Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Саңлақ 2491 0 пікір 17 Қараша, 2022 сағат 13:44

1970 жыл. Қош, «Алтын Нике»!

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы

Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия

Жалғасы: Поццоның қайталанбас қолтаңбасы

Жалғасы: Тұтас ұлтты қайғыртқан гол

Жалғасы: Альпі етегіндегі аула футболы

Жалғасы: Ұлы жаңалықтар уақыты

Жалғасы: Гарринчаның чемпионаты

Жалғасы: Ұрланып-табылған кубок


ІX ЧЕМПИОНАТ. 1970 ЖЫЛ. МЕКСИКА

Әлем чемпионы – Бразилия
Алтындатылған жүлденің иегері – Италия
Күміс жүлдегер – Германия
Қола жүлдегер – Уругвай

Төрешілер карточкамен «қаруланды»

ІХ әлемдік доп додасын ойындардың сапасы жағынан нағыз эталон деуге болады. Көпті көрген көнекөз мамандар сұрыптаған әлем чемпионаттары тарихындағы үздік матчтар қатарына 1970 жылы ойналған Германия – Англия, Италия – Германия, Бразилия – Италия секілді бірнеше кездесулердің енгені соны байқатады.

Бұл доданың бұрынғылардан бірнеше ерекшелігі болды. Мәселен, тұңғыш рет командаларға матч барысында ойыншы алмастыруға рұқсат берілді. Финалдық турнирлер тарихында бұл мүмкіндікті чемпионаттың беташар кездесуінде (Мексика – КСРО – 0:0) кеңес құрамасы алғашқы болып пайдаланды: 46-минутта Виктор Серебряниковтың орнына Анатолий Пузач шықты. Бір қызығы, ол кезде алаңға шығатын футболшы нешінші нөмірдегі әріптесін алмастыратынын төрешіге... бір жапырақ қағазға жазып беретін еді. Сондай-ақ төрешілер осы турнирден бастап алаңға қалталарына сары және қызыл карточка салып шығатын болды. Бірақ қызыл карточка Мексикада мүлде қажет болған жоқ, өйткені ойыншылар дөрекі қылықтарға онша ұрына қоймады. Бұл – бірде-бір адам алаңнан қуылмаған тарихтағы екінші чемпионат еді. Дегенмен алғаш қолына ұстап тұрған соң, қызық көрді ме, беташар кездесуде неміс төрешісі Ченчер пәлендей себеп болмаса да, төсқалтасындағы сары карточканы қайта-қайта шошаңдата берді. Сөйтіп, аса дөрекілікке ұрынбай-ақ бір мексикалық пен төрт кеңес ойыншысы ескерту алды. Әлемдік доп додасындағы тұңғыш «сары қағаз» грузин Кахи Асатианиге көрсетілді.

Төрешілердің чемпионат өтіп жатқан елдің командасына мүмкіндігінше көмектесуге тырысатыны осыған дейінгі шолуларымызда талай рет айтылды. Бұл жолы да ол дәстүр бұзыла қойған жоқ, әйтсе де, кей жарыстардағы масқаралармен салыстырғанда, түпкі нәтижелерге аса қатты әсер етпеді. Тек Мексика – Сальвадор (4:0) матчында ғана мысырлық төреші Кандиль көпе-көрнеу қателік жіберді. 45-минутта сальвадорлықтардың айып алаңына таяу жерде ойын тәртібі бұзылды. Төреші алаң иелерінің бір ойыншысын кінәлі деп тапты да, айып добын қонақтар тебеді деп белгі берді. Сөйтіп тұрғанда доп домалап алаңнан шығып кетті. Мексикалық футболшы түк болмағандай допты қолына алып, өз әріптесіне тастады, ал ол болса, доп аяғына тиген бойда солқ еткізіп соғып жіберді: қақпа торы бүлк етті.

