Сенбі, 23 Қараша 2024
Жағымды жаңалық 16500 5 пікір 22 Қыркүйек, 2022 сағат 11:43

25 қазан – Республика күні ұлттық мереке мәртебесін алды

Республика күні қайта оралды. Парламент депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Енді 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке ретінде атап өтіледі, ал16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні болып қала береді.

"Бұл өте маңызды тарихи шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шын мәнінде осы күннен басталады. Сондықтан бұл күнді ұлттық мереке ретінде бекіту - мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан алғанда маңызды қадам", - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ 1 желтоқсан-Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мерекелер тізімінен шығарылды.Заң президентке қол қоюға жіберілді.

1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды.

Сол кезден бастап Қазақстан егеменді елге айналуының алғышартын бастап кетті. Еліміздің жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді.

1992 жылдан бастап тойланып, 2001 жылы мемлекеттік мерекелер қатарына енгізілген Республика күні, 2009 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталды.

Биыл Ұлттық құрылтай жиынында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мерекені қайта атап өтуді ұсынған болатын.

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды, - деді ол.

Оның сөзінше, Республика күнін қайтарудың маңызы зор.

«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, - деді Мемлекет басшысы.

1990 жылғы Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы  басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды.

Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын жария-ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланған болатын.

 

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385