Ислам әлемі: ащы ақиқат
Дүниежүзінде 1,5-2 миллиард мұсылман бар деп болжануда. Демек, мұсылмандар әлемдегі жан санының 25 пайызын (1/4) құрайды. Бұл өте үлкен көрсеткіш, мұсылмандар христиандардан кейін екінші орында.
Әлемде 57 мұсылман мемлекеті бар, бұлар Ислам Конференциясы ұйымына мүше мемлекеттер. Демек, әлемдегі барлық мемлекеттердің 30 пайызы (1/3) мұсылмандардікі. Бұл да үлкен көрсеткіш. Дүниежүзіндегі минералды ресурстардың, энергия көздерінің айтарлықтай бөлігі мұсылман елдерінің еншісінде екенін назарға алайық.
Енді осы мәліметтер негізінде мына деректерге көңіл бөліңіз:
Надандық: Әлемдегі мұсылмандардың тең жартысы сауатсыз. Бұл 1,5-2 миллиард адамға шаққанда сұмдық үрейлі көрсеткіш, масқара. Кейбір елдердегі сауатсыздық деңгейі таңдай қақтырады: мәселен, 2008 жылғы деректер бойынша әйелдердің Алжирде 34%-ы, Бангладеште 52%-ы, Мысырда 40%-ы, Мароккода 58%-ы, Пәкістан мен Йеменде 60%-ы, Түркияда 20%-ы сауатсыз. Шумерлердің осыдан 5300 жыл бұрын сауатты қоғам орнатқанын ескергенде, ХХІ ғасырдағы мұсылмандардың мына аянышты халіне не дерсің?! Кітабының аты «Құран», яғни «оқулық» деп аталған, алғашқы аяты «оқы!» деп басталатын бұл діннің үмметіне лайық па осы?
Дүниежүзінде 1,5-2 миллиард мұсылман бар деп болжануда. Демек, мұсылмандар әлемдегі жан санының 25 пайызын (1/4) құрайды. Бұл өте үлкен көрсеткіш, мұсылмандар христиандардан кейін екінші орында.
Әлемде 57 мұсылман мемлекеті бар, бұлар Ислам Конференциясы ұйымына мүше мемлекеттер. Демек, әлемдегі барлық мемлекеттердің 30 пайызы (1/3) мұсылмандардікі. Бұл да үлкен көрсеткіш. Дүниежүзіндегі минералды ресурстардың, энергия көздерінің айтарлықтай бөлігі мұсылман елдерінің еншісінде екенін назарға алайық.
Енді осы мәліметтер негізінде мына деректерге көңіл бөліңіз:
Надандық: Әлемдегі мұсылмандардың тең жартысы сауатсыз. Бұл 1,5-2 миллиард адамға шаққанда сұмдық үрейлі көрсеткіш, масқара. Кейбір елдердегі сауатсыздық деңгейі таңдай қақтырады: мәселен, 2008 жылғы деректер бойынша әйелдердің Алжирде 34%-ы, Бангладеште 52%-ы, Мысырда 40%-ы, Мароккода 58%-ы, Пәкістан мен Йеменде 60%-ы, Түркияда 20%-ы сауатсыз. Шумерлердің осыдан 5300 жыл бұрын сауатты қоғам орнатқанын ескергенде, ХХІ ғасырдағы мұсылмандардың мына аянышты халіне не дерсің?! Кітабының аты «Құран», яғни «оқулық» деп аталған, алғашқы аяты «оқы!» деп басталатын бұл діннің үмметіне лайық па осы?
Ғылыми потенциал: Ғылым және техника салаларында жарияланған мақалалардың жалпы мөлшері – елдердің даму деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштерден. 1996-2005 жылдары аралығында (10 жылда!) Сомалиде 16, ең дамыған мұсылман елі саналатын Түркияда 87 629 ғылыми-техникалық мақала жарияланған екен. Ал аталмыш кезеңде АҚШ-тағы екі-ақ жоғары оқу орнында – MIT (Massachussets Institute of Technology) және Станфорд университеттері 99 643 мақала жарияланған екен! Сол кезеңде Қазақстан 2 242, Ауғанстан 59, Грекия 65 107, Финляндия 86 608 мақала шығарған. Барлық әлем пайдаланатын Нокиа телефондарын өндіретін Финляндияның бар-жоғы 5-ақ миллион халқы бар.
