Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3771 0 пікір 4 Сәуір, 2013 сағат 04:34

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

Екінші тарау

1

Лүріп-лама Іле аймағындағы маңғұлдың белгілі адамы. Бір Іле ғана емес, мына терістіктегі: Бұратала, Сайрам, Еренқабырға, Көксала, Құсемшек тауларын мекен еткен қалмақ, маңғұлдарға да еміс-еміс атағы жетіп жататын, батыр атанған Лама. Керімбектің үлкен баласы Әкім екі жыл елден жоғалып кеткенде, осы Лүріп-ламамен қатынас жасап, Нылқы-Ластайындағы Әкбар-Сейіттің жасырын хабаршысы болып жүрген.

Күренің Іле өзені жақ түстік бетінде, бір шетте, өзінше жеке бау, үлкен қора-жайлы Лүріптің үйіне кеше кешке қас қарая бере арт-артынан екі-үш топ аттылар келіп түскен. Солар, міне, бүгін түс ауған шаққа дейін түпкі үйде тапжылмастан жасырын жиын өткізіп отыр. Кеңестегінің барлығы да кешелі бергі талқыда бір ғана ноқатқа қадалғанымен, әлі де толық бекім-шешімге келе алмай қарысып отырған. Ұзынша төрде, оң жақ бұрышқа таман орын алған, жасы отыз бестер шамасындағы кішкене, сұр-шегір қаршыға көзі ерекше өткір, тар маңдай сары жігіт Фатих осы кеңестің жауапкер иесі. Әкбар-Сейіттен кейінгі «Тас түлек» ұйымының басты адамы осы.

Екінші тарау

1

Лүріп-лама Іле аймағындағы маңғұлдың белгілі адамы. Бір Іле ғана емес, мына терістіктегі: Бұратала, Сайрам, Еренқабырға, Көксала, Құсемшек тауларын мекен еткен қалмақ, маңғұлдарға да еміс-еміс атағы жетіп жататын, батыр атанған Лама. Керімбектің үлкен баласы Әкім екі жыл елден жоғалып кеткенде, осы Лүріп-ламамен қатынас жасап, Нылқы-Ластайындағы Әкбар-Сейіттің жасырын хабаршысы болып жүрген.

Күренің Іле өзені жақ түстік бетінде, бір шетте, өзінше жеке бау, үлкен қора-жайлы Лүріптің үйіне кеше кешке қас қарая бере арт-артынан екі-үш топ аттылар келіп түскен. Солар, міне, бүгін түс ауған шаққа дейін түпкі үйде тапжылмастан жасырын жиын өткізіп отыр. Кеңестегінің барлығы да кешелі бергі талқыда бір ғана ноқатқа қадалғанымен, әлі де толық бекім-шешімге келе алмай қарысып отырған. Ұзынша төрде, оң жақ бұрышқа таман орын алған, жасы отыз бестер шамасындағы кішкене, сұр-шегір қаршыға көзі ерекше өткір, тар маңдай сары жігіт Фатих осы кеңестің жауапкер иесі. Әкбар-Сейіттен кейінгі «Тас түлек» ұйымының басты адамы осы.

Бұл топтың ішінде маңғұлдан қазақтар «демші» деп атайтын Жамбы-лама және Лүріптің күйеу баласы - Ләйдің амбал сияқты кісілер бар-ды. Бұл екеуін өз маңына Лүріп шақырып алған. Олардан басқа тағы да некен-нұқан маңғұл-қалмақ өкілдері отырғаны байқалады. Үкімет орнындағы адамдардан Фуже мен Мұхабай және қырғыздан «қырғыз-қазақ ұйышмасының» қырғыз бөлімінің бастығы Ысқақбек бар. Бұл аса қайсар атанған адам. Фуже, Фатихтарменен Ысқақбек бұрыннан жалғас. Қазір Фатих пенен Фуженің екі ортасынан орын алған сом денелі қысық көзі анық батырға біткен сары жігіт сол Ысқақбек, Қызай төресінен Рабат баласы Әбілхайыр отыр. Оның да жанында Қарымсақ тәріздес бірен-саран қарапайым халық өкілдері бар. Батыршалыс шаруа адамдар. Онан басқа Қызайдан әлдеқалай Қанатбек деген ақалақшы келіп қалыпты. Жүрген жерінде шикілігі шығып жүреді деуші еді... Анығында бұны жегжатым деп, Оразхан дейтін Қызайға белгілі, өтімді кісі алып келген. Ал Шеруден Тайлақбай мен Керімбек, Қарымсақ, Мақсұт. Міне, осындай топтың кешелі бергі шештік деген нәрселері - «кім не істейді» делінген мәселе. Бұл уақытта халыққа аз ғана астыртын түрткі болса, Гоминдаң езгісін аяусыз көрген бодан елдің дүрлігуі бір-ақ сәт болары анық. 1. Фуже Маңғұлкүре, Текес, Нылқы, уездерінің маңғұлдарына арғы шеті сонау - Жұлдыздағы Торғауыт қалмағына да астыртын хабар жеткізіп, соларды насихаттап қозғауды міндетке алады. Тәңіртауынан арғы, Іледен мойны қашық - Жұлдыздың мол Торғауыт қалмағына ең соңынан білдірмек. Өйткені олар гоминдаң үкіметіне қарсы қасық қанын аямай айқасуға бар халық. 1757-1758 жылдары Шыңжаңды алғаш жаулап алушы Манжур боғдыхандары «тігерге тұяқ қоймай» қырмақ болған жоңғар қалмағы, атақты торғауыт нәсілі солар еді.

2. Мұхабай Іле қазағы жиырма бес болыс Қызайға «ұйышма» атынан жасырын жар салып, соны шендестіре бастауға іс жүргізеді.

3. Ысқақбек Текес, Күнестегі, арғы Шатыдағы үш болыс қырғызға - «Қырғыз-қазақ ұйышмасы» атынан үн беріп, ежелгі жауынгер қырғыздарды көтеруге кіріседі. Қарашәрдегі тұтасымен жатқан қырғыз аймағына кейіндеу жалғаспақ... Ысқақбек те гоминдаң үкіметінің әскери мектебінде оқыған, капитан дәрежелі офицер. Мұхабай екеуі Шыңжаң орталығы Үрімжідегі «Жұң-гуан, шо-шауды» (әскери мектеп) бірге бітірген.

4. Лүріп-лама, Жамбы-лама, Ләйдін амбал сияқты маңғұлға танымал адамдар мен соларға негізгі сенімді күш болатын шаруалар Фужеге жәрдем берумен бірге мына жағы Бұратала-Сайрамнан, Күркілдектен бастап былайғы тау қамағы - Еренқабырға тауындағы Көксала, Қыземшектің, одан ары - Тақия-жыңның көп маңғұлдарымен астасып, ұштаса бермек.

