Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5498 9 пікір 23 Тамыз, 2022 сағат 13:20

Азық-түлік бағасы шарықтап тұр

Қазақстанда шілде айында инфляция деңгейі 15 пайызға жетті. Бұл азық-түліктің, күнделікті тұтынатын тауарлардың қымбаттауына айтарлықтай үлес қосты.

Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік бағасының өсуіне байланысты Үкіметтің жұмысын сынға алып, елдегі ең өзекті мәселе инфляцияның өсуі екенін атаған.

"Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Өнімнің кейбір түрлері бірден 80 пайызға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты", - деді Президент.

Мемлекет басшысы, үкіметтің бағаның өсу себебін анықтауға тырыспай, салдарымен әлек болып отырғанын айтқан болатын.

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2022 жылғы шілдедегі азық - түлік тауарларының бағасы 2021 жылғы шілде айымен салыстырғанда 19,7 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 14,2 пайызға, ақылы қызмет көрсету  9,2 пайызға қымбаттаған.

"Азық-түлік нарығында бір жыл ішінде құмшекер бағасы  87,3 пайызға, пиязға 71,7 пайызға, ұн 36,6 пайызға  өскен. Ал, сәбіз 29,6 пайызға, қызылша 25,2 пайызға арзандаған", - деді бюро.

Сондай-ақ, ұн 36,6 пайызға, макарон өнімдері 33 пайызға, жармалар 31,4 пайызға, құс еті 28,6, ұн тағамдары мен нан өнімдері 27,4 пайызға, нан 17,9 пайызға, сары май 17 пайызға, күнбағыс майы- 11,6 пайызға көтерілген.

Азық-түлік қымбаттады, ал соны тұтынатын халықтың жалақысы артты ма, деген заңды сұрақ туындайды. Оған DataMetrics сарапшылары жауап беріпті.

Олардың мәліметінше, қазақстандықтар орташа есеппен табысының 50% - ын азық-түлікке ғана жұмсайды. Анықталғандай, ел экономикасы неғұрлым дамыған сайын, халық табысының аз бөлігін азық-түлік алуға жұмсайды. Дамыған елдерде бұл 10 пайызға сәйкес келеді. Қазақстанда табысының жартысын тек тамаққа жұмсаған отбасы артық қаражат жинауға, дамуға, саяхаттауға мүмкіндігі болмайтыны анық.

"Отбасын асыраушылар бар күшін бала-шағасына тамақ тауып беріп, кредиттерін жабуға арнайды», - дейді сарапшылар.

Ұлттық статистика бюросы болса, 2022 жылдың екінші тоқсанындағы есеп бойынша Қазақстандағы орташа жалақы 312 мың теңге деп көрсеткен. Бірақ бұл сан шынайы өмірден әлдеқайда алшақ жатыр.

«Өмір көрсеткендей, халықтың жаппай кедейлігі мемлекетке өте қымбатқа түседі! Ішкі жалпы өнімнің еселеп өсуіне қарамастан Қазақстан ондаған жылдар бойы кедейлік шегін көтермей келеді. Бүгінде Қазақстан ең төменгі күнкөріс деңгейі әлемдегі ең төмен елдердің бірі және Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің деңгейінде тұр»- деген еді  бюро мәліметін қатысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

Елімізде тек азық-түлік бағасы өсіп қойған жоқ. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 2022 жылғы шілдеде 2021 жылғы маусымға қарағанда 14,2 пайызға артқан.

"Баға деңгейі жеке басқа арналған заттардың бағасы  26,3 пайызға, жуып-тазалау құралдары 23,5 пайызға, тұрмыстық құралдар 22,6 пайызға, құрылыс материалдары 20,5 пайызға, жиһаз бен үй-жайға арналған заттар 19,1 пайызға, автомобильдер 15,2 пайызға, ыдыс-аяқ 14,8 пайызға, тоқыма бұйымдары 11,5 пайызға, фармацевтикалық өнімдер 9,7 пайызға өсті", - делінген бюро мәліметінде.

Бір жыл ішінде ақылы қызметтердің бағасы (2022 жылғы шілдеден 2021 жылғы маусымға  дейін) 9,2 пайызға өсті.

"Кешенді демалысты ұйымдастыру бағасы 19,1 пайызға, қоғамдық тамақтандыру қызметі 16,8 пайызға, денсаулық сақтау 15 пайызға, санаторийлердің қызметі 14,1 пайызға, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарының қызметі 13 пайызға, қонақ үйлердің қызметі 5,9 пайызға өсті. Жолаушылар көлігі қызметі 5,5 пайызға қымбаттады", - деп жазды бюро.

Баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлының айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтердің өсуі де, төмендеуі де байқалады.

"Биылғы жылдың шілде айында өткен жылдың шілде айымен салыстырғанда электр энергиясының тарифтері 2,4 пайызға, қоқыс шығару, тарату желілері арқылы тасымалданатын газ - 1,8 пайызға өсті, ал орталық жылыту тарифы 2,3 пайызға, ыстық су 1,3 пайызға, су бұру 0,5 пайызға төмендеді", - деді ол.

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377