Сенбі, 12 Қазан 2024
Саясат 19898 4 пікір 23 Мамыр, 2022 сағат 12:46

Көк пакет көтерткен көп пакет санкциялар...

Ресейге салынған санкциялар соңғы ширек ғасырдағы ең қуатты әрі ауқымды санкциялар саналады. Саны жағынан ол Иран, Солтүстік Корея мен Беларусь еліне салынған санкцияларды да басып озды. Осының өзі Ресей билігінің қаншалықты агрессиялық қадамға барып, қарсы реакция алғанының көрсеткіші болса керек. 

Ресейге Украинаға соғыс ашып, басып кіргені үшін санкциялардың бес пакеті салынды. Бірінші пакет Ресейдің Луганск және Донецк атты сепаратистердің өзін республика деп жариялауын Ресейдің ресми мойындауына байланысты болды.

Санкциялардың бірінші пакеті

21 ақпанда Америка Құрама Штаттары өз азаматтарына Луганкс пен Донецкті Ресей тарапы мойындағаны үшін Донбассқа инвестиция салуға тыйым салды. ВЭБ, Промсвязьбанк және олардың 42 еншілес ұйымы, оның ішінде ЦСКА футбол клубына, Ресейдің жоғары лауазымды тұлғаларының балаларына, мысалы Денис Бортников, Петр Фрадков, Владимир Кириенко қарсы санкциялар енгізілді.

Германия «Солтүстік ағын 2» газ құбырын сертификаттауды тоқтатты. Бұл Ресей үшін аса қуатты соққы болды десек те болады. Себебі аталмыш құбыр арқылы Ресей Еуропаға газ сатуды еселеп арттырып, пайданы еселеп табуды жоспарлады. Алайда млрдтаған доллар кеткен жоба ақыры іске қосылмады.

Ұлыбритания бес ресейлік банкке және үш ресейлік кәсіпкерге Геннадий Тимченко, Борис Ротенберг, Игорь Ротенбергке қарсы санкция салды. Аустарлиы мен Канада Ресейдің кәсіпкерлері мен Мемлекеттік Дума депутаттарына қарсы санкцияларды төпелеп салуды жөн көрді. Жапония елі де санкцияларға қосылды.

Еуропалық Одақ сепаратистерді қолдаған Ресей Мемлекеттік Думасының 351 депутатына қарсы санкциялар салды. Олардан бөлек санкцияның суық желі  Сергей Шойгуға, Андрей Костинге, Игорь Шуваловқа, Мария Захароваға, Маргарита Симонянға, Владимир Соловьевке де тиді. Ресей нарығындағы бірнеше компаниялар санкция жарияланған сәтте акциялары құлдырып, компанияның еншілес ұйымдарын сата бастады. Бұл санкция салудың басы болатын.

Санкциялардың екінші пакеті 

Ұлыбритания Ресейге Украинаға басып кіргені үшін санкция салу бойынша белсенділік танытуда. Екінші пакетті де солар бастады. Аэрофлотқа Ұлыбританияға ұшуға тыйым салынып, ел аумағында депозит ашуға шектеу қойылды.  Сондай-ақ Ресейге мұнай өңдеуге арналған технологиялар мен жабдықтарды импорттауға тыйым салынды. Дәл осындай шаралар Беларуське де қолданылады.

АҚШ президенті Джо Байден Ресейге қарсы жойқын санкциялар пакетін жариялады. Ресейлік компаниялардың доллармен, еуромен, фунтпен және иенмен есеп айырысу мүмкіндігін шектеу,  жоғары технологиялық өнімдердің импортына шектеулер қою, Ресейдің ірі мемлекеттік компаниялары үшін АҚШ және Еуропа нарығында қарыз алуды шектеулер мен Ресей қарызын өтеуге шектеулер қою іске асты. Ресей саясаткерлері мен әскери шенділердің туыстарына санкциялар салынып, олардың сырттағы қаржылары бұғатталды. АҚШ өз аумағындағы Ресей банктерінің активтерін бұғаттауды іске асырды.

ЕО санкцияларға қосылып, Ресейдің 300-ден астам компаниясына санкциялар салуды іске асырды. Ресей азаматтарының виза алуын қиындатуды бастады және Ресей активтерін тәркілеу мен бұғаттауды іске асырды.