5. Әбілхайыр төре Іле қазақтары ішіндегі Төре-Төлеңгіт, Сарт-Төлеңгіт дейтін өздеріне қарасты Төлеңгіттерді Төре тұқымы болып ұрандатпақ.

6. Керімбек, Тайлақбай Шеруді ымыраға келтіреді. Және Қорғас бойындағы қанаттас Суан мен Көкдала, Қалжат жазығындағы қалың Албанға жалғасады. Ана шеті Шерудің шығыс жағында, осы елмен іргелес жайлайтын, Қызайдың жеке жатқан бір руы - Таймасты үгіттеп қозғалтуда ат салады. Таймастың ішінде Аусынақын - Әкбар - Сейіт тапсырмасы бойынша сонау Алтайға, Оспан батырға қатынасып жүрген адам.

Екінші іс - ел-елдер ішінде жасырын сақталып жүрген қанша құрал-сайман, мылтық бар. Нақ саны қанша? Соның бәрінің есебін алу, білу керек. Бұлардың кешеден бергі, қазірге дейін көбірек тұйыққа тірелгендей болып қамалып отырған тығырықтары да әсіресе осы қару-құрал жағы.

2

Шыңжаң тарихын алыстан қозғамай, 20-шы ғасырдың бергі жағынан айтқанда, осы 1944 жылғы аралықта, Өлкелік таққа У жұң шынмен бесінші адам мінді. Ең қызығы сонда, Шыңжаңдағы 9-губерниялық үкіметтің сансыз үйездеріне әскери басшы болып тағайыңдалушы төрелер сол өздері баратын үйездерінің «сейпіл-қамалы бар ма, берік пе?» деп сұрасатын-ды... Оның себебі бар. Жаңағы төрт патша отырғалы мұнда үлкенді-кішілі үш-төрт көтеріліс жүз берді. Мәселен 1912-жылы январьда Іледе Шыңжаң үкіметіне қарсы көтеріліс болды. Және сол 1912-жылы Құмылда ұйғырлардың өз билеуші-бектеріне қарсы «Темір-халпе қозғалысы» өткен болса, онан бергі жерде 1916-жылға дейінгі аралықта Іле аймағында және Оңтүстік Шыңжаңда қытай ұлтының өз ішіндегі халықшылдарынан құрылған «Гилау хұй» ұйымына жергілікті ұлттар да қосылып, Өлкедегі Гоминдаңшыл өкіметке қауіп туғызды. Бірақ бұлардың Іледегі көтерілісшілері осы тұста таққа жаңа отырған Яң зың шыңға сатылған жергілікті әскер тарабынан өлтіріліп, біржола жойылды. Одан кейін 1933-жылға жеткенде дүңген генералы Ма жұң йың бастаған көтеріліс Бурылтоғай ауданында қазақтармен, алтын кенінің басшыларымен бірігіп, Алтай аймағының орталығы Сарысүмбеге бірнеше дүркін шабуыл жасады. Қысымға шыдамаған Алтайдың генерал-губернаторы Уй шын го амалсыздан Үрімжіге қашып, кейін сол жазасы үшін Шың шы сай тарабынан өлтірілді. Және сол дүрбелеңдермен қатар 1931-жылы 12 апрельде тағы да Құмыл аймағында атақты Қожанияз көтерілісі қозғалып, соның салдарынан Шыңжаң үкіметі қайта құрылуға мәжбүр болды. Міне, осындай Шыңжаңның аз ұлт халықтарын тыныш басқару амалын өлкені билеуші, тақ иелері өз тілдерімен «ноқталау» деп атады. Ал халықты «ноқталау» үшін аймақтардағы елге сөзі өтетін, бедел-салмағы бар әр ұлттың «ақсақал» адамдарына дәрежемен билік беру саясатын ойлап тапты. Мәселен: Яң зың шыңнан бұрынғы Иуэн шы кей өкіметі, Құмылдағы Шамақсұт дейтін атақты ұйғырға «уаң» (ақсүйек) атағын, Алтайдағы даңқы жер жарған Әленге - «шаңжаң» (меңгеруші), Закария мен Мәмиге елді тыныштандырушы «бек» нәмін арқалатса, Құлжадағы Үсейін бай мен Күшар шаһарындағы Мәметимінге - «уаң» атағын тарту етті. Және бұларды парламентке мүше етіп Бежінге келтірді. Әрине, бұндай дүмшелердің кейбіреуі бас амандығы үшін өзге тұрмақ өз баласын құрбан етіп жіберуден аянбайтын, жаны тәтті атаққұмарлардан болады.

Иуэн-да-хуадан кейінгі дубэн (патша) Яң зың шың Іледегі көтеріліс басшыларына өлке дәрежелі және аймақ дәрежелі қызмет орындар бермек болып шырғалап, олардың күшін таратудың шарасын қамдады. Қашқарлық, сауатсыз Розы-ажыны өлкелік кеңестің бастығы етіп шен сыйлаған. Бірақ міне осының барлығы бұлардың бәрінің жанына тыныс, тақтарына тыныштық қоныс бола алмай, бірі артынан бірі патшалық міндетін өткізіп, алтын күмісімен теңденіп ішкеріге қарай жылжып отырушы еді. Яң зың шың Іледегі халықшыл «гилау хұй» ұйымының төңкерісшіл басшысы, қытай адамдары: Яң зен шуэні Қашқар гүбернелік өкіметіне, ал Хи жияу дұңды өлкелік халық істері назаратына бастық етіп сайлаған. Негізінде «Гилау хұй» ұйымы Қытай елінің белгілі марксшіл социолог-демократ адамы Сун-Яцен (Сұң жұң сан әпенде) идеясының жаңғырығы болатын. Жалпы қытай мемлекеті бойынша алып айтқанда қытай компартиясынан басқа «Гоминдаңның таңдаулы партиясы» деп аталынған тағы бір партия бар. Ол Гоминдаң партиясының кей шарттарын қолдамайтын партия. Ал бүкіл Қытай еңбекшілері гоминдаңға қарсы. Марксизмнің көрсеткеніндей капитализмнің құлдырау сатысындағы жік-жік, ыдырау дәуірі басталған. Қазір гоминдаң мен Қытай Коммунистік партиясы, бір-бірімен белшеден қан төгіс соғыс үстінде. Шыңжаңды 17 жыл билеген Яң зың шың сол жылдары аз санды халықтарынан өкімет қорына түсіретін алым-салық кірімін әр жыл сайын 3 миллион екі жүз мың сәрі* ақшамен айналдырған. Бұл содан 1928 жылы өз тағын Жың-шорынға қалдырды. Шыңжаңның байлығын аяғымен кешкен, өзі апиын құмар Жың-шорын басқаны қоя тұрып қолды Германияға сілтеді. Өзінің ұлын Европа капиталистік елдерінің соғыс - стратегиялық озық тактика - амал оқуына жолдағанда соған қоса келешекте гоминдаңшыларға ізбасар болып шығарлық бір талай дәмелі қытай жастарын Берлин қаласына Шыңжаң қызыл алтынының күшімен сыйғызған. Сонымен 1931-жылы «Апрель көтерілісінің» дүмпіумен бұл да өз орнын Шың шы сайға қалдыруға мәжбүр болды. Ал Шың шы сай болса, осыдан бірер жыл бұрын патшалық тағын қазіргі У жұң шыңға тастап қашты. Міне, 20-ғасырдың басынан жарымына жетпеген уақыт ішінде Шыңжаңның жері мен елі бірінен бірі өткен осындай бес қорқау обырдың мешкей бүйірін арт-артынан кенелтумен келді! Бұл жолы «Тас түлек» ұйымының жасырын мүшелері дәл осы нәрсені талқыға салып отырғанда, өзі әлеуметтік саясаттан хабары жоқ, ешнәрсеге мән бермейтін Ғани батыр төмендегі тақпақты ұйғырша, қазақшасы аралас қызық тілмен айтып:

 

* Сәрі - он сом есебіндей күміс ақша.

 

«Көбелек келіп көлк етті,

Көбігін ішіп ол кетті.

Жапалақ келіп жалп етті,

Жарымын ішіп ол кетті.

 

Қарға келіп қарқ етті,

Қалқып ішіп ол кетті.

Сауысқан келіп саңқ етті,

Саңғып ташлап ол кетті -

 

дегеннің өзі осы емес пе», - деп күлдіргені бар. Шынында да Шыңжаңға тірісінде мерейі, өлсе үрейі ырза боларлық төрелер ішкі өлкелерден келіп, құмжілік сүйегіне ақ кемік бітпей қайтқаны жоқ.

 

3

«Тас түлек» ұйымының штабы бекінген Ластай, гүбернелік өкіметінің кіндігі Құлжадан 60-70 шақырымдай шығыс бетте. Ластайдың күншығыс жағы Нылқы болса, ол сол маңдағы Қарасу үйезінің полиция мекемесі жайғасқан жер. Ал үйездік үкімет орталығы - Қарасу, Ластайдың шығыс-түстік шекелігінде. Міне, осындай географиялық орны бар Ластайдағы «Тас түлек» ұйымы штабының құпия мүшелері: Әкбар Есбосынұлы, Сейіт Махмұтұлы, қырғыздан, Ысқақбек Мінінұлы, татар - Фатих Муслимов, қалмақ - Фуже, Ұйғыр - Ғани батыр. Және осыларға көмекші ұйғыр диқаны - Қари, шаруа Манапхан, Көрпебай баласы Науан және Суанбек. Бұлар бәрі Молдажан деген достарының жер кепесінде жасырын мекен ұстаған.

Алғашында Әкбар жасаған Іле аймағының картасына Ысқақбек аздаған өзгерістер енгізіп, іс бастау мәселесін дәйекті қолға алысқан. Әскери мектепті бітірген Ысқақбек Әкбардың қыр қазағы ретінде ой-жота жасаған соғыс картасына шынымен таңданған. Өз жұмыс орны Құлжада болғандықтан Ысқақбек штабта көп бола алмайтын. Бірақ астыртын жұмыс құпиясынан Әкбарды пір тұтушы еді. Әкбар әкесі Есбосын батыр гоминдаң билеушілерінің қолынан өлтірілген. Гоминдаң езгісіне қазақ ішінде алғашқы қарсылықтың негізін салушы Есбосынның жасырын жұмысы ана сүтін арамдаған опасыздардың әшкерелеуімен білініп қалады да, гоминдаң итаршылары оның соңына әскер салады. Қасындағы он үш адамын қолға түсіріп, жұрт көзінше кескілеп өлтіреді. Есбосынды қанша аңдыса да ұстай алмайды. Сол кезде батыр өзін өкіметке көрсеткен Нұрсапа ақалақшыны қолға түсіре алмай арманда болады. Қызайдың Қабанбай табынан шыққан Нұрсапа Есбосынды ұстап бере алмайды. Сонымен енді оның ізіне өкімет бай қалмақтарды пәрелеп салады. Еренқабырға тауында бір өзі сойылмен соғысып жеті қалмақты жер жастандырады. Ақырында астындағы аты болдырып, тас-төбеден ұрғандай тұрып қалады. Сол кезде жан-жағынан қамалап, түсі суық көп қалмақ ортаға алады. Есбосын енді қарсыласпайды да. Тек:

- Қайнаған қалың тобыңа қылыш алып, жалғыз өзім бір кірсем, арманым қалды демес ем! Жер тістеген жетеуге айызы қанды деме!.. Өкініші жоқ деме! Өлгеніме өкінбеймін, осы тұрғаныңның ең болмаса жарымыңды жусата алмағаныма өкінемін. Мә! - деп екі қолын ат үстінде ұсынып береді. Қалмақтар қорқақтай келіп байлап алады. Елі үшін құрбан болған сол Есбосын баласы Әкбар - отыз бес жастар шамасындағы томаға көз, жау-қабақ жігіт.

Екі-үш жылдан бері құрбан айт күз кезіне тура келіп жүргендіктен, өткен жылғы қоңыр күзде, бірінші айт күні Әкбар, Сейіт, Ысқақбек, Фатих, Ғани бастаған шағын топ Есбосынның үйінде құрбандықтың қанына қол матырған. Ыбыраһим - Халилолла шалған «көк қошқардың» «киелі» атымен ер жүрек дәу қара кемпірдің дастарқанында серт жасасып, қол матырған қандарын әр қайсысы бір бет қағазға түсірілген өз аты-жөнінің үстінен басқан. Киелі аруақ ошағына шалынған құрбандық қойдың қанымен серт бекітіскен. Қағаздың ортасында арабша үлкен әріптермен жазылған. «Тас түлек» деген сертті сөз бар. Қазір штабқа ең бірінші қасиетті мүлік болып сол сақталады. Берілген ант пен жасалған серт бойынша, енді осы істен кім бас тартып танса, айныса өзгелері соны табанда атып тастауға хақы бар! Сол үшін Әкбармен бір шеттен төс тигізе, құшақтаса тұрып достық ант еткенде, ішінара жылап жіберген жолдастары да болып еді. Кешегі Есбосынның әруағын күңірендіре анттасқан. Бала атаулыңа жалғыз Әкбарды туған қара кемпір:

- ...Менің балам болсын, аяма! Анттан аттағаны үшін атып тастасаңдар қан құшып жатқан кезін ит өлімі қатарында көрмесем, әруақ ата қойсын! Бәрін ойлайын, сүйегін көмбей тастай алмаспын, кемерімнен шыққан жалғыз ғой. Бірақ, ей балам, ол күнді көрсем, серт бұзғаның үшін жылдар өтсін өкініп жыламақ тұрмақ, әкеңнің аруағын аяқ асты етті деп, күңірене түсем. Осы сөзімді бұл отырған анаң айтты деп ұқ! - деген.