Бағанадан бері аңырып тұрып қалған сальвадорлықтар «төреші голды есептемейтін шығар, өйткені жаңа бізге айып добын тебіңдер деп еді ғой» деген ойда еді, бірақ ол күтпеген жерден алаңның ортасын нұсқады! Демек, гол саналды деген сөз! Сальвадорлықтар Кандильді жабыла қоршап алып, қанша түсіндірсе де еш нәтиже шыққан жоқ. Қатты ашынған қонақтар ойынды ортадан бастамай қойды. Төреші допты алаң ортасындағы нүктеге қояды, ал сальвадорлықтар оны жылжытып тастай береді. Болмаған соң біреуі допты тура трибунаға қарай аспандатып бір-ақ тепті. Осы кезде төреші де тауып кетті: ол дереу... үзіліс жариялады!

Футболдан тұтанған тұңғыш соғыс

Жалпы Сальвадор құрамасының бұл чемпионатқа қатысу-қатыспауының өзі неғайбыл еді. Іріктеу сынының екінші кезеңінде бейтарап алаңда Гондурасты ұтқан (3:2) олар аяқ астынан тарихтағы «футболдан тұтанған тұңғыш соғыстың» себепшілері болып шыға келді. Жігіттерінің жеңіліп қалғанына намыстанған Гондурас радиосы «сальвадорлықтар ойын алдында біздің ұлттық туымызды мазақ етіп, қорлады!» деген хабар таратып жіберді. Сол-ақ екен, қарым-қатынасы онсыз да шиеленісіп тұрған екі ел арасында әскери қару-жарақ түрлерінің барлығы қолданылған қанқұйлы соғыс басталды да кетті. Нәтижеде екі жақтың шығынын қоса есептегенде 3 мыңдай адам қаза тауып, 6 мыңнан астамы жараланды. Сальвадор футболшыларының Мексикадағы үш ойында ұпайға ие болмақ түгілі, бірде-бір доп соға алмай, босқоржын қайтқанын ескерсек, соншама жанның не үшін құрбан болғанын түсіну қиын-ақ.

Бұл топта сондай-ақ Еуропадағы азулы ұжымдардың бірі саналатын Бельгия құрамасы сәтсіз ойнады. Мексиканың теңіз деңгейінен шамамен 2 мың метр биіктікте орналасқаны белгілі. Оның үстіне, телекомпаниялардың шартына орай матчтардың көпшілігі ми қайнатқан аптап ыстықта – тал түсте ойналды. Сондықтан ба екен, Қарт құрлықтан келген құрамалардың біразы өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Солардың бірі – Бельгия еді. Поль ван Химст пен Вильфрид ван Мур бастаған команданы КСРО құрамасы тіпті талқандап тастады. Есепті 30 метрдей жерден тамаша соққы бағыттаған Анатолий Бышовец ашты. Алдында топырлап тұрған қорғаушылардың тасасында қалған бельгиялық қақпашы Кристан Пио доптың торда тулап жатқанын бір-ақ көрді. Бұдан соң да аса қауқар көрсете қоймаған қарсыласының қақпасына қатарынан үш доп тоғытқан Гавриил Качалиннің жігіттері матч соңында еркінсіп жүріп, бір гол жіберіп алды. Осы голдың кесірінен «А» тобынан озып шыққан Мексика және КСРО командаларының ұпайы ғана емес, доп айырмасы да бірдей боп қалды. Амал жоқ, қайсысының бірінші, қайсысының екінші орын алатыны жеребе арқылы анықталды. Кеңестік ұжымнан жеребеге «жолы болғыш» Валерий Поркуян қатысып, «1» деген жазуы бар қағазды жұлып алды. Сөйтіп, КСРО футболшылары 1-орынға ие болып, ширек финалда Уругвай командасымен кездесті.

Анастазидің орнын Бонисенья басты

Ал «В» тобында жеңімпаз атанған Италия құрамасы үш ойында... бір-ақ доп соқты. Рас, Израильмен кездесуде төреші Луиджи Риваның екі голын еш негізсіз есептемей тастаған болатын. Әйтпесе италиялықтар топтық турнирді дәл мұндай масқара көрсеткішпен аяқтамас еді. Оның үстіне, тура чемпионат басталар алдында «Скуадра адзурраны» 1968 жылы Еуропа чемпионы атандырғандардың бірі – жетекші шабуылшы Пьетро Анастази ауыр жарақат алып, саптан шығып қалды. Бас бапкер Ферруччо Валькареджи жаттығу лагеріне шұғыл түрде қос шабуылшы – Пьерино Прати мен Роберто Бонинсеньяны шақырды. Яғни тізімдегі ойыншылардың саны 22 емес, 23 боп кетті. «Артық ойыншыны» жаттықтырушы Мексикаға келген соң бір-ақ анықтады: бір қызығы, ол құрамаға кейін шақырылған екеудің бірін емес, Джованни Лодеттиді елге қайтарды.

