«Жаңа Қазақстан» советтік атаулардан қашан арылады?
«Әрбір халық - өзінің ана тілінде ғана бақытты».
Халық мақалы.
Қазіргі күндері елімізде жүз отыз ұлт өкілдері (этнос) өмір сүруде. Қайталап айтам, бұлар, ұлт емес, ұлт өкілдері ғана. Ал, біздегі қазақтар мемлекеттің негізін салған және оны құрушы халық болып табылады. Яғни, қазақтан басқасының қай-қайсысы болмасын, тіпті, орыстарға дейін этнос ретінде қаралады.
Осы арада айырықша ескертерім, сонда біз, қазақтың ата-қонысында отырып, этнос болып есептелетін орыстың тілін мемлекеттік іс-шара жүргізетін деңгейге дейін көтердік. Осы дұрыс па?! Орыс тілі, көрші Ресей Федерациясының мемлекеттік тілі. Ол, Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тілінің құрамына кірсе де, бізге оның керегі қанша?
Мысал ретінде айтайын, Еуропадағы кішкентай португал елінің тілін әлемде: Бразилия, Ангола, Кабо-Верде, Гвинеи-Бисау, Мозамбик, Сан-Томе, Принсипи және Шығыс Тимора елдері мемлекеттік тіл ретінде мойындайды және осы тілде іс жүргізеді.
Осы жоғарыда аталған мемлекеттің тұрғындары, саны бойынша төрт жүз елу миллионға дейін жақындайды екен. Ал, орыс тілін, бар-жоғы жүз қырық миллионнан аса тұрғындар іс жүзінде пайдаланады. Айырмашылықты көрдіңіз бе?! Анау жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымында осы португал тілі біраз уақыт сөз болды.
Әрине, біздің орыс тілін шеттетейік деген ойымыз жоқ. Дегенмен, ұлтымызды өзге тілмен миғұла етпей, өз ана тіліміз - қазақ тілінің абыройын, қасиетті ата-мекенімізде қалайда жоғары көтеру және беделін арттыру, уақыт күттірмейтін іс-шараның бірі, сонымен қатар, мемлекетіміздегі ең негізгі істің бірегейі деуге болады. Еліміздегі бұл этностың тілін әспеттеу, сондай-ақ, оны тәуелсіздігімізге отыз жылдан асса да, мемлекеттік дәрежеде күнделікті жетектеп жүру, елдігімізге сын және айналамыздағы ел-жұрттың алдында абыройымызды түсіреді. Тіпті, сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еріксіз пайдалансақ та, қазіргі күндері оны пайдалану кезеңі әлде қашан аяқталды. Шындығы осы! Елдегі теледидарлардың қазақ тіліндегі рөлін күшейтіп, оның уақытын көбейту керек. Менің, қазіргі қадірменді биліктен сұрайтыным, Үкімет құрамындағы министрліктердің іс жүргізу жұмысын, Ата Заңымызда (Конституция) мемлекеттік тіл деп көрсетілген қазақ тілінде жүргізуіне, соза бермей, нұсқау беруін құптар едім! Мұның кезі байағыда-ақ келген!
Еліміздегі этностың тілімен өмір сүру, тұтас қазақ еліне ұят және ыңғайсыз нәрсе! Ресейден сескене берудің түкке қажеті жоқ. Олардың қазір қолдары байлаулы. Қасындағы көршісімен жағаласып, қақпанға өздері түсіп қалып отыр. Осыны сәтті пайдалану керек-ақ. Біз, отыз жылдық биліктің, халқымызды осындай дәрежеге дейін құлдыратқанына және қазіргі осы пұшайман деңгейімізге, әсіресе, мемлекеттік тілдің құнсыздануына намыстанамыз да! Сонымен қатар, орыс тілі, елімізді ұлттық қасиетінен айырып, тоздырып барады! Солтүстіктегі көршімізден үнемі қорқу және жалтақтау (мінез -құлқы әлсіз, түкке тұрғысыз орыстан жасқану күлкі тудырады) бізге жараспайды. Сондықтан, билікке айтарым, қалайда, алдағы уақытта осы айтылған пікірімізді мүмкіндігінше елеп-ескерерсіз деген пікірдеміз.
Ономастика неге жұмыс істемейді?
Тағы бір айтарымыз, солтүстіктегі, сондай-ақ, шығыстағы облыстардың аумағындағы аудан және елдімекендердің атауларын өзгерту, немесе, түпкілікті жаңадан қазақша атау беру, күн тәртібінен түспеуі тиіс. Осы облыстардың әкімдеріне, жыл сайын кем дегенде он бес-жиырма пайызын өзгертуді міндеттеу қажет-ақ. Мысалы: Заречный, Двуречный, Приречный, Дальний, Раздольный, Ейский, Курский, Красный Запорожец, Свободный, Красивинский, Красивое, Комсомольский, 37 лет октября, Калачевский деген атаулардың қазіргі уақытқа керегі қанша? Тура бір Ресейдің губерниясында жүргендей боласың. Қазіргі, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімдеріне, осындай идеологиялық тұрғыда мүлде ескірген атауларды Жаңа Қазақстан заманына сай етіп, қайтадан атауды уақыт кетірмей ұйымдастыруды, яғни айтқанда, тездетіп ономастикалық комиссияның жұмыс істеуіне рұқсат беруді қамтамасыз ету керек. Әйтпесе, осы атаулар қай кезде болмасын, кезіндегі бодандық уақытты еске түсіріп тұрады.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz