Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 2429 4 пікір 13 Сәуір, 2023 сағат 10:26

Оралхан айтқан еді...

Қазан көтеру

Орекеңнің, Оралхан Бөкейдiң «Қайдасың, қасқа құлыным» спектаклінің алғашқы  премьерасы театрда табысты аяқталып, кейін асқазандарын біраз жылытып алған «жеті жетім» дуылдасып тысқа шыққанда түннің ортасы болып қалған. Үйі жаяу баруға болатын жердегі Ақселеу:

– Ұлдар, жүріңдер, Ораштың бүгінгі табысын біздің үйге барып жалғастырайық, – деп ұсыныс айтты. Әрине оған қарсылық білдірген ешкім бола қойған жоқ. Бір ұйықтап оянған Орал есікті ашқанда Ақаң:

– Орал-ей, қазан көтер. Бүгін бір «қасқа құлынның» қайда екенін іздеп көрейік», – деп алғашқы бұйрығын берді. Мен Оралдың жанарындағы таңданыс пен белгісіз бір шарасыздықтың салқынын байқап қалдым да, оған ілесіп, ас үйге кірдім. Ақаңның зайыбы тоңазытқышты ашты да, қол басындай ғана қатып қалған етті шығарып:

– Не знаю, прямо! Кәдірбек-ау, өзің айтшы, мына етпен де қазан көтеріле ме? – деді ренішін жасыра алмай.

– Сен саспа, бір амалын табармыз, – деп жеңіл-желпі басытқыларды жігіттер отырған бөлмеге тасыса бастадым.

– Жігіттер, Төлен Қаупынбаев досымыздың «Отырып ішсеңдер көп ішіледі, тұрып ішсеңдер дөп ішіледі» деген қанатты сөзін ұмытпаңдар. «Стоя» тартып-тартып жіберіп, тарайық, – деп ұсыныс айттым.

Ақаң ағарғаны бар, қызыл күреңі бар, жуас жирені бар біраз шөлмектерді үстел үстіне қонақтатып үлгеріпті. Ол «Сен-ақ әбігерленіп жүреді екенсің» дегендей бетіме ажырая қарады. Оралхан Оралдың ас үйде тұрып айтқан сөзін құлағы шалып қалса керек:

– Кәкесі дұрыс айтады. Шөлмектерің келіп қалған екен, ырымын жасап қозғалайық. Оның үстіне, Ақа,

Үйіңде қазан көтерер ет жоқ көрінеді,

Ет жоқта қазан көтер деген сенде бет жоқ көрінеді.

Біздің Айекең де қамсыз болмас, сұйығын осынан,

Қоюын бізден десем, маған еруге кім ерінеді? –

деп тақпақтағанда Ақаң ұялғанынан бір қызарып, бір бозарып, сонан соң күліп жіберді.

Іште жатып... «бастаған» болдың ғой

Журналистердің бірі әңгіме үстінде қыза-қыза келіп, көлеңкелі жүрістерін айтып, артықтау мақтанып кететін.

– Ұмытып қалмау үшін олардың есімдерін құпия қойын дәптеріме түртіп қоямын, – деді.

Көзін сығырайтып, әңгімені тыңдамай отырған кісі сияқты терезеден тысқа қарап отырған Оралхан оған бетін бұрмаған қалпы:

– Сөйтсең, «іспесегің» қаншаға жетіпті?

– Нақтап санай қойғаным жоқ. Әй, бір бес жүзге жетіп қалды-ау деймін, – деді әңгіме иесі.

– Жасың нешеде?

– Бұйыртса жиырма беске келеміз.

– Сонда сен шешеңнің ішінде жатып-ақ бастап кеткен болдың ғой, – деп мақтаншақтың бетіне зілдене қарады Орекең.

Жетпіс пайызын қысқарту керек

Ақаң әңгімесін ағытып отырған. Әңгіме өзегі өзі куә болған құрбақалар мен жыландардың қан майданы туралы.