Сонда өзгелер Әкбардың бетіне жалт-жалт қараған. Әкбар бұл сөзді есітіп отыр ма, жоқ па? - бұрынғы қалпынан қылп етіп өзгеріп те қоймаған. Өйткені ол өзі бұрыннан шешесін әр сөзімен шегелей түсіп:

- Соғысты бастаған күні өлсем де, жылама! Әкемнен жаным артық емес! Осы бастан оң құлағыңмен ести жүр! - дейтін. Әкбар айналасындағылар Қалыш кемпірдің мына мінезіне таңырқай қарап және Әкбардың ерен жаралысын ойлап, «шеше жақсы болмай әке мың жерден көсем болғанмен, бала бейбақ тәуір тусын ба. Талай еркектің еңбегі еш, тұзы сор болған шығар» деп отырды. «Батыр анадан туады» десе, Әкбар Есбосынның ғана тапқаны емес.

Штаб «Молдажанның жер кепесі» атанғанмен, үлгісін Әкбар өзі берген. Молдажан сырттан қарағанда сезіксіз, жәй адам. Және өзі Қызай ішіне кірмеленіп отырған Албан руынан болғандықтан елеусіз. Молдажанның өз отырған үйі жар қабаққа жасталып салынған. Төргі қабырғасы жардың өзі. Жүк жиылып тұратын сол жардан Әкбар аласа есік шығарып, ары қарай түн сайын үңгіп үй қазған. Жар қабырға сыланып, әктелгендіктен ол жерде есік болады деп жанпенде ойға алмайды. Шығарылған есік Молдажанның терезесіне тұс болғандықтан, жүк алынса жарық түсіп тұрады. Биыл Молдажан осы үшін өз терезесін екі жақтауындағы кірпіштерін түсіріп, бірталай әурелікпен үлкейтіп салғанда, ауыл-үйдің қатындары ақылы жетпей, таңырқап:

«Құрқылтайдың ұясындай қуысына кожа қонатындай көк шатыр үйдің терезесін салғаны не жорық!» дескен. Қару-саймандарды тығып, тазалап тұратын жер осы. Және бірнеше адамның көзге түспей түнде, ел жата келіп, көбінесе жасырынып жұмыс атқаратын орны да осы. Түнгі қажет кезде екі-үш шам тұрады. Жазу жазарлық орнатылған орындық пен кішкене тақтай үстел бар. Бір жақсысы Молдажан үйі өзге үйлерден оңаша. Ар жағынан келетін атты адам бұл үйді дәл жетіп келгенше көре алмайтын көтеріңкі белең бар. Кіріп-шыққан кісі көрінбейді.

Балалары әлі ержете қоймаған Молдажан өмірден таршылықты көп тартқан, жақсы-жаманды бір кісідей басынан кешкен жан еді, қатынының қарсылығына да қарамай, Әкбарларға:

- Өлсек бір өлеміз! Сендей ерден сасық дене садаға! Бұл қуыста ит ұясы құрлы беп-бекер өлгенше сендердей ел қамына туған ер үшін өлсем қайта «шейіт» атанармын. Енеңді... көріп жүрген жақсылығым шамалы-ақ! Бала қалса мал табар, қатын қалса бай табар. Мен құсаған жалбыр кедей сенен қалып қайда оңар?! Ит арманға бір жетпестен келемін! Тойып ішкен тамағым қайсы?! Тоғанаққа толар бұйымым қайсы?! Сеніменен бірге өлсем, көңіліме тоқ санап, жатар жерім жәйлі дермін. Алтын сарайдан табылмас көмек менің тап осы жаман лашығымнан табылса болыпты! - деп бір-ақ кескен. Осыны айтушы Молдажан ескі тері шалбарының екі тізесіне жамау басылған, ашаң жүзі қуаң тартқан, қиық көз, шалғы мұрт кедей еді.

«Тас түлектің» жалпы жоспары мынаған саяды. Қазіргі уақытта Қытай елі екіге бөлініп соғысып жатыр. Ұзақ жылдардан бері Жаң қай шы мен Мау зе дұң ұрысып екі партия әскері де, белшесінен қызыл қанға батып жатқандықтан, Шыңжаң бір мезет ескерусіз тұрған кез. Бұл Жаң қай шының кішігірім бір патшалағы болғандығы үшін қазір Шыңжаң әскерінің көп бөлігі ең мықты қару-жарағымен Жаң қай шыға көмекке кеткен. Ал енді осындай кезде не істеуге болады? Әкбарды соңғы жылдары тынышсыздандырған, міне, тап осы нәрсе еді. Әуелгі кезде ақылдасар адамы болмай, өз басына келген осындай әлеуметтік пікірмен іштен тынды. Кейін бір-бірлеп бас қоса жүріп: қазақ, қырғыз, ұйғыр, татар, қалмақ-маңғұлдан жекелеген адамдар табыла бастап, бүгінгі халге жетті.

Шыңжаң әскерінің негізгі көлігі ат. Ол қазақтың тау-тасында бағылады. Ал ат иесі әскерлер «үйшік-үйшік» ойнағандай үйез-үйездерде қоршалған сейпіл-қамалдарының ішінде жатады. Сондай сенімсіз, тағылық күй кешкендіктен, бұлардың халық ішінде ешқандай сүйеніш күші жоқ. Елде жұмысы болса қайқы қылыш асынған полицейлер «бітіріп» келеді. Әскердің аяқ артар, күш-көлік, аттарын да тау-таста басына шатыр тігіп, құралды шеріктер күзетеді. Бірақ осы аттарды шауып алып тақыр-жаяу қалдыру тау халқы үшін ойындай ғана болар еді. Содан кейін Аймақ бойынша бір-бірімен хабарласатын телефон сымдары қиылады. Тегінде, Шыңжаңдағы аз ұлт халқында мылтық-құрал да жоқ емес. Шыңжаң отар болған екі жүз жылдың арғысын айтпағанда, отызыншы жылдардың басында белгілі «дүңген қашқан» төңкерісі болды. Онда әуелгі кезде гоминдаң әскері бір қырылған болса, соңынан дүңген екі қырылды. Содан түскен оқ-дәрі мен мылтық сансыз десе болатын. Дүңгенге аз ұлттың бәрін жапты, қолына қару-жарақ, жеткілікті оқ-дәрі берді. Сондайдан қалған соғыс саймандарын аз ұлт өкіметке апарып «мә» деп түгел өткізіп берген жоқ. Қайта бір оғын екеу ете алмай отырған халық бар. Одан бергі жерде 1931-жылы Құмылда ұйғырларды бастап Қожанияз соғыс ашты. Онда да Жаң қай шы әскерінен аз ұлтқа түскен оқ пен мылтық аз емес. Ендігі сөз тек халықты көтеру. Фатихтың Керімбек, Мұхабаймен сәтті бас қосып Күреге келуі «Тас түлек» штабынан халыққа шыққан алғашқы сыр. Анығында бұлардың осындай еңбегін тек аз ұлт халқы ғана емес, ғасырлар бойы Ман-шың империясының басы байлы езгісіне ұшыраумен келе жатқан Қытай еңбекшілерімен халық-азаматтық армиясы да қолдайтыны айдай айқын болатын.

