Отбасы құндылықтары және демографиялық саясат
Отбасы құндылықтары деген ұғымды сөз еткенде, халықтың демографиялық өсімінің қазіргі ахуалына тоқталмай кете алмаймыз. Халықтың саны оның ұлттық иммунитетіне, экономикасына әсерін тигізер бірден-бір фактор. Демографиялық саясат әлемнің әр елінде әртүрлі жүргізіледі. Жаһандық тұрғыдан қарасақ, өткен ғасырда жер планетасының жұрты бұрын-соңды болмаған өсімді бастан кешті. Бұл әлемге жаңа мүмкіндіктермен қоса қиындықтарын да ала келді. Сондықтан саясаткерлер тиімді демографиялық саясат ұсынуға барын салды. Демографиялық саясаттың мәні ресурстарды бөлу, әлеуметтік даму және экологиялық тұрақтылық сияқты мәселелерді шешуге бағытталған.
Қазақстанның демографиялық саясаты: бағыты мен сын-қатерлері
Демографиялық өзгерістер Қазақстанның болашағын анықтауда маңызды рөл атқарады. Жаһандық сын-қатерлер жағдайында қарқынды өсу тиімді демографиялық саясатты талап етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті халыққа Жолдауында еліміздегі демографиялық ахуалдың көңіл көншітпейтінін айтып, Үкіметке бірқатар тапсырма берген. «Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет», – деген еді Президент.
Қазір елдегі халық саны 20 милллион адамға жуықтаған. Оның 12 188 601-і – қала, 7 552 682-сі ауыл халқы. Әйелдер саны – 10 106 665, ерлер саны – 9 634 618.
Ғалым Жанна Әубәкірованың айтуынша, егер халық санының өсуін 1 мен 16 пайыз аралығында бағалайтын болсақ, онда Алматы, Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарындағы өсім жақсы деуге болады. Ал Павлодар, Қарағанды облыстарында адам азайған. Халық саны орташа деңгейде өсіп отырған Қызылорда және Атырау облыстары екен.
Халық тығыз орналасқан аумақтарда ел санының өсуі мемлекеттің алдына көптеген әлеуметтік және экономикалық міндеттер қойып отыр. Халық санының азаюы ең жоғары көрсеткішті көрсетіп отырған Солтүстік Қазақстан облысы екен.
Тәуелсіздік алған жылдары қазақтардың саны бар болғаны 7 миллионның үстінде болды. 2012 жылы 10 миллионнан асты. 1991-2023 жылдар аралығында 1 миллион 107 мың қандас тарихи мекеніне оралған. Сарапшылардың пікірінше, Үкімет 2011 жылғы қабылданған Демографиялық саясат тұжырымдамасымен жұмыс істеп отыр. Аталған құжаттың бүгінгі таңда мерзімі біткен, жаңартуды қажет етеді. Бірақ жаңа тұжырымдама әлі жасалған жоқ. Сонымен қатар елімізде демографиялық саясатқа баға беріп, бақылайтын бірде бір мемлекеттік орган жоқ.
Егемендік алған жылдары мемлекет алдында халық санын арттыру деген басты міндет тұрса, бүгінгі таңда әлеуметтік, экономикалық т.б. маңызды міндеттер алға шықты. Сондықтан елдің демографиялық саясатын дамытып, жаңартатын уақыт келді, деп санайды сарапшылар.
«Бүгініміз бен келешегіміздің демографиялық болжамын нақты жасамай, экономикалық дамудың да жорамалын жасай алмаймыз. Кейінгі онжылдықта Қазақстан халық санының өзгеруі жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Ел өңірлеріндегі халықтың саны мен әл-ауқаты ел демографиясының дамуына әсер етіп отыр. Мәселен, бір-біріне қарсы бағытталған – солтүстік-шығыс пен оңтүстік-батыс сценарийі жүріп жатыр. Олардың әрқайсысы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тәуекелдер мен қатерлер кешенін құрайды»,-дейді ғалым Жанна Әубәкірова.
Сонымен Қазақстанның бүгінгі демографиялық саясатының негізгі бағыттарын топтап көрейік:
1. Туу коэффициенті және отбасы саясаты. Қазақстанның демографиялық саясатының негізгі аспектілерінің бірі – жоғары туу коэффициенті мен отбасыларды қолдау. «Қолжетімді баспана», «Ауыл – ел бесігі» секілді мемлекеттік бағдарламалар отбасыларда тууды арттыру және отбасылардың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін жеңілдіктер мен қаржылық қолдау көрсетуге бағытталған.
2. Көші-қон саясаты. Қазақстан елдің экономикасы мен әлеуметтік дамуының қажеттіліктерін ескеретін көші-қон саясатын әзірлеген. Жоғары білікті мамандарды тарту, еңбек көші-қонын қолдау және көшіп-қонушыларды интеграциялау экономика мен қоғамды нығайтуға ықпал ететін саясаттың маңызды бағыттарына айналды.
3. Білім беру және денсаулық сақтау. Қазақстанның демографиялық саясаты білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін дамытуды да қамтиды. Бұл бағыт халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, сапалы білім мен медициналық қызметке қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ балалар мен жастарды қолдауға бағытталған.
Қазақстанның демографиялық саясатының сын-қатерлеріне мыналарды жатқызамыз:
1. Халықтың қартаюы. Көптеген дамыған елдердегідей, Қазақстан да халықтың қартаю проблемасына тап болды. Өмір сүру ұзақтығының артуы және туудың төмендеуі қоғамның демографиялық құрылымының өзгеруіне әкелді, бұл аға буынды қолдау және олардың қоғамдық және экономикалық өмірге қатысуын қамтамасыз ету үшін саясатты бейімдеуді талап етеді.
2. Өңірлік айырмашылықтар. Қазақстан демографиялық жағдайы елеулі өңірлік айырмашылықтарға тап болды. Кейбір аймақтар халықтың кетуімен, біркелкі дамымауымен және туу деңгейінің төмендігімен сипатталады. Бұл мәселелерді шешу теңсіздікті азайтуға, тең мүмкіндіктер жасауға және аймақтарда дамуды ынталандыруға күш салуды талап етеді.
3. Халықаралық көші-қон. Қазақстан Халықаралық көші-қон үшін тартымды ел болып табылады. Алайда, көші-қон ағындарын басқару және мигранттардың интеграциясын тиімді қамтамасыз ету күрделі жұмыс. Осыған байланысты Қазақстан жоғары білікті кадрларды тартуға ықпал ететін және елдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін саясатты дамытуы тиіс.
Қазақстанның демографиялық саясаты елдің болашағы үшін маңызды. Бала тууды ынталандыру, отбасыларды қолдау, көші-қонды тиімді басқару және білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін жақсарту осы саясаттың негізгі аспектілері болып табылады. Алайда, халықтың қартаюына, өңірлік айырмашылықтарға және көші-қонды басқаруға байланысты сын-қатерлер Қазақстанның тұрақты және гүлденген болашағын қамтамасыз ету үшін тұрақты талдау мен тиісті шаралар қабылдауды талап етеді.
Сурет: ғаламтордан
Abai.kz