Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 2936 6 пікір 22 Тамыз, 2022 сағат 11:05

Қазақтың адымын аштырмай отырған - аралас мектеп!

Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы өзінің ғылыми зерттеуінде аралас тілді мектептердің түп-тамыры кезіндегі патшалы Ресей империясының қазақ жерін рухани отарлауда тиімді құралы болған – «Түземдіктерге арналған мектептерге» барып тірелетінін, бұл мектептер кейін большевиктік совет билігі орнағанда аралас мектептер болып өзгергендігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген болатын. Бүгінде қазақ тілінің адымын аштырмай, көркейтпей отырған факторлардың бірі – осы аралас мектептер (қазақ және орыс тілді мектептер).

Бүгінгі таңда кейбір замандастарымыз аралас мектепті қазақ тілді мектептердің қарасын көбейтетін, орыс тілді мектептердің санының азаюына түріткі болатын, қазақ тілінің көркейуіне ықпал ететін амал ретінде қарайды. Алайда бұл қате пайым.

2021 жылғы ресми статистикаға сәйкес еліміздегі 7525 мектептің 3832 қазақ тілді, 1249 орыс тілді, 2429 аралас тілді, 15 өзге тілді (өзбек, ұйғыр және т.б.) мектептер.

Бір қарғанда қазақ тілді мектептердің саны басым болып көрінгенмен, бұл аса айлакерлікпен  өте мұқият ойластырылған, орыс тілді мектептердің үлес салмағын аз, ал қазақ тілді мектептердің саның көп қылып көрсететін статистикалық - бүркемелеу саясаты.

Шын мәнінде құрамында қазақ тілді сыныптарыда бар деп бүркемелеп отырған аралас мектептер – тоның сыртына айналдырып кигізген орыс мектептері. Егер жоғарыдағы статистикалық деректегі орыс тілді мектептер мен аралас тілді мектептердің жалпы саның бір-біріне қосатын болсақ 3678 құрайды, яғни қазақ тілді мектептердің жалпы санына шамалас.

Осы орайда кейбір замандастарымыз аралас мектептерді орыс тілді мектептер деп айту қате пайым, аралас мектептерде қай тілге басымдық беру тікелей мектеп басшысына байланысты деп уәж айтуы мүмкін.

Алайда бұл ұстаным көп жағдайда тәжірибе жүзінде іске асыруы қиын, кез келген басшы жүрегі даулап, бел шешіп кірісіп кетуге батылы бармайтын - күрес жолы. Себебі, ең алдымен біздің елде биліктің пәрмен беруімен, заң жүзінде нормативтік-құқықтық актілердің сүйемелденуімен отарсыздандыру процесі жүргізілген жоқ. Әлі күнге дейін биліктің биік эшлонынан бастап қарапайым бұқара халық арасында, қоғамдық қарым-қатынаста орыс тілі үстемдігін жүргізуде. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту үшін күресіп жүрген намысшыл, санасы ояу бірді-екілі азаматтар болмаса, қазақ тілі әлі күнге дейін орыс тілінің көленкесінде қалуда.

Бұл жағдайды көпшілік қандастарымыз осылай болуы тиіс қалыпты жағдай деп есептейді. Орыс тілін білмейтін, яки еркін қолдана алмайтын замандастарымыз орыс тілді азаматтардың алдында именіп, психикалық деңгейде өзін қорсынып тұрады. Ал орыс тілді замандастарымыз өздерінің орыс тілін біліп, еркін қолдана алуын жоғары сауаттылық, өзгелерге үстемдік жүргізу құралы ретінде қарайды. Өз кезегінде орыс тілінен теберіш көрген азаматтар кейін осы жағдай балаларының басынан түспес үшін, балаларын орыс мектептеріне, яки аралас мектептердің орыс тіліді сыныптарына береді. Мұның барлығы руханият, мәдениет, білім-ғылым саласында отарсыздандыру процесін жүргізбеудің салдары.

