Жұма, 22 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 6294 19 пікір 1 Тамыз, 2022 сағат 11:58

Архимед кімді қорғаштайды?

Жалпы біздегі солтүстік өңірдегі билік басындағыларда жаман бір парадокс қалыптасқан. Біріншісі – қазақша жазылған арыз-шағымдарға мұрын шүйіре, менсінбей қарайды. Мұны көзқарасынан, қимылы мен мен-менсінбей, немқұрайлы әрі қабақ шытып тұрғандығынан-ақ, байқауға болады. Өздері түгелімен қазақ. Ал екінші парадокс – сен бірдеңе айтсаң, екінші бірдеңе деп жауап береді. Яғни қазақша айтқанда «бас десең, құлақ» дейді.

Жақында осы Қостанайда шығатын бір қазақ газетінің журналистикадан мүлдем хабары жоқ, тек тамыр-таныстықпен келген, бар шеберлігі жоғары жаққа жағынудың арқасында 70-ке таяп қалған басшысамғының басылымды мүлдем басқара алмауы салдарынан газеттің бір кездегі 12 мыңдық таралымын екі есеге құлдыратып, 6 мыңға әзер жеткендігін облыс әкім Архимед Мұқанбетовке жазсам, олардан: «Ойбай ол тамаша адам. Пәленбай орден, медалі бар. Ол келгелі газет жақсарды. Әсіресе, мерекелік шараларды өткізуге келгенде алдына жан салмайды», - деген, оған шаң жуытпайтын аса «көреген» жауап алдым. Ал айдың-күннің аманында таралымның неге күрт азайып кеткендігі туралы, осының салдарынан редакция 29 миллион теңге шығынға ұшырағандығы туралы сыңар ауыз сөз жоқ.

Оны айтасыз, менің үнемі сынап отыратыныма жыны келді ме, биыл осы редакцияға бюджет есебінен бұрын-соңды болып көрмеген аса ауқымды сома - 150 миллион теңгені қолақпандай етіп бере салған. Бұл дегеніңіз газет 12 мың таралымға жетіп тұрған кезде бөлінген сомада аттай үш есе көп. Бұл не қылған мырзалық? Әлде бюджеттің яғни, халықтың ақшасын Архимед мырза әкесінен қалған ақшадай көре ме? Мүмкін, мұндай әкімді «Жаңа Қазақстанға» сүйремей, ескісіне тастап кеткен әлдеқайда қолайлы болар ма еді? Сіздер қалай ойлайсыздар?

Айтпақшы, Архимедтің әлгі «аса іскер» редактордың ерекше ұйымдастырушылық қасиеті туралы айтқандығына қосылмауға болмас. Ол зейнеткерлікке шыққалы сегіз жылдың ішінде жұртқа ақыл айтқан демагогиялық кітапсымағының арқасында 65 жасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ғана болып қоймай, бірден осы облыстағы оның бөлімшесінің төрағасы болып қожиды. Сосын елде жоқ нагрдаларды жинауға кірісті. Салғаннан «Құрмет» орденін алып, оны Архимед қолымен кеудесіне қадады. Сосын Халықаралық «Алаш» сыйлығын иеленді. Оның сыртында журналистерге берілетін республикалық деңгейден бастап, облыстық дәрежедегі дейінгі қолақпандай сый-сияпатты айтып тауысу да қиын. Мінекей, пысықтық деп осыны айт. Тек әттең, өзінің Назарбаев ала алмаған атақты «Нобель сыйлығына» қолы жете алмағаны өкінішті. Әлде оны Архимед қимады ма екен?

Жалпы, бұл редактордың  алып  жатқан сөлкебайларының бізге еш қатысы жоқ. Тек бәрі де орнымен әрі әділетті түрде болса дегендік. Әйтпесе, өзі басқаратын газетті ең болмаса бұрынғы деңгейде ұстап тұра алмай, оның таралымын екі есеге дейін құлдыратып, бүкіл республикада болмаған сұмдық жағдайға ұшыратқан адамның топырлатып награда ала беретіндігі тек бізде ғана қалыптасқан жағдай ма екен? Бұл біле-білген адамға қазақ газетіне, бұрын еш уақытта газетке бірде-бір салиқалы мақал жазып көрмеген, қолынан түк келмейтін кездейсоқ жандарды алып келіп, оны мүлдем құлдыратту – қазақ газетіне жаны ашымастық қана емес, оны бәсекелестік ортадан әдейі ығыстырып, орыстілді басылымдардың алдында жығып беру деген сөз. Ал бұл еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне бағытталған қастандық дер едім.

Мүмкін, мұндай келеңсіз жағдай еліміздің басқа да өңірлерінде бар шығар? Ойланайық, ағайын!

Жайберген Болатов

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3224
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279