Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2548 0 пікір 13 Наурыз, 2013 сағат 05:41

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

2

Таңертең Мақсұт пен Қарымсақ ол үйге ертерек кетті. Үй маңында мал түнеген қотан орны білінбейді. Бұл ауыл сірә, уақ малдарын бір жерге қоралатып, қосып бағатын болса керек. Қыстаулықтары аяқ жақта, таяқ тастам жерде, анау көрініп тұр. Жиырма шақты үй егінші дүңген Әлилер қазір сонда. Мыналар да тек киіз үй тігіп, көкке шығып отырғаны болмаса, мұнан ауып жайлау жайламайды. Осыдан бір ғана белдің астындағы егіндіктеріне дүңгендермен бірге қарауыл болып отыр. Қонақтары келгенде, үйде Мұрыншақтың саркідір тартқан әйелі ғана отыр екен. Кішкене қара домалақ немере әже қолтығына балапандай тығылып, бір елі ажырағысы келмейді. Үйдегі бөгде адамға кісі көрген жапалақтай, кірпігін қылп-қылп қағып қарайды. Әжесінің мойнына жармасып, бірнеңе деп сыбырлап еді, салдарлы әйел бөбектің тілін қызықтап күле:

2

Таңертең Мақсұт пен Қарымсақ ол үйге ертерек кетті. Үй маңында мал түнеген қотан орны білінбейді. Бұл ауыл сірә, уақ малдарын бір жерге қоралатып, қосып бағатын болса керек. Қыстаулықтары аяқ жақта, таяқ тастам жерде, анау көрініп тұр. Жиырма шақты үй егінші дүңген Әлилер қазір сонда. Мыналар да тек киіз үй тігіп, көкке шығып отырғаны болмаса, мұнан ауып жайлау жайламайды. Осыдан бір ғана белдің астындағы егіндіктеріне дүңгендермен бірге қарауыл болып отыр. Қонақтары келгенде, үйде Мұрыншақтың саркідір тартқан әйелі ғана отыр екен. Кішкене қара домалақ немере әже қолтығына балапандай тығылып, бір елі ажырағысы келмейді. Үйдегі бөгде адамға кісі көрген жапалақтай, кірпігін қылп-қылп қағып қарайды. Әжесінің мойнына жармасып, бірнеңе деп сыбырлап еді, салдарлы әйел бөбектің тілін қызықтап күле:

- Ол сенің ағаң, Мақсұт деген ағаң емес пе, өзіңнің... Бәрімізден саған жақын, сенің өз ағаң екенін білмеймісің, ақымақ? - деп, шын жадырап сөйледі. Мақсұтты өз үйлеріне келтіре алмай жүргендері байқалады. Ешнәрсемен енжарлығы жоқ сабыржай, барды бойына сыйғызған әйел екені білінеді. Шай жасалып жатқанда екі өкпелігінің жүні түскен шабан қаракерді жіті тебініп, асығыңқыраған Мұрыншақ келді. Елең-алаңнан барып егінін көздеп, маңына жолаған малды айдап тастап қайтқан беті екен. Бір кезде төменгі үйден Қазизамен бірге екі қыз ілесіп шықты да, үшеуі осылай қарай беттеді. Ашық есіктен бойлары көрініп келеді. Қыздың бірі ерекше ұзын бойлы, имектеу. Бір көргеннен көзге оқшау шалынатын шеттегі ұзын қыз өз бойын қайда жасырарын білмегендей, Қазизаға қолтықтаңқырап тығылып алыпты. Олар үй сыртында, қазан басында бөгеліп қалғандай болды. Қазиза ерте қамдалып асылған етті түсіріп кіргізгенде, Мұрыншақ сыртқа қарай үн тастап:

- Қамаржан! Бұнда келіп қолға су құйыңдар, шырағым! - деді. Осы уақытта екі қыздың бірі далада бөлініп қала тұрып, біреуі келіп кірді. Мұрыншақ даладағы қыздың атын атап:

- Тәйімхан қайда? Кір десеңдерші, апыр-ай, о неғып келмей тұр? - деп кемпіріне қайта-қайта қарап алаң болды. Есіктен қонақтар жаққа сәл көз тастап, ақырын сәлемдесіп енген жаңағы «Қамар» атанған бойшаң қыз аз қызарыңқырап... өрге, оң жақтағы жасаулы төсек жаққа таман, баяу басып өте берді. Көзін бір тұстан алмай қарап, солай қарай салмақпен баса берген... Адал бақанның басында тұрған орамалға көзінің астымен қарап бара жатқанында жанарынан ерекше нұр байқалды.

