Сәрсенбі, 17 Тамыз 2022
Талқы 3514 50 пікір 25 Шілде, 2022 сағат 12:44

Абылай туралы фантазиялардың анатомиясы

(Ресей империясы бір мақаламен барлық қазақты қалайша ақымақ қылғаны туралы хикая...)

Ештен де кеш жақсы демекші Жаңа Қазақстан күндері басталды. Кеше ғана заңнама конституциямызды өзгертіп шын мәніндегі демократиялы елдің өмірін бастағалы жатырмыз. Енді осы уақытқа дейін бүркемелеп келген тарихымыздың жалған яғни осал тұстарын көрсетуге жағдай туды...

Қазақ тарихының аса көлеңкелі және аса қопал тұстарының бірі Абылай туралы жазылған фантазиялар. Халқымыздың тарихын бұрмалау процесі Ресей тарапынан әлі жалғасып жатыр. Біздің ғалымдарымыздың аз бөлігі сол орыс ағайындардың халқымыз туралы жалған тарих жасаған шырмауынан әлі шыға алмай жүр.  Жақсының айтқаны келмей жаманның сандырағы келетін заман болып тұр. Қазақстан үкіметі  төл тарихымыздың қате болғанын және бүгінгі ұрпағымыз ақиқат тарихымызды бімегенін қолдайтын сияқты.

Елбасы тарихымызды жөндеу үшін миллиардтаған қаражат бөлді және көптеген бағдарламалар жасады. Солардың ең соңғысы Рухани жаңғыру екенін айтсақ біраз жаңалықтар кіргені рас. Ал тарихымыздың аса құнды кезеңі болған Орыс – қазақ қатынасы әлі күнге дейін таз қалпында қалып жатыр. Мысалы Республика баспасөзінде Абылай туралы шындық жазылған яғни оның қазақ елі алдындағы қылмыстары айтылған мақаланы жарыққа шығармайды. Абылай туралы кез келген фантазияны баспасөз бетіне жариялау оңай.

Сондықтан Абылай туралы халықтың миына арнайы сіңдіріп жатқан фантазиялар мазмұны мынандай: Абылай қазақтың халық сайлаған ханы, батыры, қолбасшысы және қазақ елін біріктірген тарихи тұлға және с.с. шындыққа он қайнаса сорпасы қосылмайтын фантазиялар.

  1. Қазақ тарихында ханды халық ешуақытта сайлаған жоқ. Хан сайлаған билер яғни рубасылар. Қазақта 41 ру болды...
  2. Абылай ешуақытта қолбасы болған жоқ. Оның себебі қолбасы болу үшін әскері болу керек. Оның әскері болған жоқ. Ол түгілі басқа хандарда да әскер болған жоқ... Әскерді рубасылар береді... Ал Абылай қазақтың бір биімен яғни рубасымен достық қатынаста болу түгілі бір дастарқанда отырып табақтас болып көрмеген адам. Демек өз заманында жексұрын яғни нәпақасын Ресей басшыларынан тапқан адам.
  3. 1771 жылы Абылайды Орта жүзге хан деп жариялаған Ресей өкіметі еді. Сондықтан оған Орта жүздің бірде бір арғыны мен қыпшағы бағынған жоқ. Хан бола салып Ресейден әскери көмек сұрағаны осы оқиғаға бұлтартпас дәлел. Оның Орынбор губернаторы  И. А. Рейнсдорпқа жазған хаты және басқа айғақтар жеткілікті. Аталған хат Р.Б.Сулейменов пен В.А. Мойсеевтің 1988 жылы шыққан  «Из истории Казахстана ХҮІІІ века» атты кітаптың 127-128 беттерінде толық нұсқасы берілген....   Абылай өзінің қамқоршысы Ресейден әскер сұрағанда қазақ елін шет елдік жаулардан қорғау үшін емес, керісінше өзін хан деп мойындамай отырған қазақты қорқытып бағындырып ұстау үшін сұраған...

Ресейдің саясаты бойынша – Қазақтар келешекте өзінің батырлық пен ерлікке толы жерін, елін қорғаған тарихын білмеуге тиісті. Осы саясатты Ресей басшылары мықтап ұстады. Шет елдерге Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылды деп хабар саясат таратты. Өзінің қазаққа жасаған зұлымдықтарын жасырып барлық жау алдақашан сүйегі қурап кеткен жоңғар -деп қазақтың басын айналдырып қойды

Тарихымызды Ресей неге осынша мұқатты, өзгерткені соншалық осы күнгі қазақтар орыстан басқаның бәрі жау және Абылайдан бас хан, батыр әлде ғұлама болған жоқ деп түсінеді... Қазақққа өз тарихының шындығын білдірмес үшін неше түрлі қитұрқы әрекеттер жасалды. Біз төменде тек Абылайға қатысты жалған тарих жасаған Ресей әрекеттеріне тоқталамыз.

Абылайдың артында Ресей империясы тұрғаны бұрыннан белгілі жағдай. Сол Абылайды қазақ еліне жақсы жағынан танытып, келешекте қазақ елінің нағыз патриоттарын басқаша етіп көрсетуге Ресей көп күш салды.  Ресей қазақ тарихын комплексті түрде  бұрмалауды ХІХ –ғасырдың бірінші жартысында бастаған еді.  (Ал одан бір ғасыр бұрын 1731 жылғы Әбілхайырдың хатын орысшаға аударып бодандық сұраған деп жалған документ жасалған болатын.)