Ғылыми белсенділік: 1996-2005 жылдары жарияланған ғылыми және техникалық журнал мақалалары бойынша: Ауғанстанда 1 миллион адамға шаққанда 2,5 мақаладан келсе, Пәкістанда 53, Қазақстанда 150, Түркияда 1 240 мақаладан келеді екен. Ал Финляндияда бұл көрсеткіш 16 556 және Ирландияда 14 930 мақаладан! Ирландияның 4-ақ миллион халқы бар екенін ескеріңіз. Арадағы алшақтық жер мен көктей!
Ғылыми мақалалар: 2005 жылы Ислам Конференциясы ұйымына мүше 57 елде (1,5 миллиард адам!) барлығы 45 425 ғылыми мақала жарияланса, АҚШ-тың бір Нью-Йорк штатының (19 миллион адам!) өзінде 52 560 мақала жарияланған екен. Бір ғана Гарвард университетінде (6 650 студенті бар) 2005 жылы 15 455 ғылыми мақала жарияланғаны көп нәрсені байқатады. Осы уақытта Қытайда – 80 282, Ресейде – 28 073, Үндістанда 29 047 мақала жарияланған.
Зерттеу және дамыту (R&D): 1996-2003 жылғы деректер бойынша мұсылман елдері ішкі жалпы өнімдерінің (ІЖӨ) тек 0,38 пайызын зерттеу және дамытуға жұмсаса, АҚШ 2,67%, Қытай 1,31%, Оңтүстік Корея 2,64% және Израиль 4,72 пайызын зерттеу және дамыту саласына жұмсайды.
Жоғары технология (Hi-Tech): 2004 жылы барлық мұсылман елдерінің әлемдегі жоғары технологиялық өнімдер (ЖТӨ) экспортындағы үлесі небары 4,1% болған. Осы көрсеткіштің, яғни 4,1 пайыздың 97 пайызын үш мұсылман елі құрайды: Малайзия, Индонезия және Түркия. Қалған 54 мемлекет 3-ақ пайызға ие. Осы санаттан әлемдегі ЖТӨ экспортының АҚШ 15%-ын және Қытай 11%-ын өндіріп отыр. Жоғары технологиялық өнімдер былай тұрсын, мұсылмандар қарапайым өнімдердің өзін басқа діндегілерден алады. Басқаны айтпағанда, мәселен, Меккедегі Қағбаның айналасындағы дүкендерде сатылатын жайнамаз, тақия, азан шақыратын сағат, тәсбіх, құбыла компасы т.т. сияқты тауарлар түгелдей Қытайдан әкелінеді! Мұсылмандардың бір Нокиа, Самсунг, Тойота т.т. сияқты әлем таныған брэнді де жоқ.
Патент саны: 1997-2005 жылдары патент алу жөнінде әлем бойынша 986 606 арыз тіркелсе, мұның тек 5 146 данасы, яғни 0,5% (!) ғана мұсылмандардікі. Сонда, 1,5-2 миллиард мұсылманның жиынтық интеллектуалдық күші әлем бойынша 0,5 пайызға тең келіп тұр! Синтоизм мен буддизмді ұстанатын Жапония болса, 130 миллион халқымен әлемдегі патенттердің 37,7 пайызына иелік етуде. Бір қуаныштысы Қазақстан 2000-2005 жылдары аралығында 4 063 патент тіркетіп, Түркиядан кейін мұсылман елдері бойынша екінші орында тұр.
Кедейшілік: Индонезия халқының 52,4% күніне 2 доллардан кем табыс табады екен. Бұл елде 200 миллион мұсылман барын ұмытпаңыз. Сол сияқты күніне 2 доллардан кем табатындардың мөлшері Мысырда 44%, Пәкістанда 74%, Нигерияда 92,4%, Бангладеште 82,8%, Түркияда 18,7%. Мұсылмандардың басым көпшілігі аштық және кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Бұл да намысыңды жаниды. Дамыған елдермен салыстыру үшін ащы да болса мына фактіні келтірейін: Еуропа Одағы мүше елдердің ауылшаруашылық салаларын қолдап-қорғау мақсатымен қомақты қаржы бөледі. Осы есептен Грекияда әрбір сиырға күніне 2,5 доллардан ақша дотация ретінде бөлінетініне жылайсың ба, күлесің бе…
Ауыз су тапшылығы: Ауыз суға қолы жетпейтін халықтың пайыздық мөлшері жағынан да мұсылман елдері әлемдік біріншілікті берер емес. Индонезия 23%, Судан 30%, Нигерия 52%, Чад 58% халқына таза су жеткізе алмай келеді.
