Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Әдебиет 4481 0 пікір 6 Қазан, 2022 сағат 12:03

Жыландар неге бақаларға өш?

Бірінші бөлім:  Әлем халықтарының ертегілері

Екінші бөлім: Әлем халықтарының ертегілері

Үшінші бөлім: Әлем халықтарының ертегілері

Төртінші бөлім: Әлем халықтарының ертегілері

Бесінші бөлім: Әлем халықтарының ертегілері

Африка халықтарының ертегілері

(малагаси ертегісі)

Аяқастынан жылан мен бақа кезігіп қалады.

– Кел, дос болайық! – дейді бақа. – Сен – үлкенсің, мен болсам – кішкентаймын. Сенің ұзын болғаның сонша, кез келген биік жерге ойланбастан өрмелейсің! Ал, мен сен жетпес жерге кіріп-шыға алам, армансыз аралаймын. Даусың да – жуан, барқылдақ, бұл – бәрімізге қажет қасиет. Бірақ, әуелі дос болмас бұрын күш сынасайық. Алдыменен, жүгіруден жарысайық, бір-бірімізді қуып жете алар ма екенбіз, көрелік. Жасың үлкен, сен – баста, қаш!

Жылан жиырыла ирелеңдеп, жиырыла ирелеңдеп алға озады, бақа оған жете алмай қиналады, қара терге түседі.

– Жақсы жорғалайды екенсің! – дейді ол, мойындап.

Кезек бақаға келеді. Ол секіре-секіре ұзағансыған болғанымен де, төртінші рет секіргенінде жылан шіркін оның артқы аяғынан шап береді.

– Мені жұтпағын, құрметті жылан! – деп бақа ақырғы сөзін айтып жалбарынады. – Тек аузыңды ашып, «а» дегін.

Жылан «а» деп аузын ашқанда бақа суға секіреді. Жыланекең – аң-таң.

Ал, тоған толы бақа қандасын мақтап әлек: неткен қу, неткен жылдам, неткен мықты! Бәрі жыланды тәлкек етіп күледі, ажуалайды.

Бұл қорлыққа шыдамаған жылан бақаға өшігіп, балаларын жинап, артынан мынадай өлмес өсиет қалдырады:

– Бақа деген бақылдақты көрген жерде-ақ жеңдер, аямаңдар, түп-орнымен жойыңдар, талқандаңдар, құртыңдар! Тойып тұрсаңдар да жеңдер! Олар қашып кетпес үшін тұтасымен жұтыңдар! Біз сөйтіп қана олардың қарғыс атқыр нәсілін құрта аламыз!


Азия халықтарының ертегілері

 ҚОЖАНАСЫР ТУРАЛЫ ТҮРІК ХАЛЫҚ АНЕКДОТТАРЫ

Үйректен әзірленген сорпа

Бірде, Қожанасыр бұлақ басында суға сүңгіп жүрген үйректерді көреді. Ұстап алмақ ниетпен жүгіре жеткенде, олар пыр-пырлап ұша жөнеледі.

Қожанасыр бұлақ жанына отыра қап, нанды суға малып-малып, жей бастайды, жей бастайды.

Оны сырттай бақылап тұрған біреу:

– Ас болсын, Қожеке! Қандай тамақ? – деп сұрайды.

Сонда Қожанасыр еш саспастан:

– Үйректен әзірленген сорпа ғой!.. – деп жауап беріпті.

***

«Есекке сенесің, ал маған сенбейсің»

Бірде, Қожанасырдың көршісі одан есек сұрайды.

– Жоқ, менде! – дейді Қожекең.

Дәл сол кезде жаңағы есегі айналаны жаңғырта ақырады.

Соны байқап қойған көршісі:

– Эфенди*, сенде есек жоқ деп едің, тыңдашы, әнеки! – дейді тағатсызданып.

Мына сөзді естіген Қожанасыр басын шайқап, қайран қалады:

– Алла, Алла! Әпенде екенсің, ессіз есекке сенесің, ал сақалы сапсиған, ата сақалы аузына біткен мына – маған сенбейсің? Бұ қалай болғаны?

***

«Түсім қашып кеткен, міне соны іздеп жүрмін»

Қожанасыр жарым түнде далаға шығып, көше кезіп, қыдырыстап, серуен салып жүреді.

Ар жақ-бер жақты шолып, барлап, тексерістіріп жүрген шаһар басшысы оны кенеттен кезіктіріп:

– Түнделетіп не істеп жүрсің? – деп қызыға сұрайды.

– Түсім қашып кеткен, міне соны іздеп жүрмін! – дейді Қожекең.

