Жұма, 22 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 3877 1 пікір 25 Шілде, 2022 сағат 13:04

Тайваньның тағдыры қалай шешілмек?

ТАЙВАНЬ ТАҒДЫРЫ  РЕСЕЙ-УКРАИНА ҚАҚТЫҒЫСЫНДА ШЕШІЛІП ҚОЙҒАН

Кезінде Дэн Сяопин Қытайдың көшбасшысы бола салысымен Қытайды жедел қарыштатып дамытуды мақсат етіп қойды. Алдымен Кеңес Одағының, содан кейін Шығыс Еуропаның, онан соң Сингапур, Жапония, Еуропа, АҚШ-тың индустрияландыру мен қарқынды даму жолын зерттеп, Жапониядан, Еуропадан және ең бастысы АҚШ-тан инвестициялар тарту қажет деген соңғы қорытындысын жасапты...

Ол АҚШ-пен жақындасу үшін біраз құрбандықтарға барған. Оның бірі «Тайвань мәселесі». Сондықтан АҚШ-тың Тайваньға заманауи қару-жарақтарын жеткізетінін, қажет деп тапқан кезде Тайвань бұғазының қауіпсіздігін өзінің 7-ші флотымен сақтауға әрекет жасайтынына Дэн Сяо Пин көз жұма қарай тұруға шешім қабылдайды...

Дэн Сяо Пин күндердің бір күні Тайваньды Қытайдың бір бөлігі ретінде қайта қосылады дегенді АҚШ-тың қабылдай алатын уақыты болады деген сеніммен «Тайвань мәселесін» «болашақ ұрпақтарға»  аманаттады... Ол сол кездері Тайваньдағы позициясы туралы қитұрқы сұрақтарға: «Мәселені шешуді келесі ұрпаққа, бізден сәл ақылды адамдарға қалдырған дұрыс», - деген екіұшты жауап берумен АҚШ-тың инвестицияларын еліне тарта алды. Қытайдың жедел дамуының алғашқы қазығын солай қадаған болатын...

Дэн Сяопин болашақ ұрпаққа сеніп тапсырған сол «Тайвань проблемасын» біржола шешіп, біржақты етуге  Қытайдың бүгінгі билік иесі Ши Жиньпиннің де әрекеттеніп жатқанын көріп отырмыз. «Тайвань мәселесі» де Дэн Сяопиннің заманынан бері біршама өзгерістерге ұшырады.

Өткен шақ бойынша айтар болсақ, егер Қытай Тайваньды әскери жолмен аннексиялауға тырысса, бұл ешқашан Қытайды Ресейдің Украинаға әскери шабуылына ұқсас дипломатиялық апатқа әкелмес еді. Өйткені Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынасы бар елдер түгелдей Қытайдың «бір елі, екі жүйесін» таныған және Тайваньды Қытайдың бір бөлігі деп қабылдап қойған.

Тайваньды Қытайдың бір бөлігі деп санап, Тайваньды біріктіру Қытайдың ішкі ісі деп келіскен әлемнің дамыған елдері Тайваньды қорғауға алып, Қытайға қарсы санкциялар салып, Тайваньды қаруландыра алмайды, олай ету мүмкін емес еді. Сол кезде Қытай үшін Тайвань мәселесін өз пайдасына шешудегі жалғыз кедергі АҚШ болатын.

Бірақ қазір олай емес:

1. Ресей-Украина қақтығысы әлемдегі көптеген елдерге осындай мәселелерге басқаша қарауға жол ашуда. Олар басқыншылыққа ұшыраған елге көмек қолын созуға ең бергісі психологиялық тұрғыдан да дайын болды. Жиі-жиі шатасып, тәуекел жасай алмайтын, қауіп-қатерден қорқатын Еуропаның сужұқпас сыпайы саясаткерлері егер проблема туындаса, Тайваньға көмектесетіндерін бірауыздан мәлімдеп те қоюы олардың «Тайвань мәселесін» бір жағына қарай шешіп қойғанын көрсетеді.

2. Тайвань аралын Қытай басып алады деген сөз, Қытай Солтүстік-Шығыс Азияға апаратын негізгі су жолының ең маңызды бақылау пункттерінің бірін басып алады деген сөз. Бұл жағдайда Солтүстік Шығыс Азияда орналасқандықтан Оңтүстік Корея мен Жапония екеуі де Қытай басқаратын теңіз жолымен кемелерінің жүзуін жалғастыру үшін Қытаймен ымыраға келу немесе экономикалық шығындарға ұшырау деген екі нұсқаның біріне тап болады. Сондықтан соңғы кездері теңіз күштерінің тез кеңеюіне ерекше ден қойып отырған Жапония бұған ешқашан жол бермейді. Олар Тайвань бұғазының мәселелерін шешуге белсене араласатын болады.