Прати сол күйі алаң жиегін күзетумен отырды, ал Бонинсенья бапкер сенімін артығымен ақтады. Командаға кездейсоқ келіп қосылған шабуылшы «Скуадра адзурраның» осы чемпионаттағы басты жұлдызына айналды. Бәлкім, сондықтан ба екен, әйтеуір баспасөзде оның италиялықтардың алғы шептегі негізгі көшбасшысы Ривамен қарым-қатынасының өте салқындап кеткені туралы көп жазылды. Бұқаралық ақпарат құралдары әсіресе финалдық матчтағы бір көріністі осы долбардың дәлелі ретінде ұсынуға құмар-ақ: 37-минутта бразилиялық қақпашының қателігінен соң бос қалған апандай қақпаның алдындағы Рива мен Бонинсенья допқа таласып қала жаздап, әйтеуір оған екіншісінің аяғы бұрын тиіп, есеп теңескен болатын...

Салданья журналисті... атпақ болды

«С» тобының құрамы бәрінен де күшті еді – Бразилия, Румыния, Чехословакия, Англия! Күш-қуатын іріктеу кезеңінде-ақ аңғартып, үздік ойын көрсеткен Бразилия құрамасын ол кезде Жоао Салданья жаттықтыратын. Бәрі дұрыс келе жатқанымен, уақыт өткен сайын жұртшылықты бапкердің қызба мінезі көп алаңдата бастаған-ды. Әуелде баспасөз мәслихатында қарсы пікір айтқан немесе қыңыр сұрақ қойған журналиспен сағаттап салғыласуға бар оның бірте-бірте жүйкесі сыр беруге айналды. «Салданья көзқарасы үйлеспеген біреумен төбелесіп, жаға жыртысыпты» деген ақпарат ол кезде ешкімге жаңалық болмай қалған-ды. Ұлттық құраманы әлем чемпионатына әзірлеу комиссиясының басшысы Антонио до Пассо әуелде бапкердің кемшілігінің бәрін үнемі жуып-шайып жүрді. Бірақ Салданья әлдебір баспасөз мәслихатында басқосудың ойдағыдай өтуін қадағалап тұрған тәртіп сақшысының беліндегі тапаншаны суырып ап, жынына тиген журналисті атып жібермек болған соң (абырой болғанда, оқ атылмай қалыпты), оның да төзімі түгесілсе керек, Бразилия футболы жетекшілерінің бірі, болашақ ФИФА президенті Жоао Авеланжға барып, «құрамада не мен қалайын, не Салданья қалсын» деп шарт қойыпты. Сөйтіп, атышулы бапкер командадан аластатылыпты.

Финалдық турнирге иек артар тұста бапкерсіз қалған Бразилия құрамасының тізгіні алғашқыда 1958 жылғы әлем чемпионы Дино Саниге ұсынылды. Бірақ ол бас тартты. Сосын 1966 жылы Португалияға 3-орынды алып берген бразилиялық маман Отто Глорияға қолқа салынды. Ол да жауапкершілік қамытын мойнына ілуге құлық танытпады. Осы кезде елдің есіне Марио Загалло түсті. Бразилия футболы үшін ол сәтті бойтұмар іспетті еді: екі рет әлем чемпионатына барды (1958, 1962) – екеуінде де чемпион атанды. Сонымен қатар ол ешкіммен салғыласпайтын, кез келген адаммен тіл табыса білетін сабырлы адам-тұғын.

Загалло сенімді ақтады

Құрама тізгінін қолына ұстаған күннің ертесіне Загалло өзіне негізгі көмекші етіп күш-қуат дайындығына жауап беретін маман Карлос Алберто Паррейраны алды. Сөйтіп, ол 1966 жылы өзінің ұстазы Висенте Феола жіберген қателікті қайталамауға тырысты. Техникасы ғажап, қиялы ұшқыр бразилиялықтардың Еуропаның үздік командаларынан тек дене күші, шыдамдылық, қуаттылық жағынан осал түсіп жатқанын дәл байқаған ол осы бағыттағы жұмысты тереңірек жүргізуді Паррейраға сеніп тапсырды.

