Мархабат БАЙҒҰТ. Күлесің. Кейде күрсінесің...
Жиенқұм мен Жаушықұмның арасы
Жолда келе жатсақ, бес-алты мәшине тізіліп тұрыпты. Айдалада. Айналада адам көп. Әлдеқандай жағдай боп қалды ма дегендей күдікпен тоқтағанбыз. "Тыныштық па?" дейміз. "Тыныштық". "Жол болсын". "Әлей болсын, Жиенқұм жақтан келеміз. Жаушықұм жаққа барамыз. Бесік тойға".
Бүгінде бесік тойдың өзі бәзбір кездердегі үлкен тойларыңыздан кем өтпейтінге айналған. Жиенқұм мен Жаушықұмның арасы төрт-бес сағаттық жер-ау. Сонда да бесік апаратындар бір қауым ел болып, темір көлікті тізілтіп бара жатыпты. Жастары бар, жасамыстары бар. Еркектері мен әйелдері бар. Қуанышты жұртыңыз. Біз де қуанып, атқа қайта қондық.
Ауызашар ауылы
Жақаң дейтін танысымызға да жолда жолықтық. Ауылдан келе жатыр.
Осы оразаңызда Жақаң ертеректе қайтыс боп кеткен әке-шешесінің аруақтарына арнап ауызашар беруге ниеттенген екен. Өзі қалада тұрады ғой, ауызашарды алыстағы, отыз үйлі ауылында, кіндік қаны тамған жерде бермекке бекінген де. Сол мақсатын мағлұмдамаққа барса, отыз үй отыз күнге алдын-ала кезекке тұрып, тізімге тіркеліп қойыпты. Ағайындары: "Оразаның отыз күні түп-түгел "зәніт", кешіктің" депті. Жақаң: "Мұның өзі тұрмыстың түзелгенін көрсете ме, әлде дінімізге бетбұрысты байқата ма?" деп ойланып қапты.
Шөп жиған диван
Жиенқұм мен Жаушықұмның арасы
Жолда келе жатсақ, бес-алты мәшине тізіліп тұрыпты. Айдалада. Айналада адам көп. Әлдеқандай жағдай боп қалды ма дегендей күдікпен тоқтағанбыз. "Тыныштық па?" дейміз. "Тыныштық". "Жол болсын". "Әлей болсын, Жиенқұм жақтан келеміз. Жаушықұм жаққа барамыз. Бесік тойға".
Бүгінде бесік тойдың өзі бәзбір кездердегі үлкен тойларыңыздан кем өтпейтінге айналған. Жиенқұм мен Жаушықұмның арасы төрт-бес сағаттық жер-ау. Сонда да бесік апаратындар бір қауым ел болып, темір көлікті тізілтіп бара жатыпты. Жастары бар, жасамыстары бар. Еркектері мен әйелдері бар. Қуанышты жұртыңыз. Біз де қуанып, атқа қайта қондық.
Ауызашар ауылы
Жақаң дейтін танысымызға да жолда жолықтық. Ауылдан келе жатыр.
Осы оразаңызда Жақаң ертеректе қайтыс боп кеткен әке-шешесінің аруақтарына арнап ауызашар беруге ниеттенген екен. Өзі қалада тұрады ғой, ауызашарды алыстағы, отыз үйлі ауылында, кіндік қаны тамған жерде бермекке бекінген де. Сол мақсатын мағлұмдамаққа барса, отыз үй отыз күнге алдын-ала кезекке тұрып, тізімге тіркеліп қойыпты. Ағайындары: "Оразаның отыз күні түп-түгел "зәніт", кешіктің" депті. Жақаң: "Мұның өзі тұрмыстың түзелгенін көрсете ме, әлде дінімізге бетбұрысты байқата ма?" деп ойланып қапты.
Шөп жиған диван
Абай ауылында тұратын Алдиярбек отағасы - қатардағы қарапайым қазақ. Қалқоз тұсында аға шопан, біраз уақыт бригадир болған. Бірақ дүние жинамапты. Жекешелендіру кезеңінде де - өңмең-өжең қылыққа құлшынбай, сұлу торы аттай сымпиып шығыпты.
Жолымыз түсіп, сәлем бермекке қайырылған ек. Әжептеуір шөп жиып қойыпты. Бір-екі сиыры, жеті-сегіз қой-ешкісі бар көрінеді. Қыл құйрықтан жұрдай, қымыз да жоқ бұрынғыдай. Кенже ұлы үйленген екен. Отағасының уайымы қуанышымен итжығыс күйде. Өлтірінің өзіне жұқарып қапты. Қалтасы. Енді "сүт ақысы" делінетін салтқа кемінде жүз мың теңге, құда шақырмаққа қыруар қаржы-қаражат керек-дүр. Баяғыда өзі үйленгенде "бешір" делінетін той және бар. "Тұрмыс-тіршілік қиындап кетті ғой", деп желкесін қасиды Алдиярбек. Кенет әлгі пішен маясының астындағы ақжемдене ескірген екі-үш диванға көзіміз түсті. Қарап тұрған үш-төрт кісі түгел күліп қоя берген. "Шөптің өзін диванға жинапсыз. Тұрмыстарыңыз түк те жаман емес екен ғой", десіп жатырмыз.