– Тау  бұлағынан атымызды суарып тұрғанбыз. Біраз жүріп ат  соғып, шаршап та қалған едік. Көгалға жантайып, ат шалдырып, аяқ суытып алу да ойда болатын. Біз жантаймақ болған көгалға қайдан шыққаны белгісіз балп-балп секіріп қара құрым болып құрбақалар қаптасын да кетсін. Құрылдаған үндері құлақ тұндырады. Сол кезде жотадан төмен қарай жылжып келе жатқан жеңіл шаң көрінді. Ең алдындағы жеңді білектей қара шұбар жыланның қақшиған басы көрінді. Соңында, әй, кемі үш жүздей болатын жыландар тасқыны жөңкіп келеді екен...

– Ақа, жыландарды санап үлгірмеген боларсыз, – деді Қуанышбай Құрманғалиев.

– Сондықтан, елу пайызын қысқартсаңыз қайтеді, – деді Әбдірайымның Серігі.

– Иә, десейші, – деп Ахметбектің ұлы Кәріағамыз да ыңыранды.

– Елу пайыздарыңа мен келісе алмаймын. Олардың соғысқандары шын болған күнде де жыландардың санын кемі жетпіс пайызға қысқартшы, Ақантай, – деп қиылды Оралхан.

– Өй, өңшең табиғат сырынан хабары жоқ миғұлалар, сендерге әңгіме айтып отырған менде ес жоқ, – деп Ақаң жанында тұрған домбыраға қол соза берді.

Алтай мен Бұқтырмадан қалған көңіл

Оралхан «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор қызметінде жүргенде су жаңа «Волга» автокөлігін алып, жанына Кәрібай мен Қуанышбайды ертіп, еліне, Катонқарағайға кеткен. Әкесі мен шешесіне сәлем беріп, ағайын, жолдас-жорасына көлігін көрсетіп қайтпақ. Ол кезде «Волганы» қойып, «Жигули», «Москвичтердің» қолға тие бермейтін кезі ғой. Катонға апаратын Бұқтырманың жоғарғы өткелінің өзі атшаптырым. Одан машиналарды, басқа да жолаушыларды тек күніне төрт-бес рет қана қатынайтын паром тасымалдайды. Бұлар қанша асығыс жүрсе де соңғы паром кешкі сағат алтыда бір шыңғырып қойып, жағадан жылжып-ақ кетеді. Барар жер, басар таулары жоқ, амалсыздан ертеңгі паромды тосуға тура келеді. Күздің қара суығы машинаға тығылған жолаушыларды бүрсеңдетіп жіберсе керек. Жылыну үшін тысқа шығып, жүгірген болады.

«Қап, әттеген-ай», – деп ренжіп жүрген Оралханға:

– Шыдайық, Ораш, туған жерің ғой. Сені сағынған Алтайың тым сирек қатынайтының үшін ренжігеннен осылай ызғарланып тұрған болар, – деп Кәріағаң басу айтқан болады.

– Өзімнің де маңдайым тайқы ғой. Тым болмағанда мынандай өткелі жоқ Ертістің арғы бетіндегі Кәдірбек туған Зайсанда туғанымда ғой, осы кезде ет жеп, сорпа ішіп, жатып та қалар едік... Алтайым мен Бұқтырмадан қалған көңіл қашан қалпына келер дейсіңдер? – деп кейіген Оралхан тағы да су жағалап, жүгіре жөнеліпті.

«Ләухилар» – катондықтардың төл сөзі

Бірде Орекеңнің үйіне барсам, Айман екеуі жарыса жүгірісіп,    дастарқан жайып, қызу даярлық үстінде екен.

– Бұл не той? – деймін.

– Ә, бүгін біздің бір топ ләухиларды шақырып едік, соның қамы ғой. Жақсы келдің, бірге бол.

– Алдымен «ләухилар» дегенің кімдер екенін айтшы.