Нәтиже күткендегіден де асып түсті! Бразилия бұл чемпионатта барлық қарсыласын екінші таймда талқандаумен болды: 59-минутқа дейін 1:1 есебін ұстап тұрған Чехословакияны 24 минуттың ішінде 4:1 ғып шашып тастады; қорғанысы мығым Англияның сағын да 59-минутта сындыра алды; өздерімен ашық футбол арқылы айқасуға батылы барған Перу әр гол соққан сайын бұлар екі голмен жауап беріп отырды; жартылай финалда да 76-минутқа дейін шыдаған уругвайлықтарды 3:1 ғып жеңді; ал финалда қашанда төзімділігімен мақтанатын Италияға соңғы 20 минутта үш гол соқты. Қысқасы, осы чемпионаттағы 19 голының 12-сін бразилиялықтар екінші таймда енгізген! Яғни, қарсыластың сілесі қатып, тілі салақтай бастағанда бұлардың екінші тынысы ашылып, қарқынды үдете түскен. Загалло мен Паррейраның сұңғыла ғұламалығына бұдан асқан қандай дәлел керек?

Топтық турнирдегі ойынына қарап-ақ бразилиялықтардың үшінші алтын үшін келгенін байқау қиын емес еді. Үш қарсыласын да жайратып салған олардың бірінші тұғырға қонуы әділ болды. Алғы шептегі үш шабуылшының бірі – Тостао көп жағдайда кейін шегініп, негізгі диспетчер Жерсонмен қанаттаса ойнады. Яғни, шешуші ойындардағы Бразилияның тактикалық орналасуын 4-4-2 деп қабылдауға да болар еді. Әрине, бұл схеманы әлемнің үздік командалары толығымен 70-жылдары жетік меңгерді, десе де, оның алғашқы көріністері Мексика жасыл алаңдарында-ақ байқалған болатын... Ал топтағы екінші орынды ағылшындар иеленді.

«Гол-адамның» рекорды

«D» тобындағы матчтардың бәрі дерлік голға өте бай болды. Бұған басты себеп – құрамында «гол-адамы», яғни Герд Мюллері бар Германия құрамасы еді. Әуелгі матчта Марокко футболшыларының қарсылығын әрең басқан неміс командасы басқа ойындарда қарсыластарынан оқ бойы озық екенін дәлелдеді. Қатарынан екі ойында бірдей үш доптан енгізген Г.Мюллер әлі күнге дейін бір чемпионатта екі рет хет-трик жасаған жалғыз ойыншы саналады (әрине, покер мен хет-трикті қатар жасаған Ш.Кочиш пен Ж.Фонтэнді қоспағанда). Бұл топта сондай-ақ Перу құрамасы өте тамаша футбол көрсетті. Екі дүркін әлем чемпионы, бразилиялық Валдир Перейра Диди жаттықтырған команда әлемдік додаға араға 40 жыл салып тұңғыш түсіп отырғанымен, ешкімнен сескенбестен еркін ойнады. Ал қатарынан үшінші рет қатысқан Болгария құрамасы, керісінше, тағы да ешқандай жеңіске жете алмады. Олардың үш ойында да есеп ашқанымен, тек біреуінде ғана жалғыз ұпай олжалай алуы дене күші дайындығының әлсіз болғанын аңғартатындай. Екінші жағынан, олардың жолы болмағаны да рас еді. Бұған Болгария – Марокко (1:1) матчында голмен аяқталуға тиіс бірнеше ұрымтал сәттің уыстан шығып кеткені дәлел бола алады.

