Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақтың тілі 3080 16 пікір 15 Шілде, 2023 сағат 15:10

Қазақ сөзін түгендеуші

Байынқол ағай Қалиев биыл «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 2-томын шығарды. Кітап 2014 жылы шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» заңды жалғасы. Бұнда бұған дейін жазылған сөздіктерде жоқ, жаңадан табылған 10 290 сөз бен 2195 тұрақты тіркес – барлығы 12 485 тілдік бірлік қамтылған. Бұл дегеніміз тіліміздің сөздік қорына 15 томында жоқ тағы 12 485 тілдік бірлік қосылды деген сөз. «Бұл істі мен істемесем, басқа кім істейді?! Тәуекел!», – ­деп бастаған автордың кітабын қазақ тілінің бұған дейінгі сөздік қорынан сырт қалған баға жетпес байлығы деп санауымызға болады.

Профессор Байынқол Қалиев сирек қолданылатын сөздерді тауып, тіліміздің сөз байлығын толықтыруына елеулі еңбек атқарған. Көркем әдебиеттер мен газет-журналдардан, қала берді бұқаралық ақпарат құралдарынан іздеп, жинақтай келе тіліміздің қорына мол үлес қосқаны сөзсіз. Түсіндірме сөздіктер тілдік қорымыздың көрсеткіші. Тіліміздің лексика-граммататикалық, мағыналық, стильдік үлгілерін көрсететін, анықтамалық құрал саналатын түсіндірме сөздіктің қызметі жоғары.  Қазіргі тілімізде жатжұрттық сөздер үш түрлі тәсілмен енетіндігі туралы Байынқол Қалиұлы Қалиев сұқбатында былай көрсетеді: бірі – орыс тілінде қалай айтылып, жазылып жүрсе, біздің тілге дәл солай ешбір өзгеріссіз қабылданады: айти, баннер, блогер, волонтер, смартфон, сайд, чат, фейсбук драйвер, ютуб т.с.с Екіншісі – сөздің түбірі шет тілінде, ал қосымшасы қазақ. Үшіншісі – қазақ тілінің ауызекі сөйлеу тілінің заңдылығы бойынша қолданылады. Бұрынғы сөздікте осы үш тәсіл арқылы қабылданған сөздердің үшеуін де алған. Сондағы мақсат: «Қайсысы қазақ тілінің бастапқы тұғырын, табиғатын сақтап қала алады; Қайсысы қазақ тілін құрдымға жіберіп тынады?» деген мәселе төңірегінде оқырманның өзіне салады.  Күннен-күнге жатжұрттық варваризм сөздердің тілімізде шұбартылып қолданылып жүргені сөздік қорымыздың шеңберін тарылтып жатқаны рас. Қазіргі таңда қаншалықты бұл мәселенің өршіп тұрғанын алысқа кетпей-ақ, күнделікті өмірімізден байқаймыз. Бұл еңбекте автор осы мәселелерді өзекті деп өзгеше қарастырған. Ғалымның сөздігінде қоғамдағы маңыздылық пен оның ұлттық үлгісін жасау мәселесі де алдыңғы орындарға қойылған. Басты мақсаты – 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» жоқ, оған енбей қалған, бірақ қолданыста бар, әдебиеттерде ұшырасатын сөздер мен тұрақты сөз тіркестерді іздеп, оларды тілдік қорға қосу және түсіндірмесін беру. Кітаптың бұған дейін жазылған еңбектерден ерекшеленетін тұсы да осы.

«Шынын айтайын, журналистер де, жазушылар да, тілшілер де қазақша жаңа сөз жасаудың орнына ағылшын сөзі бола ма, орыс тілінің сөзі бола ма – бәрібір тілімізге оларды қалай жазылса, солай ала саламыз. Ал сөз жасағымыз келсе, «атқа жеңіл телпекбай» бір ғана –дық/ дік/тық/ тік деген жұрнағымыз бар. Қай сөз табына болса да осы жұрнақты жалғай береміз. Мысалы, абданлық, абсолюттік, абстрактілік, авантюристік, авторлық, агроклиматтық, акцептілік т.б. Осылай кете береді», ­– дей келе автор тіліміздегі шетелдік атаулардың біртіндеп көбейіп келе жатқандығы туралы және екінші бір тұсы – мұндайлардың бәрін ұлттық тілдің сөздігіне ала беруге болмайтынын, ұлттық ұғым-түсініктер мен ұлттық ойды бейнелейтін қазақша сөздердің жоқтың қасы екенін қынжыла айтады.

Профессор Байынқол Қалиұлы қазақша дыбысталуы бойынша қолданылған кәперәтіп, нәшәндік, пәртпел, інтірнат, белесебет сияқты кірме сөздер көркем әдебиеттерде көптеп болмаса да, ара тұра кездесіп қалатындығын айтқан. Осы секілді сөздерді де ғалым сөздікке енгізіп, тілімізді байыта түсетін нағыз кірме сөздер – осылар деп көрсеткен. Мұндай кірме сөздер тілімізді шындығында байыта түседі. Ал кооперавтив, матрёшка, начальник, портфель, интернет, велосипед деген сияқты орыс тілінде қалай айтылып, қалай жазылса, бізде де солай қолданылып жүрген сөздер – кірме сөздер емес, варваризмдер. Варваризмдер тіліміздің құрылым-құрылысын , табиғатын бұзады, – дейді ғалым.

Бұл сөздікке көбірек үлес қосқан еңбек автордың өзінің жеке-дара жазған  «Өсімдік атауларының түсіндірме сөздігі» болған. Одан осы сөздікке 750 өсімдік атауы мен өсімдік атаулары 1000-дай тұрақты тіркестер (күрделі сөздер) алынған. Жоқ сөздердің табудың екінші жолын автор «Мұқағали тіл сөздігі» (2019) және «Абай тіл сөздігі (1968) тәрізді сөздіктермен толықтырғанын айтады. Осыдан-ақ бұрынғы сөздікшілердің дереккөздерді үстірт қарағаны байқалады.

Тек сөздерді тауып, түсіндірмесін тізіп шығу емес. Табылған тілдік бірліктерді зерттеп, зерделеп, реттеп, бір-бірімен салыстырып, мағыналарын, стильдік салаларын айқындау, тіліміздегі әрбір тірлік бірліктердің мәртебелерін анықтауда және олардың әдеби тілден алатын орнын көрсетіп, нақтылау да керек. Ғалым өзінің 1-інші және 2-інші томдары бойынша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында 2011 жылы шыққан 15 томдық  «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» жоқ 25 820 тілдік бірлікті тапқан. Ұлт болашағы мен тіл қамы үшін мұндай ерлікке барған ғалымның еңбегін жоғары бағалап, ісін үлгі етуіміз қажет.

Сөздік көпшілікке және ғылыми қызметкерлер мен қазақ тілін зерттеушілерге, журналистерге, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен мектеп мұғалімдеріне арналған.

Аида Мамирбаева,

Мемлекеттік тілді дамыту институтының ғылыми қызметкері

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5483