Сәтбаев жазған «Алгебра»
Қолымызға ғұлама ғалым, Қазақ академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың «Алгебра» оқулығы түсті. Бұл кітапты оқымысты сонау 1924 жылы 25 жасында ана тілімізде араб графикасымен жазып шыққан екен. Енді, міне, араға тура 85 жыл салып, кириллицаға көшіріліп басылған оқулық көзімізге оттай басылып отыр. Кітап ғалымның 110 жылдық мерейтойына тұспа-тұс шықты.
Кезінде Алаш зиялылары қазақ халқының тез арада өркениет легіне қосылуы үшін бар білімін аямай, тер төге сан салада оқулық жазып шығарған. Мәселен, Әлихан Бөкейханов астрономия мен жағрафияны, Мағжан Жұмабаев педагогиканы, Халел Досмұхамедов анатомия мен зоологияны, Жүсіпбек Аймауытов психологияны, Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Нәзір Төреқұлов тіл білімін, Мұхтар Әуезов әдебиетті жазса, ал Міржақып Дулатов, Сұлтанбек Қожанов, Әлімхан Ермеков математикаға ден қойған. Математиканың ішіндегі күрделі пән «Алгебраны» Қаныш Имантайұлы қолға алып, алдымен араб қарпінде 1924 жылы жазып шығып (592 беттік қолжазба), соңынан латын графикасына 1929 жылы (1400 бет) көшіреді.

«Алтын кездік қап ішінде қалмас» деген осы да. Қайраткер ақын Кәкімбек аға Салықов «Халықаралық Қаныш Сәтбаев атындағы қорға» жетекшілік жасап, оқулықтың кириллица қарпімен шығуына мұрындық болды. Кәкеңнің бұл абзал ісіне Еуразия ұлттық университетінің бұрынғы ректоры С.Әбдіманапов та, қазіргі ректоры Б. Әбдірайымов та үн қосып, проректоры Д. Қамзабеков те басылымның жүйеленуіне атсалысты.
Кітаптың ерекшелігі – оның сапасында. Қазіргі таңда неше түрлі қойыртпақ оқулықтар шығарылып, олар сын тезіне түссе де, салалық министрлік өз тарапынан немқұрайдылық танытып келеді. Бала ұғымына ауыр сөз тіркестері, мәселе есептер ата-ананы да, мұғалімдерді де қажытты. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, Сәтбаев «Алгебрасының» тілі жатық, есеп беру логикасы берік, есеп шығару түзілімдері ширақ та шымыр.
Осы күнгі терминкомның қаперіне салатындай, аталмыш басылымдағы атаулы терминдер халқымыздың төл сөздерімен сипатталған. Мәселен: формула – өрнек, рациональная величина – өлшемді шама, иррациональная величина – өлшемсіз шама, диаметр – өре, квадратное уравнение – шаршылық теңдеу, биквадратное уравнение – қос шаршылы теңдеу, сопряженные числа – түйіндес сандар, прогрессия – дәуірлеу, пропорция – тең ара, числитель – жарнақ, невозможность – болымсыздық, коэффициент – сан өсіргіш,, теорема – түйін, функция – берне, тождество – бірдейлік, равнозначность – мәнілестік, приближенный корень – жуықтас түбір, корень с недостатком – олқы түбір, корень с избытком – қалқы түбір, выражение – әлпет, комплексные числа – шоғырлы сандар, симметрия – үйлесім, мнимые числа – күмәнді сандар, кратное – бөлінбе, предыдущие члены – ілгері мүшелер, последующие члены – кейінгі мүшелер, бином Ньютона – Ньютонның қос мүшелігі, т.с.с.
Ана тілімізде өткен ғасырда тұңғыш жазылған осынау математика оқулығы 11 бөлімнен, оның ішінде 40 баптан тұрады, ұзын-ырғасы – 442 бет. Бұл кітап әлі де өз құнын жоймаған, қазіргі сапалы оқулыққа қат заманда оқушыларға да, мұғалімдерге де баға жетпес асыл қазына. Мұны қосымша хрестоматиялық кітап ретінде әбден пайдалануға болады. Бір әттеген-айы, басылымның таралымы аз, бар-жоғы 500 дана. Ең алдымен, бұл кітаптардың мектеп кітапханаларынан орын алғаны ләзім.
Аталмыш басылымның тұсаукесер дөңгелек үстел отырысы Еуразия ұлттық университетінде өткізілді. Отырысты кіріспе сөзбен университет ректоры Бақытжан Әбдірайымов ашты. Одан ары қарай көрнекті ақын, мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықов мазмұнды баяндама жасады. Басылым жобасының жетекшісі, академик Мұхтарбай Өтелбаевтың пікірі көңілге қонымды болды. Ол осы кітаптың басылуына өлшеусіз еңбек сіңірген математик ғалымдар О. Қашқынбаевқа, Ә.Ибатовқа, Қ.Мырзатаеваға, Л. Жапсарбаеваға, М.Алдайға, А.Абылаеваға, З.Әбдіхалықовқа шексіз алғысын айтып, ризашылық сезімін білдірді.
Қорыта келгенде, халқымыздың біртуар ұлы Қаныш ағамыздың сан қырлы қызметінің тағы бір парасы жарқырай көрініп, қазыналы мол мұрасы өзі шексіз сүйген туған халқына жол тартты.
Бақытжан ТОБАЯҚОВ, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының мүше-корреспонденті
«Ана тілі» газеті 14 мамыр 2009 жыл
http://anatili.kz/