Лүріп-лама, «Тас түлек» штабының Керімбек сияқты Фуже табыстырған сырттай мүшесі. Лүріп арқылы қалмақ-маңғұлға беделі бар екі адам Жамбы-лама, Ләйдін амбал кеп отыр. Бұл мәжілісте қару-жарақ жөнінен Фатих, Ысқақбек біраз түсінік берді. Кеңеске қатысқан бұл топ бәрін де ауызға алып, қолға алып отыр. «Енді осы әрекетті қашан бастауға болады?» деген, тоқетер сұраққа келгенде тастаққа салған тағасыз аттай тосырқап қалады. Сонымен барып, әркім, әр саққа бір кетіп, әр жобаға соққанда, біреулер биылғы қысты айтады. «Тосыннан лап қойып, әубаста, бірнеше орынды бірден ала-алатын болсаң, құрал-сайман өз-өзінен молығып, қолға түседі. Оған дейін таныс жалдап, тек оқ-дәрі қорын молайта беру керек. Мысал үшін, Күре полициясының орынбасар басшысы Әбдірейім Керімбекке екі жәшік оқ береді. Қазір арнайы орында сақтаулы. Қорған ішінде жаяу жатқан үйез-үйездің әскері аттан айрылған соң алғашқы бойда барлығы бірден шығып соғыспайды. Ә дегенде ол да дайындыққа кірісіп қарбаласады. Оған дейін бүкіл Іле уәлаяты болған жер тұс-тұстан андағайлап көптігіңді көрсетесің, қамап аласың. Мінер аты жайлауда, ішер тамағы сыртта деп дәлел емексітеді.

Енді біреу мұны ағат, асығыстық санап, аптыққан албырттыққа жатқызады. «Бір мылтықтың аузына мың кісі сияды. Мұздай болат, көк темірмен құрсанған, түсі суық жауыңды сойылмен соғып, уықпен ұрып алатын қара адырдағы қасқырым деп жүрмісің? Биылша байқайық. Арыстаннан дәме қылған аш қасқыр боп жүрмейік» - деген сияқты бітіс бермей өршіген кергі сайыс-тартыстар өрекпіп өрбиді. Жүрекке күш түсіп отырғанда, дүниенің төрт бұрышын адақтап, қызыл тілмен желмаядай шарлаған шешен де осында. Басына сойыл тиіп, табаны қызбай отырған, беріш батыр, шемен де осында. Шешені диірмен тасындай зырласа, шемені шойындай. Ондайлар тырс етіп жарылмайды. Кешелі бергі сөздің көбі осылай қарай бейімдеп бара жатқанын байқап, Керімбек биыл істейтін істі кейінгі жылға қалдырғанда да бәрібір екенін ойлады. Ілгері істі кейін тартқан тұсқа сөз қосқанда тынысты үні екпін аңдатып:

- Жау айбыныңнан сасады. Ер әруағы қарулы. Соғыста қару-жараққа сайтан кепіл болатын нәрсе. Қолға түспей тұрмайды. Тыныштықта қойдай, ұрыста қасқырдай бол деп неге айтқан. Ата ұранын шақырып, қаруыңды тағынып, дүр етіп атқа бір мінбей, «мә, мені ала ғой» деп жау сенің алдыңа өзі келмейді. Пісулі қымыз, асулы етіңді медет етіп жата бермей, айбатыңды асырып, атқа қонуыңа асық! Қатын-бала сен өлсең де өз қамын кешеді. Үйіңде жатып өлгеніңде тұз сеуіп сақтамайды. Түзде көмеді. Егер осы қалпыңда тұрсаң, биылғы тайың ат болғанша өзің ит боласың!.. Қашан айттың деме!

Керімбектің көзге шұқығандай болып айтқан сөзіне үй іші сәл аңырып қалғанда:

- Рас... Рас!..

- Дұрыс, дұрыс!

- Мұндай кезеңде елдің, жердің қамын өзгеден бұрын ойлаймын деген адамның сөзі осыдан артық болмайды! - десті, Фатих, Фуже, Мұхабайлар. Ысқақбек даңқы бүкіл Қызайға жайылған Керімбекті алғашқы көруі еді. «Жақсының даңқы ел аузынан бұрын өз ар-абыройында жатады» - дейтін нақылды еске алып:

- «Тіл жүректің тілмәші» дейді біздің қырғызда. Ырқы келіспей іс бітпейді. Рухы күшті бастаушысы бар елді бақталай өзі іздеп табады. Ел мұңын біле тұрып-ақ сезбес мұзжүректердің емес, осы Кекеңдей жаужүректеріміздің ығына көнейік, - дегенде бұл сөзді Тайлақбай да іле қуаттады. - Жас күніңде көргенің қартайғанда түсінуіңе жақсы. Неғұрлым жас қажырмен жақсы іс өткіз! Ал бүгінгі көрген қорлығыңды сол кезде еске алсаң, қайрарға тісің де болмай отырасың, әлі... Сірі жанды игіліктен несін аядым дейсің. Берік мүйізбен сасық тұмсығын ғана қорғаған бұқадай болмайық. «Бер» десең бедірейіп, «ал» десең жадырайтын көрсоқыр ағайын не біледі! Елдігінен айырылып отырып, қарны тойғанына жұбанатын бар. Ол шешесі ұрса жылап, тамақ берсе алданатын өгей баладан қанша артық? Елдің атын жамылып, өгей туған-көрбала ағайын солар. Халқың үшін сен ұл болғанда, ол құмадан туған тұл орнында. Қазы кертіп, жал шайнап жатса болғаны. Білмеген - бәріне мақұл болады. Оған айтсаң сөзден таяқ таянған бір сәуегей шал көрінесің. Неге? Оған темір де бір болат та бір. Онымен ел болмаймыз. Қызыңды тартып алғаны басыңа шығып, билігіңнен айыра бастағаны емей немене! Қасқырға мүйіз, мысыққа қанат бітіріп алмай тұрып қам жасайық, халайық!