3. 1986 жылы Чан Кай Шидің баласы Жан Зянго Тайвань аралында енгізілген «Соғыс туралы заңның» күшін жойып, Гоминьдан партиясы орнатқан абсолютті диктатураны өзгертіп, Тайвань демократиялық жолға түсті... Алайда, 1945 жылдан бері Тайваньға Қытайдан қоныс аударғандардың құрамы жалпы халықтың 12 пайызынан аспады. Сондықтан демократия қарқын алған сайын Тайваньның байырғы тұрғындарының дауысы соғұрлым басым түсіп, Гоминьдан партиясын биліктен тықсырып тастады. Аралдың байырғы халқының өкілі Цай Вэн Руй Тайвань билігін қолына алысымен Тайвань ешқашан Қытайдың бөлігі болып саналған емес деп мәлімдеді. Мүмкіндік болысымен Тайваньның тәуелсіздігін жариялайтынын паш етті...

4. Тайвань аралы жартылай электр өткізгіштер шығарады және оны әлемнің көп бөлігіне сатады. Жартылай өткізгіштер барлық заманауи салада қолданылатындықтан өте маңызды технологиялық өнім болып табылады. Әлемдегі ең дамыған елдер осындай маңызды өнімді экспорттайтын Тайваньды қарап отырып Қытайға бере салудың салдары аса қауіпті болатынын Ресей-Украина қақтығысы кезінде толық түсінді. Мұндай қажеттілік туындаған кезде, бұл елдер Қытайдың «Бір ел - екі жүйе» принципін қабылдаған антына адал болып, шешімді әрекеттерге бармайды деген бекер сенімге алданып отыруға болмайтынын Қытай тарабы түсінген.

5. Ресей-Украина қақтығысы әлемге Ресейдің әлсірегенін шын мәнінде дәлелдеді. Ресей мен Қытайдың қандайбір альянсы батыс әлеміне қарсы күштердің тепе-теңдігін сақтай алады деген әртүрлі идеяларға нүкте қойылуда. Батыс державаларына қарсы аты бар да заты жоқ жалған күштердің тепе-теңдігі Ресей-Украина қақтығысы кезінде жойылып жатқандықтан Ресейде де, Қытайда да қорғаныс қабілетінен айырылды деуге болады!

Мұндай стратегиялық маңызы зор қақтығыс-кикілжіңдер арқылы Батыс алдымен аюды аулап болған соң, қандайбір келесі сылтау арқылы айдаһарды аулаға шығатыны белгілі болуда ...

Кімнің күшті екенін түсінген әлем елдері Қытайдан да Ресейден де үрейленетін қорқыныштарын сейілтті. Қытай мен Ресей сүрініп кетсе жан-жағынан қалай талап жеп қоюға болатын  жолдарын да  түсініп алды!

Әлем осылай төңкеріле құбылып жатқан кезде Ши Жиньпин  мырза Тайваньға  шабуыл жасап көрсін... Кез-келген айқын Қытай агрессиясы әлемді Қытайға қарсы қозғалысқа бастауға  дайын болдырып та қойды.

Факторлардың осылай өзгеруі «Тайвань мәселесін» Қытайдың ішкі  мәртебесінен жаһандық мәртебеге айналдырды. Бір сөзбен айтқанда, Тайвань аралы коммунистік Қытайдың қолынан сырғып барады және Қытайдың өзі үлкен проблемаға тап болады.

Қытайдың 1842 жылы Англиядан, 1895 жылы Жапония жеңіліске ұшыраған кезіндегі «кертіп жеуге оңай  дәмді ет» сияқты көрінетін уақытына қайта оралатан белгілері алыстан болса да елес бере бастады.

Егер Қытай шынымен әлемдегі бірінші держава болғысы келсе және осы ғасырды Қытайдың ғасырына айналдырғысы келсе, оған үлкен табандылық пен үлкен тапқырлық қажет!

Кішкентай ғана  қателік оларды 150 жыл бұрынғы төбешігіне апарып тастайды.

Путиннің  «арнайы әскери операциялары» Ресейдің де, Қытайдың да тағдырын шешіп те қойды деуге болады...

Амантай Тойшыбайұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5328