Суды Мұрыншақтан тартып Қазиза құя бастағанда, қыз қолына таза, кестелі орамалын алып, кісі алдында кішкене тұрып қалды...

Мақсұт бұл қызды көргеннен аңырып, өз көзіне өзі сенбегендей болған... Тегінде бұл ауылды Мақсұт өзіне туыс сияқты санайтын. Сол себептен болар, бұрын келген шақтарында көруді мұрат етпегендіктен бе, мына қызды байқамаған екен. Қазір ол өз-өзінен таңырқап ойланып, қыз бетіне ақырын қарап отырып қалды... Бір ғажабы, Мақсұттың осы қалпын ашық сезінген қыз да қысылыңқырағандай, бет ұшы лып бере қызарып кетті. Мақсұт Бурабай үйінің бұл қыз үшін неге ұрынып баққанын енді түйсінген.

Иықты келген, түзу денелі Қамардың сырт мүсіні де ерекше әсем. Тік иыққа біткен жұп-жұмыр сұңғақ мойнына дейін көзге ұрып, жас қызды табиғат әлдеқалай жомартсып туғызғандай.

Жас, саулық тазалығындай дақсыз, дана жүзінде, беті ұшында манарлаған ақшыл қызыл арай бар. Және ұяң нұрлы, үлкен, қоңыр көздері шарадай болып қарайды екен. Әсіресе бір тұсқа көзінің астымен қараңқырап, өзгеше үлкен, сұлу жанарды салмақпен тастап тұрғанда аясына мұнардай бір тұңғиық нұр қонақтап қалады. Ойды талдырардай бір көзқарас сәті бар. Сәл ұшты келген, ұнасымды қыр мұрны мен құндызданған қас-кірпігі бәрі, тоқ жүзін айдай етіп, көзге қиядан тартады. Түндегі Қазизаның көп сөз еткеніндей бар...

Қыз үй ішінде көп бөгелместен баяу басып сыртқа шығып кеткен болатын. Жаңағы серігі күтіп тұрған көрінеді. Осыдан арада біраз уақыт өткізіп, қонақтар әңгімемен отырып, тамақтанып болған кезде қайтып келді... Бұл жолы есіктен кірген бетінде Қазизаға ғана көз салып, соның жоғарғы жағынан кеп отырып қалды. Мұрыншақ немересін алдына ала, мол қапсыра құшақтап, төбесінен мекірене иіскей отырып, үнін жарқынырақ шығара «Құдая шүкір!» - деп қойды. Еңдігі тілегін күңіреніп тілегені ме? Ертең қандай ұшпаққа шығарары ешкімге мәлім емес осы құрттауыштай немеренің қолға тиюімен бұл үйдің бар жыртығы жамалып болғандай, ризалық тәубеге келумен қатар өздерімен бір дастарқанда дәмдес болып отырған Мақсұтты да оңай адам деп білмейтіндері анық. Полиция, соттың аты аталса, жарты ауыз сөзден жаза басып, мүлт кеткен пендені тарпа бассалып қамап тастаймын десе оған құдірет-еркі жететін, қатігездіктің мекені ғана елестейтін көшпелі қазақ қауымына, сондай оттың ортасынан өз дауын үстем етіп, қара басты адамын әкеліп беріп отырған оқыған жігіт бұл үй үшін шынында да құрметтінің құрметтісі еді.

Сыртта ызылдап қайнап тұрған самаурын бары білінеді. Қамар шешесінен сыбырлаңқырап:

- Шай кіргізейін бе? - деп сұрап еді.

Қонақтар асығыс екен. Өздерін жеделдеп тосып отырған кісі бар дейді. Сонымен Мақсұттай ниеттес жас қонақтары бұл үйдің ішімен анық қимай қоштасып, енді орнынан тұратын болғанда, шешесі түрегеп тұрған Қамарға:

- Қамартай! Ағаларыңды аттандыр, қалқам! - деді. Көп ұрғашының біріндей емес, кең саба әйелдің нұсқасынан қайтсе де бір тектілік байқалады...

