Плюс пен минустың арасынан қалай сәтті жол табамыз?
Ұлттық Қор және әлемдегі биржалық ахуал. Плюс пен минустың арасынан қалай сәтті жол табамыз?
Балаларға берілетін дивиденд туралы жаңалық шыққалы бері Ұлттық Қордағы активтер мәселесі қарапайым халыққа өте қызық болып келеді. Және осы бағыттағы қазақша жазбалар Қорды басқарудың ішкі кухнясынан сіздерді хабардар қылып отырса, қаржылық сауат деңгейіміз біршама артпақ.
Осы тамызда әлемдегі барлық ұлттық қорлар теріс инвестициялық табыс алды. Біз үшін эталон болып саналатын Норвегияның суверенді қоры биылғы бірінші жартыжылдықта 174 миллиард доллар шығынға ұшырады. Ал Швейцария Ұлттық банкінің шығыны 100 миллиард долларға жетті. Жалпы, Норвегия қорының активтері жыл басынан бері 5,5 пайызға азайып кетті. Суверенді қордың қаржысы шетелдік акцияларға, облигацияларға, жылжымайтын мүлік пен жаңартылатын энергия жобаларына инвестицияланған еді.
Жоғары ставкалар дәуірінде акцияларға деген қызығушылықтың төмендейтіні заңды. Сондықтан жыл басынан бері акциялардың құлдырауы АҚШ Федералды резерв жүйесінің базалық ставканы сатылай өсіріп келе жатқанымен тікелей байланысты. Дәл осы кезде инвестор үшін акцияға қарағанда тұрақты, әрі қазіргі жағдайда жоғары табыстылық бере алатын облигацияларға ауысқан әлдеқайда тиімді.
Акциялар құлағандықтан, активтерін сол акцияларға салып қойған суверенді қорлар шығынға батуда.
Ал біз ше? Біз қанша жоғалттық?
Біздің Ұлттық Қор үлкен табыстан көрі тұрақтылық, яғни ақшаны сақтап қалудың консервативті принциптерімен жұмыс істейді. 2022 жылы осы принцип өз нәтижесін берді. Ұлттық қордың активтері доллармен есептегенде бір айда 1%-ға өсті, бірақ жыл басынан бері 2,7%-ға төмендеу байқалады. Біз басқа қорлар сияқты жүз миллиардтап шығынға отырған жоқпыз. Себебі, біздегі активтердің басым бөлігі құбылып тұратын акциялар емес, тұрақты табыстылығы бар облигацияларға салынған еді.
Соңғы 5 жылдың кезеңімен есептесек, Ұлттық Қор 4,76% плюсте келеді. Егер 2022 соңына таман акциялардың құлау дәуірі аяқталса, онда Ұлттық Қор қайтадан жоғары табыстылық кезеңіне аяқ басатын болады.
Орташа жылдық мәнін алып қарасақ, Ұлттық Қор құрылғалы бері оның жылдық табыстылығы 3,05% деңгейін көрсеткен. Тұрақты өсу жолындамыз деуге болады. Кезінде біздің Ұлттық Қорды басқару үлгісін Норвегия сияқты табыс таппайды деп сынағандар аз болмады. Бірақ енді консервативті тұрақтылықтың жемісін жей бастадық. Сондықтан тәуекелді дұрыс бағамдай білген Ұлттық Банк пен Қаржы министрлігіне рахмет деу керек.
Айбар Олжаев
Abai.kz