Алдиярбектің өзі де кеңкілдеп күлді-ай бір. "Аманшылық болсыншы", деп қояды Жамантаев (Әлекеңнің "пәмилесі" солай).
Райгүл
Жиен қарындасымыз Райгүл Жуалы ауданының орталығында тұрады. Осы Райгүлді ойласақ, қазақтың көркем әңгімесі жанрының кенеркөгін кеңейткен ғажайып қаламгер Сайын Мұратбековтің "Менің қарындасым", "Райгүл" сияқты біресе жаныңды шуаққа бөлейтін, біресе жүрегіңді сыздата сағынышқа орайтын шығармалары еске түседі. Қайран қарындасымызды қайбір жылдары қаладағы мәдениет институтының кітапхана факультетіне түсіре алмай, амалымыз құрыған. Бірдеңесіз қабылдауы қиын-тұғын. Сөйтіп, Райгүл түрлі-түрлі жұмыстарға жегіліп кете барған. Мойымады. Мұқалмады. Әдемі бойжеткенге Мұхаметжан дейтін жібек мінезді жігіт ғашық болды. Екеуі қосылып, жұрт қызығып жүргенде, Мұхаметжан ауыр науқасқа шалдығып, біраз шаршады Райгүл...
Тараз жаққа өтіп бара жатып, Жуалыға аялдағанбыз. Райгүл әлдебір қайырымды кісінің жекеменшік, үлке-е-ен дүкеніне сатушы боп орналасыпты. Орташалау айлығы бар көрінеді. "Бұрынғы ауыр жұмыстарға қарағанда, имантаразы, таза, жайлы жер ғой", деп жымияды. Көп ұзамай немерелі болмақ. Кенет алдындағы қап-қалың кітапқа көзіміз түсіп, жанарымыз жасаурады. Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділерін" қайталап оқып жүр екен. Үстелінің ортаңғы сөресінде Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы", Сәбит Мұқанов...
Сайын Мұратбеков...
Азық-түліктің, арақ-шараптың, киім-кешектің, тағысын-тағылардың нешеме түрлерін сататын дә-ә-әу дүкенде жұмыс істей жүріп, кітапты құмарта, қайталай оқитыны көрініп тұр. Шіркін-ай, жетпісінші жылдардың соңында сол бір оқуға түсіп-ақ кеткенде бар ма, керемет кітапханашы болар еді-ау Райгүл.
Жетпісінші жылқы
Сексеннен асқан Рысқұл ақсақал: "Сексен тәуірлеу еді, сексен бір қиын екен", дейді қуақылана жымиып. Әлі күнге дейін аздап-аздап шөп шабатынын, шарбақ бүтіндейтінін, жылқыларын жылжытып, сиырларын өрістен айдап әкелетінін, тақта-тақта телімдерін суаратынын әңгімеледі.
Шыңбұлақта тұрады. Ауылда жұмыс жоқ дегендерге таңғалар. Жұмыс көп. "Ақша аяқ астында ыбырсып жатыр". Жер бар, су бар, күрек бар, тырбансаң трактор да табылар, шөптің басын сындырғысы келмегендерге, әрине, жұмыс жоқ", деді тағы да. "Ауылдағылар бір-біріне шақырмаса, кірмейтінге кетті. Мал ұрлығы көп. Жақында Шыңбұлақ бойынша жетпісінші жылқы жымқырылған. Сөйтсе-е-е-ек, шығарып беретін адам ауылымыздың өзінен екен", деп сәл-пәл кідірді. "Келіндер қиындап барады. Ауылда үш-төрт шалдың кемпірлері өздерінен бұрын өлген. Солар кейде кемсеңдеп тұрып жылайды. Келіндері қарамайды. Шалдар бірдеңе десе, бәлеге қалады. Ашаршылықтың түсініксіздеу бір түрін бастан кешкендей, кілдіреп, ілмиіп, итіңдеп жүріп жатыр. Мына мен де Құдайдан сұраймын, кемпірімнен бір күн болса да бұрын алса екен деп..."
Рысқұл қария Шыңбұлақтың шетінде мәшинеден түсіп, қол бұлғап қала берді.
Тірлікке тырбану
Мырзахан деген кісіні осыдан біраз бұрын, жексенбі күні таңертең, асфальт жолдың жиегінде жығылып жатқан жерінен көрдік. Кәдуілгі Алматы - Ташкент жолының бойы ғой. Өзінің бірер ай бордақылап, базарға қарай жетектеген қошқары сүзіп құлатыпты. Батырбек дейтін көршісі жүгіре жетіп, сүйеп тұрғызды.
