Сенбі, 23 Қараша 2024
Ресей агрессиясы 2670 4 пікір 12 Қаңтар, 2023 сағат 13:50

Соғыс: Қыс кімге қарайласады?

Украина соғысында наурызға дейін ұрыс барысын көп жағдайда ауа райы шешеді. Қыс. Себебі бұған дейін украин-ресей сарбаздары нақты қыста ауқымды шайқас өткізіп көрмеді. 2014 жылдан бері тиіп-қашып қақтығыстар жасағаны болмаса, екі жақты қосқанда миллионға жуықтайтын әскер әлі қыста ірі шайқасқа түспеді. Ресей былтыр Украинаға басып кіргенде ауа райы жылып, көктем есіктен сығалап тұрған еді. Ол ақпанның соңы болатын.

Қақаған аяз қаңтарда және ақпанның басында болатыны белгілі. Украинаның климаты Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда жылы, орташа температура +2 мен -15 арасында болады дейді мамандар. Кей тұста ол +5+7, ал кей тұста -15-25 болуы да мүмкін. Қандай болса да қыста ұрыс жүргізу оңай емес.

Ресей тарихы және қоғамында "қыс Ресейге одақтас" деген сөз бар. Оны Наполеон әскерінің сәтсіздігі, Гитлер әскерінің Мәскеу, Сталинград маңында қыста қиындық көруімен түсіндіреді. Алайда қыс ешкімге жақтас та, одақтас та емес. Қыс Ресейге одақтас болса, Ресей әскері бірінші дүниежүзілік соғыста қатып, Фин соғысында үсіп қалмас еді. Сондықтан "Генерал аяз бізге жақтас" деген өзін алдау ғана. Қай тарап суық ауа райына дайын, қыс сол тарапқа қолайлырақ болады. Бар болғаны осы.

Қыста соғысу қиын. Машақаты көп, шығыны орасан. Бірнеше себебін қарайық.

1. Қыста сарбаздарға берілетін тамақ жазбен салыстырғанда құнарлы болуы керек. Суық ауа райы көбірек энергияны қажет етеді. Көбірек калория керек. Оны екі жолмен шешуге тура келеді. Не күніне бұрынғыдай үш емес, бес уақыт тамақ бересің, немесе тамақтың құнарлылығын арттырасың. Қай нұсқа болса да тамаққа бөлінетін шығынды арттыруға тура келеді. Ал ол бір адам емес, бірнеше жүз мың сарбаз екенін ескерсек, шығын да көп екенін түсінеміз.

2. Қыста тірі қалудың ең маңызды факторының бірі ол әскери форма. Қыстық әскери форма жаздық формамен салыстырғанда әлдеқайда қымбат тұрады. Ол жылы, қозғалуға жайлы болуы керек. Кемі әр сарбазда екі формадан (жыртылу, су болу факторын ескеріп) болғаны абзал. Сарбаздардың ауырып қалмауына форманың ықпалы көп. Жер бауырлап соғысу, сағаттап қара жерге жабысып атысу сөзсіз суық өткізеді. Ол сарбаздар арасындағы ауруды арттырады. Сондықтан форма жылы болуы тиіс. Соғыста тікелей ұрыстан қарағанда кейде аурудан көз жұмушылар саны көп болатын жайттар кездеседі. Ол тропикалық және қарлы аймақта көп кездеседі. Украинаны сол қарлы аймаққа жатқызуға болатын шығар. Әскери форма тұрғысынан Украинада басымдық бар. НАТО елдері укрәскеріне 6 ай бұрын қыстық формаларды жеткізуді бастады, бір ғана Канаданың өзі жүздеген мың арктикалық форма берді. Ал Ресейде бұл тұрғыдан қиындық бар. Қыркүйекте мобилизация жариялағанда 1.5 млн жаздық форма жоғалғаны айтылып, шу шыққан еді.

3. Ұрыс окоптарда өтіп жатыр. Жер қар. Сыз. Балшық. Окоптарды жылыту маңызды. Ол тек жылжымалы генераторлар арқылы іске асады. Сонымен бірге жанар-жағармайды көп қажет етеді. Бұл да тараптарға шығын.

4. Қыста ұрыс даласында жараланғандарды тез эвакуациялау керек. Жазда жарақаты жеңіл болса, ұрыс даласынан бірнеше сағатта эвакуациялауға болады. Ал қыста олай ете алмайсыз. Жаралы жауынгер тез арада өліп кетуі ықтимал. Оған ауа райы әсер етеді. Сондықтан ұрыс даласындағы жараланғандарды эвакуациялау үшін арнайы әскери медициналық көліктер санын арттыру керек. Ол да шығын.

5. Қыста күннің қысқалығына байланысты барлау жүргізу уақыты да қысқара түседі. Себебі барлық дронда түнде барлау құрылғылары бар дей алмаймыз. Кіші дрондардың көбісі зарядты батареямен ұшады, ал ол суық күнде энергияны тез тауысады. Бұл да ұшу сағаты мен шақырымын қысқарта түседі. Сонымен қатар авиацияны жаздағыдай көп ұшыру мүмкіндігі де болмайды. Қарлы ауа райы, күннің қысқалығы, боран мен желді күннің көптігі өзінің кері әсерін береді.

Қысқасы қыста соғысу оңай емес. Ресейге де, Украинаға да. Үсіп қалатындар саны екі жақтан да болады. Бұл әсіресе қиян-кескі шайқас болған сәтте жаралыларды дер кезінде эвакуацияламаса болатын жайт.

Қазір тараптар қыстағы аязды бір ғана мақсатта күтіп отыр. Олар жер тоң болып қатып қалса дейді. Сол сәтте ондаған тонна шынжыр табанды әскери техниканы жүргізіп, шабуылға шыға алады. Әзірге ауа райы бір жерде минус, бір жерде плюс.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408