Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3893 0 пікір 11 Наурыз, 2013 сағат 13:06

Қанауға қарсы болған ақын ана (Адольф Янушкевич жазған Жазық ақын хақында)

Жалпы, көшпелілер тарихы, олардың ішінде қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрі елімізге жер аударылып келген шетелдік зиялылардың да таңданысын арттырып, қолдарына қалам алдырған. Олар да өз кезегінде қазақ дейтін ұлттың ғажайып қырлары мен терең сырларын зейін қоя зерттеп, жүрген жерлерінде қағаз бетіне түсіріп отырған. Сол арқылы артында асыл мұра, жауһар жәдігерліктер қалдырған. Солардың бірі - поляк халқының ұлт-азаттық көтерілісінің қайраткері, революционер-демократ Адольф Янушкевич.

Жалпы, көшпелілер тарихы, олардың ішінде қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрі елімізге жер аударылып келген шетелдік зиялылардың да таңданысын арттырып, қолдарына қалам алдырған. Олар да өз кезегінде қазақ дейтін ұлттың ғажайып қырлары мен терең сырларын зейін қоя зерттеп, жүрген жерлерінде қағаз бетіне түсіріп отырған. Сол арқылы артында асыл мұра, жауһар жәдігерліктер қалдырған. Солардың бірі - поляк халқының ұлт-азаттық көтерілісінің қайраткері, революционер-демократ Адольф Янушкевич.

Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жайында тамсана жазған Адольф Янушкевичтің әкесі де әйгілі поляк қолбасшысы Тадеуш Костюшконың әскери құрамасының сапында өз елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін соғысқан адам. Әкенің осы қасиеті кейін ұлына да дарыды. Университет қабырғасында жүргенде-ақ әртүрлі жасырын ұйымдарға мүше болып, революциялық қозғалыстарға белсене қатысқан отансүйгіш оғлан 1830 жылы қолына қару алып, Ресей патшалығының әскеріне қарсы соғысты. Сондай ұрыстардың бірінде ол жараланып қолға түсіп, басқа тұтқындармен бірге Сібірге жер аударылды. Бес жылдан соң сол кездегі Ишим өңіріндегі жер аударылған поляктар колониясында тұрақтап, 1846 жылдың мамырында оның қазақ даласына саяхаты басталды. Ол саяхаттың негізгі мақсаты - Орта жүз қазақтарының малы мен жан басына санақ жүргізу болатын. Сол санақ саяхаты кезінде жазылған күнделіктер мен хаттар жеке кітап болып (поляк тілінде) шыққаннан соң қазақ оқырмандарының қолына тек бір ғасырдан астам уақыт өткеннен кейін ғана тиді.
Назарларыңызға «Қазақ даласына сапардың күнделіктері мен хаттары» атты кітабының осы жатжұрттық автордың Омбыдан Аякөзге қарай шыққан жолсапарында жиырма мен отыздың арасында зағип ақын - Жазықпен кездескені жайлы жазғандарынан шағын үзінді аудармасын (орыс тілінен) ұсынуды жөн көрдік.