– Ешкімге айтпа, әйтпесе бұл сөзді жұрт жаппай пайдаланып кетеді, – деді сыбырлай үн қатып. «Ләухи» деген катондықтардың ғана төл сөзі. Ол шақырмасаң келмейтін, өздері келіп сәлем бермейтін інілерім мен шақырмасаң, шақыруды білмейтін, өзің әу демесең көзіне ілмейтін жерлес-замандастарыма арналған атау ғой», – деп жымыңдады.

«Жеті жетім»

Ортамыздағы отызға толмаса да екі-үш жас егделігі үшін «шал» атандырып алған Кәріағаңның үйінде қонақта отырғанбыз. Бәріміз де «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газеті табыстырған көгенкөздерміз. Көбіміздің үйіміз жоқ, пәтерден пәтерге ауысып, ата-бабаларымыз сияқты көшпелі өмір салтын ұстанамыз.

Кәрағаң маңдайы тершіп, «қалжасы жаққан» тұста «Ақ бүрлен, қызыл бүрлен» дейтін репертуарындағы жалғыз әнін орындап болған соң әдеттегідей ағалық ақылын айта бастаған.

– Жә, жеті «жентльмен», осы достықтарыңа берік болыңдар...

– «Джентльмен» деген шет ел сөзін айтпай-ақ «жеті жігіт» демейсіз бе? – Бұл комсомолдың орталық комитетінде қызметке орналасып, біздің қатарымызға қосылған Бексұлтан Нұржекеұлының сөзі.

– Көбіңнің әкелеріңді соғыс жалмаған, әкелерің барларыңның өзі жетімнің күнін кешіп, орыстардың босағаларын паналап жүрсіңдер. «Джентльмен – жентлмен» деп желікпей-ақ, «жеті жетім» десеңізші, Кәріаға.

Оралханның осы сөзі жетеудің төртеуін жерге берсек те, әлі ұмытылмай келе жатыр.

«Қаз етінің сорпасына пісірілген кеспе көже»

Аса беделді ақсақал жазушылардың бірі әдебиеттің келелі мәселелері туралы баяндама жасап тұрып, жас жазушы Оралхан Бөкеевтің дарынды жазушы екеніне тоқтала келіп: «Шырағым, Оралхан, қаз етінің сорпасына пісірілген кеспе көже болмайды, тіпті қаздың етін жездең әкеліп берсе де болмайды, жазушы әр сөзді жазғанда абай болу керек» деуі мұң екен, Орекең: «Кеспе көжені кеспе көже демегенде тары көже дей алмайтын шығармыз» деп отырғандарға естірте айтты да шашын сілкіп тастап, залдан шығып кетті. Бірақ бір-екі ай өткеннен кейін жазушылардың шығармашылық үйінің ауласында оның сол ағасымен қыдырып жүргенін көрдік.

Бәлкім, қаз етінің сорпасына кеспе көжені пісіруге болатынын ағасына дәлелдеді ме, әлде ағасы өз сынының дұрыстығын түсіндірді ме, ол жағы бізге беймәлім.

Өзіңізден де бар

Соноу өткен ғасырдың 63-жылы Оралхан екеуіміз «Коммунизм туы» (қазіргі Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар») газетінің қызметкері Мүсілім Құмарбековтің үйінде тұрдық. Үш айға өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген мені мен Катонынан жуырда ғана облыстық газетке қызметке келген Оралхан екеумізді Мүсекең: «Үш бойдақ бірге болайық» деп қолынан келген қамқорлығын жасаған болатын.

Дүниенің, азық-түліктің асып-тасып тұрмаған кезі. Мүсекеңнің анасы марқұм, бекер обалы қане, барын үшеуіміздің аузымызға тосады. Үнемдеуді де ұмытпайды.

Бірде шай үстінде өзі сандығына тығып ұстайтын тәуір конфеттерін алып, әрқайсымыздың алдымызға екі-екіден тастап, дорбасының аузын байлап қойды. Сол кезде Орекең мойнын ас үйге қарап, иіс тартты.

– Тәте, сорпаңыз тасып кеткен сияқты ғой. Күйіктің иісі шығады, – деді.

