Жексенбі, 24 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 2767 7 пікір 25 Сәуір, 2023 сағат 12:42

Мұндай қатыгездікті Құдай кешірмейді!

Лю Яжоу (1952-жылы туылған, Қытай Халық азаттық армиясының аға генералы, Пекиндегі Ұлттық қорғаныс университетінің саяси комиссары)

Армияның тұрақты комитеті Лю Яжоу мен оның жұмыс тобына қонақ үйде арнайы қонақасы береді. Банкет кезінде дастарқанға теңіз шаянынан жасалған салқын тағам шығарылады: қабыршағы аршылып, еті кесілген шалажансар теңіз шаяны әлі де тірі, көзі жаудырап, аянышты бейнеде ұзын мұрты дірілдеп жатады.

Лю Яжоу сақпысын дереу үстелге қойып, жүзі сұрланып кетеді. Қонақ иесінің қайта-қайта өтінгеніне қарамастан, ақыры тамақтан бас тартып, былай дейді:

– Мен мұны жемеймін, бұл менің теңіз шаянын жей алмайтындығымнан емес, мұндай тамақтану тәсілі көңілімнен өтпейді. Мен мұндай тамақтану тәсіліне шыдай алмаймын. Қонақжайлылық танытқыңыз келсе, маған бір ауыз айтсаңыз болатын еді ғой, несіне мұндай қатыгездікке бардыңыз? Мен сізді айыптайын деп тұрғаным жоқ, өйткені бүкіл Қытай осылай жейді, олардың барлығында осындай жағымсыз қылық бар!

Оңтүстіктің адамдары өте нәзік келеді, Сужоу сауық-сайранның ортасы, аспа-төк дыр-дуға көп ақша жұмсайды. Ол жерде «Тиын балық» деген аты шулы тағам бар, сондай аянышты. Балықтың еті тілініп, қуырылған, дастарханға әкелгенде ауызы қозғалып, тірі жатуы керек, әйтпесе аспаздың шеберлігін көрсетпейді. Аспаздың шеберлігіне тәнті болған қонақтар, тағамды құшырлана жейді.

Бұл туралы ойладыңыз ба, олар тек тамаша үшін бе? Жоқ. Мұның өзі Қытайдың бір түрлі надан да қатыгез психологиясын көрсетеді.

Қытайдың (қазіргі) мәдениетінің өте қатал жағы бар. Ең жаман балағат сөздерді ойлап табумен қатар, жануарларды пісіру мен жеудің ең зұлым әдістерін ойлап тапты.

Гуандундықтардың не болса соның бәрін жейтінін білесіздер. Аспанда ұшқан қанаттыдан ұшақтан басқа, жердегі аяқтыдан үстел мен орындықтан басқа барлық нәрсені жейді. «Үш шиқыл» деген тамақты білесіз бе? Жаңа туған тышқанның баласын тірідей түгел жұтып қоюыңыз керек. Сақпымен қысып алып, соя соусына батырғанда бір шиқылдайды, ауызға салып, тістегенде екінші рет шиқылдайды, жұтқанда үшінші рет шиқылдайды.

Хэбэйде «Шың ли цы бие» (Өліп-тірілу) деген тағам бар. Тірі тасбақаны бу қасқанға салып, кішкене саңылау қалдырып, саңылаудың сыртына күнжіт майы мен басқа дәмдеуіштер салынған ыдысты қояды. Қасқанда ыстыққа шыдамаған тасбақа саңылаудан басын шығарып күнжіт майынан бір жұтып алады. Тасбақа буға пісіп болғанда, күнжіт майы да оның ішіне толық сіңіп кетеді. Сосын алмұртты жапырақтап турап, айналасына қояды, яғни шикі алмұрт пен өлі тасбақадан тұратын тамақ дайын болады.

Сайтан алғыр! Неліктен жануарларды соншалықты қинайды?

Жануарлар адамның серігі, олар да жердің қожасы. Мүлде жеуге болмайтын жануарлар да бар. Егер қайта жесек, болмаса жауыздықпен жесек, халқымыз құдайдың қаһарына ұшырайды. Жануарлар да бізден кек алады. Жануарлар адамдардан ақымақ емес. Кейде бізден ақылдырақ. Кем дегенде, оларда да аяушылық бар.

