Шетелдікпен істейтін жұмысымыз тең, айлығымыз 10 есе кем
Бүгінгі таңда Қазақстан әлемнің көптеген елдерімен іскерлік қарым-қатынас жасап келеді. Шетелдік инвесторлар экономиканың түрлі саласында қызмет жасай бастады. Шикізатқа бай біздің елімізде химиялық элементтің барлығын да табуға болатыны белгілі. Өзге елдің қаржысы мол компаниясы қазақ жерінде еңбек етуіне барлық мүмкіндіктер жасалған. Біздің де олардың жұмыс жасауына ешқандай қарсылығымыз жоқ. Десе де, соларға байланысты біршама түйткілдер де баршылық. Бастысы, онда еңбек ететін шетелдік және отандық мамандардың жалақысы жөнінде айтылатын әңгімелер жетерлік. Шекара асып келген қызметкер шекесі шылқитын айлық алады. Өкінішке қарай, қазақстандық маман одан бірнеше есе төмен ақшаны місе тұтуға мәжбүр. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері қозғалып келеді. Әйтсе де аталмыш әлеуметтік мәселе әлі күнге дейін кездеседі.
Бүгінгі таңда Қазақстан әлемнің көптеген елдерімен іскерлік қарым-қатынас жасап келеді. Шетелдік инвесторлар экономиканың түрлі саласында қызмет жасай бастады. Шикізатқа бай біздің елімізде химиялық элементтің барлығын да табуға болатыны белгілі. Өзге елдің қаржысы мол компаниясы қазақ жерінде еңбек етуіне барлық мүмкіндіктер жасалған. Біздің де олардың жұмыс жасауына ешқандай қарсылығымыз жоқ. Десе де, соларға байланысты біршама түйткілдер де баршылық. Бастысы, онда еңбек ететін шетелдік және отандық мамандардың жалақысы жөнінде айтылатын әңгімелер жетерлік. Шекара асып келген қызметкер шекесі шылқитын айлық алады. Өкінішке қарай, қазақстандық маман одан бірнеше есе төмен ақшаны місе тұтуға мәжбүр. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері қозғалып келеді. Әйтсе де аталмыш әлеуметтік мәселе әлі күнге дейін кездеседі.
Рас, кезінде тек шикізатқа арқа сүйеген Қазақстан үшін кейбір салаларда мамандар жетіспейтіні тағы бар. Осыны алға тартып, өз елінен қызметкер алып келетін компаниялар аз емес. Оған да ешкімнің дауы болмас. Біліктілігі жоғары мамандар компанияның қалыпты жұмыс жасауына септігін тигізері анық. Дегенмен дәл сондай маман өзімізде болғанымен, оны қаншама жерден аттай қалап шақыруға не себеп? Бұл жерде кейбір шетелдік инвесторлар құйтырқы саясат ұстанатынын несіне жасырамыз? Алып келген маманға қомақты қаржы береді. Сондай қызметтегі қазақстандық маман шетке ысырылып қалады. Болмаса, ауыз тұшытпайтын айлық алады. Бұл - біздің еліміздің қай аймағында да кездесіп отырған жағдай.
Сыр бойында да қаншама шетелдік компания бар. Басым бөлігі тау-кен саласының еншісіне тиеді. Қызылорда облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті осы мақсатта тоғыз мекемеге тексеру жүргізді. Оның қорытындысы көпті ойландырады. Әуелгі әңгімені өңірдегі іргелі компания - «Петро Қазақстан» акционерлік қоғамынан бастасақ, мұнда да талай кемшілік орын алған. Қытайлық инвесторлар өз елінен келген учаске шеберіне 3 млн теңгеден асатын жалақы қойыпты. Өкініштісі, дәл сол қызметтегі қазақстандық азамат одан он есе аз айлық алады екен. Сонда қытайлық учаске шебері біздің еліміздің маманынан он есе артық жұмыс жасай ма? Атқаратын қызметі бірдей. Онда айырмашылық неге жер мен көктей? Қытайлық компания жер астындағы қазба байлықты өз елінен арқалап алып келген бе? Қазақтың бағына бұйырған кен орнынан «қара алтын» өндіріп жатыр. Ендеше, айлық жөнінен не себепті алалауға жол беріліп отыр?
Сондай-ақ «Петро Қазақстандағы» жетекші инженердің жалақысында 8,3, топ жетекшісінде 4,3 есе айырмашылық бар. Мұндай жағдай «Қазгермұнайда» да кездеседі. Жергілікті бас геолог 350 мың теңгедей ақша алса, шетелдік әріптесіне 1,3 млн теңге жалақы берілген. Осындай келеңсіз көрініс «СНПС «Айданмұнай», «Азеркорпу», «Аккорд-Окан» компанияларында байқалды.