– Не дейді, үйбай-ау, отты жаңа ғана жағып едім ғой, – деп шешеміз сүрініп-жығылып, ас үйге қарай жүгірген. Сол кезде Оралхан дорбаның бауын шешіп, әрқайсымыздың алдымызға тағы екіден конфет тастады да, «қалтаға» деп сыбырлады. Шешей оған:

– Танауыңа ненің исі келгенін қайдам. Сорпа тасығанды қойып, көбігі де шыққан жоқ, – деп аузы ашық жатқан дорбаға күдіктене қараған. Сонан соң үшеуіміздің бетімізге үңілді. Мүсілім жымыңдады, мен де тымпия қалдым. Орекең болса: «Бүгін жаңбыр жауады-ау», – деп терезеге қараған. Жүзінен ештеңе байқатпайды.

Қазанның тасып кеткені туралы жалған ақпар берушінің «ұрлықшысын» тура осы екенін бірден байқаған шешеміз оған қарап:

– Өй, тұқымың жайылғыр, сен екенсің ғой конфетімді жымқырған, – деп зілсіз жымиды.

– Біріншіден, сіздің қырағылығыңызды тексерген шығармыз. Екіншіден, тәте-ау, өзіңізден де бар. Бұл күнде кімге сенгендейміз, – деп, тағы да терезеге қараған. – Қазынаңызға сақ болмайсыз ба?!

«Ешкімүйізді ұмытатын не жөніміз бар еді»

«Лениншіл жаста» жүрген кез. Үлкен бір бөлмеде  кемі жеті-сегізіміз отырамыз. Жұмыс сәл саябыр тапқанда қысыр әңгіменің тығыны ағытылады.

Бірде төрде отырған Әнес Сараев Атырау маңында өсімдіктердің сан түрі өсетінін айтып қалды. Оны жерлесі Кемелхан Ақмырзаев қолдады.

– Батыс жақ тым шөлейттеу ғой, өсімдігі біздің Алтай мен Сауырдан көп бола қоймас, – деп Орекең дау айтты. Өнімсіз дау тұтанып жүре берсін. Содан кейін өсімдік атауларын тізіп, әрқайсысы өз сөздерін іс жүзінде дәлелдемек болды. Бір жағында батыстық Әнес пен Кемелхан, екінші жағында шығыстық Оралхан және мен.

Жазып жатырмыз, жазып жатырмыз.

– Асықпай, бәрін де еске түсіріп жазыңдар, – дейді әділ қазы есебіндегі Оразбек Сәрсенбаев пен Ахат Жақсыбаев. Өтірік-шынын араластырып өсімдік атауларын алпыстан асырып, тізімді қазыларға ұсындық.

– Ғажап, – деді Оразбек ағамыз. – Екі жақта тең түсіпті.

Сол кезде Оралхан өзіміз жазған тізбені қайта жұлып алып:

– Кәдірбек-ау, биік жартасқа өсетін ешкімүйіз бен қалың бүргеннің ішінде өсетін сарыалақазды ұмытатын не жөніміз бар? – деп тізімді толықтырды.

Сарыалақаз дейтін басы қанатты құсқа ұқсайтын, тамырында тәтті түйіні бар өсімдікті мен де білетінмін. Ал «ешкімүйіз» дегенді естісем, қанеки. «Иә-иә, рас-ау» деп құптап жатырмын.

Не керек,  біз оздық. Орекеңе: «Ешкімүйіз» деген өсімдік шынында бар ма?» өзі десем:

– Қазақ ұқсатып ат қойғанға шебер емес пе. Әншейін озу үшін айта салғаным ғой, әкіри, – деп күледі.

Кейін өсімдіктер туралы кітапты ақтарып отырып, «ешкімүйіз» деген сөзді оқығанда өтірік айтпағанымыз үшін қатты қуандым. Бірақ бұл кезде Орекең жоқ еді.

Кәдірбек Сегізбайұлы,

жазушы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5606