***

Шаруаларды қорқытқан Қожанасыр

Қожанасыр ауылға енгенде, асынып жүрген дорбасын жоғалтып алады. Сонда, ол шаруаларға былай дейді:

– Дорбамды тауып, қайырып бересіңдер! Әйтпесе бар ғой...

Қожанасыр – әйгілі, әрі сыйлы жан болғандықтан, жұмысшылар, шаруакештер оның дорбасын жан-жақтан жапырыла іздеп, ақыры тауып, иесіне аман-есен тапсырады.

Ішіндегі қутілді біреуі қызығушылығын жеңе алмай, былай деп сұрақ қояды:

– Құрметті, Қожекем! Егер дорбаңыз табылмағанда не істер едіңіз, нендей шара қолданар едіңіз?

Сонда ол мырс етіп, мысқылдап:

– Анау бір үйімде алаша бар еді ғой. Егер таппасам, содан жаңа дорба жасар едім! Одан басқа не істеймін?

***

Ояна сап көзілдірік сұраған Қожанасыр

Бірде, Қожекең түн ортасында бәйбішесін оятып:

– Әй, қатын! Көзілдірігім қайда? Тез-тез... – дейді асыға-үсіге сөйлеп.

Әйелі оған сұраған затын тауып беріп, ретсіз мазасыздануының себебін сұрайды.

Сонда Қожекең былай дейді:

– Тәтті түс құшағында жатыр екенмін. Алайда, бір нәрсені көре алмай қатты қиналдым...

*Эфенди (efendi) – мырза, қадірлі кісіге қаратыла айтылатын сөз, XV-XX ғасырлар аралығындағы Осман империясы және Шығыстың кейбір елдерінде қолданылған ресми атақ, титул, лауазым. 


Азия халықтарының ертегілері

 «АЗ СӨЗ – АЛТЫН...»

(бирма ертегісі)

Есте жоқ ерте заманда үш мың орманның патшасы – арыстан түлкіні айттырып алып, өз алдына отау құрады. Ұзамай екеуі ұл көреді, бірақ ол я түлкіге я арыстанға ұқсамайды. Зер салып, ден қойған жан әлгі ұлдың арыстанға келіңкірейтінін байқай алар еді. Алайда, ұл арыстанша ақырудың орнына түлкі ұқсап шәуілдеп-шәңкілдейді.

Бала ес біліп, етек жиған соң арыстан-әке оны жанына шақырып алып, былай дейді:

– Ұлым! Тұла бойың – шымыр, мықты болғанымен де, ана қанымен дарыған жағымсыз даусың бар екен. Даусыңда – ұлылық, басқалар секем алар сес жоқ, ал бұл – патша тұқымы үшін жат белгі. Егер, аңдар алда-жалда түлкіше шәуілдеп-шәңкілдегеніңді естісе, онда сені сыйлаудан қалады. Сондықтан да, үндеме, сөйлеме, жөніңді біл! Сөйтіп қана иелігімдегі үш мың орманды еншілейсің!

Аяулы әке өсиеті ұқыпты ұл жадында жатталады. Дегенмен, уақыт шіркін бір орында тұрмайды емес пе?! Ай артынан ай, жыл артынан жыл өте береді... Бір күні ұл әке сөзін ұмытып кетеді.

Аң атаулы жиылған сәтте патша ұрпағы дауыстағысы келеді. Ол шыдай алмай, сабырсызданып, түлкіше шәуілдеп-шәңкілдей жөнеледі.

Адуынды, күші басым баланың даусы мұншалықты нәзік екенін естіген аң біткен бастабында аң-таң боп, артынша күлкіге қарық болады. Сонда арыстан-әке ұлына былай дейді:

– Еһ-һ-һ! Сөзіме құлақ асып, үн-түнсіз жүре бергеніңде үйдей пәледен құтылар едің, үш мың орманға мұралық етер едің. Ал, енді қарасам, бұған лайық емес екенсің. Өйткені, мылжыңдығыңды, сөзқұмарлығыңды тізгіндей алмадың!

Сөйтіп, патшаның ұлы қолда тұрған үш мың орманнан аяқастынан айырылып қалады. Міне, содан бері ел арасында: «Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір / Үндемеудің өтеуі – мың» деген мақал-мәтел қалған-ды.

АУДАРМА

ӘЛЕМ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЕРТЕГІЛЕРІ

Аударған: Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан авторлары қоғамының, «Қыр баласы» қоғамдық қорының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы.

Аударма Қазақстан авторлары қоғамының қорғауында. Көшіріп басуға рұқсат жоқ!

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019