Бәсекеге қабілеттілік: Дүниежүзілік экономикалық форумның 2006-2007 жылғы «Әлем бойынша бәсекеге қабілеттілік есебіне» қарағанда Швейцария бастаған мықтылар тізімінен мұсылман елдерін көре алмайсыз, олар тек артқы орындарда. Малайзия 26-орында тұрса, Қазақстан 56-орынды иемденген. Тізімнің алғашқы сапында өңкей христиан, буддист, синтоист және йаһұди діндеріндегі мемлекеттерді көресің.
Нобель сыйлығы: 1901 жылдан басталған әйгілі Нобель сыйлығы туралы да бірер ауыз айта кетейік. Саяси ықпалдармен берілуі ықтимал бейбітшілік және әдебиет сыйлықтарын емес, нақты ғылыми өлшемдер бойынша берілетін физика, химия және медицина саласындағы Нобель сыйлығын қарастырдым. Мәселен, физика саласындағы Нобель сыйлығы 1901 жылдан бері қарай 183 адамға берілсе, 1,5-2 миллиардтық мұсылман әлемінен тек 1979 жылы пәкістандық Абдус Салам ғана осы атаққа лайық болған екен. 153 ғалымға берілген химия сыйлығын 1999 жылы алған жалғыз мұсылман ғалым – мысырлық Ахмед Зеуаил. Медицина саласындағы Нобель сыйлығымен 1901 жылдан бүгінге дейін 192 ғалым марапатталыпты. Оның ішінен жалғыз мұсылманды таптым – 1936 жылы АҚШ-та дүниеге келген, тегі албаниялық Ферид Мурад. Бұл үшеуінің де ортақ қасиеті Еуропа немесе Америкада маманданып, ғылыми зерттеулер жасағаны. ІХ-ХІІІ ғасырларда адамзатқа әл-Фараби (870-950), Ибн Сина (980-1037), әл-Бируни (973-1048), әл-Хорезми (780-850?), Ибн Рушд (1126-1198), әл-Кинди (800?-873) сияқты мыңдаған ғалымды тарту еткен мұсылман әлемі бүгіндері ғафлат ұйқысынан ояна алмай келеді.
Спорттағы табыстар: Ақыл күшінен енді дене күшіне келейік. Олимпиада ойындарының бір ғасырлық тарихында жазғы және қысқы олимпиада ойындарында барлығы 5 282 алтын медаль берілген екен. Барлық мұсылман елдері (!) жеңіп алған алтын медаль 102 дана ғана, яғни 0,01%! Демек, мұсылман еместер алтын медальдардың 99,99%-ын алған! Ең көп алтын медалі бар Түркия 37 алтынмен әлемдік тізімде 30-орында. Жетпіс миллионнан астам халқы бар Иран 11 алтын медальмен 46-орында болса, Қазақстан 10 алтын медальмен 48-орында келеді. Басқа мұсылман елдерін айтудың тіпті қажеті жоқ. АҚШ 1009 медальмен көш бастаса, алғашқы 30 елдің басым көпшілігі Еуропаның христиан елдері мен Қытай, Жапония және Корея сияқты Азия елдері. Бұл жағынан да жағдайымыз мәз емес.
Абай Құнанбайұлы бабамыз бір өлеңінде:
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
деп осы мәселеге байланысты ұстанымын айтып өткен. Ендеше, әлемдік ортадағы өзіне лайықты орынға ие болу үшін де мұсылман мемлекеттері олқылықтың орнын толтырып, өрлеудің жолдарын жан-жақты қарастырғаны абзал.
Мұртаза БҰЛҰТАЙ философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы
«Нұр Астана» газеті 16.04.2009
http://nurastana.kz/