25 тамыз

...Бұл болыста зағип суырыпсалма ақын қыз бар екенін мен бұрынырақта естігем. Әуелі біз онымен танысуға бола ма екен деп сұрап көрдік. Сұлтан мырза сөзге келместен ол қызды дереу алдыртты. Оның есімі Жазық екен. Тумысынан соқыр болып қалған ақын қыз өз жасынан егделеу көрінгенімен, жұрт оны жиырмада деп есептейді, ал шындығында 29-да болса керек. Аздап шешек тигені болмаса, бет әлпеті тартымды, шырайлы. Өзіне қымыз құйдырып алды да, ол былайша жырлай жөнелді: «Бюлектің (полковник) шақыруы бойынша ол басқарып отырған заманды қуанышпен жырлауға келдім. Ал біз үшін дәл осындай қолайлы болмаған Асессорды үш мәрте қарғаймын. Білгенімді ғана жырлаймын. Ол үшін ғафу етіңіздер. Өйткені, өмірге қараңғы болып келген 20 жыл ішінде менің бақытсыздығым ешбір жеңілмегендіктен басқалар секілді жырлай алмаймын. Егер құдайдың осы қарғысына ұшырамасам басқалардан кем болмас та едім...».
Біз оның руы Алатау тауларын уақытша мекендегені айтылатын «Алатау денсуды» жырлап беруін сұрадық. Міне, ол қалай жырлады:
«Біз бұл жерді ежелден мекендеп келіп едік. Бұл жер дүниедегі ең жақсы жер, себебі осы Қарқаралы өңіріндегідей ауа, су, жайылымдық, жылқы мен сиыр табындары, қой мен жібек жүнді керкейлер (ешкі), мұндай қымыз еш жерде жоқ.
Біз ешкімге тәуелді болмай, өз биле­рі­міз­дің басшылығымен бостандықта, тыныш ғұмыр кешіп жаттық. Бірақ, бізді сұлтандар қа­най бастады, мына қасқырлар алым-са­лықты барған сайын арттырып, бізді ті­рідей жеді...Шоң олардың қарапайым ха­лықты қанауына мүмкіндік бермеді, тіпті оларды Баянауыл жерінен қуып жіберуге де әрекеттенді. Бірақ Шоң өліп қалды, ал сұлтандар бізді тонау арқылы бағындыру үшін орыстармен мәмілелесіп, солардың алтынының жарқылына көздері қарауытып, кінәсіз біздерді сатып жіберді.
Орыстар Қарқаралы тауларының ара­сын­да өздеріне қала салды, өз қорғандары үшін құнарлы жерлеріміздің бәрін тартып алды, бізді өз ырқында ұстау үшін оларға аяу­шылығы жоқ адамдарын орналастырды. Біздің түйелеріміз құрылысқа қажетті қарағай діңгектерін сүйретуге керек болды. Салық салу үшін біздің жылқыларымыз бен сиыр, қойларымызды санады. Аттың қыл құйрығын көрсе болды сол үйде жылқы бар деп есептеді, біреудің үстінен жалба-жұлба тері киімін көрсе оның «жасырған қойым жоқ!» дегеніне сенбеді. Ал тойымдығы жоқ пайдакүнем Жамантай бізді қорғағанның орнына қайта қанаушыларға көмектесті...
Осындай қысымшылыққа шыдай алмаған біздер өзіміздің атамекен жерімізде тұрақтай алмадық. Біртіндеп-біртіндеп одан алшақтап, көз жасына толған жолменен ауасы тұманды, таулары биік те қия жартасты болғандықтан адамдар мен жылқылар одан шыңырауға құлап жатса да қуғын-сүргіннің қайғылы еліне, тура Алатаудың өзіне тарттық. Суы да жын соққан, егер шағып алса адамды түйеше бақыртатын бүйісі бар, қымызы да нашар, жем-шөбі де жаман және ең бастысы - жыртқыш көрші Садыр-Матай күнде ығыр қылды.
Біз сол жақта тұрсақ та үнемі өзіміздің Қарқаралы жерін сағынып, көкірегіміз қарс айрыла күрсініп жүрдік. Жерге деген сағыныш бізді оған қайта оралуға мәжбүр етті, неге десеңіз оның ауасындай ауа, суындай су, ондай жайылымдық еш жерде жоқ» және сол сияқтылар...».