Осынау үлкен тапсырманы яғни тарихи миссияны 1825 жылдары А.И.Левшинге (1797-1879) жүктеген болатын. Оның зерттеуі мен жарыққа шығарған кітабының негізгі міндеті 250 жылдан бері Ресейге қарсы тұрып келе жатқан Кіші жүз халқын өз еркімен Ресейге қосылды – деп көрсету. Ресейге қарсы күресті 48 жыл бойы басқарған Әбілхайыр сынды хан, батыр, қолбасшыны өз халқына келешекте сатқын етіп көрсету... Сондай-ақ Ресейге адал қызмет еткен Абылайды мақтап дәріптеп келешекте қазақ елінің батырына айналдыру болғаны анық көрінеді...  Оның әйгілі кітабы Петербургте 1832 жылы жарық көрді...  Бұл Ресейдің қазақ тарихын бұрмалаудағы және Абылайды мадақтап дәріптеумен қазақ тарихын өзгертуге арналған бірінші әрекеті яғни бірінші кезеңі еді.

Кейінірек Ш.Ш.Уәлиханов бұл кітаптың көп қатесін тауып Левшинді Қазақ тарихының Геродоты деп қатты сынады. 1731 жылғы Әбілхайырдың Ресейге жазған хатының түпнұсқасын Левшин жақсы білді. Сол хаттың түпнұсқасын Ресей басшылары Шоқанға әрине көрсеткен жоқ. Алайда сол хаттың орысша жалған аудармасына талай зерттеушілер сенсе де Шоқан сенбеген еді... Қазақ ғалымы әйгілі саяхатшы 1860-61 жылдары Петербургте тұрғанда Левшин оған яғни Шоқанға кездесуге келмеген, тек сырттан бақылаған....

Жалпы Левшин өз заманының мықты тарихшысы, алайда ол негізгі өкімет тапсырмасын орындап қазақ елінің тарихын бұрмалап жазып кез келген мүмкіндікті пайдаланып Абылайды мақтап жазғаны көзге оттай басылады. Дегенмен мықты зерттеуші болғандықтан кейбір тарихи мәліметтің шындығын беруге мәжбүр болған. Мысалы Абылай Балхаш өңірінде қашып бара жатқан қалмақтарды талқандауға келем деп келмей қалғаны т.б. тарихи мәліметтер бар. Сол шайқаста қалмақтарды қазақ әскері Ералының (Әбілхайырдың кіші баласы) басшылығымен ойсырата жеңгені туралы жазғаны тарихи шындық еді. Біз әрине сол үшін Левшинге алғыс айтамыз. Сол оқиғадан аз күн бұрын Батыс Қазақстан жерінде қалмақтарды Нұралы хан талқандап еді. Ол Әбілхайырдың үлкен баласы....  Абылай керісінше қалмақтарға көмектесіп жанашырлық жасаған. Оның соңғы төрт әйелі қалмақ қыздары еді, бірақ балалары болмаған...

Абылайды мақтап қазақ елін төл тарихынан адастыру үшін Ресей басшылары екінші комплексті әрекетті яғни екінші кезеңін 1860 жылы бастады. Сондай-ақ осы үлкен талпынысқа тағы да Левшинді пайдаланды. Мақаланы Левшинге жаздырып Аблай – деп тақырып қойып, оның артына Ч.В. –деп автордың атын қойып, келешекте қазақтың өзі жазған мақала деп қабылдасын және кез келген адам емес, қазақтың әйгілі ғалымы Шоқан Уәлиханов жазған мақаланы қазақтар жақсы қабылдайды – деп алыстан тұзақ құрған еді... Бұл мақаланы кез келген газет әлде журнал емес фундаментал басылым алғашқы Ресей энциклопедиясына басып шығарған (1861). Сол энциклопедияда белгілі тарихи тұлғалардың өзіне берілген текстің көлемі бір –екі абзацтан аспайды. Ал Абылайға берген текст 4 бетті құрайды... және ақылға симайтын неше түрлі фантазиялардан құралған. Кейінірек осы мақаладағы фантазиялар арқылы қазақтардың өзі неше түрлі аңыздар ойлап шығарды. Сибирский царевич, жекпе жекте Жоңғар ханының баласы Чарышты өлтірген батыр, ешкімге бағынбаған шексіз билікті хан тек Абылай болды, 1774 жыл үйсін ақсақалдарының өтінішімен баласы Әділді хан етіп отырғызған. Оған Талас бойынан қала салып беріп еңбекқор қарақалпақтарды қоныстандырған. –деген сияқты фантазияларды алғаш жазып Шоқанның атымен жариялаған...  Сондай-ақ 1723 жылғы Ақтабан шұбырынды кезінде Орта жүз қазақтары Самарқандқа, Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұхараға  барып тығылды – деп жазылған фантазиялар осы уақытқа дейін талай тарихшылар мен зерттеушілерді шатыстырды...

Тарихтың шындығын айтатын болсақ Кіші жүз халқы Ақтабан шұбырынды оқиғасына ұшыраған жоқ. Осы катастрофаның авторы жоңғар емес І Петр Ресей патшасы еді. Батыстан қаптап келе жатқан орыс әскері мен қалмақ әскерлерін Әбілхайыр тоқтатып қана қойған жоқ. Еділден асырып қуды. Ресейдін оқатар зеңбіріктерін апарып жоңғарларды үйреткен И.Унковскийдің басшылығымен қақаған қыста шабуыл жасаған жоңғарлар І Петрдің жоспарын орындап Түркстанға дейінгі жерді басып алды... Батыстағы жаулары орыстар мен қалмақтарды ойсырата жеңген Әбілхайыр  көп ұзамай Қазақстанның оңтүстігін жоңғарлардан тазартқаны тарихи шындық....