Ширек финалдағы КСРО – Уругвай кездесуінің негізгі уақыты 0:0 боп бітті. Қосымша жарты сағаттың да «дәм-тұзы» таусылар шақта «доп алаңнан шығып кетті» деп кеңестік футболшылар ойнамай тоқтап қалғанда (әсіресе допқа бір ұмтылса жететін Валентин Афониннің төрешіден бұрын ондай шешімге келіп үлгеруі таң қалдырады), уругвайлық Луис Кубилья жандәрмен ұмтылып, допты тура ақ сызықтың үстінен тоқтатты да, айып алаңына пас тастады. Бәрінен биік секірген Виктор Эспарраго қақпаны дәл көздеді. «Кубилья допты алаң жиегінен шығып кеткен соң барып тоқтатты» деген дау-дамайды ресейлік баспасөз әлі күнге айтып жүр, бірақ команданың бар мүмкіндігі ширек финал екені көзге ұрып тұрған болатын.

«Англия соғыста емес, футболда жеңілді!»

Бірте-бірте бабына ене бастаған Италия құрамасы бұл сатыда Мексиканы ұтты. Әлем чемпионы – Англия болса, Германия құрамасымен ойында 70-минутқа дейін 2:0 есебімен ұтып тұрды. Осы кезде олардың матч алдында сыра ішіп, уланып қалған қақпашысы Гордон Бэнкстің жоқтығы қатты білінді. Беккенбауэрдің алыстан тепкен добына ағылшындардың екінші қақпашысы Питер Бонетти тосқауыл бола алмады. Бұған қоса бас бапкер Альф Рамсей де қателік жіберді: бір жауап доп жіберіп алған соң, ол бүкіл команданың дирижері боп жүрген Бобби Чарльтонды ойыннан шығарып, орнына тәжірибесіз Колин Беллды қосты. Алаң ортасындағы үстемдіктен айрылып қалған Англия құрамасы немістердің тегеурінді шабуылдарына қарсы тұра алмады. 81-минутта Уве Зеелер есепті теңестірді, ал қосымша уақытта Герд Мюллер жеңіс добын соқты – 3:2.

Ағылшын командасы ұшақпен Лондонға келіп қонар сәтте ұшқыштарға рация арқылы: «Футболшыларды «Хитроу» әуежайында жүздеген, мыңдаған жанкүйерлер келіп күтіп тұр. Олардың әсіресе бас бапкерді түтіп жейтін түрі бар. Сақ болсын немесе басқа әуежайға қоныңдар», – деген хабарлама келеді. А.Рамсей жанкүйерлерден бас сауғалап қашуға келіспей, ұшақты тура сол «Хитроуға» қондырады. Қарақұрым топ алдына шыққан бапкер оларға бас киімін ала баппен иіліп: «Мырзалар, мен сіздерді құттықтаймын! Англия, Құдайға шүкір, соғыста емес, футболда жеңілді!» – депті. Жиылған жұрт не айтарларын білмей, үн-түнсіз тарқасыпты...

Доп қарша бораған овертайм

Жалпы, Бразилия құрамасындағы жарық жұлдыздарды есептемегенде, бұл біріншілікті Мюллердің чемпионаты деп айтуға толық негіз бар еді. Жартылай финалға дейін-ақ 8 доп соғып үлгерген ол «Скуадра адзурраның» қақпасына да қос доп енгізді. Есепті 7-минутта италиялық Бонисенья ашқан еді. Немістер қанша тынбай шабуылдаса да, Энрико Альбертози қорғаған қақпаның кілтін таба алмады. Голдан әбден күдер үзілген кезде алғы шепке көмекке келген қорғаушы Карл-Хайнц Шнеллингердің шірене тепкен добы құйындап барып қақпаға қойып кетті! Беккенбауэр мен оның әріптестерінің қуанышында шек болған жоқ (айтпақшы, ол екінші таймда иығын шығарып алып, кездесу біткенше гипс таңып алып ойнады). Оның үстіне, қосымша уақыт бастала бере Герд Мюллер өзінің кезекті голын соғып, және бір қуантып тастады. Бірақ италиялықтардан да бір мерген қорғаушы шықты: Тарчизио Бурньич есепті тағы да теңестірді. Бұдан кейін Рива мен Мюллер бір-бірден көзге түсті. Тамаша матчтың тағдырын 111-минутта Джанни Ривера шешті – 4:3.