Мырзекең өмір бойы кеңседен шықпаған, шөптің басын сындырмаған адам дә. Зайыбы еркелетіп ұстаған секілді. Енді-енді ғана мына заманның әсерімен тірлікке тырбанып жүргені ғой. Сонымен, кейінірек сұрастырсақ, семіз қошқары жамбасынан періп кеп жіберіп, жалпасынан ба, шалқасынан ба түсірген Мырзекең екі аптадай емделіпті. Қошқарды қоңсылары жиырма бір мың теңгеге сатып алыпты. Үшінші аптада тозығы жеткен мажар арбасына жалғыз биесін жеккен отағасы сабанға барсын. Ыстық күнде терлеп-тепшіп, арбаға сабан сала бастасын. Табан астынан құйын көтеріліп, арбаның артқы жағына тұтылған тықыр алашаны жел желпілдете жөнелсін. Белең алған биесі ескі арбаны еңіске қарай ала қашсын... Абырой болғанда, ағаңыз аман-есен. Алайда, арбасы бос қайтыпты деседі.
"Жасым жетпіске жаңа жетті, сексендегілер секіріп жүр ғой. Тірлікке енді-енді икемделіп келеміз дә", дейтін көрінеді қошқар сүзген, ақбақай биесі арбасын алып қашқан ағатайыңыз.
Анармен айналысу
"Анармен айналысқаныма алтыншы жыл", деп мақтанды Машатбай. Көрмекке бекіндік. Көктем еді. Оншақты түп анарды жөргекке құндақтаған баладай жүгеріпаямен орап, әдемілеп байлап қойыпты. Тікірейтіп тұрып. Қызық. Күн жылымай, ашпайды екен.
Міне, шілде өте және қайырылдық. Тау баурайындағы, ауа райы сап-салқын ауылда жұдырықтай-жұдырықтай жемістері албырай салбыраған анар жақұттай жайнайды. Оншақты түп. Әдетте анар дегеніңіздің осылайша өсіп, қып-қызыл жемісі жыпырлай жымыңдап тұратынын Ташкент төңірегінен, Жетісай жақтан көретін ек. Машатбайдың мақтанатындай жөні бар.
Бір бөлмеде - бір ауыл
Тастанбек ақсақалға Тасты жаққа кетіп бара жатқанда жолықтық.
Ауылдан қалаға ауып жатқан қазақ аз емес. Дұрыс та шығар. Тастанбек қарияның әулеті һәм бұдан бірер жыл бұрын құм ішінен облыс орталығына көшіпті. Жиған-тергендері, жабылып үлес қосқандары бес қабатты бетон үйдің бесінші қабатындағы бір бөлмелі пәтерге ғана жетіпті. Екі ұлы келіндерімен, немерелері, кемпірі - "бір ауыл" бір бөлмеде тұрып жатыр. Жуынатын жері әжетханасымен бірге екен. Кеңес кезеңіндегідей кезекке тұрысатындары қиын-ақ. Ұлдары жалдамалы жұмыста, келіндері ұсақ-түйек сауда жасайды. Жер телімін алса, екі ұлы, екі келіні, немерелері және өзі жабылып, қарапайым әдіспен-ақ үп-үлкен үй тұрғызып қояр еді. Алайда, шаһарыңызда жер телімі кезегінде телміргендер елу мыңнан асады. Әзірше бір бөлмедегі "бір ауылдың" адамдары көздері тозаңданып, таңданып, терезеден бай-бағландардың ертегідей елді мекеніне қарайды. Әрқайсысы бір емес, бірталай телімді қармап қалғандар, әлденеше коттедждер салып тастағандар, бірімен бірі құнығу бәсекесіне түскендер бетон үйдің бесінші қабатынан айнадағыдай анық аңғарылады...
Қозыбай және қалқоздың он мың қойы
Қозыбай мырза Қызылордада, кәтта қызметте. Жолда жолыққанбыз. Оған да. Жақында шешесі жүз бірге кеп қайтыс бопты. Әңгімеден әңгіме шығады.
"Анам жарықтық ақылман еді, - деді Қозыбай мырза. - Бұдан бес-алты жыл бұрын джип мәшинесін мінгем. Тәуір жігіттердің бәрі алып үлгерген. Шешеме көрсетуге, ауылға бардым. Онша қуанған жоқ. Сыртқа шықты. Джиптің төрт доңғалағын теуіп-теуіп өтіп: "Қанша тұрады?" деді. "Жетпіс төрт мың доллар", дедім мақтаныңқырап. Шешем ойланып тұрды-тұрды да, үйге кірді. Дастарқан басында: "Шырағым, мына мәшинеңнің бағасы он мың қой екен. Сенің әкең баяғыда қалқоздың қойын он мыңға жеткізіп, халықтан алғыс алып еді. Бірақ мәшине мінбей-ақ өтіп еді. Қанағат қылған да жөн", деді. Кейбір шешелерше шершімеді. Жақтырмағандай боп, жаңағыдай ақылын айтты. Сонда анам тоқсанның бесеуінде екен-ау..."
Қозекең осылай деді. Күрсініп қойды.
Қанағат туралы қатты ойланатыны байқалып-ақ тұрды.
«Егемен Қазақстан» газеті, 29.08.2009