Мен Еуропадағы бір шағын вокзалдан күшіктің мүсінін көрген едім. Оған байланысты әсерлі бір әңгіме де бар: Күшіктің иесі кеңсе қызметкері, жалғызбасты, күшікпен бірге жалғыз өзі тұрады. Күн сайын иесі жұмысқа пойызбен барып келгенде, күшік оны бекетке дейін шығарып салып, түнде қайтқанда иесін бекеттен күтіп алады. Арада жылдар өтеді. Бір күні иесі жұмысқа бара жатып жол апатына ұшырап, қайта оралмайды. Дегенмен, адал күшік иесі жұмыстан қайтатын уақытта әрқашан вокзалға барып тұрады. Бір ай бойы осылай жалғасады. Күшік арықтап, жүндері үрпиіп жүдеп, ақырында сол бекетте өледі. Сондағы тұрғындар ерекше әсерленіп, оны еске алу үшін арнайы мүсін тұрғызады.

Мен кеше қайтып келе жатып, көлік терезесінен үздіксіз сыртқа қараумен болдым. Бұрынғы шалғын да, шабындық та жоқ. Барлық жерді құм басып кеткен сияқты. Теле ойпаты әлі бар, аспан әлі күмбездей, жел әлі соғып тұр, бірақ жайқалып тұрған шөп жоқ.

Тағы бір нәрсе есіме түсті:

«Мәдениет төңкерісінен» бұрын бір жылы қатты қуаңшылық болып, даладағы шөптің бәрі қурап, мал аштыққа ұшырады. Үкімет жем-шөпті мыңдаған шақырым жерден тасымалдады. Оны әкем жұмыс істейтін 21-ші армияның көліктері тасыды. Шөп көлікке тиеліп, кенеппен жақсылап жабылатын. Бірақ бір ғажабы сол, көлік өтіп бара жатқанда, ашыққан жылқы, қой, сиыр сияқты жануарлар шынымен сезе қоятын. Олар көлікке жем-шөп тиелгенін шынында да білетін. Бұл туа біткен аман қалу түйсігі болуы керек. Олар шарасыз көліктің соңынан қуатын. Қандай аянышты көрініс. Әр көліктің артында бір топ мал ере жүретін. Олардың шаңы көлік түтінінен де қою еді. Сонша аш жануар көлікті қалай басып озсын? Көліктің соңынан қуа-қуа титықтап, бір-бірден құлап, неше шақырым бойы әр жерде сұлап жататын.

Көлік туралы айтқан соң, сендерге тағы бір нәрсе айтайын, мен бұл жолы жасырын сынақ жасадым, бірақ оны еш бірің білген жоқсың. «Вэньгау» журналында жарияланған бір мақаланы оқыдым, онда Боғда тауының орманы арқылы өтетін Ішкі Моңғолиядағы ұлттық қорғаныс тас жолы сөз болады. Осы жолмен жүріп, жарықты жаққан сайын түнде жолдан өтіп бара жатқан қабан, бұғы, түлкі сияқты жабайы аңдарды көруге болады. Бірақ бір ғажабы, барлық жануарлар бір бағытқа, яғни Сыртқы Моңғолияға қарай жүгіреді. Тіпті жан-жануарлар да азап шеккенше, қауіп-қатерге қарамастан жолды кесіп өтіп, қарсы елге қарай жанталаса ұмтылғанды жөн көретін сияқты.

Сыртқы Моңғолияның 3 миллион халқы бар, ал Қытайдың 1,3 миллиард халқы бар. Күнде сол жануарларды қатыгездікпен қалай жейміз деп ойлап жүреді. Қандай қасретті!

Мен бұл мақалада жазылғандарға сенемін, бірақ сол атмосфераны сезінгім келді. Бір күні түнде ешкімге дабыра қылмай, тек бір жүргізуші мен бір күзетшіні ертіп, мәселенің мән-жайын анықтау үшін мақалада айтылған жерге қарай жолға шықтым.