Осындай жағдайда барлық қоғамдық қарым-қатынастарда үстемдігін жүргізіп тұрған орыс тілінің - аралас мектептерде қазақ тілінен бәсі төмен болады деп пайымдау қателік. Мұны кез-келген арал тілді мектептерге барып, үзіліс кезінде дәлізге шыққан оқушылардың өзара қарым-қатынас тілінен аңғарасыз.

Журналист Еркеғали Бейсен замандасымыздың мәліметінше қазақ тілді білім ұйымдарының үлесі соңғы онжылдықта күрт қысқарған. Мысалы, 2010 жылы Қазақстандағы мектептердің 68,5 пайызы қазақ  тілді болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 51,2 пайызға дейін құлдырапты. Солтүстік өңірлердегі өзге ұлт өкілдері тарихи Отанына үдере көшіп, жылына жүздеген ауылдың жабылып жатқанын ескерсек, бұл енді орысша оқытатын 1сыныпқа өзіміздің қаракөздер ағылуда деген сөз. Өйткені аралас мектептердің саны сол 10 жыл бұрынғы 2 164-тен 2 319-ға дейін артқан. Оны білім саласына жауапты мамандар «орыс мектептеріндегі балалар сиреп қалғандықтан, солардың ішінен қазақ сыныптарын ашып жатырмыз» деп түсіндіруге тырысады. Бірақ сарапшылар «Мәселе аралас мектептердегі қазақ және орыс сыныптарын ажыратып, бірыңғай орыс не қазақтілді мектепке айналдыруда болып тұр» деседі. Осы уәждің жаны бар сияқты. Себебі орыс және аралас мектептерде тек орыс тілінде білім алатын балалардың саны 10 жыл бұрынғы 857 308 баладан әлдеқайда артқан.

Ulysmedia.kz порталының мәліметінше Қазақстанда қазақ тілді мектептерден гөрі аралас тілді мектептердің саны көбейген. Кейінгі 10 жылда елде қазақ тілді мектептердің саны бар-жоғы 4-ке көбейсе, аралас тілді мектептер бірден 339-ға артқан.

Осы орайда қазақ, орыс және аралас тілді мектептердегі мұғалімдерге сұраныс мәселесін айқындау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Enbek.kz сайтына шілде-тамыз айларында жарияланған хабарландыруларға талдау жасадық. Зерттеу нысаны ретінде математика, тарих, география, орыс тілі мұғалімдері лауазымы бойынша жарияланған хабараландырулар алынды. Талдау келесідей нәтижені көрсетуде.

2022 жылдың 20 тамызыңдағы деректерге сәйкес Enbek.kz сайтына математика пәні мұғалімі вакансиясы бойынша қазақ тілді мектептер үшін 7 штаттық бірлікке, аралас мектептер үшін 12 штаттық бірлікке хабарландырулар берілген. Аралас тілді мектептерде  2 бірлік қазақ тілді сынаптар үшін, 11 бірлік орыс тілді сыныптар үшін. 12 аралас тілді мектептердің ішінде 1 мектепке қазақ және орыс сыныптарына математик мұғалімдер қажет болған. Жиыны Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 19 мектепке 22 математика пәнінің мұғалімі, соның ішінде 10 қазақ тілінде оқытатын, 12 орыс тілінде оқытатын математика пәнінің мұғалімдері қажет. Орыс тілді математика пәні мұғаліміне сұраныс қазақ тілді маманға қарағанда 2 бірлікке артық. Соның ішінде аралас мектептер үшін 9 бірлікке артық.

