Жұма, 22 Қараша 2024
Білгенге маржан 4606 2 пікір 30 Қараша, 2022 сағат 15:10

Желтоқсан айы туралы не білесіз?

Өткен желтоқсаннан осы жетоқсанға дейін қас-қағымда бір жыл өте шықты. Уақыт шіркін аттай шауып, тоқтаусыз заулап барады. Дегенмен, осы бір жыл шиленістер мен уақиғаларға толы болды... Иә, өткен күндерге салауат. Енді айтайын деген ойыма көшейін.

Қазақ жыл есебі бойынша қараша айының 20-нан кейін «жетоқсан кіреді», ал қаңтар айы өткен жылдың соңы немесе келер жылдың басы болып есептеледі. Сол үшін қазақ жетоқсан айына ерекше мән берген.

Қазақ жетоқсан айында қыз ұзатпаған, келін түсірмеген, құда түспеген, ас бермеген, қонақ шақырмаған, қонақ асы бермеген. Дәлірек айтқанда той жасамайды. Неге? Себебі, бұл ай жылдың соңы болғандықтан малшы қауымның барлық есеп-қисап қорытындысы осы айға қатысты. Бұл айда, малдың арық тұрағын, кәрі құртанын реттейді, сорттайды, сатады, айырбастайды. Сүйтіп келер жылға қыстан шыға алатын, күйлі, семіз, ауру сырқаудан, дерт-дербезден аман малдарды іріктеп, қыстаулыққа орналастырады. Отарға айдатады. Барлық адам қарбалас тірліктен босай алмайды. Осыны ескерген, қазақ халқы жетоқсан айын «сапар айы» деп те атайды.

Ал желтоқсанның 2-жартысынан бастап ауыл біткен жаппай соғым союға кіріседі. Әдетте соғымға ту сиыр, ту бие, қар суымен жіберілген құр ат және ту қойлар сойылады. Төрт ту қой, бір ту сиырға не жылқыға бағаланады. Әр ауылдың ыспар пысық әлекедей жаланған соғымшылары болады. Ірі қараны союға төрт жігіттен кем болмайды. Олардың бауыздау пышағы, тері сыпыратын пышағы, ет бұзатын, омыртқаның жігін айыратын жұмыр істігі, жілік бөлетін саймандары сайма-сай толық болады. Малдың батасына ауыл ақсақалдары тұтас шақырылады. Батадан кейін ақ соғым сою басталады. Бауыздалған малдың қасына ит, мысық, құстарды жолатпайды. Қан жын,безінде жегізбейді. Құсқа шоқытпайды. Малдың ішек-қарнын ақтарып болғаннан кейін бірнеше түйір етті істікке шаншып, отқа қақтап үйдің иесі ауыз тиеді. Бұл соғымымызды отбасымызға бұйыртып жегізсін деген ұғым. Содан кейін, керексіз заттарды, ит құстың жеуіне рұқсат. Ал, алдымен ит немесе құс ауыз тисе, соғым өзімізге бұйырмай, ит жемі болып кетеді деп ырымдаған. Бір көңіл бөлетін нәрсе, соғым сиыр болса, қан жынын терең қазып, исі шықпастай көміп тастайды. Өйтпегенде ауылдың сиырлары қан жынға келіп, өкіріп, ауылды басына көтеріп, азан-қазан қылады.

Малдың терісі сыпырылып, қолын санын ажыратқан соң, бірнеше жігіт мойын етінен қуырдақ турауға отырады. Соғымшылардың сойғаны жылқы болса, сүйексіз шынтақ қазы жасап алуға рұқсат. Ал сиыр болса, шұжық жасап алуына болады. Соғым сойылып болған соң, жұрт мәре сәре болып, алқа-қотан болып қуырдаққа отырады.

Қайтар шағында соғымшыларға қолкесер деп, мол қуырдақтық ет береді. Қолына ақтық байлайды. Ауылда бірде бір отбасы соғымсыз қалмайды. Егер шынымен жағдайсыз, жоқ-жітік отбасы болса ауыл ақсақалдары бардам адамдарға міндеттеп, 4-5 қой жинап береді. Соғым сою науқаны, жарты айға созылады. Осы жарты айда, соғым сойылып болу керек. Өйтпегенде, желтоқсанның 22-сі күн мен түн теңелгеннен кейін қатты аяз басталады. Ет пен терінің арасын аяз алып, мал арықтай бастайды. Сондықтан қазекең желтоқсан айын осы бір қарбаластықты ескере отырып, «сапар айы» немесе «соғым айы» деп те айтады. Ал енді, малдары орналастырылып, соғым сойылып, отын, жем шөп бәрі қамтамасыз болғаннан кейін, көңілі тоқ, шат шадыман жұрт, соғым басқа шақыруды бастайды. Міне бұл, іш жүзінде бірер айға созылатын үлкен науқан, үлкен мейрам. Осы орайда халқымыздың соғым айы дәстүрін жаңғыртып, желтоқсан айының қалаған бір күнін «соғым мерекесі» деп атауды ұсынамын.

Сламхат Сейтхамза

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270