды да. Аталған келісімдер бір-біріміздің егемендігімізді, аумақтық тұтастығымызды, саяси тәуелсіздігімізді сыйлауға негізделген. Біз екі ел басшыларымен келісіліп, қол қойылған, парламент рұқсат еткен, заң, халықаралық құқықтың бөлігі саналатын құжаттар негізінде одақтастықты дамытудамыз», - деді Сергей Лавров.

Сондай-ақ, Ресей СІМ басшысы саясаткерлердің, кейбір парламентшілердің мұндай күмәнді, кейде арандатушылық мәлімдемелері демократиялық өмірдің бөлігі деп санайтынын айтты.

«Саясаткерлердің, жаңа парламентарийлердің күмәнді, кейде арандатушы сөздері демократиялық өмірдің айналып өте алмайтын бөлігі деп ойлаймын. Біздің халқымыздың қарым-қатынасына сызат түсіретін осындай сөздер пікірталас клубтарынан аспаса болғаны. Біздің қарым-қатынасымыздың халықаралық-құқықтық базасын бұзатын мұндай сөздердің ешқашан шынайы саясат маңында тұрмайтынына кепіл бола аламын», - деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Путин басқаратын «Единая Россия» партиясының депутаттары Қазақстанға қатысты лег-легімен даулы мәлімдемелер жасап, қоғамдық резонанс тудырған еді.

Әуелі Дума депутаты Вячеслав Никонов «Первый канал» телеарнасындағы «Большая игра» бағдарламасында: «Қазақстан деген болған емес. Солтүстік Қазақстанда адам тұрған емес. Қазақстан территориясы – Ресей мен Совет одағының берген сыйлығы» деп сөйледі.

Артынша тағы бір Дума депутаты Евгений Федоров Никоновтың сөзін қолдай сөйлеп, мынадай мысал келтірді:

«Сіз өзіңіздің досыңызға автокөлік сыйладыңыз. Бір жылдан соң келіп: «Көлігім қалай екен?», деп сұрайсыз. Ол сізге: «Қайдағы сыйлық? Бұл сыйлық емес. Мен бұл автокөлікті өз еңбегіммен алдым», дейді. Сіз осындай «досыңызға» қалай қарайтын едіңіз? Ал дұрыс адам: «Көп рахмет. Жақсы көлік екен. Мен ұмытқан жоқпын. Бір күні менен де қайтарымы болады», демей ме?..

Ал енді Қазақстанның ресми органы: «Біз ешқандай да сыйлық алғанымыз жоқ. Біз оны сендерден тартып алдық», деп мәлімдеме жасаса, ендеше сіздермен басқаша сөйлесейік, басқа тілде, қазақстандықтар!», - деді.

Депутаттардың мұндай сөздер айтуына Путиннің мәлімдемелері себеп болды деуге негіз бар. Ал осы жылдың 18 наурызында Қырымды тартып алғанының 7 жылдық мерейтойына орай ел алдында сөйлеген сөзінде Путин:

«Өткен ғасырдың 20-жылдары большевиктер Кеңес одағын құру кезінде түсініксіз себептермен көптеген территорияларды енді құрылған квазимемлекеттік құрылымдарға бере салды. Ал кейін өздері құлдырап, өз партияларын ішінен құлатып, Кеңес Одағын таратып тынған сәтте, Ресей ауқымды территориялары мен геосаяси кеңістіктерінен айырылып қалды», - деген еді.

Ал, тағы бір даулы саясаткер, Қазақстанның тумасы Жириновский осы жылдың сәуір айында Павлодардағы 23 көшеге қазақша атау берілгеніне наразылығын білдіре сөйледі:

Қазақстандағы Павлодар қаласында 30 көшенің атын ауыстырмақ. Орысша атауларды қазақшаға өзгертпек екен. Сендер өздеріңнің қазақ қалаларын салып алыңдар да, сонда қазақша көшелерді атай беріңдер, өзгенікіне тимеңдер. Петр тұсында ол жерде Коряков форпосты болған, тұз шығарушыларды қорғайтын. Ол жерде ешқандай мемлекет болған жоқ, қу дала, кей жерде көшпенділер жүрді. 300 жыл бұрын қайда болдыңдар Қазақстан? Сендер болған жоқсыңдар. Жоңғар тайпалары болды, бірақ Жоңғар мемлекеті болған жоқ. Қазір барлығының атауын өзгертіп жатыр, ауыстырып жатыр. Барлығы ұмытылып, қазақтарға қалады деп ойлайды. Ешкім ештеңені ұмытпайды. Орыс әлемі мен кеңістігі шекарасын қалпына келтіреді. Тәртіп орнатады»,- деп мәлімдеді.

Ресейлік депутаттардың мұндай өктем сөздері мен мәлімдемелері қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қоғам белсенділері Ақорда тарапынан, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі тарапынан реакция болуы керектігін айтып, талап қылды. Одан соң, Қазақстан СІМ наразылық нотасын тапсырған еді.

Ал, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ресей саясаткерлерінің мұндай мәлімдемесін «қысыр сиырдың сандырағы», - деп бағалады. Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед «Никоновтың сөздері саяси жауапсыздық һәм қазақ халқын қорлау»,- деді. Бірқатар мәжіліс депутаттары да өз қарсылықтарын білідірді.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3553