Қысқасын айтқанда Левшиннің Шоқан атымен жариялаған мақаласы қазақ елін шын мәнінде ақымақ қылып талай ұрпағын алдап келе жатыр. Империяның саясаты керемет... Бір мақаламен бүкіл қазақтың тарихын 180 градусқа бұрып қойған....

Орыстардың Абылайды мадақтаған үшінші әрекеті ХХ – ғасырдың басында басталды. Ресейдің бұл әрекеті бәрінен де жемісті болды.1904 жылы Орыс Географиялық қоғамы Петербургте  жарыққа шығарған Ш.Ш.Уәлихановтың бір томдық Шығармалар жинағына жоғарыда айтылған Аблай атты мақаланы бірінші етіп кіргізді. Аталған мақала Қазақ интеллигенциясы арасына іріткі түсірді... Бүкіл Түркі халықтары қозғалысының көшбасшысы Қырымдық Гаспиринский (ХІХ –ғасыр ақыры) болғаны белгілі. Алайда Бүкіл түркі қозғалысының гегемондығы Қазақ интеллигенциясына өтті. Солардың жуан ортасында Бөкейханов, Байтұрсынов, Мұстапа Шоқай. Мағжан Жұмабаев ж.б. болды. М.Шоқайды  вожд всех тюркских народов деп атаған болса, Мағжанды киргизский  Пушкин деп бағалаған Ресей интеллигенциясы...

Міне осы аса беделді Қазақ интеллигенциясы алдында әлгі Аблай атты мақала Ш.Ш.Уәлихановтың беделін мықтап түсірді... Себебі алдыңғы қатарлы қазақ интеллигенциясы Абылай тарихын жақсы білетін еді. Ал, кейбіреулері мына мақаланы Шоқанның өзі жазған деп ойлап қалды... Мысалы С.Сейфуллин сол мақаланың негізінде өзінің Көкшетау поэмасында халық аңыздарын Абылай атымен берген еді...

Ресей одан соң Совет өкіметі 1946 жылға дейін сүйікті құлы Абылайға көңіл бөле алмады.   Бірінші дүниежүзілік соғыс, революция және Екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан Қазақ тарихына көңіл бөле алмады. Керісінше Ұлы Отан соғысы кезінде кейбір қазақтың тарихи тұлғаларын баспасөз бетінде фашистерге қарсы соғысқан жауынгерлерге  рух беру үшін пайдаланды. Ал соғыс біткен соң қазақ батырларын мадақтауға тиым салынды. Алтын Орда басшыларының бірі қазақ биі Едігені мәңгіге жауып тастады. Сол жабылған қазақ батырлары ішінде сүйген құлы Абылай да кетіп қалмасын деп тез арада шұғыл шара қолданды... Осылай Абылайға жасалған қамқорлықтың төртінші әрекеті яғни төртінші кезеңі басталды.

1946 жылдың басында Алматыда Х.Г.Айдарованың  «Чокан Валиханов» деген 196 беттік кітабы жарық көрді. Міне осы кісіге Москва басшылары Шоқанның бірнеше мақаласымен Аблай атты мақаласын тез арада кітап етіп шығару тапсырылды. 1947 жылы Алматыда Ш.Ш.Уәлихановтың «Статьи и переписки» деген атпен 160 бет көлемде кішкентай кітабы жарық көрді. Осы кітапқа бірінші болып Аблай және Шоқан зерттеулерінің шыңы яғни аса құнды зерттеулері болған үш мақаласы (О судебной реформе, Очерки Джунгарии және Шаманизм туралы) және бірнеше хаттары кіргізілді...

Қазақтарға Абылайды кең көлемде реклама жасау үшін осы кітапты тез арада қазақ тіліне аудартып (Аударған Қосанов Диханбай) 1949 жылы 10 мың тиражбен жарыққа шығарды... (Ғылыми кітапқа ешуақытта осынша көп тираж берілмейтін еді)....

Қараңыз айналайын алаштың азаматтары. Не деген сұрқиялық. Ресейге қазақ ғалымы Шоқанның керегі жоқ, Абылай керек. Себебі сол арқылы қазақты ақымақ етуге болады. Ең болмаса  Шоқанның еңбектерін Революциядан бұрынғыдай 500 бет етіп шығарса болмас па еді... Осының өзі Ресейдің Абылайды қызғыштай қорғайтынын анық көрсетпей ме???

Көп ұзамай қазақтың белгілі тарихшы ғалымы Е.Бекмаханов нақақтан айыпталып  оның аса іргелі және құнды зерттеуі Кенесары туралы еңбектері жабылып қалды. Ал оның атасы Абылайға Ресей басшылары қамқорлығын аяған жоқ.  Абылай Ресейге қызмет еткен адам, ал оның немересі Ресейге қарсы күрескен адам. Осылай бесінші кезең басталды.

Бесінші кезең Аблай атты мақаланы Ш.Ш.Уәлихановтың бес томдық жинағының 1-томына (1961) кіргізді. Мына сұрқиялықты қараңыз: Қазақ ғалымының Едіге би туралы аса құнды екі зерттеуін 5 томдық жинаққа да басқа ешқандай басылымға да кіргізбеді. Осы аталған үш мақала 1904 жылғы Веселовский шығарған Шоқанның бір томдық көлемді кітабына кірген еді. Ал елдің күннің аманында ғылымға жаны ашитын елде осында бейбастақтық бола ма...

