Тіл және мемқауіпсіздік философиясы
Президент «Мемлекеттік қауіпсіздік кепілі - қазақ тілі», деді. Жұрт бастаманы жоғарыдан күтіп, «тезірек қазақ тілін тоталды мемлекеттік қатынас тілі етсін, ол үшін билік өзінен бастасын. Бірақ оларға сенім жоқ» деп жатыр екен... Келісемін.
Осыған дейін мың уәде берілгені рас. Оның зардабы ұлттық менталитетте көрініс тауып, жастардың Отанға деген көзқарасы жеңілдеп барады. Мұның зардабы өзім жұмыс атқаратын ғылым-білім саласында да жеткілікті дәрежеде: мысалы, әлі күнге дейін жастарға толықтай қазақ тілінде білім алу өте ауыр, әрі, сапалы болмай келеді. Оқулықтар аз, кейбір салаларда мүлдем жоқ. Сондықтан, биліктен тілге қатысты тарихи әділеттілікті талап етумен бірге, қазақ тілінің басты субъектісі саналатын қоғамның өзі де «Қоғам не істеуі керек?» деген сұрақты қатар көтеруі керек. Сонда ғана екі полюстың: бірі – «тілге шорқақ, бірақ, «қазақ тілі мемқауіпсіздік кепілі» деп отырған биліктің, екіншісі – «тіл қоймасы» деп танылған бұқараның (қазақ қоғамның) бір-біріне қарай қозғалуы, басқаша айтқанда - МАҚСАТТАРДЫҢ БІРІГУІ орын алады.
Егер, Қазақстандық қоғам осы қалыпқа тезірек қол жеткізе алса - шын мәнісінде, толыққанды мемқауіпсіздік орнай бастайды.
Ол неден көрініс табады? Ол - қазақ тіліндегі ғылым-білімнің дамуынан; Ол - ғылыми негізделген экономиканың түзілуінен; Ол - қазақ тілді өндірістің пайда болуынан; Ол - қоғам өмірін жан-жақты қамтыған Қазақ тіліне деген бүкіл ел азаматтарының құрметінің артуынан; Ол - Тілге құрметтің қазақ дәстүріне деген құрметке ұласуынан, Қазақ халқының Ұлттық болмысынан жастардың жаттануынан арылудан; Ол - Қазақ тілінің әлемдік мәдени үрдіске интеграциялануының қарқыны артуынан; Ол - Қазақ тілінің мойындалуының Тәуелсіз Қазақ мемлекеттілігінің толық мойындалуына ұласуынан көрініс табатын болады.
Ендеше, Қазақ қоғамы өз билігіне талапты қоя отырып, онымен бір мезетті өзіне де қойылатын талаптарды сараптап, оны басқа талаптармен қатар, бір мезгілде шығаруы қажет! Сөйтіп, МАҚСАТТЫ БІРІКТІРІП, ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҰМЫЛУЫ қажет.
Мысалы, біз қазір Әл-Фараби ат. Қаз ҰУ, Философия кафедрасы Гүлжихан Жұмабайқызы Нұрышеваның (Гульжихан Нурышева) жетекшілігімен «Қазақ философиясы» атты Интернет Қауымдастық құрып, қазақтың философиялық тілін тездетіп қалыптастыру қажеттігін жарияладық. Себебі, қоғамда Ұлт тіліндегі Философиялық ойлау мәдениеті кенжелесе, Ұлт мәдениетінің орнын басқа дүниетаным, Ұлттық болмысқа жат дүниетаным баса бастайды. Бұл Қоғамдық санада қайшылықты тудырып, соңы Ұлттық бөлшектенуге апаратын, көзге көрінбейтін, бірақ зардабы өте ауыр болатын мәдени-рухани апатты-қайшылықты жағдайға әкеледі. Ал Ұлттық тұтастықтан ажыраған қоғамның Тәуелсіздігі де тиянақты болмайтыны анық...
Міне, президент Қ.Тоқаевтың да «Қазақ тілі - қауіпсіздік кепілі» деп айтуының түпкі мағынасы да осында дер едім! (Ескерту: менің бұл жазбамда еш жағымпаздық жоқ. Бұл - өмір шындығы. Ал, шындықты айту, менің бір кездері «ДАТ» газетінің белсенді авторы болып жүрген кезден қалған әдетім. Ұмытпағандар оны біледі).
Әбдірашит Бәкірұлы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия кафедрасының аға оқытушысы, философ-публицист
Abai.kz