Нұрлыбек ЖОЛДАСБАЕВ, Қызылорда облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы:
- Кейбір компанияларда лауазымдық еңбекақысы мен аумақтық үстемақысымен қоса, еңбек және ұжымдық шартта көрсетілмеген төлемдер төленген. Атап айтқанда, шетелдік қызметкер телефон байланысы кезекшілігі, ұялы телефон байланысы, сыйақы, нарықтық үстемақы, вахта ауысымы үшін үстемақы, жекеменшіктің сақтандырылуы секілді көмектер алып келген. Сонымен қатар арнайы жұмыс жағдайы мен медициналық, қаржылық, жұмыс берушінің жауапкершілігін сақтандыру, заттарын сақтаумен байланысты шығындарға, балаларының оқуына, өкілді шығындарға, жеке табыс салығы секілді үстемақылар берілген.
Қысқасы, шетелдік мамандар ағыл-тегіл ақшаға кенелген. Алайда қазақстандық қызметкер ондай сыйақы мен үстемақыдан қағылып келген көрінеді. Қалай десек те, бұл жерде шетелдік компанияның өзімбілермендігін байқау қиынға соға қоймас. Бірақ Қазақстанның бұл тұрғыда өз заңдылығы бар емес пе? Біздің заңымызға бағынбай, әркім ойына келгенін жасай беруге бола ма? Әрине, жоқ. Қай уақытта да шетелдік компаниялар сол елдің талабына бас шұлғуы тиіс. Дегенмен біздің әлсіз жағымыз да бар секілді. Осындай жөнсіздікке жол берген компания келешекте аяғын тартып жүретін талаптарды неге қоймаймыз? Оның қандай тетігі бар? Біздің осы тұрғыда ойланғанымыз артықтық етпейді. Әйтпесе қаншама жылдан бері өз айтқанымен жүріп келген компаниялар аяғының ұшымен баса қоя ма?
Тағы бір айта кетерлігі, шетелдік компанияларда жергілікті мамандар көбінесе жоғары қызметтің құлағын ұстай алмайды. Яғни екінші және үшінші сатыдағы жұмыстардан аспайды. Былай алып қарағанда, қоғаммен байланыс және өзге де кәсіптерді місе тұтады. Жалпы, шетелдік және жергілікті мамандардың біліктілік қабілеті таразыға тартыла ма? Яки шетелдік инвестор кімді қай қызметке қойғысы келеді, оны өзі шеше ме? Өйткені елдің арасында сауатты, өз кәсібі бойынша тәжірибесі мол, біліктілік деңгейі жоғары мамандар да аз емес қой.
Қазіргі таңда ондай компанияларда жергілікті мамандардың санын өсіруге мән беріліп жүргені белгілі. Әйткенмен шетелдік инвесторлар техникалық мамандықтарға бейімделген қызметкерлерді дайындауға онша құлықты емес екені аңғарылады.
Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, Қызылорда облысының әкімі:
- Біз инвесторлардың шетелдік жұмыс күшін тарту мақсатын түсінеміз. Әлемдік тәжірибеде ондай үрдіс бар. Елбасымыз қазақстандық мазмұнды арттыру жөнінде тапсырма берген. Сол тапсырма міндетті түрде орындалуы қажет. Шетелдерден кәсіпорындардың аяғынан тұрып кетуіне ықпал жасайтын мамандардың шақырылып жатқанына күмәніміз жоқ. Дегенмен олар жергілікті мамандар мен жастардың арасынан қазақстандық мамандардың санын өсіруге көңіл бөлгені орынды болады. Алдағы уақытта Қызылорда облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті компанияларға жалақы төлеудегі сәйкессіздік туралы ақпаратты жолдап отырады. Келешекте бұл тұрғыда ешқандай сәйкессіздік болмағаны дұрыс.
Шындығын айтқанда, бізде жастардың техникалық мамандықтарда білім алуы әлі де кемшін түсіп тұрған жайы бар. Келешекте сол дұрыс жолға қойылса, шөміштің сабын да өзіміз ұстай алар едік. Өзіңнің қамыңды өзің ойламасаң, өзгенің бас ауырта қоймайтынын осындай жағдайлар көрсетіп отыр емес пе?
Автор: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда облысы
"Алаш айнасы" газеті