Кешелі бері бір ауыз сөзге қосылмай, бар кеңесті төменгі жақта тым-тырыс тыңдап, оқта-текте ерніне ақырын насыбайын қыстырып қойып, тырс етпей отыра берген Қарымсақ, барлық толқын, сарынның қысқа түйін шешілер жеріне көзді нықтап жеткізгендей боп алған. Енді қазір ақырында талқы-тартыс тоқыратқан бар жұрт саябырлап келіп, аяғы неге болса ақылмен көнгендей байыздаңқырап қалған сәтте ойындағы бір ауыз сөзін ол да айтты. Тегі, кешелі-бергі бұл отырыста бейсауат қыбыр-қимыл не жарты ауыз несие сөз болған жоқ-ты.

«Құмарпаздың дәреті бойына тарап кетеді» дейтін болса, барлығы да жауапты кеңестің айдынынан жасқанып, тап солай тапжылмай келген. Кейде бірен-саран далаға шығушылар да мәжілістің жасы үлкен ағасы Тайлақбайдан сәл имене сұрап шығатын-ды. Сондай келе алқасында Қарымсақ қамшысының сабымен қасқа тісін тықылдатып, ойға батып отырды да, жұрт дағдарып қалған сәтте:

- Уа, көпшілік! Осы сөзіңде жетім қыздың еншісіндей менің де енші, үлесім бар сияқты еді, - деп сөзді оқыс бастады.

Төр жаққа қиыстау бұрылып, тез жүгініп алған қалпында тұмағын санына шынашақтап:

- Сіздердің дәл қазір көздеріңіз толық ешнәрсеге жетіп отырған жоқ сияқты. Соның барлығының тетігі, тіршілік болса, ел жайлаудан түсе, күз-күземнің кезінде шешіліп, ашылса да кеш емес. Оқ жетпес жерге қылыш суырғандай болғанша, осыным жаңсақ болды ма демей, адамыңның есебі бар, басқаңның есебі бар дәл сол күзде бір-ақ шаршау дұрыс екен деп отырмын, - деген.

Бұл сөйлегенде төр жақтағының барлығы да осылай қарасып, тегіс жамырасқандай көз салған. Кейбіреулер Қарымсақтың ажарлы үнімен сөзіне таңырқасып қалғандай. Өйткені кешелі-бергі тыныш кедейден бұны күтпегендей көрінді. Штабта Әкбар-Сейіттермен ақылдасып келген Фатихтың түптеп, саралап ойлап отырғаны дәл осы еді. Себебі осыдан бастап елдің барлығы өздерінде қанша мылтық бар, соның есебін анық білу, тізімін беру керек болатын. Қарымсақты Тайлақбай жұрттан бұрын қостап:

- Е, міні! «Үндемей жатқан жауды алады, үндемей тосқан дауды алады» деген осы. Осы жігіттің айтқанына өзге амалың жоқ, бәрің де тұрасың енді, - деді. Мәжілістегі барлық қазақ-қалмақ та енді осыны тура тауып:

- Дұрыс, дұрыс!

- Осы тура айтылған сөз!

- Барды айтты да қойды, - десті.

Фатих қазақ тілінің шырқын бұзып, ұйғырша, кейде татарша араластырып, бөртелендіріп сөйлейді. Кешелі бері көпшілікті үндемей тосып, айтпақтарын толық ұшығына жете, сүйсіне тыңдап келіп, енді мына соңғы байлауды да анық дұрыс тауып, өз пікірін білдірді. Кеудесін жоғары ала отырып, салқын сабырмен саналы кейпіне бар нәрсені сиғызған ажарға мініп мынау отырғандарға түстегендей жағалай, барлай көз тастап етті де:

- Бопты ағайындар. Онда ар барабар ақ, жолымыз үшін, жан барабар пәк жолымыз үшін, етімізден ет кессе өкінбес құрбандық үшін ант берейлік! Адамдық арымыз алдында қасам* қылайлық! Өз туған жеріміз туылған халқымыз үшін, солардың ақ бостандық, азатлығы үшін, еркіндік, теңлік күреші үшін қасам ба?! - деп түюлі жұдырығымен нықтап, соңғы сөзін саңқ етіп тоқтағанда, жұрт бірдей үн жамыратып:

- Қасам!

- Қасам!

- Қасам! - десті. Саптағы әскер үнін еске түсіргендей. Бірақ ондай шартты машықпен емес, әрбір жүрек мәжбүрсіз орнында, өз ерік тұғырында тұрып сыбағалы үн қатқан!

Осы кезде сырттан жаңа бауыздалған малдың орта кесе көпіршіген қаны мен үлкен күміс шараға толтырылған су кіргізіліп келе жатты. Түсі томсарып, шапшаң қимылдап әкеле жатқан Мақсұт ағаш табаққа қойылған екі ыдысын есіктен енгізген бойы алға таман созыңқырай ұстап, кірген бетте бар топтың үлкені және айдыны болған - Тайлақбайға қарай беттетіп жеткізе берді. Қасы шанжаулап, түксірейіп алған Тайлақбай түсі қуаң тартып, сұқ саусағының ұшын жып-жылы қанға малып алып, тарғылданып шыққан үнімен сөз алды.

- Ағайын, елім, қарындас, қандас халқым үшін, соның елдік есе-теңдігі үшін, ананың қарыз ақ сүті, атаның қарыз мақсаты үшін, іргең тиген туған жер, арқаң тиген - тас босаға, тал бесік үшін, қу шоқыда туымыз, қу далада тәніміз қалғанша! Құба түзде көріміз, құба белде еліміз қалғанша! Бәй тіктім басты! Қолдай гөр! - деп қанды тілінің ұшымен жалап алды. Ант суынан да ерін тигізе ұрттап, жанындағыларға қарай жағалатты. Үй іші тұтас үнменен күңірене «Иә, құдай!» «Иә, аруақ!» «Қолда!», «Қолда!» десіп жан түршіктірердей дабырмен шуласып кетті. Төбе құйқаны тітірентіп, аза бойды қаза қылғандай бір оқшау сәт еді.