Шыны керек, мамандар әлем чемпионаттары тарихындағы үздік матч деп танитын бұл ойынды ерекшелеп тұрған осы қосымша уақыттағы қарша бораған голдар ғана. Әйтпесе көне таспаны ерінбей қайта қарап шыққан адамның негізгі 90 минут бойына әбден іші пысып, ұйқысы келері сөзсіз...

Ал екінші жартылай финалда Бразилия Уругвайдан басым түсті. Мұны бразилиялық баспасөз баяғы «Мараканадағы» масқараның (1950 жылғы) қарымтасы деп қабылдады. Үшінші орын үшін болған кездесуде Вольфганг Оверат соққан жалғыз гол Германия құрамасына қола жүлдені алып берді.

Финалда осыған дейін екі реттен әлем чемпионы болған қос дүлдүл кездесті. Италия құрамасы да өте жоғары деңгейде өнер көрсетті, бірақ Бразилияның тегеурініне олар бір тайм ғана шыдас бере алды. Матчтың екінші бөлігінде Загаллоның шәкірттері «Ацтекадағы» 107 мың адаммен қоса дүниенің 73 еліндегі 800 миллион телекөрерменнің есінен кетпес ерекше спектакль қойып берді. Сөйтіп, үшінші рет әлем чемпионы атанған Бразилия құрамасы Жеңіс құдайы бейнеленген «Алтын Никені» мәңгілікке иеленді. Ал Пеле – үш дүркін әлем чемпионы атанған әлемдегі жалғыз футболшы.

Мамандар 1970 жылғы Бразилия құрамасын әлем чемпионаты тарихындағы ең үздік құрама санайды.

ОЙЫН НӘТИЖЕЛЕРІ

Финалдық турнирге 16 команда қатысты.

32 ойын өткізілді, 95 доп соғылды (орта есеппен 2,97 гол).

«А» ТОБЫ

Мексика – КСРО – 0:0, Бельгия – Сальвадор – 3:0, КСРО – Бельгия – 4:1, Мексика – Сальвадор – 4:0, КСРО – Сальвадор – 2:0, Мексика – Бельгия – 1:0

«В» ТОБЫ

Уругвай – Израиль – 2:0, Италия – Швеция – 1:0, Италия – Уругвай – 0:0, Швеция – Израиль – 1:1, Швеция – Уругвай – 1:0, Италия – Израиль – 0:0

«С» ТОБЫ

Англия – Румыния – 1:0, Бразилия – Чехословакия – 4:1, Румыния – Чехословакия – 2:1, Бразилия – Англия – 1:0, Бразилия – Румыния – 3:2, Англия – Чехословакия – 1:0

«D» ТОБЫ

Болгария – Перу – 2:3, Германия – Марокко – 2:1, Перу – Марокко – 3:0, Германия – Болгария – 5:2, Германия – Перу – 3:1, Болгария – Марокко – 1:1

ШИРЕК ФИНАЛ

КСРО – Уругвай – 0:1 (қосымша уақытта), Италия – Мексика – 4:1, Бразилия – Перу – 4:2, Германия – Англия – 3:2 (қосымша уақытта)

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

Бразилия – Уругвай – 3:1, Италия – Германия – 4:3 (қосымша уақытта)

3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ

Германия – Уругвай – 1:0

ФИНАЛ

Бразилия – Италия – 4:1

21 маусым. Мехико. «Ацтека» стадионы. 107 412 көрермен. Төреші Глекнер (ГДР).

Бразилия: Феликс, Карлос Алберто, Брито, Пиацца, Эвералдо, Клодоалдо, Жерсон, Ривеллино, Тостао, Пеле, Жаирзиньо.

Италия: Альбертози, Бурньич, Розато, Факкетти, Чера, Бертини (Юлиано, 74), Доменгини, Маццола, Де Систи, Рива, Бонисенья (Ривера, 84).

Голдар: Пеле, 19 (1:0), Бонисенья, 37 (1:1), Жерсон, 66 (2:1), Жаирзиньо, 71 (3:1), Карлос Алберто, 87 (4:1).

Ескерту алғандар: Ривеллино, Бурньич.

Сұрмергендер

Г.Мюллер (Германия) – 10 доп, Жаирзиньо (Бразилия) – 7, Кубильяс (Перу) – 5, Пеле (Бразилия), Бышовец (КСРО) – 4 доптан.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048