Сенбі, 23 Қараша 2024
Әліпби 4026 5 пікір 20 Мамыр, 2022 сағат 14:50

Әліппені Байтұрсынұлының өз атына қайтару керек

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін қазақ білімі мен ғылымының басында Алаш қайраткерлері тұрды. Мәселен Ақаңның 1912 жылы шыққан әліппесі өзі ұсталып кеткен 1929 жылға дейін өз қолымен түзетіліп, толықтырылып Орынборда, Ташкентте, Қызылордада 10 шақты рет қайта басылып тұрды.

Ақаңды ұстап, лагерге айдатып жібергеннен соң, шыққан Телжан Шонанов пен Молдағали Жолдыбаевтың әліппелері ізбасар құрал болды десек те кейін латын және кирилл әрпімен шыққан әліппелер орыстың букварының жолымен кетті. Осы күнге дейін 40 түрлі әліппе шығардық. Жүйесіздік жағынан бірінен бірі өтеді. Авторлары да әркім. Ол әліппелердің оқыту мерзімі бірде бір жылға немесе алты айға созылса, бірде  үш айға қысқарып отырды. Кешегі күресінге тастаған «Сауат ашу» оқулығының мерзімі үш тоқсан болғанын білеміз. Ал Ақаңның әліппесімен қаріп танып кету үшін қабілеті орташа балаға төрт апта жеткілікті болатын. Бұл неден? Бұл тіліміздің сымдай тартылған дыбыстық жүйесінен. Бұл Ахмет Байтұрсынұлының математикалық дәлдікпен түзілген әліпбиінен және оны үйретудің тілдің табиғатынан шыққан әдіс-тәсілінен.

А.Байтұрсынұлының еңбектеріне тыйым салынғаннан бастап ғылымға Кеңес үкіметінің саясаты араласты. Биыл алғашқы ұлттық әліппеміздің шыққанына 110 жыл толып отыр. Біз ұлт ұстазы салған арнадан шығып кеттік те әлі адасып жүрміз.

Біз қанша әліппе жазсақ та Ақаңның әліппесіне жете алмадық. Қасында мұғалімдерге арналған «Баяншысы» бар. Баланың тілін, жазуын дамытатын «Тіл жұмсары» бар кешенді дүние жасай алмағанымыз былай тұрсын.         Біз еуроөзекке түсіп алып, жазуымыздың дыбыс жүйелі екендігін де ескермей келдік. Жаза білу үшін алдымен тілдегі дыбыстарды тани білуіміз керек екендігін, содан кейін барып сол дыбыстарға арналған әріптерді тануымыз керек екендігін. Одан кейінгі қадам таныған әріпті қайта қағазға түсіре білу керек екендігін және жазылған әріпті қайта дыбыстау арқылы қазақ тілінің табиғатына дәл келетін сауат ашудың шеңбері осылай үнемі шыйыршықталып отыратындығын білмей келдік. Пәннің мақсаты да осында тұрғанын түйсінбедік. Әлі түсінген жоқпыз. Түсінбегендіктен қазіргі бекітілген бағдарламада әліппе пәніне қатысы жоқ артық мақсат-міндеттер жүктеп алып, соған не сағат та жеткізе алмай, не дұрыс нәтиже шығара алмай отырмыз. Яғни қазіргі қолданыстағы әліппеміз де уақытша дүние, ғылыми негізі жоқ, қате.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарына  дейін шыққан тілтануға қатысты оқулықтар тілдің табиғатына сәйкес соның заңдарын сақтап жазылған.

«Тіл болса, оның законы боларға керек. Законы болса, оның ғылымы боларға керек. Су тоңса – мұз болмақшы, хлор менен натрий қосылса – тұз болмақшы, бұлар табиғаттың законы. Осындай закон тілде де бар. Хлор менен натрий қосылса, тұз болатындығын байқау, қарау, іздеуменен тапқан. Тілдің де законы сол жолменен табылады» -дейді Ақаң.

1929 жылы Алаш қайраткерлерін тегіс ұстап, соттады, кейбіреуін бірден атты. Кітаптарын зынданға салды. Орнына саясаттанған кеңестік республикаларға ортақ оқулықтар жазылып таратыла бастады. Сөйтіп қазақ ғылымы мен білімі өзінің ұлттық өзегінен ажырап қалды. Содан бері өз жолын әлі таба алмай адасып жүр.

Тіл жүйесі өте баяу өзгереді. Әсіресе тілдік фонетикасы мен морфологиясы аса тұрақты болады, бұлар Ақаң дәуірінен бері бір мысқал да өзгерген жоқ. Ғылым, әдістеме жағын ысырып қойып, саясатқа ілесіп ап, не қаржы қуып тілдің жүйесін Ақаңша тани алмасақ, әдістемесін ұлт ұстазындай келтіре алмасақ, онда несіне тыраштанамыз. Әркім өз блігенінше әліппе жазуды тоқтатуымыз керек. Әліппе Ақымет Байтұрсынұлының өз атына қайтарылуы керек. Біз оның ішіндегі оқу мәтіндерін ғана өзгерте аламыз. Соған ғана құқығымыз бар. Мәселен,  Асан қозы бақты, көшпекші болып ауыл үй жақты – дегендердің арасында бүгінгі өмір салтын сипаттайтын мәтін ғана қоса аламыз. Ал әліппедегі дыбыстардың берілу реті, оларды бала бойына сіңіру жолдары Ақаңша қалуы керек. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай Байтұрсынұлының әліппесімен бала төрт-ақ аптада хат танып кететін болған.

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443