Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Араша 3387 10 пікір 31 Мамыр, 2023 сағат 14:00

Бір қария болмаса бір ауылда...

ҚР Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың,

ҚР Мемлекеттік Кеңесшісі Е.Т. Қариннің назарына!

Араздасып ағайын кетер еді,
Бір қария болмаса бір ауылда...

Мұқағали Мақатаевтың осы өлеңін білмейтін қазақ жоқ.

Біздің бүгінгі дәуіріміздегі сол Мұқағали айтқан сол қарияның бірі, бірі болағанда да бірегейі – Рысбек Сәрсенбайұлы дер едім.

Өкінішке орай, біз сол Рысбек Сәрсенбайұлы ағамызды қадірлеудің, ақыл-кеңесін тыңдаудың орнына, оны соңғы кезде үнемі қуғандаумен келеміз. YouTube каналын ашып қалсақ болды, «Рысбек Сәрсенбай ағамыздың үйіне ПОЛИЦИЯ келді...», «Сот Рысбек Сәрсенбайұлына Айыппұл салды», «Рысбек Сәрсембайұлына СОТ ШЕШІМІ шықты»... деген «жаңалықтардан» көз ашпайтын болдық.

Иә, Рысбек Сәрсенбайұлының оппозиционер саясатшы екені рас.

Бірақ, Тәуелсіз Қазақстанның отыз жылдық тарихында мұндай шыншыл, бірбеткей, әділетті оппозиционерді Алатауды алты айналсақ та таба алмаймыз. Рысбек аға өте мәдениетті саясаткер. Ол дәлелсіз сөйлемейді.

Бар болғаны, «Сайлау әділетсіз өтті!» деп, «Халық парламенті» деген атпен жиналыс өткізіпті, бейбіт митинг өткізіпті. Сол жиналыстарда бір-екі ауыз ащы пікір айтыпты. А, бірақ ТӨҢКЕРІС жасаймын, бұзып-шағамын деген жоқ қой!

Сол үшін жасы жетпістен асқан қадірменді ақсақалымызды сонша қуғындауға бола ма!? Әкеміздей адмның бүкіл ел-жұрттың алдында сот залына сүйреткеніміз ұят емес пе?! Есесіне, Ақордаға шақырып пікірін тыңдамайсыздар ма?!

Кезінде Оның туған інісі Алтынбектің болашақ жайлы айтқан ұшқыр болжамдары бүгін айна қатесіз орындалып жатқан жоқ па?!!

Ертеңгі ұрпақ Рысбек ағамыздың да бүгінгі күресін бағалап, оны үлгі тұтатын болады!

Өз басым осы оппозиция деген ауылдан аулақ жүретін адаммын. Елге оралған 25 жылдың ішінде екі-ақ оппозициялық бағыттағы саясаткермен жақын араласып, іні болыппын. Оның бірі – осы Рысбек Сәрсенбай, екіншісі – қазіргі депутат Ермұрат Бапи. Қалғанымен кезіксем амандасқан шығармын, ал былай отырып сөйлескен емеспін.

Себебі, бұл екеуі де текті ағалар! Ең бастысы халыққа, мемлекетке деген ниеті түзу тұлғалар.

Нұржан Әлтаев пен Мұхтар Тайжанды, Жанболат Мамайды ауық-ауық қамап тұрған ештеңе етпейді. Олар – жас. Пысуы керек! Ендігі жерде кәбинеттен шықпаған, түрменің дәмін татпаған тұлғаның дұрыс президент немесе премьер-министр болмайтыны белгілі болып қалды. Тарихтағы ең ықпалды мемлекет басшыларының бәрі осындай қуғын-сүргіннің құрбаны болып, түрмеде отырып шыққандар екені белгілі.

Сол үшін келешек мемлекет басқаратын тұлғалдарды осылай дайындай бергеннің артықтығы жоқ деп ойлаймын.

Ал, мен жақсы білемін, Рысбек Сәрсенбайұлы ағамызда президент немесе Үкіметбасы бола қояйын деген ниет жоқ екенін білемін. Ары кеткенде, бір кезек Мәжіліс депутаты болып, Парламетке біраз өзгеріс әкелгісі ғана келген.

Менше, Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана Рысбек Сәрсенбайұлы неге митинг үйымдастырады?! Оны неге қамамайсыңдар?!» деп, бұйрық бермесі анық. Егер, Қасым-Жомарт Кемелұлы Рысбек Сәрсенбай ағамызбен кездесіп сөйлесіп жатса, біраз пікіріне құлақ асары сөзсіз!

Сол үшін, Рысбек ағамызды қудалауды тоқтатыңыздар!

Әкелеріңіздей адамды сотқа сүйреп жүру ұят болады!

Қайта, осындай ағамыздың болғанына мақтануымыз керек!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036