Абылайды мадақтап қазақтарды ақымақ қылатын алтыншы кезең Ілияс Есенберлинге кітап жаздырумен басталды. Абылайды қазақ тілінде мадақтап жазып елге кең көлемде таныстырып миларында мықтап қалыптастыру үшін алдымен Кенесары туралы кітап жаздырып жарыққа шығарды. Кенесарыны зерттегені үшін Бекмаханов сотталған жоқпа еді. Алайда оның зерттеуі нақты ғылыми болғандықтан бүгін болмаса ертең қалқып шығатыны белгілі. Кенесары туралы кітап қазақтарды қатты қызықтырады, одан соң Абылай туралы кітап шықса нұр үстіне нұр болады... Қазақ елі Кенесарыны да Абылайды да жақсы қабылдайтыны белгілі. Сонымен Абылай да, Кенесары да, оның авторы І.Есенберлиннің көп тиражбен шыққан кітабы арқасында қазақ еліне танымал болды.

Жетінші кезеңді Совет өкіметінің басшылары 1980 жылдары бастаған екен. Біз оны 1985 жылға дейін білген жоқпыз... 1983 жылдан бастап біз яғни Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтінің коллективі ұлы ғалым Шоқанның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлауға кызу кірістік. Осы үлкен дүрбелеңді Совет өкімет басшылары да өз саясатына пайдалану үшін қызу қимылдап қалыпты. 1985 жылы яғни Шоқанның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Абылай атты кітапты дәл сол жылдың Ғылым баспасы темпланына кіргізген екен. Оның авторы В.А.Мойсеев Мәскеудің өзі дайындап ғылым кандидаты етіп біздің институтке жіберген кадры еді. Біз таң қалғанымыз сонша. Мәскеу үшін қазақ ғалымы Шоқанға қарағанда Абылай аса қадірлі екенін көрдік....

Оның үстіне үш жыл бұрын (1982)  Қазақстанның Ресейге қосылғанының 250 жылдық мерейтойы кезінде Әбілхайырға тиісті толық құрмет көрсетпегенін өз көзімізбен көрген едік. Қазақ елін Ресейге қосуды бастаған Әбілхайыр  осы мерейтойда негізгі тарихи тұлға болу керек еді. Сондай-ақ сол үлкен мерейтой қарсаңында әлде салтанатты жиылыстан соң Әбілхайырға арнап жинақ кітап ұйымдастырар деп күткен едік. Біз сонда қазақтың батыр қолбасшысы, Кіші жүз ханы (1709-1748 жж.) Әбілхайыр туралы мақала беріп мәз боламыз деген жоспарымыз ескерусіз қалды...   Алайда ондай ештеңе болмаған соң Мәскеудің атам заманнан бері Әбілхайырды атарға оғы жоқ екені белгілі болды. Әбілхайырдың  Ресеймен ешқашан дос болмағаны және ешқашан бодандық сұрамағаны сол кезде бізге айдан анық түсінікті болған еді....

Ал мына жағдай - Абылай туралы кітаптың Қазақ ССР Ғылым Академиясы баспасының темпланында тұрғаны бізді таң қалдырды. Оның авторы біз күнде көріп жүрген Мойсеев. Мен оған жолыққанда – ол әлі бітіре алмай жатқанын айтты. Қаншама ғалымдар дайын тұрған кітабын Ғылым баспасының темпланына кіргізу үшін көптеген талқылаулар мен Ғылыми советтен өтіп бірнеше жылдар жүреді...  Ал мына Абылай туралы кітаптың Мәскеу нұсқауымен ешқандай талқылаусыз және жазылмай жатып темпланға кіруі  Мәскеудің қаншалықты жанашыр екенін көрсетеді... Сол кезде Институтке жаңадан директор болған Р.Б.Сүлейменов маған жеке өзіме Мойсеевке көмектесуімді өтінді. Мен қуана келістім. Мойсеевке керегі қазақ ақындарының Абылай туралы қалай жырлағандары және халық аңыздары екен. Ол тек Абылайды мақтаған жырларды алғысы келетінін байқадым. Редкий фондтан Мәшхүр Жүсіп мұраларын да көтердік...

Абылай туралы сол кітапқа соавтор етіп Р.Б. Сүлейменовті қойған себепті кітап 2-3 жыл кешігіп шықты. Себебі Институт директоры, өмір бойы компартия тарихымен айналысқан Рамазан Сүлейменов соавтор болуға яғни оңай олжаға қуанышпен кірісті. Алайда бұрын Совет өкіметі қазақ хандарына сол көзбен қарайтын болғандықтан қорқып (әлдеқалай жағдай болып кете ме деп) кітаптың тақырыбын Из истории Казахстана ХҮІІІ века деп қойып 1988 жылы жарыққа шығарды... Рецензент етіп біздің бөлімнің Шоқантанушы жігіттерін алмай Х.Арғынбаевты әдейі алған. Осының өзі ол кітаптың құндылығына үлкен күдік туғызады. Соның алдында  Өнер баспасында «Шоқан және өнер» деген кітап шыққан еді (1985 жыл. Авторы Сейсен Мұқтарұлы). Аталған кітаптың қолжазбасын көріп Марғұлан шығаруға болмайтын айтқан еді. Біраздан соң маған берген еді. Мен оны біраз өңдемей шығаруға болмайтынын айтқанмын. Міне сол кітап шыққанда көрдік, рецензенті Х.Арғынбаев екен. Сол кітап көптеген жанжал туғызды. Халел Арғынбаев ғылым докторы - өмір бойы Марғұланның этнография бөлімінде еңбек еткенмен Шоқантанушылар тобында болмаған адам. Демек ол Шоқан мұраларынан хабарсыз этнограф ғалым....