Біздің ақын қызымыз батыл-батыл сөйлейді. Қойған сұрақ- тарымызға ақылмен, әнтек жымиыспен жауап беріп отырды! Оны суырып салып өлең айтуға кім үйретті деген сауалымызға ол былай деді: «Құдай мені жарылқамады, бірақ ол маған рух берді; мен кемтар болғандықтан ол мені мүсіркейді, рух береді; мен содан шабыт алып, өлең айтамын». Тіпті сұлтанның өзі оразасын бұзып, ұсынылған кесеге қол тигізе алмай отырса да, ол бізбен бірге шәй ішті, себебі бақытсыз болғандықтан оның қолын ешкім қақпады. Шәйдан кейін тағы жырлады:
«Мен тағдырына өкпелі, оның тәлкегіне ұшыраған бір ғаріп жанмын. Ұлы тұлғаның алдына келсем де оның жарық бейнесін көре алмаймын. Бюлеке, мен сенің жарық жүзіңді көруге қауқарсызбын! Себебі құдай маған жанар бермеді; бірақ менде жады мен сезім бар. Сені ұлы, ақылды, адал, мейірімді, жарлы-жақыбайлар мен қудалағандарға қол ұшын беретін қамқоршы деген халық үнін естимін. Жаныңа қорғанбай жақындаймын, сия сауытқа малған қаламдай сенің киіз үйіңе кедергісіз кіремін де жаныңа жайғасамын, өйткені сенің орыстарға қарағанда теңдесің жоқ. Сен біздің халқымыздың малы мен жанын санауға келдің. Сен келдің, ал қарттар мен әйелдер және балалар бәрі сені құшақ жая қарсы алды...».
Біздің «Кенесары жайында жырлап бермейсіз бе?» деген сауалымызға Жазық ол туралы әлі бір ауыз да өлең құрастырмағанын айтты. Бірақ, өтірік айтты-ау деймін, себебі, қазақ старшындары оған өлеңін байқап-байқап айтуды, әсіресе орыстарға қатысты тұсында сақ болуын ақырын ескертіп отырады. Жамантай жайлы айтқан өлең шумақтарын біз қағазға түсіре бастап едік, олар сескеніп-сезіктеніп қалғандай болды. Тіпті ақын қызды жеке шақыртып алып, оған бірдеңе деп жатты.
Біздің қонақжайлылығымызға риза әрі сый-сияпатқа ие болған ол қоштасар сәтте тағы да өз жанынан суырып салып өлең айтты. Біз ғаріп жанның соншама үлкен талантына тағы да таң қалып, тағзым еттік. Оның суырып салып айтқан барлық жырлары сондай ұйқасты. Ана тілін еркін меңгергені көрініп тұр. Ал дауысынан тек әйел затына ғана тән керемет сезімталдық аңғарылады. Мен оны ерекше бір толғаныспен тыңдадым. Әйгілі Құдайананың әнін тыңдасам да дәл сондай толқуды бастан кешпес едім...
Қазақ тілін нашар білетіндігіме ашуым келді, ал біздің тілмаштардың поэтикалық асқақ та әдемі жырларды аударуға шамасы жоқ еді. Оларға тіпті Жазықтың жырлары шатысқан, түсініксіз көрінді. Алайда, ешқашан ілім-білімді парық етпеген жандардан не күтуге болады! Бірақ, олар зағип ақынның өз ойларын өте күшті ой-сезіммен жеткізгенін, әсіресе ұйқастарының қамшының өріміндей өріліп келгенін сөзсіз мойындаған еді...
Янушкевич сол сапарында қазақтың Орынбай, Жанақ, Түбек сияқты от тілді, орақ ауызды ақындарын, Тәттімбет сынды күй атасын, дүйім елді аузына қаратып, ақыл-парасатымен жөн сілтеп отырған аузы дуалы билер мен сұлтандарды көзімен көріп, көңілі сүйсінген шетелдік санақкердің Жазық жөнінде де осындай әсерлі жолдар жазуы бекер емес, әрине.
Янушкевич жазбаларынан біздің әуелгі білгеніміз - Жазық ақынның Шұбартау өңірін жайлаған төлеңгіттер руынан екендігі ғана болды. Одан басқа деректі өз басым бұрын-соңды кездестірген емес едім. Расында, сонда оның кім болғаны? Одан қалған үрім-бұтақ бар ма? Янушкевич күнделіктерін қайталап оқығанда да осы сауал көкейде тұрған.
