Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3538 0 пікір 25 Желтоқсан, 2012 сағат 08:58

Нұрлан Қабдайұлы. Кезек

(әңгіме)

Жер бауырлаған жайындай пұшық «Тойота» шалдың қылтасын тірей тоқтады. Қайта тапайдың тал түсі. Жолында түнде кездессе таптап өте шығудан тайынбайтын. Булыққан музыканың ырғағымен тұмсығы жерге шаншылып, көтені селкілдеп, ентігіп тұр. Тізгінде айт десең тұра шапқалы тыздаяқтап отырған бір шолжаңның, өзін асфальттың кенересіне дейін көзбен желкелеп әкелгенін шал арқасымен сезді. Есіне Алматының қаңғыбас иттері түсті. Әлденеше рет куә болған. Бағдаршамның жасылы қашан бағжаң еткенше шоңқиып отырар еді. Содан соң қос таспа жолдың қасқасына дейін сол қапталға, өте бере оң қапталға жалтақтаған күйі бүлкектей желіп өте шығатын. Ит тірлік итке де қымбат. Бірақ көрінген көпектің салпаңына қамкөңіл боларлық сиық қайда? Шал несиеге мелдектеген жұрт есінен адасса да, есігімнен адаспасын дегендей төрт жолдың түйілісіне қонжиған банкті бетке алды. Атауы қызылмен жазылыпты. «Ұяттан нарттай болмасаң да, күйтің келісіп, бөртіп тұр екенсің-ау» деп ойлады...

Кемпірі марқұм арттағы балаларға абанс қып тастап кеткен соң, күйбеңінен жаңылар жайы жоқ... Әр айдың өларасында бабасының басына тәу ете барғандай, сүңкиіп банкте тұрар еді. Сосын есеп машинкасының тілінде, онда да өзі емес, саусақтары сөйлейтін, амандассаң ақша сұрайтын кассир  қыздың бол-болынан бұ жолы құтылғанымен, алдағы күндерге ермек боларлық уайым арқалап қайтатын. Тап бүктеуі күстен үлбіреген қошқыл парақтағы қарыз айлар тізімінде, тағы бір торкөзінің тұсына белгі түскенмен, бәрі бір бүгін-ертең өле қалуға мұрсат бермейтін дуа бардай.

...Өзі секілді бет-аузының әжімін пұлдап, жаулығымен жол дәметкен бірді-екілі шал-кемпір болмаса, кезек күткендердің дені жастар екен. Бұл сембілік көрініс. Аптаның бес күнін шаруаның борсаңымен көтерем қылып, сосын жылап жүріп тапқанынан жырымдап әмиянның әлиментін төлейтін бос уақыт - осы сембі. «Өшіреттің соңы кім екен?» деді алақтай кібіртіктеп. Ретті-ретсіз ошарылған топтың пұшпағына жан бітіп, дауыс шыққан жаққа нәумез мойын бұрды. Шеттеу тұрған бірі қапталындағыны, ал ол залдың түкпірін нұсқап иегін шошаң еткізді. «Ана жақтан ізде» дегені. Көз ашқалы кезектен басқа түк көрмеген тәртіпті жұрттың бойын жайлаған зиянсыз әдет. Шал зиянсыз әдеттің заман талғамайтын қарапайымдылығына, тұқым қуатын белсенділігіне тұңғыш рет таң қалды. Кезектің өзі секілді көш-құлаш тарихы мұның да өткен өміріндей шұбатылып жатқан...

Ертеректе осылардың аталарымен бірге колбасаның кезегіне талай тұрған. Рас, ол кезде жеңсік ас емес еді, таңсық ас еді. Жұрт анда-санда тіске басатын. Онда да бұйырған ауыздың ғана жықпылында жүретін. Қол басындай колбасаның көш-құлаш кезегінде тұрып зеріккен жұрт оны-мұны әңгіме қылысар еді. Әрине қазіргідей қулығына құрық бойламайтын іскер банктегі әккі кеңесшінің ауызында аз көрінгенмен, қағазға түскенде аспандап шыға келетін пайыздың жайын қаузау о заманда кімнің басына келді дейсің. Тіпті өздері «маған да... маған да бір білемін» деп жалмаңдай қол созғанда сатушының есін шығарып, есебінен жаңылтатын шұжық туралы да сөйлеспейтін. Қызық емес. Ненің етінен қалай жасалатынын, ішінде не жүруі мүмкін екенін сұрай қалсаң, кезекте тұрған қай пақырыңның да тиегі ағытылып қоя берер еді, өйткені. Бірақ... таңсық астың аты - таңсық ас.

Анау - қалды бас қасқа көсемнің «қоғамның ындынын тыю туралы» әйгілі қарары аңқаны кептірген бір заманда, осылардың әкелерімен бірге арақтың да кезегінде тұрыпты-ау. Талай рет дүкеншінің өзінен бұрын барып, күзетшіге серік болғандары есінде. Кезекте тұрған кісінің бауырын көтергелі шынжырдан босамаған төбеттей қабаған келетінін сонда көрген. Өңкей бір жүйкесі тозған адамдар. Тіршіліктің соңғы нәрінен құр қалып бара жатқандай анталайтын. Қашан мөлт-мөлт еткен қаз мойынның сауырына қол апарып, қашан ашуын ащы сумен басқанша, тап сол кезекке жаншылып өлуге бар-ды.

...Шал аузы жеткеннің өңешін өртеп, өңештен өткен соң, талай бейбақтың өзегін қоса қарыған қазмойын мен бүр тұтам бүрісе семген колбаса тұрмақ, «күн көсемнің» жемтігіне де тәу ету үшін тәуліктеп жіпсіз байланған аталардан немерелерге кезектен басқа мұра қалмағанына нали алмады. Қайта ошарылған жұрттың алтын уақытын жемеу үшін, қосымша касса ашылғанына қуанып тұрды. Өйткені банктің ауасы тарылып бара жатқан.

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5555