Сонымен 1988 жарық көрген Мойсеевтің  Из истории Казахстана ХҮІІІ века атты кітапты оқып көріп бұрынғыдан бетер таң қалдық. Шоқанның атымен шыққан Аблай атты мақаланың ішіндегі шындыққа он қайнаса сорпасы қосылмайтын фантазияларды одан бетер етіп жазыпты. Оған коса қазақ ақындарының тек Абылайды мақтаған жырларды орысшалап берген. Абылайға қарсы айтылған жырларды алмапты... Құдай салмасын осынша қопалдық пен сұрқиялықты тек қазақ елі ғана мойнына көтереді екен. Себебі біздің халықты алдап арбау Ресей үшін ХХ ғасырда тым оңай болды.

Абылайды керемет мемлекет қайраткері, дипломат саясаткер ретінде қаншама фантазиялар жазған. Бәрін айтуға мақаланың көлемі көтермейді, сондықтан кейбір шектен шыққан жерлерін көрсетейік... «...Его сила была в предприимчивости, дальновидности, отваге. Поражает дипломатическое искусство, с которым он вел переговоры с изощренными дипломатами Китая, предвидение неизбежного дальнейшего сближения России и Казахстана. Вот весьма, на наш взгляд, характерный пример тактики Аблая во взаимоотношениях с царскими властями. Аблай добивается военной помощи от России и пишет письмо оренбургскому губернатору И. А. Рейнсдорпу ...»  - деп жазып Абылайды төбесін көкке жетізіп жазып одан ары қарай оның Ресейден әскер сұраған хатын беріпті... (127-бет)

Қазақтардан өзін қорғау үшін әскер сұраған Абылайдың дәрменсіздігі мен шарасыздығын былай  деп жуып шайыпты: Таким образом, Аблай, добиваясь присылки царских войск для расправы с непокорными кипчаками, стремится представить дело так, будто от этого зависит состояние русско-казахских отношений, давая при этом понять, что в противном случае он получит  эту помощь от Цинской империи.(128-бет) – деп тағы бір фантазияны ойлап тауыпты... Жалғыз Ресейден емес Абылай Қытайдан  талай көмек сұраған... Соның ішінде әскер сұрағаны тарихи шындық... Алайда оған Қытай да, Ресей де әскер берген жоқ. Себебі Абылай билігі қазақ арасында ешқашан жүрген жоқ. Ресей қанша көмектессе де, хан етіп Орта жүзге отырғызса да оның қазақ арасындағы беделі болған жоқ... Ол әскер сұрағанда қазақтардан қорғану үшін сұраған. Ақыр соңында Рейсендорп – Қауіпті болса Орынбарға келіп казармада тұр- деп әскер бере алмайтындығын айтқан.

Ақыры Абылай қазақтар түбіне жететін болғандықтан Орта жүзді тастап қашып, оңтүстікке кетуге мәжбүр болды. Әйтпесе оны арғындар өлтіретін еді. 1779 жылы көктемде Абылай өз төлеңгіттерімен Түркстанға қарай асыға көшті... Оңтүстіктен Рейсендорпке жазған хатында (13 августь 1779 жыл) Абылай: «...Енді менің билігімде Ұлы жүз бен Кіші жүз...»(Казахско-русские отношения в ХҮІІІ-ХІХ веках. А. 1964. 100-бет) деп айтыпты. Бұл әрине Абылайдың көп өтірігінің бірі. Басқаны алдасаң да орысты алдау мүмкін емес. Сол кездегі Қазақстанның жағдайын орыстар Абылайдан әлденеше рет артық біледі. Әрине оның оңтүстікке келгенін жалғыз қазақ емес сарттар және қырғыздар найзаның ұшымен қарсы алғаны тарихи шындық. .. Әрине осы тарихи шындықтар Мойсеев кітабында айтылмайды...

Жергілікті халықтарды қорқыту үшін орыстың бір солдатын көрсетіп Абылай:- Арқадан орыс әскері, шығыстан қытай әскері маған көмекке келе жатыр – деп жария қылған. Әлгі Абылайдың жанында болған орыс солдаты туралы Мойсеев те жазған еді(132-бет). «...Аблай...  прибег к запугиванию киргизов поддержкой его действий со стороны России и Цинской империи. Так, в 1778 г. из Петропавловской крепости в кочевья Аблая бежал русский солдат Яков, принявший участие в этом походе. «И когда Аблай по некотором сражении посылал от себя к киргизам для увещевания своих теленгутов, то с ними отправлен был и означенный беглой сол дат, одетой в аммуниции, с таким устращиванием, якобы он, Аблай, имеет у себя на помощь немалочисленное и сильное российское войско с оружием и доказывал тем самым солдатом». Наконец, указывая киргизским военачальникам на расположенный на китайской границе цинский отряд в 500 человек «для обыкновенной по границе стражи» Аблай уверял их «будто и то китайское войско, также в помощь ему, Аблаю, тут прислано, отчего киргизы и пришли в немалую робость...»(А ВП Р. Ф. Киргиз-кайсацкие дела. Оп. 122/1. 1779— 1780. Д. 1. . Л. 245 об.)

Жалпы Аблай өмір бойы Қытай мен Ресейден әскер сұрап жалынып өткен. Оның бұл қылығын ешқандай тарихшы жасыра алмады. Қазыбек бидің туысқаны Ботақанды өлтіргені үшін арғындардан қашып, оңтүстүстікке бара жатып, Ресейден Түркстанға орнығу үшін әскер сұрайды. Дәл осы оқиғаны Мойсеев: «...Основным вопросом в его взаимоотношениях с царскими властями вплоть до отьезда в 1779 г. в Туркестан был о присылке ему оружия и войск и о приезде его получения знаков ханского достойнства в одну из сибирских крепостей. Настаивая на присылке ему военного отряда, Аблай гарантировал солдатам сохранение жизни и имущества, возмещения всех понесенных убытков и т.д. Но все это напрасно. Тогда прибывшему к нему капитану Г.Лилингрейну Аблай откровенно заявил, что он поехал бы в Оренбург или другой город при условии «ест ли бы даны были просимыя им войска....