Қамар үйден алдымен қонақтар шықсын деп тосып тұрып қалып, солар есіктен шыққан соң, аяғын енді тездетіңкірей басып барып, алдымен Қарымсақтың атын шеше бермек еді. Қарымсақ шылбырды жылдамдатып өзі ұстап:

- Қамаржан, мейманды, мейманды аттандыр, шырағым, мен өзім... дей берді. Қыз салалы аппақ қолымен қадаағаштан қара атты шешіп ала беріп, шылбырды икемді, биязы кимылмен ердің қасына салды. Сүмбідей сұлу қара атты бұлаң еткізіп, Мақсұттың алдына қарай көлденең тартып бұра берген. Бар қимылында майысқан ұнамды нәзіктік бар.

Мақсұт қыз қолындағы тізгіннің бергі жерін ат жалымен қоса қымтып ұстап, аяғын үзеңгіге салғанда, Қамар қолы ұшымен оның қолтығынан білінер-білінбестей бір лебі тиген қимылмен демеп жіберді. Жігіт ерге қонған сәтте бар денесін жеңіл билеп бұлықсып тұрған қара ат жалт беріп, айналып кетіп еді. Ат басын Мақсұт қайта бұрып, қызбен соңғы рет көз ұшыратты.

Қамар алғашқы бетте сәт үсті қыбырсыз тұрып қалған екен. Мақсұт оған басын болмашы изегендей қимыл сездіріп:

- Қош боп тұрыңыз, Қамар! - деді. Кескінінен дем шарпытқандай көз қарас танылып еді.

Қамар өзінің әлі ашылмаған жастығынан сәл қымсынғандай болып, баладай нәзік, шығар-шықпас үнмен:

- Сау болыңыз! - деп көзін төмен түсіре берді. Құндызданған кірпігі төгіліп тұр. Бір ғажабы - екеуі де бір-бірінен сонша тартынып, қысыла қоштасып еді.

Мақсұт бұрылар кезде тағы бір байқаса, Қамардың ұяң нұрлы, шаралы көзі бұған бір түрлі мүләйім... қарап қалған екен... Соңғы рет сол көзқараспен қалды...

Осы уақытта үйден қалбалақтап, белін жүре буынып Мұрыншақ та шыққан екен. Биыл Мақсұттың қызмет жайы қайдан шешілетініне екі түрлі жорамал бар. Дәл әзірге белгісіз болатын. Сондықтан енді кетсе ұзап кете ме деп аяншақтаған Мұрыншақ анадайдан даусын көтере:

- Ал Мақсұтжан, шырағым! Қызметіңе кеткенше және соға алсаң, ауыл міне, үй міне, бар мәзір, жоқ мәзіріміз болса көріп, тағы-тағы келе жүр. Көрсек көңіліміз тоғаяды. Ал тіпті алда-жалда биыл дәм-тұз жазбай, енді қайтып бұрыла алмай, осымен ғана алысқа аттансаң, барған жеріңнен аман барып, сау қайт, шырағым! Жеңіл барып, ауыр қайт! Шетте жүрген бала едің, ризық шетке жазса да, топырақ шетке жазбасын, қарағым! - деп, дұға тілегін арнағандай болды. Мақсұт баладай жапақтап тұрған қарияны қимай аяп:

- Көрісер күн жақсы болсын, ақсақал, - деді де атын қамшылап, тез жүріп кетті. Ол біраз жер ұзап барып артына бұрылып қараған еді. Мұрыншақ жаңағы орынында әлі тұр екен.

Қазиза мен Қамар әдейі көрнек бергісі келгендей, қолдарына шелек алып, бір-біріне иық түйістіре қатар аяңдап, баяу басып, суға кетіп барады. Мақсұттың артына бұрылып қарағанын олар да көрді... Көңілдерінен шәйі орамал бұлғамағандарын кім білсін... Шынайы тату қайынсіңлі мен жақсы жеңге ауыл алдындағы қайың, терек аралас өскен жас тоғайдың шетіне ілініп көрінбей кетті. Осы сәттен бастап Мақсұт көңіліне сол тоғай өте ыстық қалпымен сақталатынын қазір сезген жоқ.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413