Жұма, 7 Қазан 2022
Білгенге маржан 2496 6 пікір 19 Қыркүйек, 2022 сағат 11:53

Татарлар дегеніміз - булгарлар!

«Ұлы адамның көлеңкесіне бейшара құмар келеді!»

Бұл атақты ағылшын мақалын не үшін келтіріп отырмыз? Біздің айтайық деген ой-пікіріміз өткен ғасырдан бері, қазіргі татар елі (булгарлар) мен моңғол жұрты (буряттар) Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының өз уақытында құрған Ұлы қағанаттары мен Алтын Орда империясының дақпыртына не үшін қызығады және неліктен таласады?! Кезінде, Еуропалық атақты саяхатшылар мен саудагерлердің  жазып қалдырған мұраларындағы кеткен қателіктерін сезсе де, (сезбеуіде мүмкін)  неге түзетуге, шындықты орынына келтіруге ұмтылмайды? Себебі неде?! Әлде, бұл ұлттардың  ішінен, осы әлемдік тақырыптарды терең зерттейтін, білімді, сауатты, пайымы кең, ненің не екенін шынайы анықтай алатын, өрелі, ғалымдардың шықпағаны ма? Өз елдеріне ақиқатты анықтап, түсіндіретін, кеткен қателіктің мән-мағынасын ашып айтатын, шындықты мойындайтын, дарынды ғалым, жазушылардың, тұлғалардың болмағаны ма?

Алдағы кезеңдерде болмаса, қазіргі уақытқа дейін шынымен де болмағаны ғой! Иә, шынында да солай секілді. Әйтпесе, қазіргі татар елі, көне заманнан булгарлар  емес пе! Бұл ойымызды нақтылау үшін, мына бір дәлелдерді келтіре кетейік:

Осы татарлардың, сонау, 1753 және 1755 жылдары бүкіл Кама бойында, өзінің  көнеден келе жатқан ұлттық атауын қайтарып алу жөнінде орыс империясынан табанды түрде талап еткен, талай рет көтерілістері ұйымдастырылды. Алайда, ешқандай нәтиже шықпады. 1922 жылы шыққан М.Худяковтын «Мусульманская культура в Среднем Поволжье» атты кітабында «Масса современных казанских мусульман и в настоящее время не считает себя татарами, а завет себя болгарами»,- деп жазыпты Сондай-ақ, 1926 жылы бүкіл одақтық санақ кезінде, сол кезеңдерде  бір жарым миллиондай болатын осы күнгі татар елі өздерін болгарлармыз деп көрсеткен екен. Дегенмен, сол тұстағы тоңмойын Кеңес Одағы олардың талап-тілегін, өтініші мен сұранысын қанағаттандырмады.

Тіпті, 1552 жылы Иван Грозный Қазан қаласын жаулап алған кезде де, қазіргі Еділ және Камалық татарлар Булгар жұрты деп аталынған екен. Оны, А.Бушков «Чингисхан, неизвестная Азия» атты кітабында былай дейді: «...После завоевания Казани Иван Грозный присоединил к длинному списку своих титулов еще и «князь Болгарский» - не «татарский», а именно что болгарский». Көрдіңізбе, Алтын Орда империясының жаулап алуы кезінен кейін де, ғасыр өтсе де, бұлар әлі де болгарлар немесе булгарлар деп аталған. Ал енді, қазіргі күндері, бұл Поволжьелік ел, бұрыңғы өзінің киелі, тарихи атауы булгарлардан айынып, татар сөзіне жабысып қалған. Сондай-ақ, қос кеңістікті бірнеше ғасыр бодандықта ұстап тұрған Алтын Орда империясының иесі біз дегендей күпсінеді. Ал, сөз арасында айтар болсақ, «татарлар» деген сөзді, өз кезінде Кәрі құрлықты Ұлы даланы мекендеген көшпелі қыпшақ тайпаларына қаратып айтқаны белгілі. Өзінің мыңдаған жылдық тарихы бар, көнеден келе жатқан булгар атауы, бұлар үшін түкке тұрғысыз болып қалды. Осындай да ел болады екен-ау деп ойлайсың. Олардың татардан бұрын, тек қана  булгар екендігін, Алтын Орданың оларға ешқандай қатысы жоқ екендігін, қазіргі кезде сауаты бар, (дүмбілездер  ғана болмаса) көп нәрсені ажырата бастаған айналадағы елдің көпшілігі біледі.

Сол секілді, өзі шөкімдей ғана моңғол жұрты, Ресейдің бурят елімен тұтас бір ұлт.  Оны, орыстың зерттеуші ғалымы, академик В.А.Федоров  өзінің еңбектерінде былай дейді: «В современной Монголии, хотя они  называют себя  монголами, фактически  они принадлежат народам Бурятии. Когда-то русские  установили границу, народ бурят раскололся на две части, лесные и степные. У них общие  традиции, обычаи, язык и даже одинаковая одежда. Оба народа веры будды. Их население  очень малочисленно, - деп келтіреді. Қазіргі моңғол аумағында өз уақытында Қытай  елі мен ұзақ ғасырлар бойы жағаласып келе жатқан солтүстік қалмақ хандықтары кейіннен олардан қырғын тапқан соң, бос қалған далаға біртіндеп келген бурят малшылары. Олардың  «моңғол» аталуы мүлде бөлек оқиға. Осыларды түпкілікті ажыратып алу керек.

Біздің айтарымыз, бүкіл әлем мойындаған, Ұлы даладағы азулы қағанаттар мен империялар Орталық Азия елдерінің, әсіресе, қазақтардың ата-бабаларының алтын тарихы екендігін түсінуіміз керек. Бұл таза да, бүкпесіз шындық.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

6 пікір