...Аблай настойчиво добивался от царской администрации и цинского правительства военной помощи, так как война с киргизами была непопулярна в казахском народе. Большинство султанов, биев и батыров не поддержали воинственные планы Аблая...» (129-бет, Көрсетілген шығ.)

Абылайдың жергілікті халықты алдап қорқытуы ұзаққа барған жоқ. Сарттармен қақтығыста жаралы болып көп ұзамай қайтыс болғаны туралы Міржақып Дулатов жазған нақты дерек бар (Абылай хан. А.Жазушы баспасы.1993.385-бет). Алайда Абылайды мақтаушылар оның  абыройсыз өлімі туралы ештеңе жазбайды...

1780 жылы 16 –июньде Ресейден барған Бекчурин Ташкент аймағындағы қоныстанған жеріне барып Абылайды соңғы рет көрген еді. Меңдияр Бекчуриннің  жазғанына қарағанда оның жағдайы мәз емес.

«...расположился в шестидневной езде от города Ташкении...

Аблай ныне пребывание имеет в показанном  же урочище,  при коем находится и войска не более дву сот человек, да и то большею частью из пленных трухменцов, калмык и протчих пленных народов и на том месте производит хлебопашество...» (АВПР.  Там же;  .Казахско-русские отношения в ХҮІІІ-ХІХ веках. А. 1964. 102-бет) .

Осы цитатаны пайдалана отырып Мойсеев Абылай бұл жерде кырғыздарды бағындыру үшін cұрап  отыр- деп жазыпты (... для покорения под свое владение диких киргизов, в горах кочующих...132-бет). Не деген масқара.... Абылай ол жерде орысша айтқанда на птичьи правах жүріп жатса да оны Мойсеев мақтап мадақтай береді. Тағы бір тарихшы Нұрлан Атығаев көрсетілген цитадағы на том месте производит хлебопашество... деген сөйлемді пайдаланып Абылай қазақтарға егіншілікті үйретіп  жатыр деп Республикалық газеттің бірінде жариялады...  Осындай сорақылықтар тек біздің елде ғана болады.

Абылайды жақтаушылар оның өлімі туралы ештеңе жазбайтынын жоғарыда айтқанбыз. Сондықтан Мойсеев: «...Осенью 1780 г. Аблай тяжело заболел и вскоре скончался. Точную дату смерти Аблая установить пока не удалось. Скончался он осенью 1780 г. под Ташкентом.» - деп жазыпты.

Әрине осынша мақтап мемлекет қайраткері дәрежесіне көтеріп отырған адамның абыройсыз өлімі туралы шындықты жазу ыңғайсыз... Егер Орта жүз халқы хан деп мойындаса мұндай жағдай болмас еді. Жарайды ол Орта жүзден кетіп қалды. Абылайдың титімдей абыройы болса Ұлы жүз қазақтары сарттардан кек алар еді... Ондай болған жоқ.   Мысалы Әбілхайырды 1748 жылы Барақ сұлтан мен Сырымбет батыр өлтіргенде оның балалары олардың өзін өлтіріп қана қоймай барлық тұқымы мен қосып қырып жіберді. Осыны істеген  Әбілхайырдың балаларын халық қолдады. Егер халық қолдамаса олар ештеңе жасай алмас еді. Себебі Әбілхайыр халықтың сүйіктісі болды. Оны хан етіп сайлаған рубасылар еді (1709).

Абылайды хан етіп бекіткен Ресей өкіметі, халық сайлаған жоқ. Халық алдында оның жексұрын болғаны соншалық оның өлімін жоқтап сарттардан кек алатын  бір адам болмады.

Осы жерде тағы бір ащы шындықты айта кетейік. Орта жүз халқы Абылайды ит қосып қуып жіберсе де оның баласы  Уәлиді хан етіп сайлады. Ресей басшылары Әбілмәмбеттің баласы Әбілфейізді хан етіп сайлау үшін көп еңбек сіңірген еді, одан ештеңе шықпады. Уәли қазақ халқының құрметті адамы болды . Сондықтан Абылайға бағынбаған Орта жүз халқы Уәлиді 38 жыл хан етіп ұстады. Не деген керемет жағдай. Сондықтан Ресей өкіметі Уәли хан туралы бірдеңе жазса жамандап қана жазды. Себебі ол әкесі Абылай сияқты Ресейді емес өз халқын жақтаған патриот адам еді. Абылай туралы мыңдаған адам жазған болса, Уәли туралы екі адам (Марғұлан мен Өтениязов) ғана жазыпты.

Біздің тарих ғылымының шерменделігі, дәрменсіздігі яғни бишаралығы осы емеспе....

Абылай туралы жазбалардың Ресей тарапынан болған Жетінші кезеңіне осылай өте қысқаша шолу жасадық... Аталған Мойсеевтің кітабында екі тарихи шындықты берген жері бар. Біз оған сол үшін алғыс айтқанбыз... Біріншісі Қалмақ ханы Себан Раптанның Чарыш есімді батыр баласы болмағаны. Левшин-Шоқанның атымен дайындаған мақалада Абылай оны жекпе жекте өлтірді – деген болатын. Қазақтар соны іліп алып неше түрлі аңыз шығарды. Абылай бойы аласа, әлжуаз адам болған, яғни оның жекпе жекке шығатын мүмкіндігі әлде батырлығы болуы мүмкін емес. Бұған Шоқанның  жазғандары дәлел.

