Жоғалып кетті!
Бүгінде не жоғалмайды? Түйме де, түйе де, қазынадағы миллиардтаған ақша да, тіпті, ақсақалдың қалтасындағы шақша да, адамдар да, мадамдар да...
– Жаңа ғана еңбектеп жүрген баламыз жоқ, Ерік! - деді әйелімнің бет-жүзі аспанға ұшып кеткендей дірілдеп.
– Ана жерді қарадым, мына жерді қарадым, қараған жерімнің бәрін санадым, жоқ! - дедім мен үрейленіп.
– Құдықтың ішін қарадың ба?
– Құдықтың ішінде құрбақадан басқа ештеңе жоқ!
– Иттің үйшігі ішін ше?
– Итіміз көршінің ұрғашы итімен қыдырып кеткен. Баламыз оның ішінде жоқ!
– Ойбууу енді қайттік? Полицияға хабарласаңшы?!
– Хабарлап қойдым. Ойпырмай ә? Еңбектеп жүрген тоғыз айлық бала қайда жоғалуы мүмкін, а?
– Мына заманда тез жынданасың! Қымбатшылық. Жұмыссыздық, үкіметтің сансыз салықтары, жәрдемақылардың мардымсыз болуы, бәрі-бәрі жиналып, жүйкемізді жүн етті ғой! Енді міне, бала жоғалтып отырмыз!
– Осы сен-ақ қыңқылдап қоймайсың! «Үкіметтің жәрдемақысын алып отырайық, жыл сайын туа бер, туа бер!» дейсің!
– Пәтер жалдап тұрамыз, Кезектен үй берілетін шығар?
– Мә , аласын! Ал, сегізін туып тастадым! Тоғызыншысы жоғалып кетті! Не болды енді?
Балаларымызды санап шықтың ба?
– Жаңа қатар тұрғызып қойып, санап шықтым. Түгел емес. Жомартымыз жоқ... - дедім мен, сосын екеуміз іздей бастадық. Паластың астын қарадым, жоқ, шәйнектің ішін қарадым, жоқ. Қарамаған жеріміз қалмады. Бір кезде, өрт сөндірушілер келді.
– Ойбай? Сіз кімсіз? - деп сұрады әйелім.
– Өрт сөндірушілердің бастығымын. Сыртта өрт сөндірушілер тұр.
– Өрттің жоғалған баламызға қандай қатысы бар?
– Полицияға «баламыз жоғалды» деп хабарлапсыздар.
– Баламыз өртеніп жатқан жоқ қой?
– Полицияның қолдары тимей жатыр, бізге өтініш айта салып еді...
– Кетіңдер! Жоғалыңдар? - деп әйелім оларды қуып шыққаны сол, артынша, тағы біреу келіп тұр.
– Ойбай, тағы келді біреуі! - дедім мен. Сөйтсек, салықтан екен, «Балаңыздың атында «ИП» жоқ па?», «Салық төлемесе, жәрдемақысынан ұстап қаламыз» - дейді ме, салықшыны да әйелім сыпыртқымен қуып шықты. Кенет, бір әйел келді. Аты Айым екен. Сөздері де дайын екен.
– Кешіріңіздер, мен санэпидстанцияның өкілі едім.
– Біздің жекеменшік асханамыз жоқ, - дедім мен.
– Менің келген себебім, полицияға «баламыз жоғалып кетті» деп хабарлаған екенсіздер. Полиция «біздің қолымыз тимей жатыр, сіздер бара салыңыздаршы!» - деді. Жоғалған балаңыздың үсті-басы таза ма? Егер таза болмаса, айыппұл саламыз.
– Қайран үкіметім! Тек айыппұлдармен, есепсіз салықтармен күндеріңді көріп жатыр екенсіңдер ғой? - деді әйелім күңіреніп. Ол кеткен соң, жылап отырған, бір кезде атып тұрды. Қуанып кетті.
– Ойбай? - деді сосын.
– Немене ойбай?
– Жомартымыз табылды!
–Қойшы?
– Айттым ғой, біз жынданғанбыз, сансыз салықтар, қымбатшылық, қайыршылық...
– Айтшы деймін, Жомартымыз қайда?
– Міне, әлі туған жоқ екенмін ғой? - деді ол ішін сипап қойып.
– Бәсе! Күні бұрын атын қойып, сабылып іздеп жүрміз! Біз таза жындылар екенбіз!
– Ойбуу, ішімдегі тоғыз айлық баламызды іздеп... Ойбууу, ешкім естімесін!
– Әй, Жомарт? - дедім мен әйелімің ішіне құлағымды тосып.
– Не болды әке, сонша айқайлап? - деген дауыс күңгірлеп естілгені. Селк ете қалдым! Өңім бе, түсім бе? Кешегі ме, ертегі ме? Қайтадан құлағымды тостым да:
– Жомартым менің, балам менің, қашан шығасың далаға? - деп сұрадым.
– Ікке, қазақ елі мақтаншақтар елі, мен... мен әзірге сыртқа шықпаймын...
– Жақында «толғақ» деген «прокурор» келсе, өзің-ақ іңгәлап шыға келесің! - дедім қуанғанымнан.
– Әке, үкімет жөргек пұлмен жарытпайды, күтесіздер...
О, тәңірім! Баламның айтқандары астарында не бар, соған сеніңіздер, қысқасы, шілдехана тойына келіңіздер!
Мұхтар Шерім
Abai.kz