Серттен өтіп, ант-су ішу нәубеті маңғұл кісілеріне келгенде, бұлар тәу етіп, шоқынғандай бір белгі қозғалыспен қанды маңдайларына бір-бір тигізіп:

- Иә, бұрқын! Иә, ағлаби! Иә, бұрқын! Иә, ағлаби!** десіп, қолдарын көкірек, кеуделеріне құшынып жіберіп еңкейіп толқып, еңкейіп толқып, кұлдықты лоқи ұрып, зікірлерін сала құлдырласып кетті. Бұл топ ендігі басалқы келісім бойынша ел жайлаудан түскен соң, осы отырған қалпында шың-шырғасын шығармай дәл осында қайта бас қосатын болды.

 

* Қасам - ант деген сөз (ұйғырша).

** Иә, бұрқын! Иә ағлаби!- Иә, қудай! Иә, алла!

 

Екі күннен бергі кергінің бәрі енді ғана толастағандай боп, үй іші аз тынып басыла берген. Осы уақытта есік кең ашылып, үйге екі жақ құлағынан екі жігіт көтерген жарқыраған, үлкен ақ самауырын кіргізіліп келе жатты. Сәт тосып ызылдап дайын тұр екен. Кеңес бітпей қайта-қайта еселеніп, нәубетін күтіп тұрғаны байқалды. Қазірге дейін жазылып еркінси алмаған, тәулік бойы салқын тыныштық сақтап, ауыр қабақпен қамалған қонақ атаулы енді осы дастарқан үстінде ғана қабақ жазыңқырап, шырайы кіргендей болды. Жұрт арқасы кеңіп, неше уақыттардан бергі батпан жүктен азырақ арылыңқырағандай, бапты шай ұзақ ішілді.

Мезгіл сыншы Керімбекті бұл күнге де жеткізіп еді. Ол өз ішінен «осы рас па» дегендей болып, мың қайта тауба мен өз жағасын ұстатқандай шүкіршілікке келіп отыр.

Бау жақтағы қос топсалы терезесі ашылған, мол жарығы бар саялы бөлме. Үй ішіне сәт сайын бау ішінен келіп, желпінтіп тұрған салқын желемік бар. Үй иесі екі жақ етегі жамбасына шейін жырық, қой жүнінен тоқылған ұзын, жеңіл, қоңыр шекпен киген, дәл төбесінде өріп қойған бір кездей айдар-тұлым шашы бар, зор денелі, бұқа мойын, тұтас бет Лүріп-лама көк бурыл сақалы екі айыр болып андағайлап өскен, тостаған көзі аларған түсі суық адам. Төмен самаурынға таман шоқыдай боп жүгініп алып, басын өрге көтере, жал тұмсығымен маңқайып отырып, бал құйылған ыдыстарын қонақтар алдына жақындаттыра түсіп, шайды кейде маңындағы меймандарға өз қолымен ұзатып, үлкен құлық, бейіл көрсетіп отыр. Басына сұржағал етіп, ешкінің жүнінен шоп-шошақ «ербек» тоқытып киіпті. Құлап түскен тұлымын жасыра алмай, ербиіп тұр. Өзі әркімге бір соқтыға сөйлеп, әсіресе маңғұл кісілерін оларға бұрыннан мәлім айбатымен жасқандырып отыр. Қалыптасқан зорлықшыл айбынын көре тұрып бетіне ешкім қарсы келмейтінін біліп арқалануда.

Енді бір кезек Керімбекке сүйкеніп:

- Кеке, осы жаңағы қолдарыңды қанға матырғандарың баяғыдағы ана: «өлген боқтағанды қояйық» дегендеріңдей болып жүрмесін...» деп үй толы жиынды мінезімен ду күлдірді. Түсінбей аңтарылып отырып қалған тек, Фатих, Фуже. Лүріптің бұл айтқаны мұнда отырған қазақтың қай-қайсысын болмасын жауап айтқызбастай, бүгінгі абыройлы мәжіліс тұсында бұларға нағыз ұрымтал болып тиерлік бір жайдан туушы еді.

Қызай елінде қазақтың өзге руларында кездесе қоймайтын, анайы ианаттың бірі «өлгеніңді...» деп боқтауы болатын. Қызайдың тілі енді шыға бастаған баласына шейін жаңағыдай балағаттауды білген.

Ел ішінде таралған аңыз бойынша бір кезде Қызайдың салихалы үлкендер алқасы сол болмағыр боқтықты ада-күде қоюға «шара» ойласады... «Тегі өзгені қоймасақ та, тап осы өлген боқтаған деген құрдым бәлені аластайық, деп өңшең Қызай бір өзеннің бойында «е, құдайлап» жиылысыпты десетін. Сол жерде отқа май күйдіріп, өлі әруақтың атын атап, ата-баба рухын тербетіп «мәулет» оқып, «тасаттық» береді. Неше жерде мал бауыздап қолдарын бағанағыдай сертті қанға матырып, шырақ тамызып, «тәу» етіп, ант-су ішіседі. Айтып сойылған «көкқасқа», «ақсарбастың» былқыған етін жеп, бәддұғасын оқып, пәтуаласады. Қызай ішіндегі молла-қожаның да, қайыр-зекетке белшеден батқан күні сол болады. Бірақ не керек, әбден қайтар жерге келгенде: «ал енді қойдық па, қойдық» десіп, мәз-мереке қауым аттанбақ екен. Бір ианатты қою үшін сонша олжаға кенеліп, ішінен күлген бір молла:

- Қайыр, бәрі де паришан жақсы өтті... тек пәтиха-пәтуәмізді мүбәрәк айлағай! Ей, зекетің болайын халқым, енді сол атың өшкірді қояқ-қойыңдар әмиін! - деп күбірлеп, сақалын сипаған кезде осыған шын күйінген біреу тұрып:

- Тақсыр, мұны енді қоймасқа болмайды. Біз қоярмыз-ау... бірақ ауылдағы келмей қалаған, керуен ұрғыр, өлгеніңді......дер қоймайды ғой! - деп, қарап отырыпты.

Сонда бағанағы басшы кісілер тұт жапырағына тойған жібек құртындай сілейіп, не дерлерін білмей қалыпты.

Қызайға қазақтың кез келген басқа рулары осы аңызды айтып қалжыңдайтын салт бойынша. Лүріп жаңа ұлты басқа адам бола отырып, жеңіл әзілмен соны сездіргенде шынында қызық шығып еді. Осында отырған Қызай-Шеруді иек қақтыруға мұршаларын келтірмей тастаған. Бірақ Керімбек сүбелі қарымта қайырды.

Қалмақ заңында үйленген жігіт алған қалыңдығын ең әуелі әкелген күні өз үйінде түнетпей, оны бар кінәсінен «пәктендіріп» алу үшін дәл осы Лүріп-ламадай, Лама-молласына жеткізіп, жас қалыңдықты бір тәулік бойы оңаша, жеке үйде «оқытуға» береді. Бірақ жырық шапан киген лама іш киімсіз болады...