Екіншісі Абылайдың Орта жүз ханы бола тұрып Ресейден қазақтарды жазалау үшін әскер сұрап жазған хаты... Жалпы Мойсеев(1948-2007) талантты ғалым, тарихшы. Біз онымен бір институтте біраз жыл бірге істедік. Әттең ол Абылай туралы зерттеуінде өкіметтің құрығынан шыға алмады. Ол Жоңғар тарихының белгілі маманы. Оның – Жоңғарлардан қазақ еліне қазіргі ойлағандай үлкен қауіп төнген жоқ – деп бір мақаласында жазды. Әрине барлық қауіп пен қастандық Ресей тарапынан болды... Мен оны сол үшін  ерекше сыйладым. 1993 жылы ол Барнаулға кетіп қалды және сонда қайтыс болды...

Шерхан ағаның реніші...

Көп ұзамай Совет өкіметі ыдырады. Абылайға жанышырлықты енді Қазақстан басшылары бастады. 1993 жылы Абылай хан деген жинақты Сәрсенбі Дәуітов құрастырды да жарыққа  30 мың тиражбен шығарды. Біз  осы жинаққа Абылайдың 1745 жылғы Ұлы жүзді Ресей құрамына кіргізу керек деп  жазған хатымен 1771-жылы Орта жүзге хан бола салып әскер сұрап жазған хатын апарып берген едік. Оны кіргізбепті...

Аталған жинақта біз ерекше көңіл бөлген мақала Міржақып Дулатовтікі болды. Ол алғаш рет 1912 жылы Айқап журналының 6-санында Азамат Алашұлының атымен басылған екен.   Алаштың біртуар азаматы мақаласының басында Абылайды мақтаған Арыстан ақынның бір шумақ өлеңінен соң: «Бұл күнге дейін қазақ жұртында Абылайдың анық ата жөнін білуші кем...» (381-бет)- деп ары қарай есіткендерін жазыпты. Жалпы біздің айтатынымыз  осы уақытқа дейін айтылып жүрген Абылай- Қазақ мемлекетін құрған Жәнібек ханның ұрпағы емес. Өзінің айтуы бойынша ол Уәли сұлтанның  баласы. Әрине бұл деректің шындығы екіталай. Дәл солай болған күннің өзінде Уәли сұлтан Жәнібек ханның ұрпағы болмаса да Шыңғыс ханның ұрпағы екені рас.(МИКХ, Материалы по истории Казахского Ханства,1969 ).

Міржақып атамыз Тәуекел ханның Бұхара, Самарқандқа жасаған жорығын Абылаймен шатастырыпты.Ташкент өңірінде сарттар Абылайды төлеңгіттерімен қосып жазалағанда: «...-Қайран Орта жүзбен Кіші жүздің батырлары қасымда болса бұл қорлықты көрмес едім»- деп бармағын шайнаған екен.»  Одан ары қарай сол күні Абылайдың қайтыс болғанын айтыпты.. Біздің бұл жерде байқағанымыз – Қазақ интеллигенциясының ішінде Абылай туралы жақсы жазып қалдырған жалғыз осы Міржақып атамыз ғана. Жалпы қазақ интеллигенциясының үлкен бөлігі 1904 жылы Шоқанның атымен Аблай деген мақаладан соң қазақтың әйгілі ғалымы Ш.ШУәлихановқа  суық қарай бастаған. Оны сол мақаласы үшін ғалым емес, көп шонжардың бірі екен деп ойлап қалған. Әттең олар Шоқанның басқа зерттеулерінде  Абылай туралы басқаша жазғанын білмей кетті.

Аталған жинақ шыққан жылы Егеменді Қазақстан газетіне Тарих институтінің директоры М.Қ.Қозыбаевтың Абылай деген мақаласы жарық көрді. Ол кісіге тапсырысты жоғарыдан,әрине Ресейден емес, Қазақстан басшыларынан берілген сияқты. Әйтпесе ол өмір бойы компартия тарихымен айналысқан адам өздігінен кіріспес еді. Әрине бұл мақала Абылай туралы фантазияларды қайталаған еді. Ол кезде газеттің бас редакторы Шерхан ағаға басқа бір жұмыспен барып қалғанымда маған: - Абылай туралы мақалаңды енді берсең номерге келесі аптада саламыз - деді. Біраз отырып әңгімелестік... -Қазір мақаланы бермей тұра тұрайын. Қозыбаев менің директорым, менің мақалам оған өте ауыр тиюі мүмкін ...Бұрын инфарк алған адам еді... -  дедім. Шераға қатты ренжіп маған көп сөздер айтты.. ... Көп ұзамай Елбасының кітабында Абылай туралы – Қазақ елін ажалдан құтқарған және қазақ елін біріктірген Абылай – деген сияқты ұрандатқан лебіздер жазылды...

Қазақстан ұлттық энциклопедиясына Абылай туралы неше түрлі фантазиялар жазылған мақалалар басылды. ...90 биді бастап барып Төле би Абылайды Жоңғар тұтқынынан босатты... Абылайдың 40 ұлы 30 қызы бар т.б. энциклопедия түгілі газет – журналға басуға болмайтын фантазиялар жазылып көлемді мақалалар басылып шықты. Бір  қызығы солардың бірінің авторы деп  Жанұзақ Қасымбаевтың аты қойылыпты. Әрине ондай келеңсіз мақаланы ол ағамыз беруі мүмкін емес.

