430 адам жұмыссыз қалмақ: СҚО-дағы кәсіпорын араша сұрайды
Солтүстік Қазақстан облысындағы Қазақстандағы ірі Обухов тау-кен байыту комбинаты жабылудың аз-ақ алдында тұр. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен баспасөз жиынында аталған кәсіпорын басшылары мәлімдеді.
Олардың айтуынша, құрылтайшылар бес жылдан бері комбинатты бөлісе алмай келеді. Арадағы дау-дамай толастар емес. Бұлай жалғаса берсе Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың бірі түбегейлі құрдымға кетуі мүмкін.
Обухов тау-кен байыту комбинаты бүгінде титан-циркони кенін өңдеу саласындағы әлемдегі жиырма ірі кәсіпорынның қатарына кіреді.
Мұнда 430 жұмысшы еңбек етеді, олардың жалақысы 400 мыңнан асады. Сондай-ақ, кәсіпорында ана капиталы төленеді. Бір балаға - миллион теңге, екі балаға - екі миллион, үш балаға – үш миллион теңге беріледі. Кәсіпорын басшылығы бұдан басқа, бірқатар ауыл тұрғындарын қолдап келеді. Еліміздің Оңтүстік өңірлерінен Солтүстік Қазақстан облысы жоғары оқу орындарына білім алуға келген студенттерге гранттар бөледі, балалар үйі мен қарттар үйіне қаржылық қолдау көрсетеді.
“Мінекей Солтүстің Қазақстанның шенеуніктері осындай пайдалы кәсіпорынның көзін құртпақшы. Полиция кен байыту кәсіпорнының руда тиеген жүк көліктерін тоқтатып тастайды. Прокуратура мен сот зауыт басшылығының үстінен сот істерін ашып, төмпештейді. Мұнда алаяқтық пен жала жабушылық қолданылып келеді”,- дейді баспасөз жиынын өткізуші топ.
Қазір осы шытырман оқиғаның аясында 19 іс бойынша сот процесі жүріп жатыр екен. Бұл жиынға ҚР еңбек сіңірген әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов та қатысқан.
Жиынды ұйымдастырушылар кен байыту комбинатына тиесілі жерді әкімдіктің шаруа қожалығына бергенін айтады. Комбинат өкілдерінің мынадай талап-тілектері бар: Әкімдіктің жұмыс орындарын сақтауды қамтамасыз етуі және кәсіпорын жұмыс істеуі үшін оған 9 гектар жер беру керек.
Обухов тау-кен байыту комбинатының басшылығы бұл жағдайды елдің ұлттық мүдделеріне опасыздық жасаудың қасақана және дәлелденген фактісі, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізген реформаларына жасалған жасырын саботаж деп есептейді.
"Тиолайн" ЖШС құрылтайшысы және атқарушы директоры Виктор Долгалевтің айтуынша, бүгінгі таңда 250 адам жұмыс орнынан айырылу алдында тұр, ал 2 айдан кейін бұл көрсеткіш тағы 180 адамға артады. "Тиолайн" ЖШС баспасөз қызметі хабарлағандай, пайдалы қазбалардың бай кен орнын шетелге сату мақсатында кәсіпорынды рейдерлік басып алу әрекеті орын алған.
Ал, әкімдік болса, кен байыту комбинатын Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы әкімшілік қызметкері А.Н.Бураға 7 685 612 080 000 теңге сомасына тікелей залал келтірді деп айыптаған.
"Солтүстік Қазақстан облысының бюджеті 22 жылға 323 млрд теңгені құрайды. Бұл бүкіл облыстың бюджеті. Қазақстан бюджеті шамамен 15 триллион болса, мұнда 7 триллион. Бір жыл бұрын еңбек ұжымымен келісімшартты сақтау үшін біз Петропавл қаласына бардық, онда облыс әкімі Құмар Ергібайұлын бізбен кездесуге мәжбүр етті ... ол қатты пайдалы қазбаларға әкімдіктің ешқандай қатысы жоқ екенін айтты. ", - дейді Долгалев Данил.
Баспасөз конференциясында облыс басшылығы мен шетелдік инвесторлардың тау-кен байыту кәсіпорнына қызығушылығы кәсіпорын титан-цирконий концентратын өндіру және қайта өңдеу бойынша әлемдік көшбасшылардың үштігіне кіргеннен кейін туындағаны айтылды.
Кәсіпорын қызметкерлері басшылықтың оларға неге жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтінін түсіне алмай дал болуда. Олар кезектен тыс президенттік сайлау қарсаңында Обухов тау-кен байыту орнының мәселесіне, ондағы заңсыздықтарға назар аударылады деп үміттенеді.
Обухов кен байыту комбинаты Ресей, Қытай, Үндістан, Малайзия, БАӘ-не экспорттайтын цирконий концентратын өндіреді. Бұл өнім ұялы телефондар, компьютерлер өндірісінде, атом өнеркәсібінде қолданылады. Зауыт Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан цирконийден концентрат өндіретін әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі болып табылады.
Abai.kz