Қалмақ аңызында сондай бір лама өз құзырына келген жаңағыдай бағынышты «шәкірт» қыздың қолынан үздігіп шай ішіп отырады. Бір сәтте «жазатайым» ламаның жырық етегі бір жағына қарай ауып кетеді де «аңдаусызда» жарықтықтың тәні ашық қалады... Сонда бұл сәтсіз көріністен ғаріп қыз амалдап құтылғысы келеді. Ламаға оның өзі «абайламай» отырған сөлекет ісін аңдату үшін, қыз пақыр өзі ала келген мысықты сөзге қосып, ұтымды сезік тастапты.

Керімбектің құлағында сол бар еді. Лүріптің қалжыңына орай, соны зілсіз оспақ етіп, аса қызықты әңгімелеп келіп:

- Ол рас, жаңағы сіз айтқан бізде бар әрекет. Болған ісін әр кімнің де мойындағаны жөн.

Қыз бейбақ, сонда әлгі ламаға:

 

«Лама-Лама, Лапшын со,

Хойыр күлин хапшын со...

Сә халун бәні,

Шазы немигін бәні,

Мөш мергин бәні», -

 

депті, дегенде қазақтар жағы аңыра түсіп, сөз аяғын таңырқай тосып отырып қалғанымен маңғұлдың ірге бермей, шіреніп отырған үш мығым ламасы қыбылжып қалды. Кейбірі ебедейсізденіп қозғалыс та байқатты. Сөзге әсерленгіш, қызықшыл Фуже беті намыстан ду етіп, ламаларға көзі түскенде, күліп жібере жаздап, жерге қарап кірпігін қаға жымиып, тымырайып қалды. Лүріптің күйеу баласы екі беті нарттай қызыл, сол жақ аяғы санынан кесілген Ләйдің-амбал күмілжіп, қойынан күмістеген мүйіз шақшасын шығара берді. Атасы алдында оның жайшылықтағы салмақ, беделі үшін қысылғаны белгілі еді.

- Бұл сөздің қазақшасы былай, - деп Керімбек қазақтарға мол кеудесін бұра:

 

 

Лама-Лама пысық отыр,

Екі аяғыңды қысып отыр...

Шай ыстық

Құйылады,

Шыны жұқа сықылды,

Мысық қыран түйілді» -

 

деген сөз екен дегенде алдыңғы Лүріп қалжыңына ширығып, Керімбек сөз бастағаннан құлақ түре елеңдесіп отырған намысқой Қызайлар бірден ду етіп күлген. Лап еткендей болып қатты күлгендермен бірге күлмесе де, Тайлақбай санын салып қалды. Фатих, Фужелер бұл ламалардың келешектегі шаруалар көтерілісіне үн қосулары өз қара басының қамдары екенін ойлап, жаңағы сөзге еріксіз күлген. Не дегенмен осылардай елге танымал адамдардан пайдаланбай болмайды.

Жырық етек шапан киген үш лама алдыңғысынан гөрі қазақтар түсініп күлгенде енді шындап қысылған-ды. Арада аз уақыт өтіп, абыр-дабыр басылып, күлкі тоқталған кезде де қырғыз жігіті Ысқақбек пен Мұхабай шебер әзілдің қызық сырына әлі де қана алмай:

- Ойпырай, ә!

- Япыр-ай, ә? - десіп отыр.

Лүріп лама өзі де бір-екі мырс-мырс күліп алып:

- Сол енді, осы, Керімбекке жақындауға болмайды, - деп қояды. Үй-іші осындай ашық-жарқын қабаққа ауысқанда Қызайдың Қанатбек ақалақшысы Фатихтан бір сауал сұрады. Кешеден бері әр кімге бір жалтақтап, үдірек көзбен қаранып келген, сол жақ мұрты ернінің үстіндегі тыртығынан шолақ болып қалған Қанатбек шәргезденген бітімсіз үнімен:

- Патық-еке! Өзіңізден бір сауал болсын... Сіз өзі осы отырған біз үшін, көп үшін бел буасыз, ә! Біз болсақ жалпақ жатқан еліміз үшін, одан қалсақ өзіміздің ағайын-аумақ, мал-жанымыз үшін күреседі екенбіз. Сонда сіз жан салып кірісетін осы әрекетіңізге түрткі болған негізгі көз не деп білеміз? Сіздің жеке басыңызды қандай күштің айдауы деп ұқсақ болады? Азамат бір қатын-баланы қайда болса бақпай ма? - деген. Фатих бұл сұраққа мысқыл сездіріп күлді де, соны тап еткізіп білдірерлік қысқа жауап ойланып алғандай болды.

Бүкіл Іле аймағын алып жатқан бәлен болыс Қызайдың бай-бағлан, шоң-шорасы үйінде тыныш жатқанда Қанатбек болыстың сыналап кіруі шынында да кәдік болатын. Фатих оған жауабын айтып:

Бізде татар халқында:

 

«Алтын бүтіл бұ дұния,

Күміш бүтіл бұ дүния.

Қадірін біліп тұтқанларға.

Сахра бүтіл бұ дұния» -

 

деген сөз бар.

Солай қадіріне жетіп, жақсы ұжданыңызға пайдаланған шақта сол кісінің бір басы үшін, мына өзінше боп-бос, меншіксіз тұрған, сахра-дүниясының құны бүтіл ғаламдағы алтын-күмістің бәрінен де ол адамға артық, өз жанындай қымбат! Терең рухыңыз үшін қымбат. Солай бағаланарлық тіл жеткісіз жәйі болады! Ол сенің рухың! Рухың! Гоминдаң үкіметі алтынды аяғымнан башыма қадар үйіп қойса да, мен онымен соғыспай тоқтамаймын. Азаттық күресі осылай тамыр байланғанда ғана тез өседі. Оған жетсең жүрегің сені соның жолында өлім екеш өлімнен де еш қорықтырмайды. Ол өз жүрегің! Қатын-бала, қимас-бауыр, өзге қымбаттың бәрінен сол қымбат, сол жоғары! Сол биік! Жүректің төлеуі жоқ, асыл жолы үшін сонша биік! Айырбастауға теңі жоқ рухың үшін сонша қасиетлі! Сондай дүния өзі - әсілі барабарлық, еркіндік, теңдік дүниясы. Бізге азатлық шұның үшін керек! Ыңқылаби күреш шұның үшін лазым! Әлем адамзатқа тең ортақ - әділет әлемі! «Өзге ұлтты қанаған ел өз орнында тыныш отыра алмайды» деп Энгельс айтқан, әділетсіздікке атқан оғың да әділет! - деді.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354