Осылай Абылай туралы фантазия жазып қазақ елін ақиқат тарихтан аластатудың басталғанына 30 жылға жақындап қалды... Бұрын оның артында Ресей болса, егемендік алғалы Қазақстан басшылары қамқорлық жасап отыр. Республиканың баспасөзі Абылайды мақтап жазған мақала болса ірікпей басады. Ал шындық жазылған мақала болса жолатпайды...

Демек Қазақстан басшылары әлі күнге дейін Ш.Ш.Уәлиханов мұраларына  оң көзбен қарайтыны - адам сенгісіз жағдай. Алайда шындық осылай...

Шоқан шындығы және шоқантанушы ғалымдар неге шеттетілді?

2010 жылы 6 том болып  Ш.Ш.Уәлихановтың еңбектері қазақ тілінде басылып шықты. Осы басылымға бұрынғы шоқантанушы мамандардың ешқайсысы қатыстырылған жоқ. Сондықтан кемшілігі асып жетіледі. Өкімет бұл басылымға көп қаржы бөлді, ақша жүрген жерде адалдық пен патриоттық бола бермейтіні бұрыннан белгілі. Жоғарыда айтылған Абылай туралы мақалаға жазылған түсініктемеде: Қолжазба толығымен сақталған. УШЖ мәтіндері бойынша басылып отыр, т.І, 1961, 426-430-б. (4.443-бет). Оның қолжазбасы болмағанын біз жақсы білеміз...

Сонда олар қолжазбаны тапқан болып академиктер Марғұлан және Көмековтер басқарған шоқантанушылардан асып кетіп оза шауып отыр.

Қолжазба толығымен сақталған деп көптеген шоқантанушы ғалымдарды өтірікші етіп көрсетіп отыр. Оның қолжазбасы ешуақытта болған жоқ. Болуы мүмкін емес, әрине Шоқан жазған болса сақталған болар еді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Шығыстану институтінде 8 том болып Ш.Ш.Уәлихановтың еңбектері өте аз тиражбен жарық көрді. Барлығы 4-5 дана... Басқарған Меруерт Абусеитова. Әрине бұған Қазақстан басшылары көп қаражат бөлді. Сондықтан осы басылымға да шоқантанушы мамандар қатыстырылмады... Ақша жүрген жерде осылай болатыны белгілі. Оның кемшіліктеріне басқа мақаламызда тоқталғанбыз....

Сол Аблай атты Шоқанның атымен орыстар жариялаған мақала 1947 жылдан бастап әлденеше рет жарық көріп қазақтарды әбден шатастырды. Екі рет қазақ тілінде (1949 және 2010 жылдары)  үш рет орыс тілінде жарық көрді. 1947 жылы және 1961 Ш.Ш.Уәлихановтың 1-томында (426-430 беттер), 1985 жылы мерейтойға арналған 5 томдықтың 4-томында (111-116 беттер).

Ресей басшылары бір мақаламен барлық қазақты оп-оңай ақымақ қылып қойып мәз болып жүр. Сондай-ақ Әбілхайырдың 1731 жылғы хатының орысша аудармасымен ғасырлар бойы тек қазақ емес барлық түркі халықтарын ақымақ етіп қойды. 1999 жыл Әбілхайырдың тарихи хаты дұры аударылып оның ішінде бодандық сұраған бір сөз болмай шығып талай жазғыштардың сағын сындырды. Алайда осы күнге дейін мектеп және университеттердің оқулықтары бұрынғыдай Әбілхайырды сатқын кейпінде көріп жүр... Бұл қандай ұғым беретіні түсінікті. Қазақстан басшылары да халқымыздың төл тарихын білмей орысқа жалтақтауын тоқтатпасын деп көксейтінін білдіреді.

Жалпы Қазақстанның Тарих ғылымында Шоқан еңбектерін дұрыс пайдаланып жатқан жоқ. Тіпті оның кейбір аса құнды мақалалары пайдаланбақ түгілі аяқ асты болып жатырғанына бір дәлел айта кетейік.  Баяғы 1995-98 жылдарда Ресейдің Банк Империалы Қазақстан теле каналдарында Темірлан туралы бір тарихи эпизодты 4 жыл бойы көрсетіп тұрды. Сол рекламадағы оқиға Темірландікі емес Қазақ ханы Есімдікі еді. Оны Шоқан тасқа басқандай етіп жазып кеткен... Осыны көрсетіп сол кездегі Тарих институті директоры академик М.Қозыбаевке жалынып – Мәскеуге қарсы реплика жазыңыз – деп өтіндік... Бізге уәде бергенмен ол кісі Мәскеуге ештеңе жазбады...  Мұндай Шоқан жазып кеткен материалдардың талай құндылары Қазақстанда аяқ асты болып жатқаны ащы шындық...

Қолдан жасалған батырға алданып біздің бейшара халық қанша жүретіні белгісіз. Жоғарыда қысқаша шолу жасағанымыздай орыстар бір мақаламен барлық қазақты ақымақ етіп отыр. Сонда біздің егемендігімізден не пайда. Ақиқат тарихымызды өз ұрпағымыздан жасырып Ресейдің экспанциялық саясатына қызмет етіп талай ғалымсымақтарымыз олардың Спецслужбасынан нәпақа көріп жүрген сұрқиялар да аз емес...

Самат Өтениязов,

Мадрид және Әл Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.к.

Abai.kz

50 пікір

Үздік материалдар

Алашорда

Алаш-арман

Бейбіт Қойшыбаев  2588
Білгенге маржан

Хилда Хукхэм және Ұлы қолбасшылар

Бейсенғазы Ұлықбек 2103
Әдебиет

Түс

Ерғали Бақаш 1774
Әне, көрдің бе?

Архимед кімді қорғаштайды?

Жайберген Болатов 2868