Түн өте қараңғы болатын. Жарықты жағып, ондаған шақырым жүрдік, тіпті жабайы аңды да көрмедік. Менің ойымша, біздің шамадан тыс балық аулап, шамадан тыс өлтіріп, шамадан тыс жегеніміздің салдарынан жабайы жануарлардың көпшілігі жойылып кеткен болуы мүмкін. Мақалада айтылған жағдайдың өзі тарихқа айналды! Ол аңдар мәңгілікке кетті, қайта оралмайды. Кетпегендерін де жеп бітірдік.

Кенет жарқыраған жарықтан бірдеңе қозғалғанын байқап, көлікпен таяп барсам, кірпі екенін көрдім. Ол аздап ебедейсіз және баяу, бірақ ол да сол Сыртқы Моңғолияға қарай бет алып барады.

Күндер өтті! Бұрын «Қытай қанша үлкен болса да, партаға орын жоқ» деген сөз бар екен. Енді мен: «Қытай қанша үлкен болса да, жалғыз кірпіге де орын жоқ» дер едім.

Бұл нені білдіреді? Ресурстық дағдарыс. Қытайдың ресурстарында бұрын-соңды болмаған дағдарыс бар. Бұған (қазіргі) қытайлық мәдениет себепші. Бұл мәдениеттің екі ерекше нашар жағы бар: бірі – өмірді де, адам өмірін де, табиғатты да сыйламайды.

Жануарлардың да, өзен-көлдер мен теңіздердің де, тіпті ағаштардың да жаны бар. Қытайлар ағашты жек көретін сияқты, олар көрген ағашты кесіп тастайды.

Орман шаруашылығында бір ағаш кесуші өмір бойы ағаш кесіп, кейін өкініп, өлгенше ағаштарды қайта отырғызады. Журналист одан: «Бір ағаш қанша уақыт толық өседі?», - деп сұраса: «Жүз жыл», - деп, «Ағашты кесуге қанша уақыт керек?» десе; «Бір минут», - деп жауап беріпті.

Қараңдаршы,  тау-даламыз қирап жатыр. Алдымен ағаш қураса, шөптер де қурайды, жануарлар да өледі, ең соңында адамдар өледі. Бұл үрейлендіру үшін айтылған әңгіме емес.

Мен жақында ғана Ганьсуға барғанда малшы жайып жүрген қойларға шынымен мақта жабу жабылғанын көрдім. Неліктен? Жер құрғақ, су жоқ болғандықтан, қойлар тым шөлдегенде жанындағы қойды тістеп, қанын сорып, шөлдерін қандырады екен. Сондықтан мақтадан жасалған жабу жауып қояды. Мен таң қалдым. Осындай болып өзгеріп кеткен қойды қой деуге бола ма? Қойларды қасқырдай қатыгез қылған не? Бұл ауыр табиғи орта. Табиғатты сұлулығынан айырған не? Неге бұзылды? Оған себепкер тағы да біз – адамдармыз.

Олай дейтінім, біз алдыңғы ұрпақтың аманатынан зардап шегіп жатырмыз. Ал, бұл азапты кейінгі ұрпаққа жеткіземіз бе, мәселе осында жатыр? Көп балалы, немерелі-шөберелі болуға келетін болсақ, бұл Қытай мәдениетінің ең үлкен кемшілігі. Неғұрлым көп адам болса, соғұрлым ресурстар аз болады. Өзара қарама-қайшы. Бүгінде бізде бұрын-соңды болмаған үлкен халық, бұрын-соңды болмаған аз ресурс бар. Ең сорақысы, адамның қалауы ең жоғары деңгейде.

Қытай қысқа ғана он жылдан астам уақыт ішінде өзара теңдіктен байлар мен кедейлердің арасы алшақтаған теңсіздікке дейінгі ұзақ жолды басып өтті. Байлар баюды ресурстарға ауыз салудан бастаса, кедейлер де қалыспады. Бір сөзбен айтқанда, байлар да, кедейлер де ресурстарды жойып жатыр. Қытайдың осындай ысырап етуге шыдайтын қанша ресурсі қалды?

Қытайшадан аударған: Өмірбек Қанай

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566