...Сөйтіп жүргенде оған қайтарылар жауаптың бір нұсқасына «Қазақ әдебиеті» газетінің 1993 жылғы 5 наурыздағы санын парақтап отырып тап болдым. Онда «Таным» айдарымен аякөздік қаламгер ағамыз Ғабит Зұлқаровтың «Ақын Жазық кім?» атты материалы жарияланыпты. Ол кісі Семей мемлекеттік мұрағатының Аягөз филиалында аға ғылыми қызметкер болып істеп жүрген кезінде (бұдан едәуір уақыт бұрын) Янушкевич кітабына жүгіне отырып, сол Шұбартау атырабына біраз зерттеу жұмыстарын жүргізіпті. Көне сөздің көбесін сөгетін ауыл қарттарымен әңгімелескен. Солардың бірі - сол кездегі Шұбартау ауданына қарасты «Көктал» кеңшарының тұрғыны, Байбосынов Ыбырайхан ақсақалдың айтқандары мынандай:
«Төлеңгіт ішіндегі Сары деп аталатын Меңаяқта Жазық атты қыз болғанын өзімнен үлкен қариялардан еститінмін. Соқыр болған дейді. Ал оның қайда жерленгенін айта алмаймын. Тегінде Меңаяқ балалары шетінен пысық, ел сөзін ұстаған, ел басқару ісімен көп айналысқандар болса керек. Соның бірі - Меңаяқтың туған інісі - Әзімбай Бижанұлы. Ол бірталай жыл болыс болған деседі. Әзімбай кезінде Абаймен де сөз сайысына түскен деп әкелеріміз айтып отырушы еді...
Әзімбайды көпшілік айтулы ақын болған дейді. Оның «Сарыарқа» атты дастан жазғанын осы ауданның Ш.Уәлиханов атындағы совхоз тұрғыны, бұрынғы мұғалім Түсіп Мақатаев жыр етіп, әркез айтып отырады. Меңаяқтың Жазық атты қызы болғанын немесе болмағанын сол Түсіп анық білуі мүмкін».
Одан әрі қарай Ғабаң дәл осындай әңгімені 85 жастағы Әжібек Айнабековтен, 81 жастағы Әубәкір Боранбаевтан, 99 жастағы Баяхметбай Аманбаевтардан да жазып алғанын айтады. Ал Меңаяқ әулетін жақсы біледі деген Түсіп ақсақалдың ол туралы өз қолымен жазып кеткен естелігі Ғабит ағаның жеке мұрағатында сақтаулы көрінеді. Оның Меңаяқ пен Жазыққа қатысты жерлері мынандай:
«Төлеңгіттің бір баласы - Өмірзақ. Оның он ұлы болса керек. Сол он баланың бірі - Сары деп аталған. Сарыдан Бегімбет туған. Бегімбеттен - Бижан мен Меңаяқ туған. Ал, Меңаяқтан - Әлпи, Оспанқұл, Беребай және Жазық атты жалғыз қыз туған. Жазыққа сегіз жасында әулие (шешектің бір түрі болса керек...- Ж.И.) шығып, көзі зағип болған.
Меңаяқтың зираты Бесбұлақта. Үлкен зиратқа бес адам жерленген. Олар: Меңаяқтың өзі, баласы Оспанқұл және Жазық. Оспанқұлдың екі баласы да осы зират ішіне қойылған...»
Аталған мақаладан біз аңғарған тағы бір дерек - «Советский писатель» баспасының Ленинградтағы бөлімшесі (сол кездегі) 1978 жылы XY-XIX ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларының бір томдық антологиясын басып шығарған екен. Міне, сол басылымға Жазық ақын өмірінен де қысқаша мәлімет беріліп, «Этот край, где гнезда вьют орлы», «Адольфу Янушкевичу» деген екі өлеңі орысшаға аударылып басылыпты. Ал оның өмірбаяны жөнінде: «Джазык родилась в 1826 году, в нынешнем Чубартауском районе Семипалатинской области. Умерла в 1863 году в возрасте тридцати семи лет»,- деп қысқаша ғана жазылған.
Міне, халқымыздан шыққан, бірақ есімі көп уақыт беймәлім боп келген ақын қыздардың бірі - Жазық туралы там-тұм дерек осындай. Бұл талантты тағдырдың әлі де болса жете зерттелмей жатқан жақтары да бар екендігі дау тудырмаса керек. Ол - әдебиет зерттеуші ғалымдар еншісінде. Ал біздің мақсат - өз білгеніміз бен көңілге түйгенімізді өзге қандастарымызға жеткізу ғана...


Жұмағазы Игісін

Өскемен қаласы

"Түркістан" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373