25 ақпанда Еуроодақ, Ұлыбритания, АҚШ және Канада президент Путинге оның активтеріне тыйым салуды көздейтін санкциялар салғанын жариялады. Путин Еуропалық Одақтың санкциялар тізімінде Сирия мен Беларусь президенттері Башар Асад пен Александр Лукашенкодан кейін үшінші мемлекет басшысы болып тіркелді.

27 ақпанда Жапония Путинге қарсы санкциялар салғанын жариялады. 28 ақпанда Аустралия Путинге қарсы қаржылық санкциялар енгізіп, оған кіруге тыйым салды, ал Швейцария ЕО санкцияларына қосылды.7 наурызда Жаңа Зеландия Путинге кіруге тыйым салса, 17 наурызда Путиннің активтеріне бұғаттау қоятынын мәлімдеді.

Санкциялардың үшінші пакеті

Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен жаңа үшінші санкциялар пакетін жариялан еді. АҚШ, ЕО, Канада және Ұлыбританияның бірлескен санкциялары Ресей резервтерін толық бұғаттау, Ресейден келген инвесторлар үшін «алтын паспорттар» бағдарламасын жою, кейбір ресейлік банктерді SWIFT жүйесінен ажыратуды көздеді.

Еуропалық Одақ 2022 жылдың 12 наурызынан бастап Ресейдің жеті банкін SWIFT-тен ажыратты: ВТБ, Россия, Открытие, Новикомбанк, Промсвязьбанк, Совкомбанк және ВЭБ солардың қатарында болды.

АҚШ қорғаныс саласына қатысты 22 ресейлік компанияға қарсы санкциялар салу мен мұнай-газ жабдықтарына экспорттық бақылауды бұғаттайтынын жариялады.

Германия, Финляндия, Украина, Норвегия, Ұлыбритания және Еуропалық Одақ Ресеймен ғылым және білім саласындағы байланыстарын үзді. Ұлыбританияның зерттеу және инновациялар агенттігі ресейлік университеттермен байланысы бар британдық университеттердегі жобаларға арналған 50 грантты тоқтатты.

АҚШ пен Еуропа елдері ресейлік компания өнімдерін алмау, ресейлік өнімдерге салықты өсіру мен Ресей ұшақтары үшін әуе кеңістігін жабық деп жариялауды іске асырды.

Төртінші және бесінші пакеттер

Еуропалық комиссия Ресейге қарсы қосымша санкциялар жариялады. Ресейлік болат өнімдерінің импортына тыйым салу, әскери-өнеркәсіптік кешенмен байланысты бірқатар мемлекеттік кәсіпорындармен кез келген мәмілелер жасауға толық тыйым салу, Ресейдің энергетикалық секторына жаңа инвестицияларға тыйым салу, ЕО-дан Ресейге қымбат әшекей бұйымдар мен тауарларды экспорттауға тыйым салу іске асты. Агрессияны қолдаған Беларусьтің ДСҰ-ға кіру рәсіміне тосқауыл қойылды. Ресейдің дефолтқа жақын деңгейі белгілене бастады, ал ресейлік өнерпаздар мен спортшыларды түрлі халықаралық шаралардан шеттету іске асты.

Ресейге санкция салу бойынша алтыншы пакет ЕО елдері арасында талқылануда. Бұл ең қуатты санкциялар болатыны айтылуда. ЕО-ға мүше 27 елдің отырысында Ресейге қарсы алтыншы санкциялар пакетін қабылдау әзірге мүмкін болмай тұр. Венгрия мұнай эмбаргосына қарсылық танытуда. Алайда ЕО елдері Венгрияға рұқсат ете отырып Ресей газы мен мұнайына эмбарго жариялау немесе оған өтемақы беру арқылы оны іске асыру жолын жасауда. Бұл Ресей үшін апатты санкция болмақ, себебі Ресей мұнайы мен газын басты сатып алушлар ЕО елдері. Демек, Ресей бюджеті қаржылық тапшылыққа тап болмақ.

Ал Медведев Ресейге салынған санкциялар ондаған жылдар бойы сақталуы мүмкін деген ойда. Ал сарапшылар Ресейге салынған санкция Кремль қанша мақтаса да, Ресей экономикасына оңдыртпай соққы жасағанын мойындап отыр. Тоқсанның тоқырауындай халық көк пакет көтеріп, көше жағала кетуі де мүмкін дейді кей жандар. Тіпті Ресей сауда жолдарынан айырылып, жаңа логистикалық жолдар іздеуге мәжбүр болуда...

Асхат Қасенғали

Abai.kz

4 пікір