2022 жылдың 20 тамызыңдағы деректерге сәйкес Enbek.kz сайтына тарих пәні мұғалімі вакансиясы бойынша қазақ тілді мектептер үшін 1 штаттық бірлікке, аралас мектептер үшін 13 штаттық бірлікке хабарландырулар берілген. Аралас тілді мектептерде 3 бірлік қазақ тілді сынаптар үшін, 10 бірлік орыс тілді сыныптар үшін. Жиыны Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 14 мектепке 14 тарих пәнінің мұғалімі, соның ішінде 4 қазақ тілінде оқытатын, 10 орыс тілінде оқытатын тарих пәнінің мұғалімдері қажет. Орыс тілді тарих пәні мұғаліміне сұраныс қазақ тілді маманға қарағанда 10 бірлікке артық. Соның ішінде аралас тілді мектептер үшін 7 бірлікке артық.

2022 жылдың 20 тамызыңдағы деректерге сәйкес Enbek.kz сайтына география пәні мұғалімі вакансиясы бойынша аралас мектептер үшін 8 штаттық бірлікке хабарландырулар берілген. Соның ішінде 2 бірлік қазақ тіліді сынаптар үшін, 6 бірлік орыс тілді сыныптар үшін. 6 аралас тілді мектептердің ішінде 2 мектепке қазақ және орыс сыныптарына география мұғалімі қажет. Жиыны Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 6 аралас мектепке 8 география пәнінің мұғалімі, соның ішінде 2 қазақ тілінде оқытатын, 6 орыс тілінде оқытатын география пәнінің мұғалімдері қажет. Орыс тілді география пәні мұғаліміне сұраныс қазақ тілді маманға қарағанда 4 бірлікке артық.

2022 жылдың 20 тамызыңдағы деректерге сәйкес Enbek.kz сайтына орыс тілі пәні мұғалімі вакансиясы бойынша қазақ тілді мектептер үшін 4 штаттық бірлікке, аралас мектептер үшін 2 штаттық бірлікке, орыс тілді мектептер үшін 1 штаттық бірлікте хабарландырулар берілген. Аралас мектептер үшін 2 шаттық бірліктегі орыс тілі мұғалімі орыс тілді сыныптар үшін қажет. Жиыны Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 7 мектепке 7 орыс тілі пәнінің мұғалімі, соның ішінде 4 қазақ тілді, 2 аралас тілді, 1 орыс тілді мектептер үшін.

Осыған орай Enbek.kz сайтынан алынған жоғарыдағы деректер, біздің елде орыстандыру процесі ашық түрде ресми жүргізіліп жатыр ма деген ойға жетелейді. Аралас мектептердің шапаның жабылып, орыстандыру процесін жүргізудің зардабы келешекте үлкен ұлттық проблемаға айналатыны хақ.

Тіл мәселесінде аралас мектеп тәрізді бүркемелеу саясатын ұстану бүгіндегі қазақ тілін көркейтуге бағытталған мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан істердің нәтижелерін жоққа шығарып, қаншама мемлекеттік қаражатты рәсуә қылады.

Бұлақ басынан тұнады. Басынан ылайланып ағатын суды тұндырамын деу бос әурешілік. Біз таяу болашақта еліміздегі қаншама этнос өкілдерін қазақ тілі аясында – Қазақ деген бір ұлтқа айналдырамыз деген мақсатқа шынымен қол жеткізуді көздейтін болсақ, небір әдемі жолдаулар мен мемлекеттік бағдарламаларда айтылғандай қазақ тілі шыныменде қоғамды ұйытушы (консалидациялаушы) фактор болса, онда аралас мектеп базасында жүргізіліп жатқан орыстандыру процесін тоқтатуымыз керек.

Бұл мәселені көптеген азаматтар әлеуметтік желілер, жекеленген мақалалар арқылы көтеруде. Алайда нәтижесі шамалы. Бұл мәселені шешуге Оқу-ағарту министрлігінің де құзыры жүрмейтін тәрізді. Осы себептіде аталмыш мәселені қоғам болып заң шығарушы жоғары орган – Парламенттің қабырғасында көтеру керек деп есептеймін. Қолдауларыңызға зәруміз, Ағайын.

Аманкелді Садуақасов

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406